23.07.2022
  307


Автор: Аралбай Оңғарбекұлы‎

ЖҰТ ЖЫЛЫ

Дастан
I
Қолыма қалам алып, хат жазғанмын,
Жан барда құрбы көңілін атқарғанмын.
Заманның езгі, жауыз түрін көріп,
Абайлап ақылменен басқарғанмын.
Жігітке кәрілік, жарлылық қабат келсе,
Аяма, қолдан келсе, тапқандарын?!
Адайда бес жүйріктің бірі болып,
Алқаға түскен жерде мақталғанмын.
Асығыс аузы жеңіл деп айтар деп,
Өлеңді көп айтуға сақтанғанмын.
Кердері Әбубәкір жыршыға ұқсап,
Әр жерге айтып сөзді шашпағанмын.
Артында біразырақ сөзі калған
Қаратаз Қашқынбайдай Жастабанның.
Алдымда Абыл менен Нұрым болды,
Қашаған, Ақтан менен бұрын болды.
Олардай сөзге шешен болмасам да,
Дүлдүлдей дүсірлетіп дуды көрсем,
Айқай сап, арқа қозса, ақтарғанмын.
Сыртым су, бауырым балшық осы күнде,
Дариядай қайта тасып тап салғанмын.
Елудің алтауына жас келген соң,
Баста ми енді білдім шақ қалғанын.
Айрылып бай ақылдан, жиған малдан,
Адасты ақылынан шаруаларым.
Артыма үш жыл қарап жалтақтадым,
Айтар деп оқиғаны жас балдардан.
Жас балдар оқиғаны айтпаған сон,
Азырақ тыңдасаңыз, жобалдадым.
II
Құрметті сәлем жазайын
Маңқыстау ояз, Фортқа.
Мекемеде отырған
Судья менен болысқа.
Кебеже қарын, кең ойлы
Басында миы толыққа.
Тағы да сәлем айтайын
Отырған бай мен мырзаға
Табаны аумай қоныста.
Жақсыларды көрер күн бар ма
Хал-ахуал сұрасып,
Бір мәжілісте болып та.
Жамандар ақыл таба алмас,
Жүрегі шошып қорықса.
Өзіңді жауда қалдырар,
Жабымен алыс жорытпа.
Ақылыңнан тандырар,
Сөйлесең, басың қаңғырар,
Ақылы жоқ жаманмен
Ақыл салып жолықпа.
Міндет қылма ұрыға,
Қаларсың бір күн борышқа.
Атасы болса жүлделі,
Ұяда көрсе үлгіні,
Азамат ерден торықпа.
Бұл сөзімді елесең,
Адасып айттың демесең,
Келмес пе екен дұрысқа.
Жеделдес өскен халық едім,
Айыра сәлем айтайын,
Мұңал менен Тобышқа.


Екінші сәлем жазайын
Құнанорыс, Ақпанға
Қолынан дәмін татқанға.
Кешегі баста бақ барда,
Бай бар еді тасқандай,
Мырзам бар еді ақпарлы-ай.
Билерім де бар еді
Ойласа, ақыл тапқандай.
Ерлерім ердей қасарып,
Шабаным жүйрік атанып,
Шалғайым берікке теңеліп,
Әлбет болып өсіп ек,
Бедені артық жасалып.
Сулас болған отырып,
Өрісте малы қосылып,
Қыз-жігітім сырласып
Сөзбенен көңіл ашқанға-ай.
Алланың ісін кім білсін
Алдында тұрған сақтаулы-ай.
Алладан әмір болған соң.
Әркімдер тозып жөнелді,
Дән іздеп терген тауыққа
Мизан күні тары шашқандай.
Айрылды егіз-парынан,
Салтанат түрі таусылды
Болғансын заман тарылған.
Және де сәлем жазайын
Жеменей** менен Балықшы,
Қыс – Маңқыстау, жаз – Арқа,
Қатар көшкен халыққа-ай,
Құдандалы танысқа-ай.
Бұл сөзімнен түсінер
Милы кісі парықты-ай.
Тар заманға тап болып,
Көңілім қатты жабықты-ай.
Қайыры болып ақыры,
Көрер ме халық жарықты-ай?


Маңқыстаудың үш түбек,
Айналып жатқан бұрышынан,
Атаның коныс, жұртынан.
Адастырып бір тұман,
Қонысым қиғаш ауысты-ай.
Абыл, Нұрым кеткен соң.
Басыма жұмыс жеткен соң,
Білмедім тура бағытты-ай.
Жақсыны кайта көрмен деп,
Балаларға пормы бермен деп,
Болып жүрмін қауыпты-ай.
Шамалы жерге шапқыр деп,
Халық тастаған екен шағып та-ай.
Жас елуге келген соң.
Күніне елу пәле жабысты-ай.
Аз ақылдан айрылып,
Аралың қайрат тауысты-ай.
Есім кетіп еңіреймін,
Жүрген соң қиғаш, алыста-ай.
Ақылы түзу әлеумет,
Бұйыра көрме айыпқа-ай.
Кешіре көрің, жақсылар,
Сөз басы ұмыт қалыпты
Әуелі айтпай ағасын –
Келімберді, Құдайке, –
Адайдың екі баласын.
Ағасы жүрсе алдында,
Жел жағының панасы,
Ық жағының қаласы.
Інісі жүрсе ізінде,
Болмай ма кұйрық, қанаты,
Ежелден жақын арасы,
Арама шайтан кіре алмай,
Алыстағы дүшпанға,
Алынған жоқ-ты шамасы.
Алты арыс Қосай болғанда-ай,
Айтсам, аузым толғандай,
Байқасам, айлақ ордаңды-ай,
Жыртылмаған жағасы.
Үзілмеген шынжыры
Ауыл едің үлгілі,
Абырой менен ерлікке
Бар еді кімнің таласы?!
 Артық кімдер бар еді
Ертеде өткен Есеттен
Қасиетін көрсеткен –
Атақозы мергеннен
Ақ сүңгісін өңгерген,
Аламанға жел берген,
Азын көпке теңгерген,
Адырнасы ақырған,
Қол оғы нардай бақырған?!
Ортадан шыққан жүйрігің
Қашаған менен Нұрымың –
Сайрап тұрған бұлбұлың.
Бұларды байқап карасам,
Ақылдың қорған қаласы,
Сейтімбет пен Қылышты,
Бәрін айтсам дұрыс-ты.
Қалдыра алман ешбірін,
Ежелден жақын ауылымсың,
Айбарлы, асқар тауымсың.
Бұралқы, нашар күн көрген,
Арзанға қымбат пұл берген
Сенің көлеңкең – көптің саясы.
Екеуіңіз қатар жүргенде,
Маңғыстаудың үш түбек
Шаңдатып едің арасын.
Топтап айдап барасың,
Базарлы күні толтырдың
Қарақамыс, Орынбор,
Тұзтөбе, Көкжар қаласын.
Бәйтерек едік жапанда
Бұтағы бұлт шалатын.
Дария едік шалқыған
Шөлдеген жандар қанатын.
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, Табын – Жетіру
Өткен қоян жұтында
Нар жетелеп, қой айдап,
Тұқым алған алашым.
Бір келмеді алдыма,
Жұттың жылы тап болып,
Тартты-ау халқым сазасын.
 Әлі де болса үміт көп,
Үзіле қойды деймісің
Көк Еділдің сағасы.
Уәйім қылып айтамын
Осы күні халқымның
Ортайғансын шарасы.
Алланың берген күнінде
Бұл алашым құтырды.
Өткен қоян жұтында
Тоқалдықка қыз беріп,
Көп бейнеттен құтылды.
Сексендегі шалым қыз алып,
Қыз алғанға қуанып,
Жүз мәнет, жүз қой, он қара
Үлгі қылдық бір пара.
"Қара беру қиын" деп,
Ақша берді "тиын" деп,
Тиынды көрді бұйым деп.
Әлдеқандай әркімдер
Өзінің болған тұсында-ай.
Алым көрген көп екен
Оқ жаныған сыртымда-ай.
"Бір қараға қыз бер" деп,
Қанатын жайып ұмтылды-ай,
Білместен мінез-құлқымды-ай,
Арзандатты ырқымды-ай,
Еңсемді түйді шұңқырға-ай.
Қорлықты мұндай есітіп,
Батырларым шырпынды-ай.
Қайта қағаз жаздырды:
"Адамсың, – деп, – пікірлі-ай.
Неліктен бұлай ұшынды-ай?!
Бастан-аяқ айт, – деді, –
Заманнан көрген қысымды-ай".
III
Шешенің жатып толғаған,
Іштегі шерін қозғаған.
Асылы пенде болған соң,
Алды-артын қалай болжаған?!
" Иттің жылы" тап болып,
Төгілді талай толған жан,
 Әркімнен кетті қолдан мал.
Мына шеті Хорезм,
Мына шеті Шағадам,
Маңғыстаудың үш түбек,
Теңізден бергі жағадан,
Орғыл құмнан, саладан,
Пайда ете алмай панадан.
Қазақ пен түрікмен шулады.
Мұны көрген адамның,
Жүрегі шошып тулады.
Басын шалған бір мал жоқ
Бұйырғын, жусан, бұтаны.
Алалы жылқы, ақтылы қой
Жарым айда жұтады.
Әдірә қалды боз дала.
Құлазып қалды сай-сала.
Жылады аштан жас бала.
Сөйтіп болды масқара.
Өлерге көзі жеткен соң,
Жұрт шұбырып қозғалған.
Жылай-жылай біз кеттік
Айрылып қоныс, ордамнан.
Жұттың жылы тап болып.
Байрамалы, Тәженге
Бірқатар жігіт жалданып,
Көп болды жандар боздаған.
Сары ала жасау салқын үй,
Талайы жұртқа көмілген,
Толғандар толқып төгілген.
Ауырлар апшып жеңілген.
Қымбаттар бәстен кеміген,
Азығын жаяу арқалап,
Көрмеген азап шегілген.
Сары ала түйме салпылдап.
Омырауда жарқылдап,
Жиынға түскен аршындап
Бәйбіше болған кемпірлер,
Жүре алмай, аштан бүгілген.
Үстіне жәннат жамылған,
Жүрегі оттай қабынған,
Өңіржиек, шашбауын
Бес жүз сомнан соқтыртып,
Салтанатқа тағынған,
 Мырзалардың қатыны,
Шашылып жаман ақылы,
Буыны босап егілген.
Даусы әдемі қобыздай,
Асы тәтті қымыздай,
Мойны алманың сабындай,
Тамағында бұғағы
Ақбөкеннің таңындай.
Сәнденіп шашын тараған,
Бектер мінген бедеудей
Бауырынан жараған,
Бабы түскен сұңқардай
Аударып көзін қараған,
Атлас, жібек, түймеден
Етіне басқа нәрсе тимеген
Байдың ару қыздары
Табанын жерге баса алмай,
Көзінің жасы төгілген.
Алты қанат ақ орда
Жұртта қалды тігілген.
Қатын-бала, кемпір-шал
Жаужұмыр қазып, жуа жеп,
Жайылған малша жүгірген.
"Ит" деген жылдың зарпынан
Біздің Адай бүлінген.
Бүлінгеннің хабары
Талай жерге білінген.
Сақыра қазақ атанып,
Ел едік байтақ жаралған.
Біз келгелі бұл жерге
Екі жүздей жыл болған.
Мына бір заман тарылған,
Адайдан дәулет арылған.
Байлар да қайтты бағынан,
Мырзалар баққан малынан,
Жая тұрып, жал жеген,
Секер шайнап, бал жеген,
Кереуетте отырып,
Киімін кірсіз сәндеген,
Самаурыннан шай ішіп,
Сақалын сипап пәмдеген
Кербездер жаннан баз кешті
 Отырып күйме бағлаған.
Ақсақал мен қарыңнан
Берекет дұға қалынған.
Қасиет кетті дінімнен,
Медресе, мешіт бұ қалды
"'Құдай үйі" деп салынған.
Ауыл деп келсең бір үйге,
Ит болмаса үруге,
Қара жоқ маңда жайылған.
Ағарған жүзін көрмедік,
Болмады бір мал сауылған.
Қатықсыз көже, қара шай,
Бүкіржік дерті табылған.
Біреулер жатыр белім деп,
Біреулер жатыр тізем деп,
Ауру көп болды сауынан.
Аяғы саулар шұбырды,
Қалалы жұрт деп калыңға.
Ишан, сұпы, тақуам
Бұйрықсыз жолдан сақынған,
Шүбәлі нәрсе дегеннен
Болмады лаж қашуға.
Байларым қайыр көрмеді
Таңдаған бұйым асылдан.
Бес жүз сомнан соқтырған,
Көргенде көзді хош қылған
Сары ала деңмент, қылыш бау
Кем бағаға сатылған.
Уакыт болып осындай,
Айрылдық алыс-жақыннан.
Ғаламаты заманның
Адастырды ақылдан.
Ауған аймақ еліне,
Балжуан, Күләп жеріне
Барғандар тоқтап басылған.
Абайласаң, азамат,
Назар салсаң, жамағат,
Кешегі бір күндерде,
Байдан кетті қанағат,
Биден кетті ғаделет,
Қара дауға ант беріп,
Мырзалардың, япырмай,
 Кеудесінде жоқ еді
Сол күндерде аманат.
Судыға*
тастан үй салып,
Қисапты малға қарамай,
Малдан зекет алушы ед,
Елден келіп аралап.
Асастық** пен өсектен
Халық аузын бақпақ тазалап.
Адамның ниет-кұлқынан
Бәле өсіп еді балалап.
Мүсәпір менен жетімдер,
Еңіреген мұңлық жесірлер
Арыз қылса жағалап,
Тұтарға нәрсе таппады
Бір шәй ішім паналап.
Қатын кетті тигенмен,
Жігіт көрсе саралап.
Қорқушы едім ішімнен
Ақылменен шамалап,
Айтпаймын мұны табалап.
Ғаламат заман тап болды,
Халыққа келген бір халді,
Етейін енді тәмәм-ақ.
1910 жыл





Пікір жазу