ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР
Ай бетіне құм ектім,
Иісін сордым сүр еттің.
Тебенімнің ұшына,
Жүз кірпіні түнеттім.
Босқа үйде жатпадым,
Күнді түнмен қаптадым.
Айбалтамды мен бүгін,
Көлеңкеммен саптадым.
Игі іске бет бұрдым,
Қуыршағымды ектірдім.
Бұлтты кірқыстырғышпен
Күнге жайып кептірдім.
Қауырсынын қасқырдың,
Көк түтінге жапсырдым.
Теріп аңның іздерін,
Зертханаға тапсырдым.
Бар ма бұған амалым,
Күлді – ай келіп қабаным.
Бәтеңкемнің ішінде
Қалып қапты табаным.
Ақылын ап төбеттің,
(Дайындамас қорек кім?)
Мұзды мұхит үстіне,
Көкөністі көп ектім.
Құрға шылым шектірдім,
Бүргеге арба жектірдім.
Тура айтатын
шындықты,
Суайттарға бет бұрдым.
Шеберлікті шыңдадым,
Шаңын сүрттім жылғаның.
Түнде прожектормен
Ен даланы сырладым.
Құмнан балық ауладым,
Көгалына аунадым.
Жатқам теңіз түбінде,
Жаңбыр жауып, жаурадым.
Талантыма қайранмын,
Найзағайға байландым.
Жарық жылдамдығынан
Озып кетіп, бәйге алдым.
Сүтін ішіп балдырдың,
Шөлімді бір қандырдым.
Мұзды мұхит түбінде,
Үрлеп шоқты жандырдым.
Айтсам, бұл жұрт сене ме,
Шар сорғыздым кенеме.
Жанған шамның білтесін
Желкен қылдым кемеме.
Битке ауыр жүк теңдедім,
Темір жонып жемдедім.
Құлтемірді ауырған
Ине салып емдедім.
Ойлап – ойлап көп тұрып,
Сойдым іреп, тоқты іліп,
Самаурынды қайнаттым,
Буды жинап шоқ қылып.
Басқан кезде бұллты мүк,
Ұштым шар қып шықты үріп.
Күн мен түннің арасын,
Бөлдім шымылдық құрып.
Гүлін жинап қамыстың,
Сәуле құйып дәрі іштім.
Балмұздақтай тәтті екен
Күнді жалап тауыстым.
Таяқ қылдым «Г» әрпін,
Қақпа қылдым «П» әрпін.
«О» дан шайба жасап ап,
Хоккейге мен құмарттым.
Сан көбікке жүкті іліп,
Шалбар кидім тік тұрып.
Жер жыртығын жамадым,
Буды есіп жіп қылып.
Бұлт ішіне токты үйіп,
Найзағайдан көк түйіп.
Күндіз – түні жүгіріп,
Өртті бастым шоқ құйып.
Жаңа жылдық шам жанды,
Шыршама жұрт таң қалды.
Ойыншықтар орнына
Ілдім тірі аңдарды.
Айтуымен масаның,
Көп қиналып қашадым.
Иіп кемпірқосақты
Иінағаш жасадым.
Ойлап жүріп бас қамын,
Еңбектендім қанша күн.
Бұлтпен сүртіп тастадым
Жер бетінің бар шаңын.
Таң қалады енді кім,
Жұмыстанар келді күн.
Тек қана үш әріппен
Дастан жаздым мен бүгін.
Тауға жайып кит баққам,
Балаларын ұйықтатқам.
Үш әріптен төрт қате
Жіберіппін диктанттан.
Ақылымның азығы,
Жүзі жылы, жаз – үні.
Жүз жастағы әжемнің
Жұқты маған әжімі.
Ашсам қазан қақпағын,
Жүр жайылып аттарым.
Түспеді, – деп бір қасқыр,
Тулап жатыр қақпаным.
Көнбеген соң ырқыма,
Шідер салып жылқыма.
Байлап қойдым арқандап,
Шегірткенің мұртына.
Көрген жұртты таң қылдым,
Күнге апарып шамды ілдім.
Жіпке тіздім ерінбей,
Әр тамшысын жаңбырдың.
Күбім тасып, толды да,
Сімірдім мен қара сүт.
Аппақ қардың орнына,
Жауып кетті парашют.
Өзім қайсар ұланмын,
Қай спортқа құмар кім?
Суырып ап кітаптан,
Турник қылдым «П» әрпін.
Күнді жақтым шырақпен,
Кит ауладым тымақпен.
Толқындарға кемені,
Желімдедім сынаппен.
х х х
Жердің жетіп шетіне,
Құйын мініп құйғыттым.
Мөлдір көлдің бетіне
Тоқсан киіз үй тіктім.
Таңданды жұрт ісіме,
Тілін алып қашырдың.
Сақалымның ішіне,
Сан мың жұлдыз жасырдым.
Үпіргенде сөнген күн,
Жерге тамды там – тұмдап.
Қытықтап ем,
Өлген піл
Күлді – ай, шіркін, қарқылдап.
Алдын алып қауіптің,
Інге орадым дауылды.
Сүтіменен тауықтың
Асырадым ауылды.
Ішіне мен тор – қаптың,
Сан микроб иірдім.
Жел диірменді орнаттым
Танауына сиырдың.
Орандым да сағымға,
Күйге түстім мың түрлі.
Толқындардың жалында
Ізім қапты былтырғы.
Күні бойы әуре қып,
Шоқты мұзбен күйдіргем.
Көктен түскен сәулені
Қайшыменен қидым мен.
Кебежеге толтырып,
Шықты үйге көшірдім.
Тыңайтқышын мол қылып,
Тамырсыз тал өсірдім.
Аулап жүріп шабақты,
Су ішінен шоқ таптым.
Кері бұрап сағатты,
Уақытты тоқтаттым.
Тауыстым мен қарашы,
Бір ұрттап ап теңізді.
Жетім киттің баласын,
Бүргем қыстай емізді.
Сабындадым күндіз – түн,
Болғанша бір қар аппақ.
Манас жырын қырғыздың,
Жырлап біттім заматта – ақ.
Сәбименен таңулы,
Күресіп мың құладым.
Ядролық қаруды,
Тары ішінде сынадым.
Айға іліп бөркімді,
Шықтым түнде аңға мен.
Радиотолқынды
Түзеттім төс балғамен.
Төсеп жерге бауырын,
Атқан кезде жаңа таң.
Жұмыртқа емес,
тауығым
Туды екі – үш балапан.
Ішіп көлді мың сарқып,
Шөлге құйдым бәрін мен.
Желім жағып жұмсартып,
Сақал қырдым сабынмен.
Деді келіп жолдасым,
Жігеріңді жасытпа!
Таппаған соң қорғасын,
Сынап құйдым асыққа.
Төгіп болып жаңбырын,
Күн алтын нұр таратты.
Бір қызығы дәл бүгін,
Түстен кейін таң атты.
Жаяу жүріп жалықтым,
Шаршағаны – ай
тісімнің!
Судағы ізін балықтың,
Суретке түсірдім.
Алты басты ат көрдім,
Қашты қорқып қояным.
Парағына дәптердің,
Жақтым түннің бояуын.
Ұңғысына мылтықтың,
Аттым салып үш пілді.
Барлық аңды үркіттім,
Құстар ұшып, түшкірді.
Мұзды мұхит құм басқан,
Кетті еріп демімнен.
Көлеңкемді бір тасқа
Жабыстырдым желіммен.
Жігерімді сан қайрап,
Шаңын өрдім қарсақтың.
Жартасқа кеп айқайлап,
Жаңғырықты шаршаттым.
Таң қалмасын енді кім,
Құс терісін іредім.
Күн бетінің мен бүгін,
Қар мен мұзын күредім.
Нан кірді де түсіме,
Қарным ашып,
дәрі іштім.
Ғаламшардың күшімен,
Өз өзіммен таныстым.
Көк түтінін мың атып,
Пойызды әрең тоқтаттым.
Жауған қарды қуратып,
Тамызық қып от жақтым.
Бояп жерді, көкті мен,
Киіз қылдым бастым да.
Кинодағы өртті мен
Сөндірдім су шаштым да.
Жан бітіріп мүсінге,
Апта бойы аптықтым.
Тоңазытқыш ішінде,
Шаңғы теуіп жаттықтым.
Мәстек мініп жортақпен,
Араладым ғарышты.
Түлкі салған соқпақпен
Зорға таптым Марсты.
Күзенге жүк артқанда,
Куә болды мың барыс.
Темекіні тартқанда,
Кетті ұзарып бір қарыс.
Мұнай беріп кенеге,
Мініп жауды барладым.
Су тигізбей денеме,
Теңіз түбін шарладым.
Айдың нұрын тасалап,
Сәуле құйдым қамбаға.
Бұлттан сия жасап ап,
Жаздым көкке жарнама.
Шықтым – дағы далаға,
Доп қып ойнап Ай, Күнді.
Шеге қағып ауаға,
Іліп қойдым мәйкімді.
Вулканды әкеп айлаққа,
Белге байлап жарығын.
Пышақ қайрап қаймаққа,
Алдым тастың тамырын.
Қара бұлт кеп кигіздей,
Төкті – ай нөсер кідіріп.
Үстіме су тигізбей
Өттім әрі жүгіріп.
Сорға жайып малымды,
Тақырға ектім гүлімді.
Көпіртпей кір сабынды,
Жуып қойдым кірімді.
Үрген шар ғой демедім,
Тебеніммен көп тіздім.
Көзінен керегенің,
Алып пілді өткіздім.
Шаңын сүртіп даланың,
Бұлтын тердім аспанның.
Үнін сарқыраманың,
Пульт күшімен басқардым.
Түтіп бұлтты шүйделеп,
Қиналдым мен төрт – ақ күн.
Найзағайды үйге әкеп,
Тамызық қып от жақтым.
Ақылдасып халықпен,
Бақшаға әкеп тұз ектім.
Соғып балға – балықпен,
Толқындарды түзетттім.
Уақытымды бөлдім де,
Төсек салдым аспанға.
Күн сәулесін көмдім де,
Аршып алдым ақшамда.
Кеттім бүгін қырды асып,
Жаңалыққа құмармын.
Шымшуырмен су тасып.
Кең алқапты суардым.
Таппай кеше бір тыным,
Өлген итті үргіздім.
Шаштаразға кірпінің,
Инелерін қырғыздым.
Жатып түйе қомында,
Суды тұзбен ұйыттым.
Балық сойдым соғымға,
Бас, сирағын үйіттім.
Қайратты – мен,
күшті – мен,
Басын бастап тың істің.
Он қатарлы үй үстінен,
Құдық қазып, су іштім.
Бір балығым құм асап,
Қуып жеді қаңбақты.
Кірпік арасына сап,
Шақтым талай жаңғақты.
Шаруамды жайладым,
Отарды үйге
иірдім.
Мың қалжуыр байладым,
Құйрығына
құйынның.
Қойдың естіп үргенін,
Кетті өлген ит
тіріліп.
Ізін басып бүргенің,
Піл құлады сүрініп.
Қиналған соң тұрақты,
Сыртқа шықты бүйрегім.
Өйткені мен бұлақты
Иыққа сап сүйредім.
Миды қасып қышыған,
Тынышталды жаным бір.
Тебенімнің ұшынан,
Қазып қойдым нән үңгір.
Қиындықтан қашпадым,
Желім қосып өтектеп.
Күнге апарып тастадым,
Көлеңкемді жетектеп.
Түсіп мұхит түбінде,
Баспалдақпен ақырын,
Сабын көпіршігіне
Ілдім кеме жәкірін.
Бұлтқа ескерткіш орнаттым,
Айта аламын мақтана.
Судан тоқып қолғапты,
Жазда соқтым аққала.
Зерделі жан ұғады,
Беріне де көндіктім.
Сойып алабұғаны,
Теріскеннен тон тіктім.
Адаммын ғой төзімді,
Құрт қайнаттым ішімде.
Жоғалты ап өзімді,
Тауып алдым түсімде.
Айтыңдаршы мүмкін бе,
Жайғасып ап Айға нық.
Шыға алмадым бір күнде,
Тары дәнін айналып.
Тоқсан мың жыл қайғырдым,
Қайатып ап көл шетін.
Қашықтығын Ай, Күннің,
Безбеніммен өлшедім.
Мұз жеп едім түнде мен,
Қатты ауырдым шоқ құсып.
Кітап бетін үрлеп ем,
Жазулары кетті ұшып.
Су астынан сүт таптым,
Торт өндірдім тастан да.
Көжегімді ұйықтаттым,
Мылтық атып аспанға.
Орап түйе көнімен,
Оймағыма ін көмдім.
Өрмекшінің торымен,
Балық аулап күн көрдім.
Айналдым да мүсінге,
Ұзақ – ұзақ жол жүрдім.
Болған өртті түсімде,
Өңімде әрең сөндірдім.
Факел ұстап қолыма,
Қарғып мініп құланға.
Түстімде «кұс жалына»,
Адаспадым тұманда.
Ұйықтап жатсам қозғалмай,
Көктем жылжып жетіпті.
Танауына бозторғай,
Ұя салып кетіпті.
Кедергі боп ор, қырат,
Көкжиекке тірелдім.
Зымыранның бортына,
Жерді байлап жібердім
Салып қойғам соқаны,
Орынына иненің.
Күйойнатқыш от алып,
Шалқытты ән, күйлерін.
Жұртты таң қып қаратып,
Мінбей бесті, тай, дөнен.
Бір ұлуды жаратып,
Орын алдым бәйгеден.
Не қылайын құр налып,
Жанарымнан жас тамды.
Теңіз іші буланып,
Таба алмадым бақшамды.
Кетсе – дағы күн кызып,
Жем берген соң құрттарға.
Жер бетінен тұрғызып,
Тіреу салдым бұлттарға.
Суретін айнытпай,
Салғам шоқай, етікті.
Рұқсатсыз
қаймықпай,
Біреу киіп кетіпті.
Икемдімін көп іске,
Жолды арқалап, шыңға ілдім.
Салып ксерокске,
Бір кілемді мың қылдым.
Деміммен шоқ өшірдім,
Құй түсінбе, құй түсін.
Бірге жатқан досымның,
Ұрлап алдым ұйқысын.
Қарап жүрмін күнбе – күн,
Балғын беттен әр тайып.
Жас кездегі суретім,
Қалыпты тек қартайып.
Үй қаладым жаңқадан,
Тастан ойып түндігін.
Нілді тауып картадан,
Суына мен сүңгідім.
Ерте тұрып мен ертең,
Шаңын сүртем ой – қырдың.
Үйленген соң көлеңкем,
Ұлан – асыр той қылдым.