КЕМПІРБАЙ – ƏСЕТ
Көңілді Əсет келді көтергелі,
Болмайды кеуде, шіркін, жөтелгелі,
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері.
Өлсем де көк кептерге бір соғайын,
Домбыра екі ішекті əпер бері.
Ал енді, шіркін, көмей былпыңдасын,
Сөзімді несиесіз кім тыңдасын?!
Ішінде қалың елдің салдым айғай,
Неғылып шіркін, көмей жыртылмасын?!
Мойынға Əзірейіл салса құрық,
Білемін ғазиз жанның құтылмасын.
Суырған қынабынан нар кескендей,
Əр жерден қызыл тілім жылтылдасын.
Көңілді Əсет сұрап келгеннен соң
Шыдай алмай кəрі тарлан сылпыңдасын!
Боз шапса боз озбай ма буырылдан,
Мен шапсам жер қанаты қуырылған.
Жай тастап аяғымды алып жылдам,
Жадының күнде озушы ем тұғырынан.
Келсе де тоқсан ақын торай бермей,
Мен-дағы озып жүрдім ығылымнан.
Ер Дəуіт жеті жаста иектеген,
Жасынның суын іштім құдығынан.