22.07.2022
  208


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Ақтауым менің

Ақтауым менің қанатын жайып қалықтап,
Күн сайын өсіп келеді жәйлап анық бақ.
Шет жақта жүрсем өзіңе қарай асығам,
Ұштасқан тағдыр, шағала қиял шарықтап.

Ақмаржан қалам қанатым сенде бекіді,
Жаныңды тербер түнгі қаланың тек үні.
Теңізге төніп, еңкейіп тұрған ақ қалам,
Каспийде тұрған ғажайып жұмақ секілді.

Ақтауым әнім, арулығың маған керегі,
Ақ шаңқан үйлер баурыңда өрбіп келеді.
Арманымның толқыны шайқап тербеп тұр,
Көкжиектен көрінген аппақ кемені.

Төсіңде өрген ұл, қызыңменен мақтанам,
Ару қаламның сұлулығын сақтаған.
Мәңгілік елдің перзенттері деп білемін,
Дана халқымның үміт, арманын ақтаған.

Ақ арман қалам жаға жайыңмен мақтанам,
Қапыда қалма сұр қала, -деп күн қақтаған.
Кәусар ауаңды кеуде керіп бір жұтқанда,
Ойыңнан шығар асау теңізім, ақ қалам.

Киелі өлкем Маңғыстау ата мекенім,
Астанам Ақтау өзіңді мақтан етермін.
Дем алыс алсаң Ақтауға бұрың ат басын,
Көріп кет көзбен Ақтауым аққала екенін.





Пікір жазу