ЕР ШОТАННЫҢ БІР КҮНІ
Барлау жасап оңға, солға, түстікке,
Ат суарып зауал ауа үш күпке.
Қалың қолмен қызу қанды адайлар,
Келіп жетті ұлан ғайыр үстіртке.
Жол жүрмекші тыныштықпен келсе таң,
Қатқыл үнді, көтеріңкі еңсе, паң.
Ат үстінде тұрды бір сәт ойланып,
Қалың қолды бастап келген ер Шотан.
Көп ұзамай қыр астынан шаң ұшты,
Қанжығаға бірі байлап барысты.
Шолғыншылар көргендерін айтпақ боп,
Ат үстінен түсе–түсе қалысты.
Бәріңізге артып едім сенім мың,
Бұл қолынан келмейтін іс көп ұлдың.
Алғаш келген сарбазына жақындап,
Айтты Шотан нені көрдің, не білдің?
Қайрағымен жеберердей тасты үгіп,
Қозы бөркін киіп алған бастырып:
Батыс жақтан әйел көрдім жолда өлген, –
Деп тіл қатты бадана көз жас жігіт.
Мен білмедім байғұсы ол қай елдің,
Мен білмедім қайғысы ол қай ердің?
Деді бірі: оңтүстікке жол тартқам
Тап болғаным мәйітіне әйелдің.
Біздер үшін жолда – байлық, жолда – құт,
Деді Ер Шотан: ақыл қосып, болжалық.
Үсіп өлген жандар шығар шешуі
Қиын жұмбақ сияқты екен соншалық.
Бұл қайғыға бар ма айғақ, дәлелдер,
Қандай киім киген екен әйелдер?
Сорлылардың аянышты – ақ тағдыры,
Ар жағында жатыр екен қай елдер?
Қырдың үсті мұман ба әлде, бозарды,
Шайқады жел тұяқ созған тозаңды.
Батыс жақты шолып келген шолғыншы,
Мен айтайын! – деп бірінші сөз алды.
Кім біліпті қайда екенін үйінің,
Торлады сол жазғанды жиі мұң.
Бәрін – дағы тек басына орапты,
Әлгі әйел үстіндегі киімін.
Құйын соқты айналаны шаң қаптап,
Дегендей бір алды – артыңды аңдап бақ.
Оңтүстікті шолып келген шолушы
Сөйлемек боп қол көтерді алға аттап.
Деді ол сосын: сан айналдым қолатты,
Байқағаным:із тастапты көп атты.
Менің көрген бұл әйелім қабаттап,
Бар киімін бөксесіне орапты.
Қайран уақыт өтіп жатыр сырғанап,
Шыжыды күн шүйліккендей қырға нақ.
Не айтады қолбасымыз дегендей,
Қалың адай Ер Шотанға тұр қарап.
Деді Ер Шотан: аттарымыз арыпты,
Алда сойқан болары бір анық – ты.
Демалған соң нәсіп берсе Алламыз,
Оңтүстікке алу керек бағытты.
Шуласты қол: бізге ол жақ таныс па?
Деді бірі: Шыдаймыз ба алысқа?
Жері шүйгін, суы мол ғой батыстың,
Оңтүстіктің таулары – таз, жары – ұшпа.
Оңтүстіктің, я Батыстың иесі кім;
Деді Ер Шотан: Ашқамыз жоқ есігін.
Мәйіттердің жұмбақ киім киісі,
Таппапсыңдар әлі бірің шешуін.
Мұндай жәйтқа келтіре алам дәлел мың,
Ұрыс салып шырқын бұздық сан елдің.
Өзі имансыз, тәрбиесіз елі де,
Абыройын жаба алмаған әйелдің.
Қай жауың да бере қоймас жөргемді,
Демес және ал, шығыңдар, төрге енді.
Оңтүстікте үсіп өлген әйелдің,
Ибасы бар, демек елі көргенді.
Ат жусатып, жасаған соң жол қамын,
Кепшік, дабыл, ұран, керней толғады үн.
Бағы ма әлде, соры ма әлде кім білген,
Маңғыстауға бағыт алған қол қалың.