СҰРАСАҢ КЕҢЕС АРАЛДАН
Жетімек Сүйінқара батырдың баласы Көтібар да батыр болыпты. Бірде хан ауылында бұғауда жатқан жазықсыз жандарды бостауды талап етеді.
Хан батыр айтқанын істеген. Бірақ қастандық ойлап, үзеңгісіне астыртын у жақтырып жібереді. Көтібар Жайық бойынан Үстірт, Маңғыстауға келе жатқанда Қараша көлінің тұсында дүние салады. Оның баласы Әмет те, немересі Жұмағазы да өз дәуірінің бай, берекелі, жомарт адамдары болыпты. Арал бай бұл толғауды Әмет пен Жұмағазыға арнайды.
Сұрасаң кеңес Аралдан,
Жалқаулық етіп қала алман.
Жүрият болып дүредік
Әуелде жалғыз Адамнан.
Бір теректен көгеріп,
Бұтағымыз көбейіп,
Жер-жиһанға таралған.
Тебіреніп тердік ырзықты
Бұйырған әуел-озалдан.
Мизанға шашқан нәсібе
Бұйыртқан дәмді ашауға
Өткендерден мирас боп
Келе жатыр қашаннан.
Ылажың болар қаншалық,
Әмір етсе жан Аллаң?!
Рұқсат беріп Жасаған
Айдаса, бармай қала алман.
Мөлшеріне тап келсе,
Өлшегенде шақ келсе,
Пендесі қашып құтылмас
Пайда менен залалдан.
Кімдер азып-тозбаған,
Кімдер қапыл болмаған
Түрленген фәни-заманнан?!
Айырылып қалың халқынан
Кемілі қымбат парқынан,
Әзіреті Жүсіп пайғамбар
Мысырда түсіп базарға,
Шығыпты арзан нарқынан.
Құр шулағанмен пайда жоқ,
Болмаса асыл парықтан.
Арнап жаздым бір сәлем
Қадірмен Әмет қартқа.
Қыранның алғыр сойы едің
Шалғайып жатқан жырақта.
Жеті атаңнан шынжырлы
Белгілі едің бақытты.
Сара туған сақи ең
Көрсеткен жұртқа қалыпты.
Озса Қазақ – Алшыннан,
Мәртебең асып артқын.
Алла берген әруақ
Бұлттай болып шаңытқан.
Сүйінқара аржағың
Бірдей өскен мал-жаның,
Өлшессе, ауыр салмағың
Кім-кімді де тұрады
Таразыда басып-ай.
Сенен туған Жұмажан
Көргені артық ұядан
Сыралғы едің сірәдан.
Нағашыңды сұрасам,
Есентемір Ер Мыңбай,
Сұлтанкелді, Көктаубай
Кіл жәуһәрдің тұқымы,
Боласың неғып жасық-ай?
Айбынды туған ақсұңқар
Құмарынан шықпайды
Көлдің құсын тауыспай.
Өңкей тұлпар мінгені
Болдырмайды шабысқа-ай.
Сасқандар келіп қорғалап,
Бұтағыңа жабысты-ай.
Адайда жалғыз ауылсың
Әзірге тұрған ауыспай.
Өзің тірі жүргенде
Бермедің қолдан намысты-ай.
Сүйіннен туған Көтібар
Қара ұлынан хан болып,
Қадірі топқа білінді-ай.
Одан туған Ер Әмет
Жұрт аузына ілінді-ай.
Және хабар берейін
Жұмағазы інімнен,
Жақсының орны жалғасып
Келе жатыр ізімен.
Қаптаған қара боранда
Паналы асқар тауымсың,
Айнала халық кідірген.
Асылдан қалған абзалым
Алла берген шынымен.
Ересек жасқа енгесін,
Атыңды алаш білгесін,
Ит жүгіртіп, құс салдың,
Салтанат етіп ұстадың,
Тарқатып көңіл құмары,
Екі жүйрік тең бағып,
Таралғыны кең тағып,
Алшынның көрдің құралын.
Ат оздырдың Адайдан,
Олжаңды алды талай жан,
Дәндеген кетпей маңыңнан,
Мағлұм болды бұларың.
Толығып қайрат-ақылға,
Алқада атың жатталған.
Байрақты жерде күресіп,
Талайдың аттап басынан,
Бұдан да бітті мұрадың.
Жаулы жерде оқ атсаң,
Қайратыңды ел сынады.
Даулы жерде сөз айтсаң,
Сөзіңді айтқан тыңдады.
Қоспасыз нағыз алтыным,
Тыңға салса тосырқап,
Қайтпады сенің қылабың.
Қабырғадан қар жауса,
Қайыспас қара бұланым.
Шөлдеген жанды қандырған
Айдынды шалқар бұлағым!
Жабылса, жаһан қанғандай
Айнала суат, өзенім,
Ердің ұлы өсерім,
Алқаға түссе – көсемім,
Жегізіп қазы қараға –
Талайдың таптың есебін.
«Өлдім-талдым» дегеннің
Жалғадың талай өзегін.
Аң алдырдың Алғидан
Асырап жұрттың көпегін.
Арқалап одан шығардың
Халықтың біздей мешелін.
Қысы-жаз қымыз, шұбатың,
Салулы тұрды төсегің.
Қонаққа бағлан қырдырдың,
Самаурын, шәйнек қыздырдың,
Сақилығың тұр білініп,
Білмедік қалай жетерін.
Сапар шексең алысқа,
Қызыр- Ілияс нөкерің.
Ғаріп пенен қасірдің,
Сұраған мүшкіл-нашардың
Қалт етпедің меселін.
Ноғайда Нәрік, Шорадай
Заманда болдың солардай.
Ешкімнен бәсің кем емес,
Бәйіт еттім парқыңды,
Мәшһүр еттің даңқыңды
Мен – мүсәпір Аралбай,
Үйде жатқан мешелің.
Азы жақсы асылдың,
Аяғын тәмәм етемін.