23.07.2022
107
БЕКЕС БАЙҒА
Бөріктері сопаңдап,
Мылтықтары шошаңдап,
Атқа мініп қоқаңдап,
Ауылыңа келсе әкім дос,
Әкімдер келсе, малың бос.
Сырттан тұрып ақырса,
"Шық бері!" деп шақырса,
Сасып қалып, қорқасың:
Семізің болса, сойғыштап,
Кілем мен көрпе жайғыштап,
Табағыңның ет салған
Салмақтап беріп ортасын.
Соларға берген малыңнан
Бізге де берсең болмай ма?
Біздей қарттан бата алып,
Мырза жігіт атанып,
Берейін деп ұмтылсаң,
Қарыңды шайтан отыр ма қайтарып?
Бермегсн бізге малыңды
Бір бұтаның түбінде
Қасқыр жесе, көресің,
Әкімдер алса, көнесің.
Қара түннің ішінде
Қойға шапқан бөрідей
Жоқ па едің, Бекес бай, өзің
Берші сөздің төресін?
Мақтанғанға сыртыңнан,
Көрейін деп келіп ем,
Қандай деп інім Бекесті.
Айдаған малға мас болған,
Кедейлермен қас болған,
Біртүрлі неме екенсің,
Ақылың жарым – екі есті.