Ана тілегі
Сағынтқан балауса шақ – балалығым,
Еркелік, періштелік, даралығым.
Өзегі өмірімнің – Сағынышым,
Жалғаған сәби-әже аралығын.
Ақ отау – бесігіңнің киесісің.
Ақ тілеу ойларымның жүйесісің.
Өзегі өмірімнің – Дәулетияр,
Керегем, шаңырақтың иесісің.
Құлдырлап, ойнақтаған құлындарым,
Бойымды жинақтаған жұлындарым.
Көзіме көрсеттіңдер – ширек ғасыр
бұрындау дәл сендердей ұлым барын.
Айналдым топ-топ басқан қадамыңнан,
Қадамың бар қайғымды ада қылған.
Тірліктің тәттілігін сезінттіңдер,
Сендердей айналмаушы ем «шатақ» ұлдан.
Мен – діңгек, бұтағымның гүлісіңдер,
Діңгектің жәннәт-орам, үрісіңдер.
Тағдырдан жалбарынып тілейтінім –
Гүлдерге саф ауаның жылысын бер.
Діңгегі гүл -өмірдің қиылмасын,
Жапырақ-жүрек жерге бұйырмасын.
Жемісі әрбір гүлдің дара көктеп,
Үскірік аяз бойын жиырмасын.
Жер-ана, һауа-ананың тілегі-нұр,
Нұрына үндессе екен жазылған жыр.
Анаңның ақ тілегі қабыл болғай,
Қолында тіршіліктің жүрегі тұр.