23.07.2022
  469


Автор: Қашаған Күржіманұлы

САҚЫПҚА АЙТҚАНЫ

Қашаған жасы жетпістен асқан шағында Шеркеш руының бір қыз ұзату тойына барады. Сақып дейтін жас ақын Қашағанға жол бермей, тойды өзі бастайды. Сақып тойбастарды аяқтай бергенде, оның әдепсіздігіне ренжіген Қашаған өлеңді төгілте жөнеледі:
Ей, шырағым Сақыпжан,
Сөз басталмайтын ба еді ағадан,
Жауапқа кәміл данадан?!
Ағасын іні қор тұтқан,
Өз көңілін зор тұтқан
Шығып па еді тәртіп жаңадан?
Кешегі дүбірім барында,
Даңқым бір кеткен шағында,
Әдепсіз мұндай балаларға
Бір жасы үлкен ақыл айтса,
Кетпейтін еді-ау шамадан.
Мұнартып Еділ таспаса,
Кемерінен аспаса,
Көбігін көкке шашпаса,
Биіктен қарғын баспаса,
Су жүретін бе еді Жайыққа?!
Пароход жүрсе дарияда,
Жол тиетін бе еді қайыққа?!
Әдепсіз мұндай балаларды
Бұйырмайтын ба еді айыпқа?
Жиналған көптің ішінде
Қайраты қалың ер де бар,
Билігі қалың би де бар.
Қалаулысын қаласын,
Әлеумет, кімде зерде бар.
Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қарақұс,
Олар да таласпайтын еді ғой
 Бүркіттің жейтін жеміне.
Алыстан көрсе қарасын,
Балапан үйрек баласы,
Көзі түссе жаутаңдап,
Қысса да қайрат қаусаңдап,
Қорқып, келмейтін еді ғой
Бүркіттің, сірә, шеміне.
Кесіртке менен жыландар
Жоламайтын еді ғой
Айдаһардың деміне.
Қаршыға аққуды алғанда,
Жапалақ тышқанды басып қалғанда,
О да арланбайтын еді ғой
Дәрежесінің кеміне.
Қара бүркіт, қаршыға,
Қартайып жасы жеткенше,
Бұйрықты күні біткенше
Алатын аңын қоймаған.
Ашуы келсе, аң алып,
Төс етін жемей, төрт тартып,
Жемсауын қимай, бір қарпып.
Жеген жемге тоймаған.
Адай түгіл, Байұлы,
Байұлы түгіл, Алшында
Жеңемін деп жарысып,
Мерекелі жерлерде
Ешкім жоқ бізбен ойнаған.
Жұрт жиналған бұл кұрма,
Құмарың болса, сөз тыңда,
Сөз келісі бар мұнда,
Пілдің тірі бәсі де мың ділда,
Өлсе, тері бәсі де мың ділда.
Мен адасқан жоқпын жөнімнен,
Адасты деп, жамағат,
Сыпсыңдап сырттан сөз қылма.
Жолбарысқа ересен
Өлшеусіз қалың күш берген,
Қорқытуға үлкен сұс берген.
Дүбірге талай қосылған


 
Жүйрік едім, қайтейін,
Бір күніне үш келген.
Жас жетпіске келгенде,
Сақалға шалғырт енгенде,
Сен, бала, менің үстімнен
Шауып өтіп жол салып,
Байрағыма қол салып,
Бұл күн де бізге тұс келген.
Жаңа талап, жас жігіт,
Омыраулап тойды бастадың,
Қашаған бар деп саспадың,
Тұр ғой деп жүйрік қашпадың.
Лайық па өзіңе
Ақ сақалды ағаңды
Аяғыңа басқаның?
Бірақ пайда берсе игі еді
Менмендік жеңіп тасқаның.
Сыйламадың ағаңды,
Жыртқандай болдың жағамды.
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Сыйламассың атаңды.
Сыйлайтын болсаң атаңды,
"Қашеке, маған жол бер", – деп,
Неге алмадың батамды?
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Сыйламассың анаңды.
Қартайып жасың жеткенде,
Қыларсың дұшпан балаңды.
Иә болмаса, шырағым,
Қашағандай ағаңа
Бұрын-соң көңілің қалды ма?
Иә болмаса, шырағым,
Қашаған – кәрі, сен – жас деп,
Бір жаман ақыл салды ма?
Иә болмаса, шырағым,
Ағаңды жеңіл көрдің бе?
Иә өзіңе сендің бе?
Иә болмаса, шырағым,
Көбелек қуып құтырған
Мәтөктігің жеңді ме?
Тайыз екен ақылың,
 Меніменен жарыспа.
Меніменен жарыссаң,
Жыртылып қалар тақымың.
Жыртармын, бала, жағаңды,
Жаңылтармын тобаңды.
Білмей жүрсең, шырағым,
Білдіремін шамаңды.
Тақымыңды жыртармын,
Мардымыңды құртармын.
Мен – сендей жабының
Талайынан озған тұлпармын.
Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын.
Сен – ауылда үрген көпек ит,
Мен азулы арлан бөрі едім.
Ашулансам, шырағым,
Жас та болсаң, желкеңнен
Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын!





Пікір жазу