21.07.2022
  168


Автор: Баян Тіленшина

Ақ қозым, қоңыр қозым

Тәңірімнен табынып сұранғаным,
Сағынышым, арманды құба таңым.
Мен – діңгегі ағаштың,
Сен – гүлімсің,
Өткен күнге өзіңмен жұбанамын.
Тумай жатып өзіңді сағынғанмын,
Тәңіріме сен үшін табынғанмын.
Тіршілігім өзіңе байланғанда,
Менен алыс кеткенің – неғылғаның?
Сен тумай-ақ мен саған айналғанмын,
Жан сезімін жеткізіп айта алмадым.
Сені менен жұлқылап, бөлген пенде,
Сезбеді ме тамырдың шайқалғанын?
Жаным, жарық дүнием, қос жанарым,
Тек сендерден қалтырап жасқанамын.
Дәті жетіп, біздерді бөлген пенде,
Сезбей ме екен кеудемнің бос қалғанын?
Сағындырған ақ қозым, қоңыр қозым,
Қанша күнге шыдайды менде төзім?
Арамызды айырды-ау өмір-өзен,
Өзегімнен тебеді жер қол созым.
Сағынышым, Дәулетім – қос қанатым,
Кісі қайда түсінер сөз санатын?
Жалған намыс, шын намыс – айырма жоқ,
Күн туар ма қатқан сең қозғалатын?!





Пікір жазу