БАЛАСЫ БЕРЕКЕТ ӨЛГЕНДЕ КЕЛІНІ МЕҢЕШКЕ ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУЫ
Боз інгендей боздайын,
Ұзаққа айтып созбайын.
Жиылып халқым келгенде,
Жүректің басын алған дерт.
Азырақ айтып қозғайын.
Аққырдың таңы атты ғой,
Арғымақ мойны қатты ғой.
Келер де болсаң, шапшаң кел,
Төсексіз жатқан қара жер
Жамбасыңа батты ғой.
Ат байлайын ырғайға,
Арызымыз жетсе Құдайға,
Шығармас па едім талайға?
Кіргізбес пе едім сарайға?
Сарайдың бойы салқын соқ,
Сағынсаң, атқа қамшы соқ.
Қанша бір кайғы шексең де,
Аттанып үйден кеткен соң,
Келер бір күні маған жоқ.
Жатыр ма екен аман-сау
Акылға түзу зерегім,
Шаршағанда демеуім,
Беліме құрсау кемерім,
Мен қуаттан айрылдым,
Бермесең, Алла, себебін.
Тақылдақ болды-ау таңдайым.
Талапсыз болды-ау маңдайым.
Талапсыз болмай неғылсын,
Қайырсыз мына Құдайым.
Ұяда жатқан балапан
Қаршыға құстай зырлаған.
Жағдайсыз заман тап болып,
Тар болғансын сұр заман,
Қоныс бір қуып ағайын,
Маңайымда тұрмаған.
Жанып бір тұрған шам-шырақ,
Шырағым сөнді парлаған.
Даусымды кімдер естісін
Бұ жерде жүріп зарлаған?!
Жарықтан шығып тап болдым
Қараңғы тұман түндерге.
Мақпал бір ойсам жарасар
Алтын бір сандық зерлерге.
Көлдің бір сәні көк үйрек
Көтеріліп ұшты-ау көлімнен.
Айрылғанға ұқсаймын
Берекеттей телімнен.
Ойымда менің бар ма еді,
Арқар бір кұлан желер деп,
Өлшеулі басты бөлер деп.
Жұбайым менің өлер деп?!
Қыраным ұшты қырымнан,
Кім айтар енді келер деп?