21.07.2022
94
Әкеме
Қилы да қилы асқардан,
Өзіңнің тұлғаң биік тым,
Өмірім сенен басталған,
Сондықтан, сенсің сүйіктім.
Шындықтың жүр деп жолында,
Өсірдің мені жан сала,
Күншілдік шұбап соңымда,
Мен жапа шектім қаншама!
Сол шақта мені демедің,
Дәруін беріп жігердің,
Желкені болып кеменің,
Мұхитқа бұрып жібердің.
Халықтың қамын ойлаған,
Істерің көп- ақ табанды.
Сендей- ақ болар ойлы адам,
Білемін, әке, бағаңды.
Мысықша барыс сүйкенбес,
Әркімнің мейірі әр басқа,
Жылу, нұр, отқа икемдес,
Мінезің өршіл, нарқасқа!
Қартайдым деме, есейдің,
Жасартам, әке, жаныңды,
Көңіліңе гүлдеп төсеймін,
Еңбегім, ойым, арымды.
Жеткізбей жүрсе бір арман,
Жолыңды ақыры жалғаймын!
Кеудеңде ет боп тұра алман,
Жүрек боп соғам талмайтын!