21.07.2022
  101


Автор: Баян Тіленшина

ХАТ

Алыстағы ақын әпкем Баянға,
Жыр жүрегім, хал- жайыңды баянда,
Басыңда тұр жарқын өмір сәулесі,
Қырғи тілім, қарыштап қал, аянба!
Шабытыңа үйрек ұшып, қаз қонып,
Жүрсің бе, әпке, көңіл-күйің жаз болып?
Хатыңызды бүгін апты келінің,
Қауқылдасып, жасап қалдық мәз болып.
Жастығымның кешіріңіз желігін,
Жақсы сөзге біразырақ ерідім,
Құтты болсын азаматық сатысы,
Пионерге өтіпті ғой Ерігің!
Бұл тіршілік –таусылмайтын көл-теңіз,
Көптен, рас, хат жаза алмай кеткеміз,
Ініңізбіз, көтереміз, қайтеміз –
Әрқашан да болса орынды өкпеңіз.
Ініңізбіз, көтереміз... Бірақ та,
Сіз тек жауап жазасыз ба сұраққа:
Санасатын бауыр, әпке-ау, бауыр ма?
Толғанымен, болғанымен жырақта?!
Мақұл, қойдым. Ренжімеші жан әпкем,
Көктемгі бұлт төгері бар кенеттен,
Менің де бұл көк балауса кезім ғой,
Ұшып жүрген алтын түсті қанатпен.
Біздің үйдің білгің келсе өмірін,
Аман-есен шапқылап жүр келінің,
Айтарға –жоқ, істерге көп тіршілік,
Кейде тістеп алары бар ерінін.
Осылайша өтуде өмір бал-шырын,
Айта берсем, төгіледі жан сырым,
Ініңіздің білгің келсе жағдайын,
Атары жоқ, арманы көп аңшымын.
Оңаша бір толғаныстар –тамшылар,
Жігерімнің үміт- атын қамшылар,
«Жаратылыс жаратқан соң жан етіп,
Бізге де тән несібеміз бар шығар» -
Деген ойдың алып қашып соқпағы,
Арпалысып өз-өзімен жатқаны,
Сіз ақ құман көргенсіз ғой қайнаған,
Менің миым сол ақ құман оттағы!
Жалын берген күн батыс пен күн шығыс,
Ақын болсаң, өте алмайсың тым-тырыс,
Сағат сайын көкірегім көк дауыл,
Минут сайын жүрегімде –бұлқыныс!





Пікір жазу