21.07.2022
  76


Автор: Баян Тіленшина

Балалық базарында

Сүріндің бе?.. Біле алмадым ол жағын,
Көзіңде жас, ренжітті екен сонша кім?
Шүпір-шүпір шұрқырасса достарың,
Кепті-ау лезде кірпіктегі моншағың.
Шымыр-шымыр толқындардай туладың,
Қандай әсем тиіп-қашып қуғаның!
Қарлығаштай ұясынан айналған,
Шыр көбелек қанат жазып зуладың.
«Двун!.. Двун!..» жер тарпиды аяғың,
Бір «тентектің» түртті арқаңды таяғы.
«Сынған тетік» оңдалған-ау шамасы,
Зулап кеттің, гуілдейді баяғы үн.
Бал балалық, үрпек сары балапан,
Жұмыртқадан аршылғандай жаңадан.
Ай нұрына шомылғандай арайлым,
Айналады бітіміңнен жан анаң.
Жомарт мінез, ашық қолды дарханым,
Дос-жаранның ойлайтұғын бар қамын.
Бал дәурендей бақытты бол өскенде,
Жұлдызындай жарығы бол ортаңның.





Пікір жазу