ЖЫЛАҒАН ЖҮРЕКТЕР
ІІ тарау
Атпаңдаршы аққуды, құдайсыздар! Өмір-біреу, сіздер де құлайсыздар.
Жүрек мұңын жүрегі барлар ұғар, Аққу зарға қалайша шыдайсыздар?!
Астанадан Дәукеңнің кенже ұлы каникулға келгелі бұл шыңырақтың думаны қыза түсті. Қалжың сөзге ұста Қабылмен басы қосылса, әншейінде сыпайы Сәуірбектің күлкіден езуі жйылмайтыны- ежелгі әдеті. Екеуінің айтқан әр әңгімесі, әр мысалы күлкіге саяр еді. Түк таппаса, екеуіне де тетелес аңқау Мамырды айналсоқтайтын. Сондықтан ба, Сәуірбек үшін Қабылдың өзі де, сөзі де ерекше, ең қымбат бауыры екенін бәрі де анық сезетін. Сол сүйікті інісі кеше бір оңашада үйленсем бе деген ойын білдірді.
Қабылдан тіптен де мұндай сөз күтпеген ағасы алғашта абдырап қалды, сосын бейнебір өзі Күлбиіне үйленетінін айтып тұрғандай, қуаныштан жүрегі атқылай соқты.
-Бақытты болыңдар... Қ-қуаныштымын!-деп інісінің қолын қос қолымен сілкілей қысты. Бейне қазір той болғалы жатқандай әбігерленіп, екі қолы епетейсіз ербеңдеп, иығына ілініп тұрғысы
келмегендей, -қайда... қайдан өзі? Жұмыс жасай ма, оқи ма?
-Оқиды, журналистикада. Солтүстіктің қызы - Қатипаш жеңгеміздің аймағынан. Мамасы бар, жұмысшы. Үш ағайынды, үшеуі де қыз, кішісі, партияда жоқ, жасы он сегізде, бойдақ, шетелде туыстары жоқ, ұлты-қазақ.
Қабылдың әзіліне ағасы еріксіз жымиды, есін жиды. «Иә, сасатын не бар? Малдың басы жеткілікті, қазір той жасаймын десе де, қаладан үй әперемін десе де әкесі Дәукеңнің құдіреті келеді. Тек қам жасау керек. Айтпақшы...»
-Алдыңда Мамыр бар ғой, оны қайтеміз?
Қабыл бір иығын көтерді. Сосын жерден жеті қоян тапқандай-ақ:
-Ә, оған үйлен дейік, институтын бітті, қызы бар шығар да ендігі,-деді.
Мамырдан «Енді қарастырмасақ, қалыңдығым жоқ. Сен тапқан болсаң, үйлене бермейсің бе?» деген жауап алды.
-Алдымыз - қыс, мүмкін көктемге қалдырармыз? Оған дейін Мамыр да біреуге жіп тақса, тойларыңды бірге жасармыз? –Сәуір сүйікті інісіне сұранған пішінмен тіл қатты.
Қабылдың жүзінен қызғылт сәуле жүгіріп өтті де, күлімсіреп басын шайқады. Оны айтқызбай ұғынатын ағасы:
-А-а... Онда той қамына кірісуді үлкендерге айту керек пе маған?...-деп Қабылдың арқасынан
қағып-қағып қойды.
Дәулетбақ қарт күнпарақтағы жаңа жылға қарай жаңа келінді қабылдауға бәтуаласты.
-Мам-моу! Келініңізді көрсетсем, көрімдігіңізді бересіз бе?-деп анасының құлағына сыбырлаған еркетотай Қабыл «Беремін, жарығым, беремін. Кәне- кей?» деп анасының жайылған алақанына күлімсірей қараған қарақат көзді қыздың суретін тастай салды.
-Қалай, -деді сосын мамасының мойнынан ту сыртынан құшақтап,-ұнай ма, мама? Бола ма өзі... былай...
-Болады. Өздеріңе ұнаса, бізге ұнай береді. Құдай ұзағынан сүйіндіріп, алдыларыңнан жарылқасын, ботам, - Хадиша жаулығының ұшын көзіне апарды, - түсі жылы екен айналайынымның...
-Әні.. қуантсаң да жылайды, қорқытсаң да жалай- ды мама дегендер. Онда әкелмеймін,-деп жорыта бұр- ти-ды Қабыл.
-Қой, олай деме. Жылуарлы екен, өмірлерің шуақты болар. Аты кім?
-Жарқынай, мама.
-Бәрекелде! Атына заты сай болсын. Әумин!
***
Осы бәтуаласудан соң-ақ Қабыл қайтуды айта бастады.
-Әлі демалысыңның уақыты бар емес пе, балам?- деп Хадиша тоқтатқысы келіп еді, ұлы әзіл-шыны аралас:
-Келініңіздің қол қойған уақыты бітіп қалды-ау, мама, -деп анасының мойнына асыла кетті.
-О, сүткенжем, еркетайым! Бітсе бара ғой, қайтейін. Маған салсаң сені ешқайда жібергім жоқ қой...
Хадиша Қабылдың маңдайынан иіскеп-иіскеп, емірене сүйді де, жаулығының ұшын тағы көзіне апарды.
-Е-е, мамама салса, сені оқуыңнан қазір-ақ шығарып, қасына алмақшы ғой, ә?-Сәуір құшақтасқан аналы-балаға сүйсіне қарайды.
-Өзім де сол сырттай оқудың құжаттарын дайындауға асығып бара жатқан жоқпын ба, ә, мам?...
-Ә-ә, тәңір жар болсын! Қайда жүрсеңдер де аман- сау жүріңдер. Сендердің қуаныштарыңның арқасында әкең екеуіміз күштіміз-ау. Сендер деп шапқылаймыз ғой біздер...
***
Таңертеңгі пойыздан түсісімен жол сөмкесін көтерген Қабыл Жарқынайдың жатақханасына тартты.
Күн демалыс болған соң ба, қыздар жаңа оянып, жуынып-шайынып жүр екен. Есіктен кіріп келген Қабылды көргенде «О-о» деп қосарлана куанған, шөпілдескен үнге бөлме іші жаңғырып кетті. Қабылмен бөлмедегі үш қыз да құшақтаса көрісті, тек төртіншісі- Жарқынай ғана күлімсіреп, бір орында тұра берді. Оған бір қарап, кері бұрылған Қабыл қазір ғана шуылдасып жүріп, қыздар шешіндерген қара
былғары күртешесін желбегей жамылып, қара құндыз бөркімен толқынданған қалың шаштарын қисайта қымтап, оқшырайта киді де, оқыс үн қатты:
-О, жарқыным! Ауыздықпен алысып, ай- жұлдызбен жарысып, жүрекжарды жаңалығымды жария еткелі желкілдеп жетіп келгенімде, оң қабағыңызбен қарсы алмайсыз ба? Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы кәрие сәлем берер салтымыз әдірем қалған ба?! –деп қабағының астынан тікшие қарады. Жарқынай күлімсіреген күйі оның қасына келіп:
-Сәлем бердік, ағасы! Ат көлік аман келдіңіз бе?- деп қолын ұсынды.
-Е, міне, көргенді халықтың қыздары осылай сәлемдесер болар, -ол Жарқынайдың нәп-нәзік қолдарының сыртынан өбіп, сосын шешіне бастады, - ат көлік, ауыл-аймақ аман. Мамаларың-папаларың сәлем айтуда.
-Мамаң?... Папа...
-Иә, мама ауылдың сәлемдемесін беріп жіберді,- Қабыл үстел үстіне сөмкеден сәлем-сауқаттар шығарып қойып жатты,-тойға дайындалып жатыр.
-Тойға?! Шын ба, Қабыл?
-Шын деші? Қашан?
Дегбірсізденген қыздарға Қабыл енді салмақтана сөйледі.
-Шын! Бір жарым айдан соң-жаңа жылға қарай той болады деп шешті үйдегілер. Біз екеуміз сыртқы бөлімге ауысатын болдық. Қалай, келісесіз бе?
Бал-бұл жайнаған екі бетін алақанымен басқан Жарқынай күлімсіреп, басын изеді.
Бет сүйіс қайта басталды.
-О-о! Құттықтаймыз!
-Бақытты болыңдар!
-Жолдарың ашық болсын!
Бұл бөлмеде үлкен тойдың бастамасы бүгіннен-ақ басталып, дос-жарандары құлақтанып жатты.
***
Аз күннен соң Қатипаштың елінен де бауыры- Олжабайдың үйлену тойына шақырған қуанышты хабар жетті. Бір тойды атқарар жеміс-жидек, мәуе- шәуесімен Сәуірбек әйелін жолға шығарып салды.
Жалғыз бауыры үйленіп, оты өшкен отандарына от маздайтынына Қатипаштың жүрегі жарылардай қуанды. Шешесі мен өзі түсін де білмейтін, артында суреті де қалмаған әкесі тізе қосып, «төркінің бар» деп мұны күтіп отырғандай, еліне жетуге асықты.
Е-е, жаман болса да, жақсы болса да бар болғанға не жетсін. Апасымен ұрысса «қарашайдың жалаңбұт жетімектерінен қашан құтылар екенбіз!» деп көзі шақшиятын құдаша-кемпір енді не күйде екен? Қырықында қызыл жіп тағып, жүрген шығар сыланып-сипанып әлі. Өтірік күлгені болмаса, ішінен өртенген-ақ шығар, көкше! Сол керек оған! Бай алмаған бейшара, мүгедек інісін бағе-п қартайып отыра бермей, байға тиіп, туып-туып алмады ма кезінде! Тудық қой біз де өзіміз үшін, тағы да туамыз! Басы қақшаңдап ұрсатын еді, ендігі мойны салбырап-
ақ қалды-ау. Мұны детдомға кіргізгесін еліне алғаш барғанда-шы!? І-м-м! Өзінше жарамсақ танып,
«Алты-не-ем, сағындым ғой» деп Қатипашты өп- өтірік жылап сүйгені-ай! Кетерінде «карта ойнап ұтып алғаным еді, апаңа айтпай-ақ қой» деп бір дода ақша бергені-ші? І-м-м! Сон-дай арам-мы! Өйткені ол мұның кейін керек болатынын ойлап, әдейі пландастырып тұр ғой осынысын. Әйтпесе, бұған емешегі езіліп тұр деймісің? Жақсылығы... Ә, қойшы! Жақсы адам жоқ қазір. Жақсылар жер астында!
Мә-ә! Қатипаштың келіні қандай екен? Әйтеуір суретінде Қыз Жібектен кем емес. Тіпә-тіпә, тіл көзі тасқа! Елдегілер Матв... Жоқ, оның аты өшсін. Мәр- зияның келіні ай мен күннің өзі екен деп, ауыз- дарының суы құрып-ақ жүрген шығар! Доғдыр депті ғой келінді. Оқуын біткесін сол ауылға направиттап- ты. Бұлардың бақытына дұрыс бопты. Енді басқасы түгіл Сәуірбекке бұл да тұмсығын жоғары кетер-і-іп, көзінің құйрығымен қарап сөйлейтін болады! Шопырдың табысы қай оңған дейсің, інісінің айлығы аздау екені рас. Әй, Қатипаш аман болса бірін көр- сетсе, бірін көрсетпей, қайын апаларының құтын көшірмей ме келініне? Ойы-бай, әй?... Әй ол келін де... өз төркініне асыратын қу болмасын-ә? Төркіні бай ма екен, кедей ме екен? Ім-м...
Қатипаш пойызда неше түрлі қиялдарын өсіріп, өрбітіп тербетіліп жатыр еді. Кенеттен шыққан
«Женщина! Дай погадаю!» деген қарлыққан үнге
басын жұлқа көтерді. Қуанып кетті. Сығанның егделеу әйелі купенің есігінен қарап тұр екен.
-Заходай, -деді бұл,-заходай скарей!
Лып етіп есікті жапты. Қасындағы қыз кірмей қоя тұрса деп тіледі. Балшы Қатипаштың екі алақанына кезек үңіліп, сөйлеп берді.
-Сен өзің кішкентайыңнан қиындықпен келе жатырсың. Алыс жолға шығыпсың. Бір үлкен мақсатпен келе жатырсың, бір қуаныш, бір реніш күтіп тұр.
-Иә, інім үйленіп...
-Сол ініңнің қуанышы, тағы бір реніш күтіп тұр. Соңында сенің ойыңдағың болады. Арқаң бар екен. Аузың дуалы. Бір қара, бір сары әйел дұшпаның бар екен. Соның қарасы саған дуа істеген.
-Жас па?
-Жастау, иә жас. Үйіңдегі жастығыңның ішінде, сосын есігіңнің табалдырығында дуа бар. Күйеуіңнің іш киіміне де дуа істеген. Содан...
-Күйеуіме ме?
-Иә! Күйеуің саған қарамай, сол әйелге ауып кетіпті. Енді оның дуасын қайтармасаң, сенен мүлде ажырайды. Қайтару керек тезі рек. Басың ауырады, табаның қызады. Рас па?
-Рас.
-Сол дуа миыңа әсер ете бастапты, бойыңа сіңіп кеткен. Бір егде әйел, бір жас әйел бар-күйеуің жақтан. Сол екеуі...
-Сары... Ақтау ма? Дұрыстап көріңізші.
Сыған көзін сығырайта алысқа тесірейді. Қатипаш та алақанын маңдайшалап, сығанмен бір бағытта тікшиді.
-Иә! Ақтау келген, әдеміше, орта бойлы. Екі әйел де қан туыстары. Сол екеуі саған өтірік күлімсірегенімен, қас. Жек көреді. Ол екеуі өз ұлтың емес, басқа ұлтқа дуа істетіпті. Екеуіңді ажыратқысы келеді. Орыстың, татардың дуаларын сол жаса- ғандардың өздері ғана қайтарады, не тек біздер –сы- ғандар ғана қайтарамыз. Қазақтың молда -тәуібінің күші жетпейді, білдің бе?
-Кім екен олар, а? Енем мен анау байы жоқ сорлы Ұлбалашы шығар...
-Өзің бір ақкөңіл, қолы ашық адам екенсің. Балаң жұп.
-Үшеу.
-Онда тағы туасың, жұп дедім саған! Төртеу түсіндің бе? Арқаң бар екен ғой, біреуді қарғасаң, ұшырып түсіреді екенсің. Рас па? Кімді?
-Иә, көршім бе? Кіші енеміз бар, соның қызы... Өзі ме? Етімізді ұрлағанда қарғап ем, «балаңның етін же» деп. Сонда көршіміздің бір баласы өлді де қалды.Сауап дедім! Кіші енемізбен ұрысқаны мызда
«үндігімді ұрладың, ішіңнен тесіп шықсын» деп едім, ертеңіне мұрттай ұшып, бір апта тұра алмай, ақыры жүрегі ұстап бәлніске түсті. Иә, арқам бар-ау деп ойлаймын өзім де! Тиіспесін,не трогают пускай меня! Накажу-у!- Қатипаш жұдырықтарын сүзістіріп, балгерге күліп қойды,- Ім-м...
- Умница! Так держись! У тебя.. сенин архан кушти, во-оһ! Ким тиеди, сол уледи! Ха-ха-а!-сыған мен Қатипаштың сілесі қата күлулері көбейді,- Шығыс жағыңдағы көршің, есігі былай-оңтүстік ке қараған, сол сені көре алмайды. –Ім-м, кіші енеміздің үйі ғой...
-Содан сақ бол. Енді мен болдым, сұрайтының бар ма? Сұра.
-Байымды қайтарып бере аласыз ба?
-Ол қолда! Бірақ, мен әруақтарымды шақырайын, сен риза етуің керек. Әйтпесе сені ұрып кетеді әруағым.
-Риза қыламын, қам жемеңіз! Тек қайтарып, басқаға басын бұрғызбай, мені тыңдатып берсеңіз болды.!
-Онда, мына инені төбеңе шаншы, қаншалықты дуалапты, байқайын!- Сыған Қатипаштың кір ора- малына ине шаншыды да, әруақтарын «шақырып», білектеріндегі он қатар білезіктерін сылдырлата жө- нелді. Көзі Қатипаштың білегіндегі Сәуірбек Бол- гариядан әкеліп берген жапон сағатына, құлағындағы алтын «самаурын» сырғаға құмарлана түсті.
-Әруақтар мына білезік сағатты үстелге қойсын дейді!
Қатипаш жып етіп шеше қойды. Сығанның діріл- деуі селкілге ауысты. Қатипаштың жаулығы қисайып, жыртық көзі ашылайын деді.
-Уһ-һ! Болмайды! Дуа өтіп кеткен!
-Апатай! Тағы көріңізші, апатай! Бәрін тура айттыңыз, аяйтыным жоқ! Байым аман болса, өзіме қараса, дүние табылады ғой. Күйдім мен! Мына сырғамды берейін, әруақтарыңыз риза бола ма? А?- Қатипаш жыламсырап, жалынышты тіл қатты.
-Байың ұрыспай ма? Сен ризалығыңмен бер.
-Ұрыспайды! Оның мұндаймен жұмысы жоқ. Құлағым бос тұрмасын десем, тойға апара жатқан тағы бір алтын сырғам бар. Соны тағып аламын. Оларға абрушалный да жетеді! Ризамын апатай!
-Да-а! Я действительно твоя апашка,мы... биз сизбен бир,биреу...
Сыған қайта дірілдеді. Манағы жаулыққа қадаған инені алды. Қараса-ине қып-қызыл, тек ұшы ғана то- тықпаған.
-Қарашы,-деді сыған, - өмірің аз ғана қалыпты. Мен кездеспегенімде, сәл кешіккеніңде мерт болар екенсің! Не есуас, жынды күйге түсер едің. Өзің қа- зір-ақ біртүрлі ауа бастағансың ғой, байқашы-үсті басың кір, шашың таралмаған. Енді қарап жүр өзіңе! Түсіндің бе? Мына инені төбеңе шаншимын, осы қайта ағарса-дуаң қайтқаны. Әйтпесе өлесің!
Қатипаштың құлағында «өлесің, өлесің!» деп қарлыққан үн қыр-қыр етті. Егіліп жылап, етегі жасқа толды. Шіркін өмір, қандай тәтті едің! Мына думанды дүние, үш бала, үйіндегі кілемдер, хрустальдар, сиырлары мен жылқылары жалт-жұлт етіп, көз алдынан кезек-кезек көлбеңдей өтіп жатты. Саусақтарындағы алтын сақиналары мен алтын
алқаларын бір-бір сипап қойды. «Өлгені құрысын, апатай, дуамды қайтаршы» деп егіле көзін жұмып, сыған әйелге мойын ұсынып отыр.
-Уһ! Уһ! Міне көрдің бе,а?! Міна аппақ ине! А?! Қайтардым, қызым. Дуасы өздеріне ауады. Енді тұз бар ма?
-Бар, бар! –Қатипаштың шүңірек көзі қайта орнына түсіп, қуаныштан құдық түбіндегі судай жылт-жылт етті.
Сыған тұзға, сосын бір литр суға үшкіріп, дем салды.
-Мына тұзды күйеуіңе ғана бір шымшымнан қосып беріп тұр. Тұз саларда дәретің болсын, ұмытпа. Үсті-басың, қол аяғың түгел таза болуы керек. Сосын шоқынатын сөзіңді айт. Қалай еді?
-Шоқынғанда... Біз шоқынбаймыз ғой. «Бісмілдә» десем бола ма?
-Болады, соны айт. Сосын күйеуіңе ұрыс сөз айтпа. Күліп қара, білдің бе? Қарсы сөйлеме.
Қатипаш сығанның сөзін миының «таспа табағына» басып алды.
-Иә, апатай, түсіндім, онсыз да... Иә... Ім-м...
-Пойыздан түскен соң екіге бөлінетін жол айырығы кездеседі. Сол жерде мына суды басыңнан құй, аяғына дейін аралап шығады. Сосын, мә, мына жаңа аяқкиімді ки. Аяқкиім-ерің! Есіңде болсын осы. Ал, мына дуа сіңгенді лақтыр,-сыған су жаңа қытайлық резина салпылдақты сөмкесінен алып берді де, Қатипаштың былғары аяқкиімін оның орнына
салды,-сол кезде әлгі дуалар сумен бірге ағы-ып түседі. Денең түршігіп, біртүрлі жеңіл сезінесің. Алға жүр, артыңа қарағы-ың келеді. Қарама! Дуалар қалғысы келмей, кері шақырады сені. Ерегіседі сенімен, түсінесің бе? Қарама! Сонда бәрін де жеңесің! Сенің ойыңдағың болады! Бақыт алдыңнан күліп қарап тұр. Сексен сегіз жасқа келесің, жиырма немере көресің. Әумин!
Екеуі бет сипасты. Екеуі де күлді. Екеуі де риза.
Апалы-сіңлідей қимай қоштасты.
-Не... Да,апатай, сіз маған керексіз, өте керексіз. Іздесем қайдан табам,а? Адресіңізді жазып алайын...
- Солнышко мое, меніки ат Клава!Сегодня тут, завтра там! Меники везде нужна! У любой цыганки сура, они меня найдут!
***
Сыған әйел ауырлығын алып қалғасын-ақ бойы жеп-жеңіл тартқан Қатипашты туған ауылындағы қуаныш еліне құстай ұшырғандай-ды. Такси ұстап, тура апасының үйіне бірден тартты. Шуылдаса жиылып қалған жамағайындарының бірімен сүйісіп, бірімен көрісіп, енді бірімен әдейіге-ақ алтын толған саусақтарын тарбайтыңқырап, қол ұшынан сәлемдесті. Сосын қоқиланып, май басқан қолтығы илікпей, қолдарын күркенің қораздарынша күжірейтті.Алға екі аттады да: «а-а-аналарды түсіріп алыңдар-р» деп, такси жақты нұсқап, саусақтарын жыбырлатқан болды. Жамағайын жапа-тармағай мәшиненің артындағы тоқ сөмкелерді сүйрелесті.
-Мен сіс-ке-е қанша беруім қажет,а? Ім-м?-деп Қатипаш сыздана сөйлеп, Алтынай сыйлаған әмияннан бір дода ірі ақша шығарды,- ой, құдайым- ай, солай демейсіс пе? Майда-шүйде мел-лыш екен ғой,-деп карманының шырт етпелі екінші жағынан жолкіре төледі. Табиғи сыпайыларға ұқсап-ақ бақты. Кісі боп көрінуге жан салды.
Ол өзіне көп көздің аңтарылғанын аңдап, «ішке кірмейміз бе?» деп жол бастады. Өзінің тырп-тырп жорға жүрісінен жаңылып, қисық сирағымен теңселіңкіреп, маңғаз жүріске салып, елді соңынан ертті.
Қыз қонақ төрга жайғасысымен, өзін қаумалай отырған көпшіліктен даусын асыра сөйлеп есіктің аржағындағы әлдекімдерге арнап «әй-и, келініміз қайда?» деді. Жалғыз апасы Мәрзия «мә-ә!» деп сыртқа жүгіре беттеді. Аздан соң:
-Келе ғой, қалқам! Мына апаң келіп отыр алыстан, иә... сенің қуанышыңа. Ұялма, келе ғой, сәлем бер, - деп Мәрзия жік-жаппар тіл қатып, төргі үйге қайта кірді.
Есіктен шақыру хатындағы Тәбия атты әдеміше келіннің бейнесі көрінді. Еденге түскен гүлді көйлегі кішкене бойын биіктетіп, сылтып басатын оң аяғының кемістігін көзден тасалап тұрды.
-Сәлем бердік! –деді Тәбия тізесін кілт бүгіп, оң қолын тізесіне қоя еңкейіп.
-Бақытты бол, қалқам! Кәне, бері жақындай ғой,- Қатипаш келіннің басынан асыра кептірілген өрік-
мейіз, жаңғақ, тәттілерді шашты, -ал, шашу-шашу-у! Жеңдер! Біз жақта осылай шашу шашады. Әй келін, мына жалаңбас жүрісің не? Басыңа орамал салып жүр, шашыңды жина!
Жауырынын жапқан мойыл қара шаштарына еріксіз қолын апарған жас келін қызарып кетті де, басын изеп кері жүрді.
-Тойға ... Келін болуға әлі бір апта бар ғой деп... Ә-ә, айттым ғой, бұл апаң келсе, бәрімізді тәртіпке салады деп, мә-ә қасқа! –Мәрзия Тәбияны қолтықтай сыртқа беттеді.
-Қалай, елдерің аман ба, Қатипаш? Үй-іштерің, бала-шаға...
-Ойы-бай!-деп баж еткен Қатипаштың ащы дауысынан амандық сұрағандар да, бәрі де тым- тырыс болып, оған үрейлене қарасты. Қолтықтаса есікке беттеген апасы мен келіні де тоқтап қалды, -әй, тәте! Мынау ...мыналарың не,а? Естерің дұрыс па өзі? Жоқ көрсіңдер ме? Өңшең жарымдар! Көкше-е! – Қатипаш қауын беттерін шымши созғылады.
-Не бүлінді?-Мәрзия сіңлісіне таңдана қарады.
-Не бүлдіргенсіңдер, а? Ойы-бай, не бетімді айтайын енді, ойы-бай-ай! О, өңшең ғана жарымдар, алтындай інімді қор қылып, бір ақсаққа қосақтаған жаре-ем ғана шешектер-ай! Әй, Олжабай, қалай ғана ұялмай...а? Жерге қағып жіберейін бе қазық қылып? Осы отырған орныңда өлтірейін бе? Мұның не, а?- манағы сыпайылық тан сымпылбай да қалмаған Қатипашқа жамағайын аң-таң болды.
Қатипаш інісін бір, апасын бір жұлқып, долданып көп сөйледі. Келін бетін басқан күйі өз бөлмесіне кетті.
-Қаладым, -деді Олжабай, -несі бар екен? Болады маған.
-Өздері сүйісіпті, табысыпты. Жарайды, онда не тұр екен... бізге болар да. Ашуды қой,-деді Мәрзия жалбарына сөйлеп.
Қатипаш екі қолын жұдырықтап, көкке көтере айқай салды. Бұйра сары шаштары дударланып, жағасы жайлау болды. Мына көзкөргендерге Олжабайдың марқұм анасы тіріліп келгендей, денелері тітіркенді. Бәрі де басу айтып, қайта тұтанған шаңырақтың отын сөндірмеулерін, Тәбияның тәрбиелі жерден шыққанын, бір үйдің үлкені, ата-анасының мұғалімдер екенін, бірақ, әкесі екі жылдай шамада марқұм болғанын айтысты. Осы аймақта тұрғасын ол құдаларымен барыс-келіс жасасып, танысқандарын, біліскендерін айтысты.
-Жоқ, көзін құрт! Мен жалғыз түйір бауырымды өзі кемтар, өзі жетім қызға қоса алмаймын. Тап қазірден бастап киім-кешегін бер! Заңды түрде ажырайсың! Өзім мынандай қыз тауып беремін!-деп Қатипаш Олжабайға сұқ саусағын көзін шұқи көрсетті.
Тоқтау сала алмаған көпшілік біртіндеп үйлеріне тарасты.
-Жолдан шаршап келдің ғой, шәй ішіп дем ал. Ашуды бас, өзі доғдыр екен, болмай ма бізге?
Ойланшы, бізде қайсымыз оқыдық? Әйтеуір қара танимыз демесек, қараңғымыз ғой біз, а? Інің- шопыр, май-май ініңе тиген доғдыр қыздан айналмайсың ба? Мінезі де жайдары, тірлікке пысық, енді не керек бізге? Сүйісіп табысты, -Мәрзия тілі жеткенше түсіндіргісі келді.
-Сенің сондай бостығыңнан қорқушы едім –ау, бірақ осынша бассыз десем ше! Шашын жә- йіп...жалбыратып...тимей жатып жаман ырым баста- тып, көкше-е! Мә! Қызыңнан бетер құтыртыпсың ғой өзін! Құриды, құртамын! Кетсін жақсылықпен. Әй, Тәбия, жақсы сөзбен кетесің, жұмыстан шық бүгін!
-Апа, апатай,-деп егілді жас келін,- айтқаныңыздың бәріне көнейін. Бірақ, мені қума- ңызшы. Мен Олжашты ұнатып келдім, онсыз қалай өмір сүремін?... Қумаңызшы, құлыңыз болайын...
...Қатипаш жібімеді, Тәбияның желкесінде тұрып, жұмыстан босатуға өтініш жазғызды. Сотқа
«сүймеймін, жаңылдым» дегізіп, тағы арыздандырды. Бір апта жүріп, інісінің басын «бәледен» таза босатып алды. Көп-көп ақыл айтып, еліне қайтты.
«Ә-ә, сыған әйел айтқан бір қуаныш, бір реніші, бір жеңісі осы екен. Қалай тура табады, ә? Енді басқа айтқандары да дәл келер? Келеді, дәл келеді!»
Қатипаш пойызда тоқ көңілмен тербетіле манаурап, ұйқыға бас қойды.
***
Осы журналистика бөліміне Жарқынайды арманы алып келді. Кітапқұмарлығы, әдебиетсүйгіштігі
ақырында өзінің ғашығына жетелеп, бұл өзінен екі курс жоғары оқитын Қабылмен табысты.
Алғаш рет факультетаралық «Таланттармен танысайық» атты әдеби кеште танысты. Екеуі де өздерінің өлеңдерін оқыды. Қабылдың екпіндете оқыған отты өлеңдерінің қасында өзінің анаға арнаған сағыныш сезімін әлжуаз санап, сахна сыртында өзін қораш сезініп тұрған-ды.
-О,Жарқынай! Тамаша өлең жазыпсың! Сағынышты біз емес, тек қыз жазуы керек пе деп қалдым. Құттықтаймын жеңісіңмен, -деп осы Қабыл жабырқаған қыздың жанын желпінтіп жіберген,- танысып қоялық, менің жөн-жосығым-Қабыл Дәулетбақұлы Құдіретуллин, қазақпын, жасым-он тоғызда, комсомол мүшесі, бойдақпын. Әлі ешкімге ғашық болмағанмын.
Осы таныстық достыққа, одан махаббатқа ұласып, екінші жыл жұптары жазылмай келеді. Жарқынай бұл кездерде өлеңді көбірек жазып жүргенімен, оны Бақыткүлден басқаға көрсетпей, жасырын ұстайтын. Неге десе, бәрі дерлік махаббат тақырыбы, тар шеңбер, ұят деп есептейді өзі. Әсіресе Қабылдың оқып қоюынан қорқып, жыр дәптерін үстел үстінен алысырақ жерге жасырып қояды.
Күні кеше Қабылы еліне кеткенде-ші? Уақыт шіркін елдегі бас білмейтін қырсық бұзауы секілді ноқтасынан алға сүйресең, қасарысып орнынан тапжылмайды-ау. Бір апта уақытпен алыса-алыса, ақырғы күндері шаршап, көп жата беретінді
шығарды. Үндемей жылап, кірпіктері құрғамауға айналды. Іштегі сағынышы жастықтың астындағы кішкене суретке бағышталып, қағазға өлең боп түсе берді, түсе берді.
Суретіңе сыр айтам кәдімгідей, Жанарымнан жас ағып, жаным жүдей. Бірте-бірте дауыстап егілемін,
Бүкіл денем теңіз-ау тегі менің. Сүйе берем бетіңнің әр нүктесін, Тәңірімнен келгендей жарлық-кесім. Сүйе берем аймалап мейірім қанбай,
Бетке басып қағазды жынды жандай...
Сөйтіп сағынтқан Қабылы бүгінде қасында. Оның үстіне ата-анасының ризашылығын алып, алдарынан өтті. Жарқынай үшін бұдан асқан бақытты күн бола қоймас, сірә! Арманына жетті деген осы болар. Өзі де анасынан рұқсат сұрап, хат жазды. Барып, ауызбен айтудың қиындығын сезінді. Мамасы хабардар болып, үйрене берсе, сосын сыртқы бөлімге ауысу құжаттары түгелденген де, Қабыл екеуі бірге баруды ұйғарысқан.
Мамасы ендігі жерде хабардар болды. Қалай қабылдады екен бұл жаңалықты? Әрине, көңілі босап, бір жылап алады, сосын өзі айтпақшы, қызының басына сенетін шығар. «Е, маматай... ұядан ұшыруға қимағаныңмен, қыз атаулы жат жұрттық болуы- заңдылық екен ғой. Сол заңдылықтан өзің де
шықпағансың, мен қалай аттап кетпекпін? Ең бастысы-ол да емес. Басты мәселе- тіршілігіңе жан беретін жүрегің өз ұясынан шығып кеткісі келгендей, басқаға ынтық болады екен. Туған ата-анаң, туған бауырларың, дос-жарандарыңды қалдырып, тіпті өзіңнен де қымбат бір жанға құрбан болуға даяр екенсің. Кім білсін, кітаптарда көп айтатын махаббат деген құдірет осы шығар. Мама, мен үшін де мына дүниеде Қабылсыз ештеңенің мән-мағынасы жоқ. Осыған сенер ме екенсіз? Сондықтан мені түсінуге тиістісіз деп ойлаймын».
Қабылдың ата-анасының ризашылығынан соң кішігірім тойшық өткізді.Екеуі бірге тұрып жатқан жатақхананың аядай бір бөлмесі жас жұбайлар үшін жер жәннәті --жұмақ. Көздері тоймай - қарасып, еріндері тоймай сүйісіп, айдан астам уақыттың өтіп кеткені де байқалмапты.
Кешегі күні Жарқынайдың еліне жеделхат салып, Бақытгүл үшеуі жолға шықты. Екінші сөткеде пойыздан түскен жастарды сырнайлатып қарсы алушылар-мерекелік көңілде еді. Олар қаладан 25-30 шақырым жердегі ауылға думандатып жетіп те келді.
-Ал, тәте, бір балаңды екеу етіп, алдыңа алып келдік. Жүрегің жарылмай ма?
-Күйеубалаңның көрімдігін бер, Шайнұр жеңеше.
Жарқынайға қатты ұқсайтын келбетті әйел алдымен Қабылға ізет көрсетті.
-Қадамың оң болсын, ұлым! Бақыттарыңызды ұзағынан сүйіндірсін,-деп оның маңдайынан тәуетті.
Сосын «құлыным» деп Жарқынайды ұзақ бауырына қыса құшақтады. Бақытгүлді бетінен сүйді. Жиналған көпшілікпен сәлемдесу, көрісу рәсімі аяқталысы мен, у-шу қайта басталды.
-Табалдырықтан оң аяғыңмен атта.
-Аттағаны несі? Отқа май салдырыңдар.
-Ой, боже мой, майды не істейді?
-Е, ол «үйіңнің оты лаулай түссін» деген қазекемнің ниеті, ырымы солай.
Дастархан үстінде Шайнұрдың бас назары Қабылда болды. Қайта-қайта көз қиығымен ұрлана қарап, сөзі мен қимылын бағып отырды. Сұңғақ бойлы, қақпақ жауырын, аққұба жігіттің қырғи қабағы, қиықша мұрты күлімсіреген жүзіне қандай жарасымды. Жігіттің сұлтаны осындай-ақ болар. Ретіне қарай әңгімеге араласып, сыпайы отырысы өзінің марқұм еріне ұқсайды екен-ау. Көзін жүгірте бермей, сақтықпен ғана апаларымен қатарласқан Жарқынайға қарағыштайды. Жол соққаннан белгі де жоқ, жас жұбайлар бал-бұл жанып, нұрланып отыр. Шайнұрдың іші еріп кеткендей-мынау отырған Қабыл өзінің тапқан перзентіндей-ақ жылы ұшырап, тілеуін шынымен –ақ тілеп тұрғанын байқады.
«Ойпырмай, күйеуді ұлындай көру қайда, жағынғандар солай айтар» деп ойлайтын. Жоқ, шынымен-ақ өзінің Жарқынайынан кем көрмей, көркіне көзі тоймай, Шайнұр жиырма бір жыл сағынтқан перзентіне қарай берді. «Е, алла, жеткізгеніңе шүкір! Қос шырағым ның өмірін бер!»
Шаңырағыңдағы тұңғыш қуанышына Шайнұр ел- жұртты шақырып, қыз ұзату салтын жасады. Аралас отырған орыс халқынан ауысып, бүгінде солтүстікте сіңіскен салт-үш атты сәнді тарантаспен жас жұбайларды серуендету салтанаты. Ұзын мойындарын сәндете шұлғып, сыңғырлаған гүлді қоңыраулар тағынған аттар аппақ қар үстінде айдында жүзген аққулардай көрінеді екен. Ақ желек жамылған жан-жарын күйеу жігіттің сол жағына отырғызған бір жеңгесі:
-Женя, оңтүстіктің жұқа жігітін суық сорып тастамасын. Сақ бол,-деп үлкен қара тұлыппен қымтап жатты.
Екінші, үшінші шаналарға да ортада сырнайшылары бар жастар отырысты.
Қызылды-жасылды ленталарды жегулі тұлпар- лардың алдына көлденең ұстап, ылғи жас балалар тұр. Міне, сол тұсқа үлкендер тобы жақындады. Кеше
«Менің атам-әкемнің ағасы» деп таныстырған орта жастағы жігіт ағасы галстугін сәл босатыңқырап қойып, сөз бастады:
-Қадірлі тумалар, жолдастар! Біз бүгін жаңа отаудың шаңырақ көтерген қуанышына куә болып отырмыз. Құтты болсын айтамыз! Көпке үлгілі, өнегелі болады деп сенеміз, өйткені –оның иелері тегі тәрбиелі жандар. «Орнында бар оңалады» деген осы, бүгін менің дүниеден өткен бауырым Тасболаттың ұрпағы өрісін кеңейтіп отыр. Сол өткен ата-баба рухы, тірілердің тілегі екі жасқа жар болсын! Әумин!-
Лентаның бір шетін кесіп, қайшысын келіні Шайнұрға ұсынды. Ол тана көздері жасқа толып
«жолдарың ашық болсын» деп жас жұбайларға қарады да, лентаның екінші шетін қиды.
Сол-ақ екен, жер тарпып, желігіп тұрған тұлпардың делебесі қағылып, сылдыр-сылдыр қоңырауға сыңғырлаған сырнай үні ұласып, кеңіс- тікке күй толқыны тарап кетті. Айдында жүзген аққу- дың шанағында арттағыларға қол бұлғап, көгілдірдей сүйкімді жас жұбайлар жылжи берді. Жеңгелердің шашқан конфеттерін теріп, жиналғандар мәз.
Ауылдың әр жерінен арқан кергендерге «жол ашар» жасап, жеңгелер де мәз.
-Женя-я, Жарқынай! Бақытты болыңдар!-деп қол бұлғаған қазақ, орыстарға бұлар да қол бұлғап келеді.
Тұяқтарымен күміс қарды сықырлата шашқан тұлпарлар бір кезде бұларды ақ қайыңдар орманына алып келді. Кинодан көрген басқа да, қайыңдардың ішінде өзің жүргенің өзгеше екен-ау. Қабыл бұрын- соңды сезінбеген сұлулық әлемінде дөңгелене сыр- ғыған ақ қайыңдар биінен басы айналды.
-Жарқынай, жаным-ау, мынау неткен керемет!
Неткен сұлу дүние бұл!
Жарқынай жарының құшағына тығыла түсіп, оның кеудесіндегі атқылай соққан жүрегінің дүбірін тыңдағысы келгендей «кере-ме-ет сұлу дү-ни-е-е» деп елітіп отыр.
Орманға қарағайлар, шыршалар араласа бастады. Құлақтарындағы үлпілдек үкілерін желкілдетіп, қара моншақ көздерін жылт-жылт еткізіп, сығалай қараған үркек ақтиындар бұтақтан-бұтаққа секіріп, бұларға серіктесті.
-Жарқынай, тиынды көрдің бе? Мына жаққа қарашы, әне-әне! –деп Қабыл өзіне таңсық тіршілікті тамашалап мәз.
***
Қызынан хат алған соң колхоздың құрылыс бригалирі Шайнұр бастығына мән-жайын айтып, қызын ұзатуға дайындалуы үшін он күнге демалыс сұраған.
-Дұрыс, құттықтаймын, -деді Сергей Иванович мұның қолын қысып,-бізден не жәрдем керек? Қаласаңыз жастарға жаңа үйлердің бірінің кілтін берейік, тағы...
-Жо-жоқ, рахмет, олар мұнда тұрмайды-бір, екіншіден ондай үлкен сыйлықты...
-Неге, Шәке «үлкен» емес, бұл сіздің еңбегіңізге лайықты сыйлық. Колхоз құрылысының жүргізілуіне сіздің елеулі еңбегіңіз бар. Екіншіден, осы колхоздың негізін қалаушылардың бірі-марқұм Тасболат болатын. Ендеше бұл қуанышта қалай қол қусырып отырмақпыз? Оныңыз бекер, Шәке. Онда, тойды біз жасаймыз. Осындағы мәдениет үйінде өткіземіз, тек мезгілін ақылдасайық,-деді.
Әрі қысылып, әрі қуанып, Шайнұр бұл ұсынысты қабылдаған-ды. Той бүгін кешкісін жастар серуенінен соң басталмақ.
Той дастарханы мен жүргізілуін қайын ағасы мен Сергей Иванович қолға алса да, үйдегі шаруаның өзі Шайнұрға әжептеуір күшке түсті. «Дайынмын» дегені бекер –ақ екен, ертең жөнелтілуі тиісті Жарқынайдың жасауын буып-түюдің өзі жұмыс болды.
***
Той. Әрімнің тіршілігінен күткен үміті, тағдырынан тілеген күні-осы той. Үйлену тойы! Бірақ, бұл тойды қалыңдығының үйінде болады деп Қабыл ойламапты. Өзінің ата-анасы, бір туған он бауырының бірі де өз тойында болмағанға ма, бұл той біртүрлі жетім сияқты. Өкінетіні сол ғана, әйтпесе, Жарқынайына үйленіп, оны бар әлемге паш етіп тұрғанында, бұдан асқан бақытты күні бола қоймас, сірә да.
Той қызып жатыр. Небір жақсы тілектер айтылып, сөздер арналды. Ансамбльдің әсем әуезіне би биленіп, ән салғандар қаншама. Тек оңтүстіктегідей қолмен бейнеленетін өзбекшелеу билердің орнын
«оп-па!» деп өкшені бөксеге жеткізе жер тепкілей тін орысшалау аяқ билері алмастырды. Тост та қысқа айтылып, «алып қою» алда жүрді. Жарқынай мен Бақытгүлдің ортасында отырған Қабыл екуін де сөзге тартты.
-Қап, тойымды әке-шешем, бауырларымның көрмегені батып отыр. Хабар берсек, ең болмаса бір- екеуі қатынасар еді,-деді өкінішті күрсініп.
-Иә, білмедік қой...
-Мейлі, өкінбейікші. Біздің елдегі тойды, құдай қаласа, бір жұмадан соң ондағы-мұндағы туысқандар бірге тойлаймыз, ә? Кешегі телеграмма жеткен де шығар. Онда да абыр-сабыр дайындықпен шапқылап жүр-ау... Бақытгүл, Жарқынайға мына ақ көйлек, шашындағы ақ гүлдер қалай жарасады, ә? Мен бағана алғаш көргенімде қатты толқып кеттім де, бір шумақ өлең көкейіме келіп қалды.
-Айтшы, қане, айтшы,-деп Бақытгүл ынтықты.
-Есіме толық түсіріп алайыншы... Вальс ойнады.
-Билейікші,- деді Қабыл. Күйеу жолдас Бақытгүлмен, Қабыл Жарқынаймен биледі. Көптің көзі жас жұбайларда.
-Қандай әсем қосақтар?!
-Иә, айтатыны жоқ, бір –біріне сай қосылғандар екен.
-Жарқынай, екі жылдан бері жазып жүрген өлең дәптерімізді тойдан соң бір-бірімізбен алмасып оқимыз деген шартты бұзғым келіп тұр. Қалай қарайсың?-деп сыбырлады Қабыл,-себебі, біріншіден- той, екіншіден-бұл өлең әлі дәптерге түскен жоқ.
-Әрине қуанып тыңдаймын.
-Онда тыңда:
Қымбаттым, неткен көрікті ең,
Көріктен өмір өріп пе ең? Өзіңе мына жалғанда,
Дәл мендей ғашық көріп пе ең? Көргенде көзім сүйсінді,
Мас болдым иіскеп, иісіңді...
-Женя, Женя!-деп өрекпіп, жұлқынған жеңгей мәмірежай қалықтай билеген екеуін кілт тоқтатты, - Шы-Шипка! Шипка келе жатыр!
-Шипкасы кім?
-Ол-бұзақы, маған сөз салып жүрген бұзақы жігіт...
***
Дәукеңнің елінде тойға дайындық қызып жатты. Оңтүстіктің жұмсақ қысында жаңа жыл қарсаңы болса да жерге әлі қар түспеген-ді. Сондықтан тойды өз ауласында, шатыр астында өткізбек. Шатыр тұрғызу, үш жүз кісілік орын дайындау, оның ас-суы, ойын-сауығы дегендер жеке-жеке үлкен шаруалар. Ошақ басындағыларды Ақшайым мен Нәфиса шешей басқарып, тұз сіңсін деп ертерек сойылған жылқы етін жайғастыруда.
-Қазыға бұрыш пен сарымсақ қосуды ұмытып кетпейік. Ә, болып қалдық етті де. Енді екі-үш келін әлгі қаудырлақ-тоқаштарыңды пісіруге шыға берсеңдер болады. Қатипаш келін, сен қуырдақ жасай бер, шатыр тұрғызып жүргендер де шаршаған болар.
-Әлгі Алпамыс, Арыстандарға кім қарап жүр? Қатипаш үш –төрт самаурын алғызып, шәй
қойғызыңдар,-деді Хадиша, -ыстық бауырсақпен шәй ішсін бәрі де.Көңілді көлдей тасытқан, туымды желбіретіп көкке көтерген туысқандардан айналайын! Той көріңіздер бәріңіз де! Қызметтеріңіз ләйім, тойдан қайтсын!- деп, Хадиша ана алғысын жаудырып, бесіктегі бөбегін тербетіп отыр.
-Ой, мен бауырсақ кесіп берейін.-деп тойдың әсемдік жабдығын мойнына алған Нәфиса шешей шымылдық тігісін ысырып, түрегелді.
-Әй, Нәфиса, тіге бермейсің бе? Келіндер толып жүр ғой сыртта,-деді Хадиша.
-Сөйтейін бе, мейлі онда. Әлі келіннің қазақша камзолы мен қуыршақтың көйлегін бітіргеніміз жоқ.
-Е, оны ертеңге дейін бітіреміз. Оюын сызып берсеңіз, түнімен тіксем де моншақтарын тігіп қоямын,- дейді Ақшайымның кіші қызы Балайым тігісіне шұқшиып.
-Сен Жүнбас оны өзіңнің ертеңгі күніңе керек пе деп үйрену үшін-ақ тігерсің,ә?-Қатипаш тырқылдай күлді. Біраз жеңгелері Балайымға жабыла тиісті.
-Ертеңімді мен несіне ойлайын, жақсы- жаманымның ұяты сендерге келеді. Атымызды қалай шығарсаңдар да қолдарыңда.
-Мә, мына Жүнбас сөзден қақалмайтын бопты әй!
-Жеңеше, Жүнбасыңызды өзгертпейсіз бе? Әжеп- теуір қызды... Бойжетті ғой, жетінші оқи ма?
-Ақылы соған-ақ жетеді ғой жеңешеміздің.
-Сен үш -төрт самаурын тап одан да, күндіз біз
жұмсайық, түнде тігіс тігемін дейсің ғой. Дабай тұр! Дабай-дабай!
-Мама, Қабылдар ертең жолға шығады екен, міне телеграмма,-сырттан келген Мамыр Хадишаға қағаз ұзатты.
-Не депті, Нәфиса, оқышы өзің.
-Жүк машинасымен шығыңдар, бесеуміз- депті ғой, келін жасауымен келеді екен онда.
-Бесеуміз десе, құдағи-жеңгелері ілесетін болуы керек...
-Үлкен келіннің төркінінен бұрын келетін болып- ты-ау.
Қатипаштың аузы дорбаланып, түсі сұрланып кет-
ті.
-Осы жұрт қыстырылмайтын жерге қыстырылуға
құмар!-деді де, еріндері ұзақ уақыт жыбырлады.
-Е, жақсылықтың ерте-кеші бар ма?
-Е, дұрыс бопты. Әкең көрді ме мұны, Мамыржан?
-Иә, оқыды. Сіздерге айт деген соң...
-«Айт» демесе, айтпай қоймақшымысың,а?
-Қарашы –ей өзін.
Әйелдер енді Мамырға жабыла тиісті.
-Теректей болған бойыңды қайтейін-ай,қатын алуға жарамайсың.
-Дәрмен қайнаға құсап, жалғыз өзі қақайып жүргені қызық шығар Мамырға. Хи-хи...
-Сендер сияқты шуылдақтарға ұрынып қаламын ба деп қорқып жүрмін. Қыз көп қой әйтпесем, -
Мамыр да күле тойтарыс берді.
-Ойы-бой мына мырзағаның сөзін қара! Шуылдамаса, шуылда тып үйретеміз келіншегіңді. Тура өзімізге ұқсатып аламыз. Ұқсамайтынын іздеп әуреленбе одан да!
-Өзімнен айнымаған сіңлімді әперемін...
-Менің де сіңлім бар, мырзаға...
-Ой беттерің құрысын, шуылдақтар. Қашып құтылмасам болмады, миымды ағызарсыңдар!
-Аһ-һа-һа!...
-Хи-хи-хи...
***
Үстіндегі үлкен тұлыптан ызғар есіп, сақалды дәу сары теңселе басып жақындады да:
-Шипка!-деп салалы саусақтарын ұсынды. Сұқ саусағында бриллиант көзді алтын сақина от шаша жалт етті.
-Қабыл!
-Мына Женямен сөзім бар, рұқсат ет!
-Мейліңіз.
Ол Қабылға жәутеңдей қараған қалыңдықтың қыпша белінен ұстап, би ырғағымен теңселе жөнелді.
-Женя, күйеуге шықпақсың ба?
-Күйеуге шықтым ғой.
-Оныңды кешіремін. Бірақ, мен сені басқаға беру үшін төбелесіп, зонада отырып шықпаған болуым керек. Дұрыс па? Менікісің деп едім-ау саған?! Мен тірі кезімде сені ешкімге бере алмаймын, түсіндің бе?
-Шипка, Шекербала... Мен ... біз бір-бірімізді сүйеміз, түсінші... Маған бақыт тілеші шынымен жақсы көрсең...
-Сонда мен бақытымды өзімнің қолыммен біреуге сыйлауым керек пе, а?! Мен де сені сүйемін. Маған тисең, айтқаныңды мен де екі етпеймін, құлың боламын. Соны түсінесің бе? Біз рэкет деген халықпыз, қорықпаймыз да, екі сөйлемейміз де. Бұл той менікі болуы керек!
-Той болып қойды ғой... Шипка...
-Болса, шығынын қайтарамын. Ертең қайтадан той жасаймын. Мына шибұтыңа менің кім екенімді дұрыстап түсіндір. Жақсылық пен жолымнан кетсін, болмаса жарып саламын.Ұқтың ба?
Жарқынайдың жанарына жас үйірілді. Мына дүлей дойырдың кесілген томардай сезімсіз екенін білсе де, аяғына жығылуға даяр еді. Өзімшіл өркөкіректің санасын сыңсыған аққудың зары зәредей селт еткізбесін де біледі. Бұл дүлейді қалай тоқтатуға болады? Онымен ымыраға келудің қандай жолы болуы мүмкін? Әлде жүгіріп барып Қабылының құшағына кіріп, мына тойды тастай сала екеуі қашып кетсе-ші? Жоқ, бұл дойырды бір тоқтатса өзі, тек өзі ғана тоқтатады.
-Шипка-а... бұл тағдырдың ісі ғой. Мен сенің қарындасың болып қалайын. Шипка, мен... мен жүктімін! Иә, менің құрсағымда бала бар. Түсінші. Сен екеуміздің өміріміз бәрібір жараспайды, Шипка.
-Сен қарындас болмақпысың маған?! А-ха-ха-а!
Үйді дірілдеткен оспадарсыз күлкіге, оның одағай ісіне көпшілік аңтарыла қарасты.
-Айттым ғой оңбайтын ит деп! Қабыл, не істеуге болады енді? Сен жуымашы, ол... бар ғой нағыз қанішердің өзі! Женяға сөйледің деп бір жігітті пышақтап, түрмеде отырған еді. Жақында жеңілдік пен босанып шығыпты деп естіген едік. Е.Құдайым, мұндайларды май құйып өртеп жіберген жеңіл ғой, амнистияны кім жасайды екен осы?!
Жеңгей күйеу баламен билеген боп теңселіп жүргенімен, екі көзі қайынсіңлісінде, тынбай сөйлеп жүр.
-Женя, сүйемін сені, түсінесің бе? Мен тірімде ешкімге бермей мін сені!-деп күлкісін кілт тоқтатқан Шипка той көйлегіндегі келін шекті сүйді. Ол жұлқына босанып алды да, жігітті шапалақпен салып жіберді.
-Ә, солай ма?!- деп тістенді ол.
Қабыл мен жеңгесі жүгіріп келгені сол-бұзақы жігіт Қабылға тұра ұмтылып, суық қанжар жарқ етіп бір көрінді де, қанға боялып, қанішердің қолында кете барды.
Қанға бөккен Қабыл, шыңғырған әйел дауыстары, сұрақ-жауап тар, у-шу, айқай-сүреңнен Жарқынайдың көзі тұманданып, еденге құлап түсті.
***
Ертең пойыздан келіні мен ұлын күтіп алуға қамданып, тойдың соңғы даярлықтарын жасап жатқан Дәулетбақ қарт «Қабыл ауыр жағдайда, тез
келіңіздер= Жарқынай» деген жеделхат алып, дал болысты. Қан қысымы жоғары Хадишаға «келін ауырып қалған көрінеді» деп жұқалап жеткізді. Күлкі тиылып, ел үрпиісті. Сол күні Сәуірбек пен Мамыр Жарқынайдың еліне жедел аттанып кетті.
***
Жаралы жігіт пен қалыңдықты қалалық ауруханаға жеткізіп, Сергей Иванович ішкі істер бөліміне болған жайды хабарлады.
-Иә, ол Шекербала Айтжанов деген қанішер үшеу болып, түрмеден қашқанына бүгін екінші сөтке. Екі қызметкерді жарақат таған, қаруланған. Сақ болыңыздар. Хабарлағаныңызға рахмет, -деді кезекші милиционер,-дабыл қағамыз.
***
Жарқынай көзін ашқанда ақ халаттағы Бақытгүлді көрді. Ол «Жарқынай, Жарқынай...» деп жасаурай жымиғаннан өзге, ләм демеді.
-Бақытгүл, Қабыл-л... қайда-а...
-Ол... ол осында...
-Қайда? Мамам ше?
-Шайнұр апай да осында. Қабылдың қасында жүр.
-Ол қалай?
-Дәрігерлер көріп... жатыр...
-Сонда барайық, -деп орнынан көтерілуге ыңғайланған Жарқы найды Бақытгүл иығынан басты.
-Жо-жоқ! Бізге онда баруға болмайды. Жоқ, саған қазір демалу керек, ол да демалып... демалуы керек, түсінесің бе?
Есіктен медбике кірді.
Тасболатова, ояндыңыз ба? Сізге укол салуым керек. Тексеру сіздің бөпелі болатыныңызды анықтады. Құттықтаймын! Сіз дұрыс демалуыңыз керек. Енді бөпеңізді ойлаңыз.
Жарқынайды еркінен тыс ұйқы ұйығы тартқанда операция үсте ліндегі Қабылдың өмірі үшін дәрігерлер жан терге түсіп жатқан-ды.
Таңсәріде шошынып оянған Жарқынайды ақ халатты апасы құшақтай жұбатты.
-Қабыл...ға не болды? Шынын айтыңызшы, тірі ме?
-Иә, оған операция жасады. Дұрыс дейді. Қазір дәрігерлердің бақылауында, ешкімді жібермейді.
***
Тағы бір сөтке өткенде Мамыр мен Сәуірбек бейтаныс құда-жек жаттарымен ауруханадағы Қабылдың қасында табысты.Реанима ция бөліміне ақ халаттылар кіріп-шыққан сайын жанкүйерлердің жаны мұрын ұшында дірілдейді. Тіл қатып, тыныштықты бұзуға ешқайсысының батылы жетпей, жалбарынған жапалақ көздерімен ақ халаттыларға жәутеңдейді.
Темір есіктің ашылып-жабылуы жиілеген сияқты ма, қалай?... Жарқынайдың жанары-бүгін бұлақ көзіне айналғандай. Оны бір қолымен қапсыра құшақтап, Бақытгүл де егілуде. «Шіркін-ай, осының бәрі қорқынышты түс болса-шы! Қазір шошып оянып, бәрі де баяғыша –той жалғасып кетсе-ші».
Ауыр темір есік ақырын ашылып, тұнжыраған, көзілдірікті дәрігер шықты. Шықты да... аз-кем үнсіздіктен соң:
-Құдіретуллиннің ең жақыны қайсыңыз?-деді.
-Мен,-деп екі ағасы қосарланды.
Еріксіз үні шыққан аузын қос алақанымен басып, қалыңдық күздің соңғы жапырағындай қалтырады.
-Жоқ, тек біреуіңіз ғана... келіңіз.
Ере кірген Сәуірбекке дәрігер қарсы алдындағы орындықты меңзеді.
-Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Бірақ шамамыз... жетпей ме деп ойлаймын. Мықты болыңыз. Егер көремін десеңіз...
Сәуірбек еңіреп жылады.
-Дәрігер, жалынамын... құтқарыңызшы...
-Аянған жоқпыз. Тағдыр солай шығар, балам.
Үйленген бе еді?
-Той үстінде...
-Иә, адамнан өткен жауыз бар ма жер бетінде!? Пышақ тік сұғылмай, айналып кірген-ау, ішкі органдарын талқандап кеткен... Ақылмен істеген жауыздықты жеңу қиы-ын, балам!- дәрігер тұқшиыңқырап түрегелді де, Сәуірбекті арқадан қақты,-мен ініңіз бен қалыңдықты да кіргізейін, бірақ, ұстамды болыңыздар. Бұл-аурухана ғой...
Түрлі түтікшелер мен аппараттар жалғанған. Қабылдың кезерген ерні есіктен кірген ағалары мен қалыңдығын көргенде пырт жарылып, қанады.
-Кел-дің-дер-ме...-деп, сөзді де өзі бастады, -ауыл
... мамам... көкем... қалай?
-Жақсы... –Сәуір ақ жайманың сыртынан інісінің аяғын ұстады,-бәрі жақсы.
-Келіндерің... осы...-Қабыл Жарқынайды көзімен нұсқа-ған болды,- мамам...дар... сен...дер... той... да... бол...ған...да...
Мамырдың «құдай қаласа, ауылда той болады ғой» дегісі –ақ келді, бірақ, аузының ол сөзге икемі келмеді. Үні шықпады. Қабыл дың қанап, кеберсінген ернін медбике сулы дәкемен сүртті.
-Су-у...
-Аздап шыдаңыз, су болмайды сізге.
-Дүние... неткен қыз-ық еді... Мен балалы болған- да... көкем мен мамам оның...тойын...да сөз айтқан- да...шы... Ар-ман-ай! Жарқынай, барлық кезде... мен сенің тілек...тесің...мін, қа...сың...дамын... Соны... ұмыт...па...-ол күлген болды. Кезерген ерні тағы қанады. Медбике сулы дәкені тигізді,-Сә..уір...Ма- мыр...мы-нау... келін... дер...ің-ді... жал...ғыз-с...сы- рат...паң...дар...шы...
Жарқынайдың үні шығып кетті.
-Қабыл,мені жалғызсыратпа! Қабыл мені ешқайда тастама, Қабыл! Сенсіз өмір керек емес маған, Қа- был...
Қабылдың ерні қабыршақтана қанап, тағы да жымиды.
-Ар-ман-ай... іһ-һ!
Ол Сәуірбектің саусағын әлсіз ғана сығымдап, аяқ жағында тұрған Жарқынайға қараған күйі демін тоқтатты. Жүрек соғысын көрсетіп тұрған график жоғарылы-төменді дір-дір етіп ауытқып тұрды да, түзу көк сызыққа айналды. Аппарат пипілдегенін тоқтатып, құлақ тұндырардай шыңғырды.
-Қа-бы-ыл! –деп үздіге айтқан үні құмығып, алға созылған қолы сылқ түсіп, Жарқынай кереует басына бүктеле асылды. Шейіт болған мәйіттің көзін жылы алақанымен ақырын жұмғызған медбике қалыңдықтың бір қолтығын сүйемелдей көтерісті. Көзілдірікті қартаң дәрігер жанкүйерлерді дәлізден сыртқа қарай бастады.
-Тағдырдан ешкім қашпайды, арты қайырлы болсын. Менің естуімше, қалыңдық жүкті көрінеді, енді соның жағдайын ойлаңыздар. Ол кісінің жүйкесі әлсіз.
***
Он тоғызыншы жыл өмір сүріп жатқанда Жарқынай өзінің «тәубе» деп көрмеген қанағатсыз, асау, шектен тыс ерке болғанын енді ғана түйсініп, сезініп, қазірде өкінеді. Елдің мұны биязы, көнбіс дегені бекер, бұл асау! Сүйдемей, Қабыл ата-анасына бір аптаға кеткендегі жылағандарын, тамақ та ішпей, сабаққа да бармай, ешкіммен де сөйлеспей өзін-өзі тастап жіберген қылығын, ақырында төсектен де тұрмайтын болғандығын қанағатсыздық, көкіректік демей, бұл не десін?! Қазір ғой, Қабылды көрмегелі екі айдан асты. Екі ай! Түсінесіз бе-ол Жарқынай
үшін ғасырдай ұз-а-ақ уақыт, күте-күте шаршады. Шаршағаны соншалық-төсегінде шалжиып жатса да әлімсақтан бері адамзатты асырап келе жатқан құдайдың ауасы тарылып, жетпейді. Терезе-есікті ашса да, сыртқа шықса да солай. Күрсінгісі келеді де тұрады. Тек бір сәтке аздап жеңілдейтіндей. Қабылын іздегісі келеді, кәдімгі ертегідегі темір кебісі теңгедей боп тозғанша, темір таяғы жуалдыздай жіңішкер генше, соңғы демі біткенше жарын іздегісі-ақ келеді. Бірақ, қайда баруды білмейді. Өлді деп сенгісі келмейді. Көзбен көргенге сене алмайды дегенге сенесіз бе? Шыңғырып жылаған аппарыттың үні,
«арман-ай» деген соңғы сөзі, көзінің кішкентай ғана аясына бүкіл тіршілікті сыйғызып, қимай қарағаны, жымиған күйі бұған барлық мейір, махаббатын бағыштап, ашық қалған жанары бәрі-бәрі дәл қазір болғандай-ақ жадында. Сол кезде тажал-сұмдай көргісі келмеген осы көріністерді қазірде мәңгібақи көріп тұра беруге бар. Не деген қарама-қайшылыққа толы тіршілік бұл?!
Қабыл Жарқынайдың көңілінде өлген жоқ. Ол өзі айтқандай әркезде де мұның қасында. Ояу жүрсе өлеңдерін, күнделігін оқып, «Ә, ол күні менде былай болған еді ғой, сен білмейсің» деп кәдімгідей рахаттана күліп алып, сосын күбірлей сөйлеп жауап береді. Анасы-Шайнұр қызының есігін ақырын ашып, таңырқай, үрке қарап тұрып қалатын. «Есі ауыспаса неғылсын. О, тәңірім, қызыма сабыр бере гөр. Қуат бер.»
-Мама Қабылды тыңдашы. Ол нағыз ақын емес пе? Міне, былай деп жазыпты,-деп өлеңдерін оқып береді,-Бір кітап! Мен жұмысқа кірісемін де, оның өлеңдерін бастырып, жарыққа шығаруға қаржы жинаймын.
Иә, Жарқынайдың өмірі Қабылмен бірге өтіп жатты. Белгісіз бір а-лыс-т-а-а жүрген жан жарына бар жақсылықты тіледі. «Жарқынай, мен басқа қызды ұнатып қалдым» десе, ризалық білдіріп, Қабылды көріп тұруы үшін ғана, оның жағдайының жақсы болуы үшін ғана сол үйдің қызметші әйелі болуға даяр еді.
Бұл шөптей болып солыды. Анасы мен апа- жеңгелері бәйектеп, барын аузына тосып, көңілін компастай бақылап отырады. Мектептегі бірге оқығандары, жеңгелері неше түрлі әңгімелер айтады. Әсіресе, Шипка жауыздың екі қарауылды жарақаттап, қаруларын тартып алып, түрмеден қашқанын, қаладағы алтын дүкенін тонағанын, жақында Ресейде банкті тонауда қолға түскенін қызынып айтады. Бұған бәрібір сияқты-табаламайды да, қуанбайды да. Не болса о болсын! Шипканың дүниеде бар- жоғының түк те келіп кетері жоқ!
Қабылдың елі мұны өзіне қарай онымен бірге жүргендегіден күштірек тартатын болды. Соның туып-өскен топырағы, ізі сайрап жатқан ауылы, дүниеге келтірген әке-шешесі, бауырлары, достары- мұның ең-ең қымбаттыларындай. Баяғыда атасы мен мамасы Сәуірбектермен бірге жерлеу... жерлеуге
емес, Қабылды алып барғанда «тәрбиелі шаңырақ» деп келді. «Құдамыз Дәукең –шежіре, көп білетін кісі екен. Құдағи Хадиша- өте мәдениетті, биязы жан екен. Ауырлық тасы әркезде де анаға түседі ғой, күйреп қалмаса қайтсін» дейтін Шайнұр оңтүстіктегілерді естегенде.
Сынған жас шыбық түбінен жаңадан бүршік атып, бұтақтамай ма? Бұрынғы Жарқынай жоқ болғанымен, бауырында сүйіктісінің ұрпағы өсетінінен нәр алған жас балғын сол баланы әкесін танытпай өсіруді қылмыс санады. Шипка жауызға жан далбасасымен
«жүктімін» дегенде, шынында да солай екенін білсе- ші. Қабылы артында ұрпағы барын білгенде ғой «ар- ма-н-а-ай» деп соншалықты өкінбес пе еді. Иә, бұл Қабылдың арманын өсіріп отырғаны үшін-ақ бақытты.
Ол анасы Шайнұрға Қабылдың әке-шешесімен тұрғысы келетінін айтты.
***
«Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, өзінің ез емес, ер болғанына; қой емес, бөрі болғанына мақтанады Шипка. Аяғыңды бір серпіп, «мә» деуге де шамаң келмей, бауыздала бергенше, азу тісіңді ырситып, таласып жүріп өлген артық емес пе? Берсе қолынан, бермесе-жолынан! Еркек боп жаралғандықтан қораз екеш қораз да үйірі үшін төбелеседі. Мықтысына әлсізі бағынады-аулақ жүреді. Олай болса, мына адамдар қолдан жасаған заң Шипканы не деп кінәлап, не деп абаққа жауып
отыр?! «Сүю-пүю», «теңдік» деп оттайды ә? Сүйген деген жоқ! Шешесін мына екі көзімен талай рет көрген ол. Әкесі тірі жүргенде-ақ шешесіне еркек ауыстыру көйлек ауыстырудан оңай болғанын! Шілтік әкесі ұрса әлі келмейтін болған соң, ақысын арақтан алып, ішетін-ай! Шипканы жақсы көретін, әркімнің отынын майдалап, үйін майлап, етігін шегелеп, тапқан тиын-тебенінен осының әжетін шығарып, өзі сол үйдің вино-самогондарын сұрап ішетін. «Шипка, мықты жігіт болшы. Әйел деген атаңа нәлеттерді уысыңда былай ұсташы, жаным!» деп титтей жұдырығын терісі сетінеп кетердей тырыстыра қысатын. Ақыры өліп тынды-қыстың күні көшеде арам қатты. «Арам қат деуші ем, арам қатты пияншүк әкең. Сен де соның қанысың, одан асып қайда барасың» дейтін шешесі ашыналарының дастарханын жинап жүріп. Ол шешесімен талай төбелесті, ақыры шешесі мұны бұзық балалардың коллониясына өткізіп жіберді. Бірақ, бұл әкесі армандағандай ірі, мықты, шымыр болып өсті. Шешесіне ірілігі тартқанына шүкір.
Қалада ұйым құрды бұлар. Кейде неге екенін, туған ауылды көргісі келетін. Әкесінің моласына барып, қоршаусыз топырағының шөбін тазалап, өзі қаққан қазығын түзететін. «Әке болып не жарыттың?» деп оған да жыны келетіні бар кейде. Бірақ, дәл сол әкесінен басқа бір пенде мұны
«жаным» деп жылы сөйлеп, маңдайынан сипамапты- ау. Сондықтан ба, топырақ көміп тастаған өлі
денеден, төмпешіктен бір тәтті сезімді аңсап, іздеп келетін.
Екі жыл бұрын ғой, өз елінде жүрген-ді. Бұл күшейіп, жігіт болған соң шешесі де жалпақтайтын мінез тауыпты. «Көйлегің кір ме, жуайын» дейді-әй! Қашаннан бері ол мұны ойлапты-әй? Дояр-ка! ...Иә, сонда дискотекаға барғанда осы сұлу қызға бірден көзі түсті. «Менікі» деп шешті. Оны биге шақырды. Сонда «менің қызым боласың, ешкіммен билеме де, сөйлеспе де. Ұқтың ба?» деп шегелеп айтқан.Еліне баруға осы екінші себеп қосылған соң, баруды жиілетті. Бір барғанында сондағы көз қарауылдары Жарқы найды мектептен қайтқанда ылғи да класындағы бір шибұттың үйіне шығарып салатынын айтты. Сосын оны бұтын бұт, қолын қол қылып,
«жыртып» тастай салды бұл. Жұрттың әке-шешесі тәлпіш қой, шибұттарының «жыртығын жаматып» тірілтті, мұны соттатты. Ал, мұның жалғыз жақыны- мамулясы ол сотқа келмеді де.Жетім бұл! Бірақ,өз дегеніне жетеді!Ешкімнің керегі жоқ та! Қояққойсыншы сол шеше-пешесі!
Осы жолы сол қыз байға тигелі жатыр дегенді есітті де, екі жігітті ұйымдастырып, абақтан қашты. Өлім бәрібір бір келеді, одан не қорқатыны бар?! Өмір үшін, бақыт үшін әркім-ақ күреседі. Екі қарауылды пышақтағаны, жолына көлденең тұрған шибұтты жастана өлсе, жігіттік емей не! Қатынға қол былғағысы келмеді, әйтпесе, ол қаншық бір қылғындырғаннан қала ма? Ол Жарқынай қатын
мұны тыңдамайтындай кім өзі? Тыңдағысы келмеген өзі!Хат жазған дұрыс, Иә, «тірі жүрсем менікісің, жер бетінде болсаң тауып аламын» деп хат жазуы керек.
Шалхардағы бір «қасқырдың» үйінде тасаланып, түнгі жүк пойызымен Ресейге бет алған үшеу Жарқынайға арналған хатты осы Қазақстанның ішінен жіберді. «Телегей теңізден бұларды кім табады? Алтындары аман болса армансыз өмір сүреді әлі. Әкем Шекербалам десе,бойыңда күшің, қалтаңда ақшаң барда ғана шекерсің!Шидей әкесін өз шешесымағы менсінді ма? Жоқ! Солай!».