ҚАСІРЕТ ЖАСЫ
(болған оқиға ізімен)
Жалғыз өзінің үй ішінде пешке арқасын беріп жатқанына да біраз уақыт болды. Сонда да сүйегі құрғыр ортасынан жарылып сынғандай шыдатар емес. Қуаты қайтқан қолдарымен cипап, сылаған болады. Үй ішінің жылуы кетіп бара ма, әлде бойынан қаны кеткен кәрі сүйегі жылуды сезінуден қалып бара ма, әйтеуір соңғы кезде бойы жылымай-ақ қойды. Сүйретіліп жүріп күніге үш мезгіл көмірін салып, отын жағады. Күйбеңдеп жүріп от басын тазалаған болады. Бір жағының топсасы кетіп аузы дұрыс жабылмайтын шай сандықтың ішіндегі ыдыс-аяғын реттеген болады. Одан әріге көп ұзамайды. Аяғы ұйып, белі сырқырағасын пеш түбіндегі көрпе үстіне қисая кетеді. Жаңағы сәл қозғалғанға, даладан барып жарты шелек көмір әкелгенге, еңкейіп сыпырғы ұстағанға жүрегі құрғыр алқынып кеудесін сығып барады. Аржағынан тұншығып жеткен жөтел қиқылдатты да тастады. Өңешіне пышақ жанығандай удай ашытып барады. Ішіне кәзит ораған түкіргішін қайта-қайта аузына апарады. Біраздан соң зорға басылған жөтелден кейін барып демін алды. Кеудесі сыр-сыр етеді. Жөтелге булығып отырғанда басынан түсіп қалған жаулығын қолына алды. Бір кездегі шатырадай аппақ жаулықтың өңі ауып сарғайып кетіпті. Көптен бері сабын тимегені көрініп тұр. Ақкенже кемпір өзін-өзі келемештегендей мырс етіп күлді. Ойхой, дүние-ай, төріне көлденең шөп жатпайтын, не кисе да өзіне жарасымды болып жарқырап жүретін, шай ішкен кесесіне дейін ел сүйсініп ұстайтын нағыз кербездің өзі еді. Мұның осыншама таза, ұқыптылығына болар жұрт «Ақкенже есік алдында жатқан итаяқты күніге сабындап үш рет жуатын көрінеді» деп әңгіме де өргізетін. Үй алдындағы бес-он жандыққа арналған қорасының өзі жұтынып тұратын. Баяғыда соғыс бітіп, ел еңсесін көтерген уақыттарда, онда бұлардың жас кезі, күзем жүн алынғаннан кейін бір-бірінің үйіне барып киіз басысып, іштерінде симай жүрген әңгімесін айтатын әйелдердің де айтатыны осы Ақкенженің елден ерек тазалығы болушы еді. Кейбір жастаулары «Жеңеше, жас кезіңде қандай болдың» деп шынымен өтініп сұрайтын. Бұл неғыл десін. «Әй, қарағым-ай, болдық қой» дейтін де қоятын. Жауапқа көңілі толмаған жас келіндер жан-жағына қарайды. Сонда төрде отырған, қалампыр қосқан қою шайға енді маңдайы жіпси бастаған дөң мұрынды қара кемпір әлгі қақылдап сұрақ қойып отырған келінге шай аяғын беріп жатып;
-Е, болды ғой Ақкенже, несін айтасың. Соғыстың алдында Ақкенжені бір көруге зар болып талай жігіт сонау Шетпе, Тұщыбегі бар, мына жағы Таушығы бар, астарындағы атының өкпесіне теуіп талай келді ғой. Сол уақытта шынымен таусылып қала ма, әлде әдейі істей ме, білмеймін, иінағашын мойнына асып бұл сылаңдап тау етегінде суы сарқырап жатқан бұлаққа беттейді. Алла-ай, әлі күнге дейін көз алдымда, бұл құрғырдың жүрісінің өзі әдемі болатын. Аппақ көйлектің сыртынан көзіңді тұтар өрттей қызыл кәжекей киген. Білектей қос бұрымы тілерсегін қағады. Басына кейде
орамал тартып, көбіне әкесі Бесқала шығып әкелген өзбек телпегін киетін. Әдемі жарасатын. Бұл су басына барғанда ауыздығын алып атын жетектеген жігіттер де бұлақ басына жақындайды. Бірақ жер астынан бүлкілдеп қайнап шығып жатқан бұлақ суын бақырашпен қасындағы шелекке құйып отырған Ақкенженің қасына баруға тәуекелдері жетпейді. Асығатын Ақкенже ме, өзіне ынтыққан жігіттерге «қарап қалың» дегендей су басында ұзақ отырады. Біраздан соң орнынан тұрып жатып әлгі сұғанақ көздерге жалт қарайды. Жігіт деген аттары бар емес пе, әлгілер өздерінің жаңағы ынтығып қарап отырғандарын жасырғысы келгендей бірі атының ауыздығына жармасып, бірі ернінің бір жағында қисайып әлдеқашан сөнген папиросын тұтатуға кіріседі. Осының бәрін ішінен сезген сұм қыз сыңқылдай күліп иінағашын асып кетіп бара жатады.
Қара кемпір кеңкілдей күліп дөңес мұрнының терлей бастаған ұшын сүртті. Жаңа бір әңгіменің ұшығы шыққанын білген, оның сырына қанық әйелдер жымыңдай күліп жақындай түседі. Біреуге әзіл айтарда мұрнының ұшын ұстайтын әдеті бар қара кемпір жан-жағына қарап алады да:
-Ойбай, әдіра қалғыр, жазда шөпке шанашы, қыста қой астын тазалайтын күрекші, көктемде тоңғақ-тоңғақ болып мал төлдетуде жүретін әлгі біздің үйдегі қайнағаларың да Ақкенженің артынан телміре қарап тұрғанын талай көргенмін. Бейшарада қызға, соның ішінде Ақкенжеге бірдеңе айтар тіл қайдан болсын. Есінен айрылған адамдай артынан қарап мәңгіріп тұрғаны. Таң бозара мұрнын құрт жеп ырым-жырым болған бақырауық атанға жеккен арбаның үстінде, тау айналып бара жатып та Ақкенженің үйіне жалтақтай қарап бара жататын.
-Жеңеше сіз қайда жүрсіз онда,-дейді әңгімеге тамызық тастаған бірі.
-Е, біз де бармыз онда, қыз санатында болатынбыз. Көп көзіне түсе қоймадық. Бойжеткені бар үйге құда болып келетін көп шалдар біздің үйді айналып өтетін. Сөйтіп жүріп жас он сегізден асты. Ол кезде жиырмаға келіп үйінде отыратын қыз шанда-шанда болмаса, көп кездеспейтін. Бұйырмыс шығар, бір күні біздің үйдің бошалап кеткен түйесінің «Жау жолдың» астында боталап тұрғанын айтты. Әкем ауылда жоқ еді. Қыңқыл-сыңқылы көп шешемнің оған барар дәрмені жоғын білгесін өзім кеттім. Жығылып тұрып жүрген ботаны бірде көтеріп, бірде сүйемелдеп келе жатқанымда біздің үйдегі ағаларыңның тап болғаны бар емес пе. Арбасы бос. Сол үндемеген қалпы қасыма келіп «Ботаңды арбаға сал» деді. Өзі қоқырайып ханның тағында отырғандай кербез. Ауылдағы жалғыз арбаның делдесін ұстағанын үлкен қызмет санайды білем, байдың тарантасында отырғаннан бір де кем емес. Қыз атым бар емес пе, оның үстіне мынаның орнынан қозғалмай отырғанын өзімше менсінбегені деп түсініп:
-Жігітсің ғой, маған әл бермес. Өзің сал, ол қолыңнан келмесе Алла разы болсын, жолыңнан қалмай кете бер-деп бұйыра сөйледім. Байғұс обалы не керек, әлгі сөзден кейін арбасынан домалай түсіп тілерсегі дірілдеп тұрған ботаны арбаға салды. Содан бір-бірімізге сүйене отырып, ілби басқан атанға ерік беріп күн бата ауылға келдік.
Көп ұзамай сол үйдің табалдырығын аттадық қой. Е, қарақтарым-ай, өтіп кеткен күндер ғой. Сендерге салса бәрі қызық. Мұрны қорағаштай болған, мына ұсқынсыз кемпір де біреуге ғашық болып көрді ме екен деп ойлайтындарыңды білем. Ол күндерді еске алсаң әлі күнге дейін сағынышын арқалатумен болады. Қара кемпір төрдегі кілем үстіне ілінген суреттегі қияқ мұртты жігітке қарап отырып:
-Менімен қатар Ақкенже де мына Келдібайдың үйінің табалдырығын аттады. Бәрі де жақсы еді ғой. Бірақ біздердің көбімізге жар қызығын көруді, шымылдық қадірін сезіне білуді тағдыр қимады ғой. Соғыс болды, біріміз аман жеткен ақсақ-тоқсаққа риза болсақ, біріміз жат жерде сүйегі қалған солардың артында қалған тесік өкпелерін қызғыштай қорып ел қатарына жеткізуге тырыстық.
Бұл әңгімені соза берсе Ақкенженің жанды жеріне тиіп, жүрегін жаралайтынын білген қара кемпір бағытты басқа жаққа бұратын.
Ақкенже сонда бәрін де түсінген, қара кемпірдің өзіне деген аяушылығын да сезген. Отырғандар көз көрген, сыралғы абысын-ажындары болатын. Бұл қу тірлікте пендешілікпен бір-бірімен сөзге келіп қалған кездері болған шығар. Бірақ қатты кеткен, көрместей болып күл шашысқан уақыттары болмапты. Әсіресе қара кемпірді (оны Ақбала атымен ешкім де атамайды, тіпті өзі де ұмытқан шығар) қатты сыйлайтын. Байғұс анда-санда сұғып алар ащы тілі болмаса тірі пендеге жазығы жоқ. Түрі қара демесең жүрегі аппақ. Көңіліңдегі кірбіңді жүзіңнен айырып, жанымен сезінетін. Әлі есінде соғыс әне бітеді, міне бітеді жүргендерінде Келдібайдан қара қағаз келді. Төбе басынан қарайған көрінсе де, түн ортасында шәуілдеп ит үрсе де жақсылыққа жорып, сарғая күткен үміті үзілді. Бәрі адыра қалған бұл өмірден пәк кешкендей, ешкіммен сөйлеспей кішкентай Мұратбегін құшақтап бүк түсіп жатты да қойды. О, құдыреті күшті жасаған-ай! Сол кезде бес жастан жаңа асқан сәбидің періште жүрегі бірдеңені сезді ме, қайдам, кіп-кішкентай қолымен анасының бетін жуған жасты сүртумен болып еді. Анда-санда үлкен кісіше көкірегі айрыла күрсінеді. Қолынан келетіндей, бұрын істеп жүргендей боп «Мама, шәй ішесің бе» дегені. Жұдырықтай сәбиінің қамқор сөзіне жаны ышқынған Ақкенже:
-Құлыным, қамқор болған түріңнен айналдым. Шүкір екенмін ғой. Ілгергі тілеулі үмітім, ертеңге артар сенімім бар екен ғой. Әкең сен өмірге енді келеді деп жүргенде майданға аттанып еді. Соның ошағын сөндірмес азаматым бар екен ғой,-деп тағы да ағыл-тегіл ақтарылған.
Сол кезде үйге осы қара кемпір (ол кезде қара келіншек) келді. Етегіне салған шөпшегін пеш алдына төге салды. Көптен бері тазаланбаған пештің бұрқыратып күлін алды. Қара шәйнекке су құйып отын жақты. Тізесін құшақтаған күйі үн-түнсіз маздап жанған отқа қарап отыр. Бірте-бірте ыңылдай әндеткен қара шәйнек те бұрқылдай қайнады. Дастархан жайып шайын жасады. Біреудің үйіне қонаққа келгендей Ақкенже баласы екеуі құшақтасқан күйі дастархан жиегіне келді. Қара кемпір екеуіне шай ұсынды.
-Ақкенже,-деген сонда даусы дірілдеп. Тас түскен жеріне ауыр ғой. Сенің басыңа түскен қайғыңды өзіңмен бірдей сезінем деп құдайға күпір болмайын. Бәлкім мына қасыңда отырған кішкентай Мұратбектің періште көңілі саған түскен ауыртпалықты бізден артық білетін шығар. Жан-жағыңа қарашы, қай үйдің түтіні түзу шығып тұр. Тасқа басылған алақандай қара қағаз кімнің сандығының түбінде жоқ дейсің. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Мүмкін қате шығар. Шын бола қойған күнде де ел ортасы, ағайынның іші емес пе. Бар ауыртпалықты елмен бірге көтердің. Бірақ әлі алдыңда талай- талай тайғанақты жолдар жатқан шығар, кім білген. Ол жолдардың қандай болатыны бізге белгісіз, тек бір құдайға аян. Соған бекін енді. Бұл халық бұдан да жаманды көрмеп пе еді. Осы соғыстың алдындағы қуғын-сүргінде біреу әкесінен, біреу бауырынан тірідей айрылған жоқ па еді. Соның бірі мен екенін өзің білесің. Бізге жеткен хабар шын болса менің жалғыз бауырым шет елде, Иран жерінде көрінеді ғой. Соған да, жат жерде жүрсе де тірі болғанына шүкіршілік етемін. Бірақ кездесерміз, қауышармыз деген ой кіріп те шықпайды. Сол кеткені кеткен шығар. Құдай айдап, дәм бұйырып елге келе қалған күннің өзінде бұл өкіметтің маңдайынан сипай қоймайтыны тағы белгілі. Сенің Келдібайың ел тыныштығын бұзған жаумен жағаласып жүріп жардан құласа, менің ағам өз жеріндегі орынсыз тағылған жаладан, басына тиген тоқпақтың зорымен кетті. Сенің болашаққа деген үмітің, ертең жанар шырағың мына қасыңдағы Мұратбегің болса, менің ағам өз шырағын осы жерден өшіріп кеткен жоқ па. Орынсыз жүнжи берме, көтер енді еңсеңді,-деп еді.
Бұл қара кемпірді қолдаған да жоқ, қоштамады да. Мәңгүрт адамдай өзімен-өзі. Қасындағы Мұратбегі ғана айтылған сөзді ұғынғандай қолын жағына сүйеп пысылдай жанған шөпшекке қарап отыр. Ара-арасында жалтақтап шешесіне қарайды. Сөйлегенін, қара кемпірмен бұрынғыдай қатарласа отырып ұзақ әңгімеге кеткенін қалайтын сияқты.
-Апа,-деді бір уақытта сол жайдақ пешке қараған қалпы. Мен өскесін ауылдағы Жексенбай ағамдай шопыр болғым келеді. Сен анау Аусаршада жұмыста жүргеніңде мені көремін деп түнделетіп жаяу келіп жүруші едің ғой. Мен де сені Ақтұмсықтың үстіне шығып күтетінмін. Кейде отыра-отыра қараңғы түсіп кететін. Қорқатынмын сонда. Апам мен өзім көрмеген Келдібай әкем қол ұстасып қатар келе жатқан сияқты болып көрінетін. Бірақ ешкім келмегесін кейін қайтатынмын. Шопыр болсам сол жерден өзім барып алып келемін ғой. Өткенде егінші атам басымнан сипап отырып «Е, қарағым- ай, құдай тірлік берсе бәрі де өте шығады ғой. Бір күні зіңгіттей жігіт болғаныңды да білмей қалатын шығармыз. Тек аман бол, әкең Келдібай адамшылығымен де, кісілігімен де елге сыйлы азамат болып еді. Қайтерсің елге оралу бақыты бұйырмады оған. Енді соның ошағын сөндірмей ілгері апару сенің міндетің» деп еді. Содан кейін тезірек өсіп, шопыр болғым келеді,-деді
-Ойбой, Мұратбекжан-ай, сонда мен қайда қалдым. Шешеңді алып кеткенде мені ұмытып кетесің бе, сонда,-дейді қара кемпір бала болса да
оның әңгімеге араласқанына қуанып. Көңілінің көтерілгені болар, қасындағы дорбадан бір уыс шайды алып құманға төңкере салды.
-Жоқ,-деді сонда Мұратбек шешесіне қарап. Менің машинамды қызғанып тартып алғысы келген жаман адамдар болса, баяғы Ережеп құсатып таяқпен ұрып қуып жібересің ғой,-деді.
Қара кемпір тілін тістеді. Құдай-ау, жұдырықтай бала болса да әлі ұмытпаған екен-ау. Сол көрініс жанын ауыртып, жүрегіне өшпес жара салған екен ғой. Осы күнгінің баласы іштен бәрін біліп туа ма, әлде қарғыс атқыр мына соғыс жас балаға да қайғы-қасіретті ұғынып, жақсы мен жаманды айыра алуды үйретті ме. Бұлар да кекілі жалбырап жүріп әділетсіздікке қарсы күресе білген екен ғой. Бәлкім шаңырақ бүтіндігін сақтап, құдай қосқан жарыңа деген адалдықтың сақталуына осы титтей балалардың септігі тиген де шығар-ау. Қара кемпірдің ойына Ақкенженің ауылдағы бригадир Ережеппен жағаласа өткен күндері түсті. Соғыс тауқыметі өз алдына, алыста қан кешіп жүрген Келдібайдың шаңырағын құлатпаймын, қызығына тоймай жатып ерте жиналған шымылдыққа деген жар адалдығын сақтаймын деп қаншама арпалысты десеңші. Ақкенженің қыз кезінде соңынан еріп, қарсы болғанына қарамай салпақтағанның бірі осы Ережеп еді. Бірақ оған қайрылған Ақкенже болмады, өйткені өнер десең өнері бар, қайрат десең қайраты бар сымбатты Келдібай көп ортасынан сәйгүліктей суырылып шығып қақты да кетті. Ережеп те көштен қалған жоқ еді. Маңдайына тап болған бір ұзын етектіні жетелеп үйіне кіргізген. Бірақ Ақкенжеге деген ынтық көңілі бір түкпірінде жатты да қойды. Онысын сыртына шығара алмады, уақыт өте келе бірте-бірте ұмыт болар деп ойлаған. Ұмытқысы келіп талпынған да. Бәрі бекер екен, Келдібай майданға аттанған күннен бастап баяғы үн-түнсіз жатқан жымысқы ой қайта тірілді. Тек тіріліп қоймады, бір кездегі осы сұлуға деген жалыны өрши түсті. Өзіне деген Ақкенженің жиіркенішті көзқарасын, қатты сөздерін естіп ақылға салғысы келгенмен оған күші жетпеді. Әлдебір әзәзіл ақылын кейінге ысырып, Ақкенжеге деген ессіз құштарлықты алдына шығарды. Елдің әңгімесіне, ақсақалдың жөнге салар сөзіне де тоқтамады. Неде болса ойлағанын іске асыруға тырысты, өзінің ынтық адамын қолына қаратудың жолы осы қиын кезең деп шешті.
«Қолымдағы билікті пайдаланып қысып алсам қайда кетер дейсің» деген ой да жоқ емес. Оның үстіне қаза тапқан, хабарсыз кеткен күйеулерінің соңын күтпей-ақ ауылдағы ақсақ-тоқсақтың, тіпті шал-шауқанның қойнына кірген кейбір уақытындағы «мен деген» келіншектердің ісі де оның әлгі ойына май құйғандай болды.
Бірақ Ақкенже бұл ойлағандай болып шықпады. Дәл осылай болатынын алдын-ала білгендей мұның істеген қай ісіне де тойтарыс берумен болды. Налудың орнына қайраттанды, сынудың орнына бар күш жігерін жинақтап қорғаныс жасай білді. Өзін айтқаныма көндіремін деп ұмтылған Ережепке әлсіздік танытпай аязға қарсы өскен өскіндей ертеңгі күнге деген үміт-жігерінің өміршеңдігін көрсетті. Кішірейіп алдына бармады, баяғы қыз кезіндегі қанына сіңген өрлігін сақтады. Тек бір рет барып өтінішін айтқан.
-Осы жолы төл тәрбиеге әзір бара алмаймын. Баламның қызылша болып ауырып басын көтергені жаңа ғана. Әлсіз, күтім керек. Ең болмаса оншақты күн қасында болайын. Жақсы болып кетсе барармын. Сол он күн ішінде колхоздың бар малы төлін түгел ақтарып тастамайтын шығар,-деген.
Сол жолы Ережеп неге екені белгісіз бұрынғыдай «жоқ, болмайды» деген жоқ. Бәрін түсінген адам сияқты болып мұның бетіне қарап үн-түнсіз әрі-бері отырды. Кенет жүзіне күлкі жүгіргендей болды. Ақкенже бірден-ақ оның басқа оймен, өз қулығын іште сақтап отырғанын білді.
-Жарайды, солай-ақ болсын Ақкенже. Оған уайымдама, мен де көбіне сол жақта болармын. Балаңа келгің келген уақытта тау асып өзім әкеліп тұрармын. Сосын,-деді мұның бетіне қарап. Менің өзіңе деген көңілімді білесің. Қашанғы осылай жүре береміз. Енді туламай-ақ қойсаң қайтеді. Келдібай болса бұл өмірде жоқ. Саған қамқор керек. Ол-менмін. Жалғыз балаң ержеткенше тізеңді құшақтап өтпейсің ғой, әлі жассың,-деп келе жатқанында:
-Тоқтат,-деді Ақкенже. Мен сені адам деп жайымды айтып отырсам, сен бұрынғы әуеніңе бастың. Маған қайта-қайта осыныңды айтқанша бәрін ақылыңа салып тоқтататын, торығатын уақытың болды. Жетер енді. Сені тыңдағым да келмейді, осы сөздеріңнен жүрегім айниды. Қара кемпірге тастап-ақ кетермін. Көрер жарығы болса өлмес. Доғар енді,-деп орнынан тұрды.
-Ақымақ әйел екенсің ғой,-деді Ережеп оның артынан даусын көтеріп. Ел бәрібір екеумізді әлдеқашан бір төсектің астынан табыстырып қойған. Одан енді құтыла алмайсың. Көр де тұр, айтқаныма көнбесең осы әңгіменің шындыққа айналуын көрсетем бір күні.
-Әдірам қал. Кеудемде жаным, бойымда күшім тұрса ол айтқаның бола қоймас. Әлде мені төбет көрсе айналшықтап қасынан шықпайтын мауыққан қаншық дейсің бе? Менің бар ойым да, үмітім де Келдібаймен бірге еді. Сонымен бірге кетті, ол өлсе менің бойымдағы ұрғашылық жалын да сөнді деп есептей бер. Өз өсегіңе өзің сенсең, сенің айтқаныңа лағып қосыла үретіндер болса оған шайтаным да сескенбейді. Құдайыма ақпын, Келдібайдың аруағы алдында арым таза,-деп есікті тарс жауып шығып кетті.
Әлі қызуы қайта қоймаған Мұратбегін қайта-қайта сүйіп кете барған. Қара кемпірге бәрін түсіндіріп айтты. Араға ай салып оралған. Алдынан жүгіре шыққан баласын аймалап отырып сонда өксіп ұзақ жылаған еді. Қара кемпір бидай ұнға тығып тастаған бір асым етін қазанға салды. Ақкенже жұмыс арасында қол тигізіп пісіріп алған ірімшік-құртын ортаға төкті. Іштеріндегі шерін тарқатып отырғандарында дәлізден қаңғыр-күңгір етіп шелек төңкерілді.
-Алда қарасан келгір-ай, әлгі үй-үйді тіміскілеп жүретін сыйыр кіріп кеткен болды. Мұратбек қушы айналайын,-деді қара кемпір.
Мұратбек ұшып тұрып сыртқа беттеді. Іле қайта кірді. Қорқып кеткендей қайта-қайта артына қарайды. Көп ұзамай есіктен қисалаңдап кіріп келе жатқан Ережеп көрінді.
-Мәссаған, мына қатындар күбірсіп отыр ғой. Тек өкініштісі орталарыңда мен жетіспейді екенмін,-деді ықылықтап өз үйіне келгендей талтаңдап төрге шықты. Мұратбекжан қасыма отыршы. Үрікпе, мен сенің әкеңмін, әкең боламын енді,-деп балаға қолын созды.
-Жоқ,-деді бала айқайлап. Менің әкем майданда, ол әлі оралған жоқ, енді келеді.
-Ойдойт дерсің, баласың ба деген осы. Ол әлдеқашан өлген. Сүйегінің қайда екенін ешкім де білмейді. Мамаң екеуміз бірге келдік. Ол саған шамасы ештеңе айтпаған ғой. Енді бірге боламыз,-деді көзі ылайланып.
Ақкенженің жүрегі шаншып, аузына сөз түспеді. Ережептің тапа-тал түсте басынғандай болып үйге кіріп, Мұратбекке мұның күнәдан пәк жанын жаралап «Мамаң екеуміз бірге болдық» дегеніне шыдай алмады. Бар айтқаны
«Арсыз-ай, құдайдан қорықсаң етті. Ит екенсің ғой» деді. Сөйткенше қара кемпірдің «Тұр орныңнан» деген қатты даусы шықты. Қолына нан илейтін оқтауын білемдеп ұстап түтігіп тұр.
-Тұр,-деді де әй-шайға қарамай желкесінен бүре ұстап есікке қарай сүйрей жөнелді. Әуелден қажарлы әйелге күш біткендей Ережепті лақ құрлы көрер емес. Сыртқа шығарып сілкіп орнынан тұрғызды. Анадай жерде қарап тұрған көршілерден де қаймықпады. Тәлтіректеп тұрған Ережептің жауырынына оқтаумен құлаштап бір ұрып:
-Бар енді. Өтірігіңді тағы елге жаясың ба, әлде қатыннан таяқ жедім деп ауданға шабасың ба, оны өзің біл. Сенен келген пәле болса көре қалдым. Бұл үкіметтен орынсыз жапа шеккен ағам да кеткен. Оның қасында шүкірмін ғой деп ойлаймын. Екі ортаға өсек таратқысы келген бір сүмелекті итше сүйрелеп, таяқтадым. Бірақ есіңде болсын. Ақкенженің жаны да таза, ары да таза. Бұл бір құдайға ғана аян. Аққа құдай жақ, оны көре жатарсыңдар,-деді.
Бұл сөзімді Ережеп те, арты не болар екен деп есік алдында селтиіп қарап тұрғандар да естісін дегендей айқайлап айтты.
«Сені де далаға тастамаймын, маған әлімжеттік жасағандарды өткендегідей таяқтап қуып жібересің ғой» деген Мұратбектің сөзінен кейін қара кемпірдің ойына осылар оралған еді. Сонда барып жас баланың өзіне қорғаныш іздейтінін, қиын кезеңде өздеріне демеу болатын адамды ойлап, әкесі барларға қызыға қарайтынын білген-ді. Бірақ Мұратбек «шопыр болам» деген арманына жете алмады. Өзіне үміт артып, алға апарар өмір соқпағында бірге жүремін ғой деген анасын айдалада жалғыз қалдырып кете барды. Мектепке апарамын, әріп үйреніп жаза алатын дәрежеге жеткесін сандық түбінде жатқан, әкесінің сағыныш хаттарын оқытам деген Ақкенженің арманы да адыра қалды...
***
Ақкенже пеш түбінде әлі жатыр. Өзін-өзі зорлап орнынан тұрғысы келгенмен желкесінен басқан бір ауырлық қозғалтар емес. Кеудесін қысқан жөтелі де басылған сияқты. Жан-жағына немқұрайлы көз тастайды. Төрде, баяғы орнында ілулі тұрған Келдібайдың суретіне қарады. Көзі дұрыс көрмеді ме, әлде басы айналды ма, білмейді, Келдібай бұған қарап сөйлеп
отырғандай әсер етті. Жаулығын көтеріп құлағын түрді. Сонда барып үй артынан өтіп бара жатқан адамдар екенін білді. «Бәсе,-деді ішінен. Сенің маған үн қатпағаныңа, қасыма келіп әңгіме айтпағаныңа не заман. Құдай-ау, сол қырғын соғыстың аяқталғанына да алпыс жылдан асыпты ғой. Ауылға аман-есен оралғандардың көбі әлдеқашан бұл өмірді талақ етіп Сартөбеден орын алған. Менімен қатар жүрген кемпірлердің де көбі кетті. Тағдырдың маған берген жасы ма, әлде бұл өмірдегі бар қиындықты, азапты, ауырлықты көре түссін деген сыны ма, білмеймін, жер басып әлі жүрмін. Қасыма келіп өткен-кеткенді айтып отыратын, керек кезінде қорғаныш болған қара кемпірдің кеткеніне де бес-алты жылдың жүзі өтті. Қатарың кеткеннен кейін бұл өмірдің сәні де болмайды екен. Қайдан сәні болсын, от басында алданып отырар немере-шөберең болмаса. Әулиенің басында шаншулы тұрған жалғыз ағаштайсың. Біле білсең мен кәзір жалғыздығымды ойлап налудан да, қайғырудан да қалдым. Көз жасым таусылды. Ол баяғы Мұратбегімді жер қойнына беріп, күн сайын сол жатқан кішкене төмпешікті құшақтап зарлап жатқанымда таусылған. Келдібай-ау, сенен үмітімді үзіп, енді Мұратбектің тілегін тілейін, қалған қызығым сол ғой деп жүргенімде «Сенің теңің жалғыздық» деген адамша кете барды ғой. Тіл тиді ме, әлде ен халықтың ішінен құдайға керегі жалғыз менің Мұратбегім болды ма, білмеймін, енді оқуға беремін деп жүргенімде бір күн ауырып өмірден өтті. Мен сонда түңілгенмін бұл өмірден. Қызығы жоқтай көрініп, баламның артынан қоса кеткім келіп еді. Бірақ әлі жүрмін. Баяғы сенен қалған шаңырақты ұстап отырмын. Ұстап отырмын деймін-ау, оған қосқаным, жалғағаным жоқ, әйтеуір кіріп шығамын. Бұл үйде мен сияқты тозды, қартайды. Мені күтіп жүр-ау деп ойлаймын. Көзім жұмылған күні кетеуі кеткен қабырғасының құлайтынын да білемін.
Биыл қыңқыл-сыңқылым көбейе бергесін Жетібайға кеткенмін. Өзім кеткенім жоқ, сонда тұратын сіңілім зорлағандай болып алып кеткен.
«Қартайдың, ия қызығы жоқ, ия жылуы жоқ қаңыраған төрт қабырғаның ортасында қайтіп отырасың. Ауыл іші дегенмен ондағы адамдарда баяғыдай бір-бірінің есігін ашып, бір күн көрінбесе қоңылтақсып, елегізіп отырудан қалып барады. Тапқан бір тиынымды қайтсем екіншісіне қосамын деп арпалысып жүрген біреу. Өле қалсаң жағыңды таңып, аяқ-қолыңды созып, кеудеңе топырақ қоятын адам да табылмай қалар. Қасыма жүр. Пеш түбінен екеумізге бір орын табылар. Артының зілі жоқ болса да сәл нәрсеге шатырлап сөйлеп жүретін шал болса кетті. Қанша ғұмырымыз қалды дейсің, енді бірге болайық. Тіріміз өлгенімізге қолымыздан келген қызметімізді жасармыз» деп алып кеткен-ді.
Сонда осы үйден шыға алсамшы. Сыртта өзімді күтіп тұрған адамдарды біраз кідірттім-ау деп ойлаймын. Күйбеңдеп үй ішінде әрі-бері жүрдім. Не істеп жүргенімді де білмеймін, жинастырған сияқтымын. Жинастыратын да, қимайтын да ештеңенің жоғын білесің ғой. Сөйтіп жүргенде сандық түбінен баяғы өзің киген бешпетің қолыма түсті. Оған бұрын қолымды тигізбейтінмін. Тіпті өзім де киген жоқ едім. Жас кезімде,
сені ойлап сағынғанымда анда-санда қолыма алып иіскейтінім бар еді. Соңғы кезде оны да қойғанмын. Соны алып есік алдына шығып сыртқы үйдің босағасына ілдім. Үйде адам бар екен деп ойласын дегенім бе, әлде бұдан алпыс жыл бұрынғы сенің бешпетіңді біреу танып «Е, мынау Келдібайдың үйі ғой» деп айтсын дегенім бе, әйтеуір солай істедім. Машинаға мініп жатып артыма қарадым. Сонда тұңғыш рет бұрын ойыма да келмеген, ел ішіндегі сондайларды көргенде шошына қараған, енді бәрі де кеш қалған бір ой келді. О, тоба, кешіре көр, Келдібай сен де кеш мені сондағы ойыма. «Баяғыдан бері соңымнан қалмай жүрген талай еркектің біреуінің етегінен ұстап еріп кетпесем де, бір шарананы туып алуым керек еді. Бұл шаңырақ есіз қалмайтын еді ғой» деп ойладым сонда. Бұл өкініш пе, әлде өмірдің бұралаң қалтарысы көп жолдарында өзім түспеген соқпақты кеш іздегенім бе, онысын білмедім. Сөйтіп жып-жылы ұям артымда қалып бара жатты. Жүрегім де, бар ойымда жапырайған жаман шатпада қалып бара жатқандай, машина ішінде басқа бір Ақкенже келе жатқандай сезінгенмін. Көп ұзамай қайта оралатынымды да білдім.
Шынында да көп ұзамадым. Мені ауырсынған, артық көрген ешкім де болмады онда. Обалы не керек, сіңілім де, жиендерім де барын аузыма тосты, жыртық көңілімді бүтіндеуге тырысты. Бірақ бір шаңырақ астындағы жанұяда кейде ренжіс болып, аяқ-табақ сылдырлап жатпай ма. Анда-санда жиенімнің келіншегіне қату қабақпен қарағаны да, кейде дауыс көтеріп сөйлегені де, кішкене тентегін шапалақпен қағып жібергені де маған ауыр тиді. Мені ауырсынғандай, маған бола солай істегендей көрінді де тұрды. Егер мұндай көріністер анда-санда қыдырып келгенімде болса, оған мән де бермес едім. Өзімді-өзім қаншама тоқтатқым келсе де одан әрі шыдай алмадым. Оның үстіне сол күні сен түсіме ендің. «Үйге қайтсаңшы Ақкенже, бұл жерде неғып жүрсің» деп ренжідің. «Сорлы-ау, қаңырап бос тұрған ол үйде жалғыз өзім не істеймін. Сенің ол жерде ең болмаса молаң да жоқ. Молаң болса мен бейбақ кетер ме едім. Соны өзіме демеу көріп жүре бермеймін бе» деймін. «Қой олай деме, ол жерде Мұратбегің бар ғой. Басына барып тұр. Мында жүріп өле қалсаң ол жаққа, оның қасына кім апарар дейсің. Мұратбегіңмен бірге бол» дедің. Содан сенің айтқаныңда да ақыл шығар деп елге қайтып келдім. Бірақ шаршадым, қажыдым. Бұл тірлікте менің қайғым тарқамады, қасірет жасым құрғамады. Мүмкін мен үшін өмір сонысымен де мәнді болған шығар, кім білген. Үнемі арпалысып үзілген үміт жібін жалғаумен, ширатумен болдым. Бел омыртқамда түскен қандай ауырлық кездессе де астында жаншылып қалмай ілгері ұмтыла бердім, тырбаңдап тірілердің қатарынан қалғым келмеді. Сөйтіп жүріп өмірімнің босқа өтпегеніне көзім жетті, өзім сүйіп қосылған жарыма деген адалдықтың туын жығып алмай жоғары ұстай білгеніме, ғұмырымның соңына дейін шаңырағыңды құлатпай, ошағыңды сөндірмей келгеніме Келдібай өзің де разы шығарсың, көктегі құдай да оны құп көрген болар. Көпті көрген адамдар ана дүниеде қимас адамдардың рухы табысады деп жатады ғой. Сенімен де, Мұратбегіммен де сол жақта табысармыз. Бір-біріңмен
әлдеқашан табысқан екеуің енді мені көптен бері күтіп жүрген шығарсыңдар. Көп ұзамаспын» деп ойлады Келдібайдың суретіне қарап жатқан Ақкенже.
Әлдебір шаруасымен үйге келген көршісі қақ төрде шалқасынан жатқан Ақкенжені көрді. Көзі жұмулы, екі қолын айқастырып кеудесіне қойған. «Үлкен кісі қалғып кетті ме екен» деп ойлап қасына жақындады. Танауы қусырылып, өңі аппақ шүберектей болып кетіпті. «Апалаған» даусына жауап қайтармағасын қолын тамағының астына апарып еді, тірі адамға тән жылулықты байқамады. Жаңа ғана үзілсе керек, көзінен аққан жасының ізі құрғап та үлгермепті. Орнынан тұра беріп еденде жатқан Келдібайдың суретін көрді. Өзі түсті ме, әлде Ақкенже үзілер алдында өмір бойы күтіп жүрген адамының суретін қасына алғысы келді ме, ол жағын айырып жатпады. Көршілерге, ауыл адамдарына хабарлау үшін тез басып есікке беттеді. Өткен жылы мұнай өндірісіндегі бір ірі мекеме осындағы зейнеткерлерге жаңа жылға тарту жасаған. Ақкенжеге сонда телевизор тап болған еді. Ашық қалған телевизордан диктор алдағы Жеңіс күніне орай майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде айтып жатты...