22.07.2022
  505


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Маңғыстауым мекенім

Бозжорға атым астымда,
Кезіп келем даламды,
Асау сезім тасқындап,
Кеудемде от боп жанады.

Кей сәтте тоқтап қараймын,
Осынау шексіз далама.
Толқыйма жүрек әлде мұң!?
Бойыма сыймай барама?

Әлде бір әлсіз елеспе,
Әлде бір бұлдыр сағымба?
Ойымба түскен егеске,
Дегендей бейне бағынба.

Жота - жота қыраттан,
Ізін көрдім бабамның.
Сырлы көне зираттан,
Ісін көрдім бабамның.

Бұралаң бұлтыр жолдардан,
Тағдырын көрдім бабамның.
Қиянда қиян жондардан,
Салдығын көрдім бабамның.

Ізгілік пенен қаталдық,
Қатар бір жүрген заманның,
Куәсі болған қырлары,
Қасиетті кең даламның.

Талайда - талай боздақтар,
Өмірін қиған сен үшін.
Атойлап жауға шапқанда,
Қасиетті қазақ жері үшін.

Үш жүз жылғы тарихың,
Ел жадында сақталды.
Атар уақыт кеп қалды,
Әділеттің ақ таңы.

Қасиетті Маңғыстау,
Сырыңды сенің кім білген.
Тереңге тартқан тамыры,
Жырыңды сенің кім білген.

Жеті жұрт келіп кеткенде,
Талайды көрген даламның,
Ашуға сырын ақтарған,
Беймәлім мен бір балаңмын.

Маңғыстауым мекенім,
Өзіңді мақтан етемін.
Жырыма қосым жырласам,
Арманыма жетемін.

Маңғыстаудың басына,
Нелер келіп кетпеген.
Ноғай, қалмақ, айладір,
Кімдер мекен етпеген.

Ұжмақтың төрі боп,
Ман ата қоныс тепкен жер,
Үш жүз алпыс әулие,
Әнібилер мекен еткен жер.

Қараған түбек, Сам, Шайыр,
Тарихын құмға жазған жер,
Түгін тартсаң май шығар,
Байлығын белден қазған жер.

Жел маямен желдіртіп,
Асанқайғы басқан жер,
Төрт түлік малды маңғыртып,
Ырзығы елдің асқан жер.

Құланды қолға үйреткен,
Қамбар ата басқан жер.
Сәйгүлігін адайдың,
Бәйгіге баптап қосқан жер.

Ертеден шапса түске озған,
Түстен шапса кешке озған,
Қамыс құлақ қасқа азбан.
Бірінші келіп мәреге
Маңғыстау даңқы асқан жер.,

Қашаған, Сүгір, Сәттіғұл,
Ақтан, Нұрым, Әбубәкір,
Балтабас ұлы Түмендер,
Домбырасын сайратып,
Халқына жырын шашқан жер.

Шашақты найза қолға алып,
Еңіреген ерлердің,
Тегеурініне шыдамай,
Түрікмендер тастап қашқан жер.

Пысы басып адайдың,
Кетіктен бері аса алмай,
Кең даланы баса алмай,
Қызылдар қорқып сасқан жер.

Ырзығын алла уыстап,
Пендесіне шашқан жер.
Жетібай, Өзен, Қаламқас,
Мұнайдың көзін ашқан жер.

Ата-баба арманы,
Жүзеге асып бұл күнде,
Ағарып таңы атқан жер.
Ел басы бастап! халқымның,
Дербестік дәмін татқан жер.

Осынау дархан даламды,
Жырыма қосып сайрасам,
Алладан медет болған соң,
Көңілімді солай жайласам.

Қасиетті Маңғыстау,
Отпан таудай іргелім,
Жырыма қосып өзіңді
Көңілімді солай бірледім.

Ата қоныс туған жер,
Жалғызымсың бір менің.
Тай құлындай тайраңдап,
Арқаңда сенің жүргенім.

Күн қыздырып төбемнен,
Шөліркеп сусап келем мен.
Мұхиттай бұлдыр сағымдар,
Ойнайды сонау белеңнен.

Болмаса екен өмірде,
Алдамшы осы сағымдай.
Жатса екен мынау өңірде,
Мұхитша тулап ағындай.

Қожырбаев Насыреддин
Қожырбайұлы





Пікір жазу