21.07.2022
  97


Автор: Баян Тіленшина

САҒЫНЫШЫМА

Сағынтқан алтын бесігің,
Сағыныш болған есімің.
Дүниеге өзің келетін,
Тілеуім болған осы күн.
Періште сынды келбетің,
Нұрлантты бүгін жер бетін.
Иісіңе мас боп, жыр жазам,
Бесігіңді тербетіп.
Көзімнің ағы, қарасы,
Көңілімнің тоқтар тобасы.
Негіз боп сенен басталған,
Келешек күннің жобасы.
Бұтағымдағы бүршігім,
Көп күттім сені тұншығып.
Іңгәлаған әніңмен,
Иірдің бақыт ұршығын.
Сағынып көрген таңым-ау,
Сый болған пейіш бағым-ау.
Құл-тіршілік жалғанның,
Қожасы еткен тағым-ау.
Жылынды жаным, маздадым,
Қуантты күлкің, наздарың.
Күн бата көрген жарығым,
Көбелек бола жаздадым.
Немерем менің сарылтқан,
Сені аңсап талай зарыққам.
Күн сәулелі көркіңді,
Көргенде көзім қарыққан.
Қанатыңды сабалап,
Тәй-тәй бастың жағалап.
Құт болсын әрбір қадамың,
Жоламасын жаманат.
Домбыраның тиегі,
Аты да әулие, киелі.
Бір қарыс жақын ұлымның,
Жаныма таяу сүйемі.
О, қандай тәтті иісің!
Гүл базар еттің үй-ішін.
Басынан бір сөз асырмас,
Дәумамаңның биісің.
Шықылықтаған күлкің-ай!
Мұңдарым қашар үркіп-ай.
Көзіңе тұнған лағыл-жас,
Лағылдан асыл, шіркін-ай!
Қосылған әнге дауысың,
Музамен кетер ауысып.
Жақпай қалсақ, шыңғырып,
Жаңғыртасың тау ішін.
Ақ күймең алтын-бесігің,
Тартпасын тарттың көшіңнің.
Нөкерлерді тербетсін,
Тіліңді алар өзіңнің.
Көп болсын туыс, бауырың,
Нар мінез, қақпақ жауырын.
Шаттығыңды шалқытып,
Бөлісер жүктің ауырын.
Періште сынды тәрізің,
Уақытымның нәрісің.
Жүрегім, жаным аздай-ақ,
Қымбаттымның бәрісің.
Қыз болшы дана, гүл жүрек,
Қарайтын саған елжіреп,
Гүл апаң, Ілияс атаңның
Мәртебе туын желбірет.
Үлпілдек үкі балапан,
Сақтасын сұқтан, жаладан.
Мақтаныш етсін өскенде,
Жер бетінде әр адам!





Пікір жазу