Түс жору сағынышы
Кірдіңдер түске, қорықтым,
Жаным-ау, неден торықтың.
Әжелеп жылап жүрсіңдер,
Сағыныш-ау деп жорыттым.
Еркем-ау, менің еркем-ау,
Есіркеп мені берген-ау.
Ескегім - әкең болғанда,
Мойнымды бұрар желкен-ау.
Дискісін сызып мультиктің,
Етегін кесіп суртиктің,
Бұрышқа «қағып» қойды ма?
Аузыңды неге бұртиттың?
Есікті еркін аша алмай,
Ұйықтарда массаж жасалмай,
Тыпырши алмай жаттың ба,
Дөкейлерден аса алмай?
Бойыңды кімге өлшеттің?
Тынышсың, демде «бойжеттің».
Тентектіктің түр-түрін,
Әжеңе ғана көрсеттің.
Сыбырлап сөйлеп аузыма,
Ертегі айттың таусыла.
Қорғасындай балқимын,
Гранпри даусыңа.
«Юлдызханға» биледің,
Билеуге мені сүйредің.
Даңғырақ қағып саусақпен,
Кеңірдек ұрып күйледің.
Көзіңе жағып сүрмені,
Кең етек кидің бүрмелі.
Мамаңнан қалды-ау еркелік,
Сен сумкамен жүргелі.
Дірілдеп қалам ұстадың,
Оқушыға ұқсадың.
Қуыршақ, сөмке, өзіңді,
Көтертіп мені қыстадың.
Бесжұлдыз күнде аласың,
Мектепте момын боласың.
Даналық пен балалық,
Мектеп пен үйдің арасы.
Он саусақтың арасын,
Санайсың, қосып аласың.
Басыңдағы қос бантик,
Бойыңа берер жарасым.
Пластилин мүсін жасайсың,
Өнерге әжең масайсын.
Аспанда болса жалғыз Ай,
Жанымда жүрген қос Айсың.
Әр сөзің, әрбір қылығың,
Арқауы көңіл – жырымның.
Гүлдерім – сендер барыңда,
Бәйтеректей ұлымын.
Барыңа еттім қанағат,
Естірте көрме жаманат.
Бабамнан қалған тіршілік,
Сендерге берер аманат.
Біріңе бірің тіреу бол,
Мыңға тартар білеу бол.
Соңыңнан ерсе нөпір қол,
Ақ жолды бастар күреу бол.
Жамандық еткен оңбасын,
Бабалар рухы қолдасын.
Жорықтарда жол болсын,
Жүрекке мұздақ тоңбасын.
Жоқ болсын жолдың азабы,
Бақыттың түссін назары.
Қыдыр бабаң жетектеп,
Бәйгенің болшы озары.
Несібең адал, мол болсын,
Жанқияр достан қол болсын.
Жамандық ойлап жүргендер,
Шаңыңнан шықпай қор болсын.