23.07.2022
623
Төрт ана
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Əр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мəңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛІ – мəңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДƏСТҮРІ – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі,
Жəне ТУҒАН ТАРИХЫ,
Еске алуға қаншама
Ауыр əрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы!