21.07.2022
  103


Автор: Баян Тіленшина

ТҰМАР КҮН

Зылиха, алдым хатыңды,
Сөз айтыпсың татымды.
«Сағынып балдар жүр» депсің,
Көп айтып Керім атымды.
Қанықтым сырға, ел жайын,
Мақта мен егін, бел жайын.
Тесілмей оққа жапырақ,
Өссе екен еркін тал-қайың.
Бәріне дұғай сәлем де,
Жыламай сәби әлемде,
Қой үстіне бозторғай,
Ұя салса әр елде.
Туатын сондай күн болсын,
Осы айтқаным шын болсын.
Мына сойқан, сұм соғыс,
Құм құйылып, дым болсын.
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Туады қашан тұмар күн?
Туған жер топырағында,
Тарқай ма шері құмардың?
Ата қоныс – Қайнарым,
Сен қайда, мен қайдамын?
Төретай мен Сапарбек,
Көп еді-ау әлі айтарым.
Сырласым – Рәсіл, Шырыным,
Ашсаңшы көңіл құлыбын.
Қауышар күнге жеткізсін,
Салмасын ажал құрығын.
Ау, мұнар күн, мұнар күн,
Зеңбірек тескен шұбар күн!
Фашистті тізе бүктіріп,
Туады қашан тұмар күн?!





Пікір жазу