Ұлылық деген –кішілік
30 жасқа келдің де,
Хас жүйріктей желдің де.
Үлгердің бе бөленіп,
Құрметіне елдің де.
30 жасқа келдің де,
Кереметтер көрдің де,
Қасиетін білдің-ау,
Босаға мен төрдің де!
Отызда ұқсап ұлыққа,
Қанып бір сезім тұныққа,
Сын айтарсың толғанып,
Пенделік – адамшылыққа.
Есікке бағың жеткесін,
Босағаңнан кетпесін.
Аттаған кісің адал боп,
Төріңде шаттық көктесін.
Билік айтар жасыңда,
Тәж тұрсын алтын басыңда.
Ұлылық деген – кішілік,
Толыссаң сүттей тасынба.
Жаманның көңілі күнде ызғар,
Сөнбейді нағыз жұлдыздар.
Қанатты тұлпар болсыншы,
Өрбіген сенен ұл-қыздар.
Домалап өрге бақ-тасың,
Рауандап таңың атқасын,
Күн барда қусаң кетпейтін,
Көлеңке -достан сақтасын.
Кеңістік болсын жолдарың,
Мың жасап, шыңға қон, жаным,
Қыдыр Әлексаламның,
Шылауын ұстар қолдарың.
Қиындық көрсең кетілме,
Қорған бол кемтар, жетімге.
Еліңнен алған алғыспен,
Жүрерсің пейіш шетінде