Өсиет
Өсерсің, ұлым, кім болып?
Жүрмеші көңілің кір толып,
Жүрегі жадау жан көрсең,
Қайғысын бөліп, бір торық.
Күйе, лас жұққыш келеді,
Жаманмен жүрме бір қонып.
Айтқанға көне бергенді,
Ай, Күнге теңегендерді,
Шын досым деп алданба,
Күндізгі көлеңкелерді.
Пір тұтып мәңгі өткейсің,
Шындықпен жебегендерді.
Өсиет айтсам тарихтан,
Заңдылықты бәрі ұққан:
Қадірін ненің білмеген,
Жете алмай соған зарыққан!
Қайыспай көтер ауырды,
Кем бола көрме алыптан.
Өзекті өртер мұң барын,
Сол мұңда ащы шын барын,
Біліп қой –жүйкең жұқарса,
Өткірлеп сені шыңдарын.
Бойыңда болса жігер- күш,
Сіңбейді құмға шын дарын.
Ақымаққа ас қайғы,
Өресі одан аспайды,
Ізгілік деген Мұратқа,
Айдасаң, аяқ баспайды,
Шыр біте қалса қолына,
Піріне амандаспайды!
...Арайлым, аппақ таңдайсың,
Сұлулық көрсең қанбайсың.
Іші бос нәрсе –даңғырлақ,
Ақылды сатып алғайсың!
Перизат асыл періштем,
Мәңгілік солай қалғайсың!