21.07.2022
  110


Автор: Баян Тіленшина

Мерейім – көгілдіріме

Әлдилеп, ақ бесікті тербеткенім,
Көрсеттің өзім қалай ержеткенін.
Уілдеп, өлең айттық сен екеуміз,
Лақ боп мүйіздесіп, еңбектедім.
«Қуырмаш» «әт-чу» болып ойнағанмын,
«Да-ва» деп дала болды ойлағаның.
«Ай! Ай!» деп сәлемдестік күнде кешке,
Құстардың бір тыңдаймыз сайрағанын.
«Дөңгелек- дөңгелек» деп гүл саламыз,
Доп-шарды бірге үрлеп, бір жарамыз.
«Гүл-гүл» деп иіскейміз жапырақты,
Алма мен шие сынды гүл жарамыз.
Сүйесің тырдай жалаң шешінгенді,
Болмайды!
Жұлдыз-қызым, кешір мені!
Жылайсың моншақ-моншақ кәусар ағып,
Даусыңның бір ауланы көшіргені!
«Мияу» мен «абабты» айтып жұқарамыз,
Әйтеуір, әзер-әзер жұбанамыз.
Айша мен Шара, Бота – қуыршақтар,
Киінтіп, сыртқа бірге шығарамыз.
Сүйесің кітап-сурет оқығанды,
Санайсың қазақ-орыс 4-5 санды.
Әуеннің әр үніне би билейсің,
Қонақта момақансың,
болам тәнті.
Әжеңе қарай ұшып, жығыласың,
Құшақтап аяғымды, тығыласың.
Шашымды тарап, беттің бәрін сүйіп,
Еркелеп, жеңіп алды ықыласың.
Мерейім, атыңа сай биікпісің?
Не деген тіл алғышсың, сүйіктісің!
Жәй жүру дегенің жоқ!
Бейбарыстай,
Дәулет пен Сағыныштай жүйрікпісің?!
Қыл мойын, тұқым- баста түбіт шашың,
Көгілдір--жаңа ашқан жұмыртқасын!
Аққудай киелі бол ел сыйлайтын,
Мерей бол, мәңгі жаса!
Үміт! Жасын!
Бұл тарих сені мәңгі ұмытпасын!





Пікір жазу