ТОР
Тәтті алма құрт түскеннен қуарады, Арамшөп тиген жерден ну алады. Аққудың табандары неге қара?
Шын жауап табылмаған бұған әлі.
Раушан... өмір өткелдеріне ой жүгіртті.
Ол өзінің Мәдимен кірігуіне кө-өп көмегін көрсететін Тұрдыдай ақпейілді қамқоршы, жанашырды кезіктірген тағдырына разы. Егер, ол болмаса Атама!
Жұмақ пен тозаққа екшеленер «қылкөпір» ұғымынан
кемдігі жоқ солбір мектеп кешінен соң алға не артқа аттауды білмей, сыңсыған Раушан көңілін пейішке түсірген кім? Тұрды. «Көрісеміз» деп, сосын «кешір» деп қол қысып, көрінбей кеткен Мәдиді қайта жетектеп келген кім? Тұрды. Әуелде өзіне деген ілтипаты ерекше Тұрдыны «сөз салғалы жүр ме?» деп те ойлаған-ды. Әйтсе де, ол Мәди екеуін тели беретін қылжақ мінез көрсеткенде «ұсқынсыз» деп ұнамайтын Тұрды ұнап-ақ кеткен-ді. Бірақ... «Неге, неге ол Мәдидің мұнымен жақын болуына жанын салды? Айдын деген кім?» Алғашта Мәди мұны «Айдын» деп жаңылғанда-шы, Тұрды ақылгөй аталарша:
-Мәдижан, Айдынды ұмыт! Ендігі Айдының осы Рауша-ан!-деп, қыт-қыттап ұзақ күлген-ді. Оңаша сәтте Тұрды Айдынның Мәдиді «шатастырып» жүрген алғашқы сезімі екенін айтты.
-Е-е, ондай-ондай махаббат болмаса, адамның балалығы пісе ме? Ол – шала махаббат, сен – піскен махаббатсың, Роза гүлім-ау! Қалай қарайсың, әһ?! – Тұрды мұның етженді саусақтарын алақанына салып, қысып-қысып қойды да, зерттей қарады,- Әй, Мәке, мына қолда Қажымұқанның қайраты бар. Көрші өзің! Бұл - өмір деген айдаһармен айқаса алатын еңбекқор қатын... Ә, кешір, жан-жар болатын нағыз әйелдің бітімі. Күйеуін байытады деген осылар. Бірақ, бір ұрса... – Тұрды тағы да қыт-қыттады,- Таяқ жемеу үшін Раушанканы алақанға саласың. Ал, анау Айдын дегенді
қайтесің – шидей-ау! Жел тисе ұшқалы тұр, ондайлар дымға да жарамайды, хи-хи... Басыңды көбейтпесе, малыңды тоғытпаса, онда үйленудің қажеті не?
-Өй, сен де...Тұрды, айтасың-ау. Ұят қайда? - Мәди қызарақтады.
-Мәке, алатыныңның құлақ күйін бүгіннен келтіріп, жүйкесін шыңдап алу керек деп күніне қанша айтамын осы! Міне, қаңқ деп дыбысы шықпады ғой, айтшы?
Иә, Раушанның үндемегені рас. Бұл да жол айрығындағы жолаушыдай, жігіт таңдауға келгенде қиналуда. «Махаббат демекші, сөз байласқан Батыры әскерде. Бүгінде жылынан асты, тағы екі жылдай күтуі керек. Қимайтын да сияқты... Сонда, Мәдидей «алтын балық» кездескенде, бұл қияли ертегідегі ақымақ шалдай, Айдынына қоя бере сала ма? Өзі оқымаған, шадыр мінезді Батырды 2 жыл күтіп, қартаюы керек пе? Ал, күткенде ол да үйленбей кетсе, не істемек? Күткенде...Батыр мұның адалдығы мен тазалығына сенбесе ше? Ауға түскен Мәди өзінен көрсін!»
-Әй, қыз! Раушан! Ойға түстің дегенше сайға түстің де! Не болды сонша уайымдап, аһ? Мына мен тұрғанда тұнжырап, иығыңды түсірмеші,-Тұрдының жылы сөзінен бе, көзі жасаураған Раушан жұмыс бөлмесінен сыртқа шықты. Қайта оралғанда, екі дос жігіттің жарқын күлкісі, жарасқан әзілдері мұның да көңілін гүлдеді. «Е, мейлі, өзі жоқтың көзі жоқ, оған да
қыз көп. Ел оның Әбілсапар деп азан шақырып қойған атын өжеттігінен Батыр деп өзгертті емес пе?»
-Соны айтам,-деді Мәди мұның ойын оқығандай.
-Нені? Нені айтып тұрсың?!-Раушан абдырады.
-Не болушы еді, мына Мәкең екеуміз құда болғалы жатырмыз. Мен қызыңды алам, бірақ, қыз бермеймін десем, түсінбейді. Өйткені, менде ылғи ұл болады, қыз болмайды, Мәке!
-Өй, сен де... Тұрды, шаңыраққа қарашы! Бұл – мектеп қой! Жоқ уызды әңгімелеп қайтесің,-деді Мәди жайбарақат,- қайтайық.
-Қайтқанда, әңгімені пісірейік! Мәке, негізі құдайдың сүйгенісің-ау, кілең ығай мен сығайдың қыздары тап келетін... Мына Раушанның әкесі бір ауданның редакторы боп, көшкелі жатыр екен. Раушан, айттың ба? – Ол бір көзін қысты.
-Жоқ,-деді таңырқаған қыз, - айтпақшы, иә...
-Көшеді! Ал, сен ақылды болсаң, тойды тездет те, осы қаладағы үйді Раушан екеуің басып қал! Раушан, соған келісесің ғой? Осы рас қой, айтсаңшы өзің!- Тұрды қызға көзін қысып, Мәдиді арқадан қағып- қағып қойды.
-Қой, сенің әңгімең өршіп барады, тез қайтайық,- деді Мәди қоштасып.
-Жақсы... Келіп тұрыңдар, күтеміз...
-Уже, екеу боп қалғансың ба, Раушан? Той болса – жақсы, болмаса ше? Құдай қаласа, болады тойларың!
Ал, кездескенше! Сен... сен түлкілерді тазы боп шалу керегін ұмытпа! Тазыша жүйрік,пышақ тіс керек, Реке!
-Қоя ғой, Тұреке, аңдарды ажыратуды оқымаған екенсің, жақсы,-Мәди сыртқа беттеді. «Кім түлкі екенін, кімді кім торға түсіріп жатқанын әркімнің іші мен бір Құдай ғана біледі! Не десе де үндемейтін намыссыз ба деймін мына қыз?».
-Екеулейміз, қорықпа!-деп сыбырлады соңырақ қалған Тұрды қызға. Мәди әлгі «кімді кім торға түсіргенін» досымен ашық бөлісіп еді,Тұрды: «Әйелдің бәрі бірдей, болары болды. Анау хрестияндар жұмыртқаны қызыл- жасылға , түрлі түске бояйды ғой. Ал, жесең, бәрінің дәмі бірдей! Бірдей! Істің біткені жақсы, ұяттан кісі өлмейді. Раушанды ал да әкесінің үйін басып қал! Енді еркектің ісі бұл! Мәке, жарадың! Сен ұттың!» деген ақыл қосты.
...Раушан көңілінде Уақыт құйыны соқты.
Араға айлар салып, Мәди алыстағанымен, Батырдың сағынышты хаттары көңіл олқысын толтырып, тіпті асып-тасып жатты. Кешегі хатында:
«Жақында демалысқа барамын, бәріңді қатты сағындым, жаным!» депті. «Енді не болмақ??» Түнде де тыным таптырмаған сауалдың дұрыс жауабы – Тұрдыны осы тұйыққа қосу, оның «Мен тұрғанда қорықпа, екеулейміз» дегеніне арқа сүйеу. Раушан киелі 7 санын ырымдап, Жетісай театрының
концертіне 7 билет алды да Мәдидің бөлмелестерін шақыру үшін Тұрдының сүйікті қызы – Күлсапарға барды, мұңдасты.
-Сонда, сен неден қорқып тұрсың? Сен ол Батырмен сөз байласқан ба едің? -Күлсапар таңданды.
-Жо-жоқ! Қайдағы біреу ол. Естуімше бәстесіпті, осы жолы мені басып алып қашпақшы екен,-деді Раушан мұңайып.
-Сұмдық екен! Мен қазір Тұрдыға айтайыншы,- деп сыртқа беттеген Күлсапар әлден соң Тұрдымен бірге оралды. Жігіттің жасыл көздері ызғарланып, қаны тартылып тұрса да, Раушанмен сүйісіп көрісті.
-Оңбаған! Басын алып жүре алмаса, саған соқтығып не жыны бар!? Киноға апарып... одан әпкеңнің тойына ілесіп барып... сөзге қалдырып, аһ?! Ұят-аятты білмей, миы сорпа боп кетеді осы Мәдидің кейде. Әй, өзі де... жұмсақ иілгіш ұзынтұрам-ай,
«Махаббатым - Айдыным» дей ме сандырақтап! Айдын да басымызға сор болды, күнде бір партада отырған соң... жақын болып кете ме... Түсінбеймін! Сенің ұшығыңнан жиіркенеді-мүш! Сендей қыздың ұшығы түгіл, бәрін жалап шығар ек өзіміз, әттең... Мына қыздан қорқамыз енді,- ол жымия шәй дайындығымен жүрген Күлсапардың қолынан шөпілдете сүйді. Бетіне жылылық жүгірді,-Тә-әк! Ол ақымақ сенің шақыруыңмен емес, Айдынмен бармақшы. Ұрдым айналдырып! Мынау көрді ғой
төбелесімізді. Айтшы, сарғалтақ, аһ?! Сені алмаймын дейді. Алмаса қойсын, өзім аламын! Екеуің келіссеңдер болды. Бірің –сарғалтақ, екіншің – қызғалдақ боп, екі-і жағымда жүресіңдер қайта, ә? – Тұрды қыт-қыттап қызара күлді,- солай ма, жаным?! И, жаным әшейін, сарғалтағыма кімді айырбастаушы едім! Ешкімді! Ал, Раука, сен уайымдама! Менің мен екенім рас болса, анау әскердегі бәлең келгенше, бір аптада үйіңе құда түскіземін, Мәкең деген қолдағы ба- ла! Оның кілті мына Түкеңнің қолында-а!- деді.
Айтқандай – ақ, Мәди талшыбықтай әдеміше қызбен концертке барды. Раушанның іші қызды.
-Қоябер, Раушан, кең бол! Сен төсек болсаң, ол қыз өсек боп қалар әлі! Мен тұрғанда, жеңіс сенікі, - деді Тұрды мұны жұбатып, - тоқта, әне біреулер кассаға
билетке бара жатыр – ау, артылғанын сатып келейін. Екі билет кімге керек? Билет, билет бар! -Раушанды апарып салатын таксиге тиын тап-ты-ық!- деп Тұрды
жан қалтасын қағып-қағып қойып, бұларға арсалаңдай жақындады..
***
Тұрды өткен шақтарына шолу жасады. Студенттік шағы, жастық жалыны бос кетпеді. Лаулап жанып, талай қыздың жүрегін өртеді, сүйдірді, жүгіртті, дажім десең, жалынғандары болды! Ол жағынан армансыз! Ішінде мынау Айдын сияқты қатып қалған бәле...
Қандай десе болады өзі? Бәле емес, мұның жүрегін өртеген қыз. Осындай икемге көнбейтіндері де кездесті. Әй, жігітшілік – итшілік деген дәурені өтті, енді шаңырақ иесі болуды ойлауы керек. Бір өкінетіні
- Айдын мұның көкірегін тепті. Көрсетеді оған әлі! Бір қуанатыны - Мәдиді өз жолымен жүргізіп, талай қызға
«шоқ тастатты»! Арманы көп, соның бірі – Айдыннан кек алу. Тұрдыны менсінбеудің соңы қалай екенін соңғы кездері өзі де байқап қалған болар, ә! Бұл да амандаспайды, ол да! Бірақ, Мәдидің сол қызға баруын қойғыза алмай– ақ келеді.Ендігі ісі –барғызбау!
-Нешауа – а! Жақында Айдының не менікі болады, не ит боп қалады әлі! Жылатамын дегем оған,
жылатамын! Жылап тұры-ып жалынады маған, әһ! Сол кезде менің ұсынысымды қабылдайды ол! Ал, Раушанды бір алуына– аласың, Мәке! Тіпті куә боп, қорқытып алғызсам да сені мен Айдынды ажыратсам
болғаны. Аржағында бірге тұрасың ба, ажырасасың ба, менің шаруам жоқ.Ол өз жұмысың! Сен кімге үйленсең соған үйлен, әйтеуір менің жолымнан құ-ры-ы! Айдын менікі болса, енді мені сөгетін де ақың жоқ!Хи-хи-хи!
- деп Тұрды оңашада алақанын ысқылап қуанды. Мәдиді қалай көндіру керек? «Ой тақырыбы» - осы. Төбелесті, үгіттеді, Айдынның бар кемшілігін іздеп, тізді. Адамгершілік, байлық, мінез, қойшы, білгенін, әрқилы әдіспен түсіндірді. Айныта алмады.
-Ә-ә, таптым! –Тұрды ой түбінен серіппедей секіріп, кереуетінен атып тұрды,-Мәдидің жездесіне жолығып, мұның Раушанға жасаған иттігін айтуым керек! Ол не Мәдиді үйленуге көндіреді, не оның әпкесімен ажырасады! Эй, ажырамаса да «Інің оңбаған! Енді маған тіке қарап сөйлеуге дәтің бармасын!»- деп екеуі соғыспай ма? Соғысады! Әпкесі құлағы тыншу үшін –ақ Мәкеңе «Осы қызыңа үйлен мен десең» демей ме? Дейді!» Түкең солай жасады.
-Мәке, жездеңмен неге ақылдаспаймыз осы? Өмір көрген, ең жанашырың сол емес пе? Жүр, сол кісіге барайық,- деп, Мәдиге кеңес берді.
-Ұят болмай ма? Не дейміз?
-Ұят! Несі ұят оның?! Бұл тірлік дені сау барлық еркектің істейтін ісі! Кеттік!
«Эй, жездесі де бір қияйы ма, «Раушанның әкесінің үйін есептеп нелерің бар! Берсе де алма! Мен Айдынды танимын, Әсемнің бөлмесінде тұрмайды ма? Соған үйлен. Раушанның обалы өзіне!» дегені бар ма! Оппо! Іс қиындады. Егер Айдын Тұрдыға көмектеспегенде, бұл жеңілер еді-ау! Рахмет!
...Айтқандай-ақ уәделі бір-екі аптаның ішінде Мәдидің мойнына «су кетіп», құдалық жолы жасалды. Раушанның әкесіне баруға жол салған ақымақ Айдынның өзі болды. Өзі болғанда, оған да жоспар құрған мына Тұрекеңнің алтын басы! Осындай жол
тапқыш, ақылды етіп туған шешеме рах-мет! Әһ, шіркі-ін де!
-Сен шыныңды Айдынға айт, Мәке. Ол кештеу білсе, келісу қиынға соғады. Осы бастан бетіңді ашып ал. Бұл – достығым,- деген еді әдейі. Өйткені, Айдынның Раушан сияқты өмірге икемді емесін білетін. Дөп басыпты, «Сол қызға үйлен»-депті ақылсыз Айдын. Хи-хи! Сосын мына Мәкең Айдынды алып қашпақшы болды. Әрине, Тұрды да мәшине іздесіп, елге хабар бергізіп, Мәдиді ертерек үйлендірудің жолында «шапқылады». Айдынмен де амандасып «татуласты». Эй, адамдарды кейде түсінбейсің, Мәдидің жездесі тағы да Раушанды емес, Айдынды алып қашуға кеңес беріп, келіскенін айтады да!
-Ойбай, жезде! Айдын көнбеген соң Раушанның әкесінен қызының қолын сұрап қойдық қой. Ол не болады сонда!?- деді Тұрды,-бізді сотқа беріп, масқарамызды шығармай ма?
-Айдынды апара беріңдер. Оның қызы үйінде. Қажет болса ашығын айтамыз, заңға жүгінетіндей қылмысымыз жоқ, -деді жезде. Мынау Мәди сылбырбай да:
-Раушанмен қалай тұрам? Тұра алмаймын. Мен Айдынды сүйем,- деп. Сүйгішін! Осыны біліп, мына алтын басты тез-тез істетіп, Тұрды ертерек қамданды.
«Сыпсыңбайдың» біреуінен Айдынға хабар жеткізді.
Айналып қана кетейін, ғашығым-ай! Өзі дәл болжағандай шықпай қойды ғой! Тұрдыға арба итерісіп «Жылатпа оны» депті-ау! Аха-ха-ха! Содан, Мәкеңе бір-ақ жол қалды ол – Раушан!
Ол байқұс той киімін, фатасын өзі сатып алып, өз үйінен өзі қашып шығып, жатақханаға Күлсапарға келмекші. Не деген ерлік! Не деген ақылды қыз!- Тұрдының жаны рахаттанып, бәріне өзі бас-көз болмақшы,- Енді Айдын менікі! Күлсапарың да күліп, солыған сарғалтақ боп қала береді енді. Ешкім ештеңе дей алмайды енді Тұрдыға!»
Тұрды да ауылындағы ата-анасына «Тойға дайын дала беріңдер!» деп хабар айтуды бір ойлады да,
ақылға салып, асықпады.«Түке! Әуелі Мәдиді қосақта кіммен болса да. Сонда одан кейінгі ең жақыны –саған шағынбай, кімге шағынады Айдының, а?! Сонда Айконжаныңмен сүйісіп тұрып суретке түсесің де тойға Мәди досыңды шақырасың! Ал, қалай?!» деді ішіндегі ақылшы дауыс.
-Дұрыс! Өт-те дұрыс!