ТЕКСІЗ
Аяр жаннан бықсыған сөз қалады, Дауда сына жігітті, бозбаланы.
Тексіз адам –дауасыз, жеңем деме,
Жеңіс –ұяттың әдептен озбағаны.
...Содан бері Тұрдының Айдынмен сәлемі де,келуі де тиылды. Ол мақсатына жеткізетін басқалай іс-
әрекетке бел шеше кірісті. Айдын екеуіне өкпесін
айтып, Мәдимен «жарасты», Раушанды кафеге шақырды.
-Мәке, менімен қазір танысып тұрған жоқсың,
аттай 5 жыл бірге келеміз. Айтсам, ақылымды айтатын шығармын. Екеуің мені бөліп тастап, анау Айдының
көкірегімнен итерді. Қазақ атаң не дейді? «Бала белде, қатын жолда» дейді. Жол-да! Оны жолда жоғалтасың, жолда басқасын табасың! Соған бола жолдасыңды жолда қалдырмайтын шығарсың еркек болсаң!? Сенен ит көйлекті бұрын тоздырғанбыз. Жүр, одан да көңіл көтеріп қайтайық!- деп Раушанды кафеге шақырғанын айтты. «Раушанға көңілі құлаған екен-ау»
-Реке, өзіңмен бірге аз болса да саз уақыт өткіздік. Саз еткен де, жаз еткен де сенің бізге деген ықыласың болды. Сенің арқаңда практикамыз жақсы баға алды. Рахмет айтайық деп шештік Мәкең екеуміз. Енді санаулы күнде мектеппен қоштасармыз, бірақ, сенімен қоштаспаймыз. Солай ғой, Мәке? Сол үшін осы тостты алайық! – Тұрды өзі қағып салып, қасындағыларға алғызып, жаздай жадырап отыр. – Мәкеңдей жігіт ғасырда бір туылар, ол қой аузынан шөп алмайды! Хи-хи-х! Ащ-щ! Қыз аузынан да шөп алмайды-ы! Үйрете алмай-ақ қойдым-м! Сен, сен аузыңа шөп қыстыршы, Реке, кәне! Алар ма екен!?
-Ой,Тұреке, не деп кеттің? Мас болып қалдың ба?
-Сен Раушанның лебіне массың, оны сезіп тұрмын. Мен –араққа! Сенікі тәтті иіс, біріңді бірің балқытып, еріп отырсыңдар ғо-о! Бүгін қонақ үйге барсақ па-а деп отырмын. Реке, маған пар таппайсың ба? Тапшы бір қызды, Раушанка!
-Қой, Тұреке, масаятын уақытымыз болған жоқ. Жақсы отырып, жақсы қайтайық. Ал, Раушан, тост өзіңде.
-Рахмет дастархандарыңа. Мен де үйреніп қалыппын сендерге. Келіп тұрыңдар. Не дейм...
-Не дейсің?Шыныңды айт Раушан,сүйем де!Деші! Маған айтқаның –шы кешегі,а? Айтсайшы Мәкеңе,айт!
-Қой-ей,Тұреке.Ұят-ты.Ал, онда көбейсек,рахмет.
-Құр рахмет ауыз жыртады, Мәке! Раушан гүлің ашылып тұр ғой саған,а?! Еркексің бе,қызтекесің бе?
-Жұмыртқадан шықпаған-ау Мәди, Тұреке!
-Сарыауыз балапан ғо-о!
-Қой-й! Сары аузы да көрінбейді Мәдидің! А-ха!
Жұмыртқаны жарма-ған бала-пан...А-ха-ха!
-Піспеген ғо! Қыз энергиясын көрмеген! Раушан, құшырлана құшақта-ап, былай, пісірсеңдер болмай ма!
-Сені тыңдасақ, таң атар, қайттық!-деді Мәди.
-Гүлім, ертең киноға барамыз, дайын бол,- Тұрды Раушанды белінен түртіп, сыбырлады,-
Әрекетіңді жаса! Мына жігітте анық ойың болса, өзің айналдырып ал! Сен жақтамын!
-Не деп созбұйдаға сап кеттің-ей, Тұреке! Болшы.
-Ой, жазған-ай, сенің қамыңды ойлап тұрмын.- Тұрды Раушанмен сүйісіп қоштасты.
- Мәке, менікі достық, білсең! Аяқ-қолы
балғадай! Қандай жарамды қыз! Бес жылда қаладан қатын таппай, аулыңа не бетіңмен барасың, ал!?
Сауатсыз сауыншыға ма, кетпеншіге ме көз саласың ба? Ал?! Күледі ел-жұртың!
- Мені осыған үйлен деп тұрсың ба сонда? Сенің өз ойың бар ма десем. Айтады екенсің. Менің кімге үйленетінімді сен білмеуші ме ең?!
-Өй, Айдының ба? Ол үлкен ғой досым-ау! Қызықтап уақыт өткіздің, жетеді! Оны маған бер енді. Раушан ұнамаса,Күлсапардың өзін не қасындағы жас тау қызды ал, Есен ше? Не Күлсапарды алып қашайық саған, Мәке.
-Сен де бір! Базардан мал таңдағандайсың ғой!
Айдындарға жиі келетін Ғабит адам бейнелі хабар арнасы секілді.. Тұрды екі курс төмен Күлсапармен достасып, сол бөлменің қыздарын Мәди екеуі серуендетіп жүрген көрінеді. Жанына батқан Тұрды ісі жайын Айдын Жанат пен Бәтеске айтты, Мәдиге... досы Тұрдыны қалай айтуды білмеді.
Мәдилер де, Айдындар да мектеп практикасы кешін кеше өткізді. Мәдидің сыбырлап па, ызыңдап па айтқан қарақұрттай улы сөзі – мектеп кешіндегі Тұрдының жанталаса ұйымдастырған арамза ісінен Айдын мүлде бейхабар-ды. «Сабақ жалғасқанда Тұрдымен қалай кездесер екенбіз?» деп ойлап қоятын. Бағана оқу залында Мәди: «Бір қызды... ә-әйелді бүлдірді деді ме, бүлдірдім» деді ме?Тұрды жайында
ма?... Өзін айтты ма-а?... Жо-оқ! Мәди, Мәденім жамандыққа бармайды. Әлидің дәптерін аяғына дейін оқыды ма екен, сөйтіп... Жоқ! Онда, не болуы мүмкін?! Бір жері ауырады ма? Қай жері? «Қазір келем» дегелі де бие сауымның екі-үш уақыты өтті. Бесін ауып барады ғой. Бұл да ораза ашпай, Мәдиді күтіп жүр.Не болды оған? Бөлмесінде ме, қайда?!»
Терезе мен есік арасын кезіп, «сүрлеу жолға» айналдырған Айдын жыр жазды.
Күттім сені.
Уақыт тоқтады ма?
Жан-жүрегім жылуын жоқтады ма? Дидарыңды сығалап көру үшін
Үзер едім кісен мен ноқтаны да.
Жанға батты келем деп кешіккенің, Әлдиледім өлең-жыр бесіктерін.
Жете алмастан «жа-ны-м» деп үздіктің бе? Жаңғырықты құлақта есіткен үн.
Күттім сені еш іске қолым бармай, Сен ұрынып, кесірге жолығардай. Хабар берші.Тағдыр-ау, жазығым не, Ғашық жүрек осынша торығардай?
Бақыт сенің бейнеңнен жасалған ба?
Күлкі өсер іздерің жасар маңда. Сенің нәрің керек-ақ, сенің нұрың,
Көгілдірдей ақын қыз – осал жанға.
Қарным ашпай, білінбей шөлдегенім, Тоқтап қалдым. Қиын- ақ келмегенің. Кібіртіктеп бұзылды сағат- жүрек,
Кем болып тұр өзіңнің емдегенің...
Бесін ауғалы қаш-шан. Айдын терезеден сыртқа көз салып тұрғанда, Мәдидің асыға адымдаған сұлбасын көрді. Ол осы терезеге бұрыла қарап, бір қолын көтерді.
Айдын дастархан қамына кірісті. Әдеттегідей, Мәдидің аяқ тықыры жақындағанда, есік ашты.
-Бәрі жақсы ма?
-Иә,-деді Мәди, жүзі жабырқай.
-Келгенің дұрыс болды. Қарным ашқанын енді білдім, тамақ ішейік.
-Ішкім келмейді,-деді Мәди.
-Таңертеңнен сені күтіп, тамақтанбадым. Онда...
-Жо-жоқ, ішейік. Дұрыс айтасың.
Дастархан үстінде әңгіме өрби қоймады.
-Не жаңалық? Ауылыңнан хабар бар ма? Аман ба?
-Білмедім, хабар жоқ.
-Алматыдан... Әлидің жағдайы қалай? Білмедің бе?
Үйленем демеді ме?
-Оған қайдағы... жол жоқ қой.
-Ғабекең, Жаңабектер, Коля... үйде ме?
-Жақаң екеуміз... Басқасы ауылдарына кетті.
-Онда, шақырып келсейші, әлде өзім барғаным жөн шығар?-Айдын тұруға ыңғайланды.
-Жо-жоқ. Екеуміз отырайықшы. Ол осында екенімді біледі.
Айдын Мәдидің жүзі енді не себепті тұнжыраған
екенін ойша іздеп, таба алмады. Мұның жүрегі сығылып, сыздағалы қаш-ша-ан.
-Айконь... саған сұрағым... бар... Егер мен бірдеңе.... бір қателікке барсам.... сен... шыныңды айт, бірақтам... Кешірер ме едің? Мені кеші-ші-ре аласың ба?-деді тұттығып.
Мәдидің жүзі қызарып, тіпті көздері де қызара жасаурап кетті. «Қалай ойыма келмеген? Бұл төбелес пе, ұрлық па,наша ма... бір бәлеге қосылып кеткен ғой»
-Иә, кешіремін. Не болса да кешіремін.
Мәди қабағын жоғары көтеріп, Айдынға қарағанда, найза кірпікті көздерінің жасы мөлдіреп, көз алмасы қанталап тұрды.
«Не деген сұлу көз! Мынадай жылап тұрғаны қандай жарасады өзіне» деп сүйсінді қыз. Өткен бір жылдары мақта даласындағы кезеңде Айдын болмашы нәрсеге жорыта өкпелеп, бір-екі күн сөйлемей, қарамай қойғанда-шы, дәл осылай үкі көздің сұлулығын көрген. Сонда:
Әдейілеп жасаған наз-өкпеме,
Күйіп-жанған кейпіңе бір күлейін,-деп жазғаны есіне түсті. Тағы да жымиды.
-Рахмет! Саған тек қана рахмет айтамын. Менің саған ризашылығымда шек жоқ-ау. Сенің алдыңда... қарыздармын, кінәлімін... Кешірші, кешірші, жа-ным, мені-і,-деп жүзінен екі сызық жас көкірегіне ағып түсті.Ол Айдынды қолынан тартып, алдына отырғызды, бетінің барлық жерінен сүйді.
-Сенің таза жүрегіңнен, маған деген... махаббатыңнан, көзіңнен, қасыңнан, мұрныңнан, аузыңнан, шашыңнан... барлық жеріңнен садақа кетейін! Айналайыным менің, періш-іштем-ау. Бетінің әр нүктесі арман-ау,- Мәди даусы толқындап, тағы жылады. Қыздың бәрі сендей ме деп... кешірші мен ақымақты. Мен бәрін бүлдірдім... Айко,-деді.
Айдынға ауа тарылғандай болды, ақырын тұрып, терезенің бір жақтауын ашты. Бір жұтым су ұрттады, Мәдидің де аузына су тосты.
-Рахмет.
-Айтшы, не бүлінді сонша?
Осыдан соң тек қана Мәдидің тоқтаусыз, ауыр күрсіністерінен басқа сыбысы жоқ, уақыт ағыны өтіп жатты.Кереуетте қатар отырған екеудің бірінің жіп- жіңішке, бәйшешектей салқын саусақтарын екінші күректей қолдың он саусағы оқтын-оқтын қысып,ой ұйығынан малти алмай отыр.
Айдынның жүрегі бір жамандықты сезгендей, дір- дір етеді. «Қыздың бәрі сендей ме деп» ол нені меңзеді
, неге айтты?»
Қорғасын–уақыттың қозғалуы қиындады. Ауыр- ауыр күрсіністермен әзер жылжытып, Мәди сөз бастады.
-Кеше қоштасу кешінде... пионервожатый қыз вальске шақырды... Мен... серуенге... Екеуміз жеке
шыққанда... құшақтап ем... қарсыласпады. Сүйіп ем... жалпы... не істесем де көне берді. Мен өзімді...
ақымақтығымнан... ұстай алмастан... Өзіме ие бола алмадым... Бүлдірдім... Мені қалай жазаласаң да...
алдыңдамын. Сен қырсықсаң... басқалар.... басқа қыз...
Ол... көне берді ғой... бәріне. Қой демеді, қорқам
демеді, итермеді... айқайламады. Не болғанын өзім де... білмей... Соңынан бір-ақ білдім, Тұрдымен ішкен ек... аздап.
...Айдынның жүрегінің дүрсілі құлағында дүңк- дүңк деп соғып тұрды. Басының ішіне мың-сан шілде қоңыз кіріп алғандай, шырылдап қоя берді. Ол өзін-өзі жұбатып, «Бәрі жақсы болады, бәрі дұрыс болады» деп іштей қайталады. Бірақ, кібіртіктей соққан сағат- жүрегенің құлпынай құрылысы сығылып, қан жылады. Тамағынан бірдеңе буындырып, ауа тарылып бара жатты. «Мен бүлдірдім, мен-мен-мен» деп Мәди даусы дүңк- дүңк кеудесін соққылап, жаны езілді. Аласапы ран сезім дауылы басталып, он екі мүшесін жан-жаққа
пәрше- пәршесін шығара бөлшектей созып, сығып, бұрап жатқандай заманақыр сәт рухын боршалады. Айдын не болғанын да, енді не істеуді де түсінер емес.
Жанардан тамшы у ағып, Алқымнан қыстың, Уақыт. Естінің ізін салмақсың, Жастықтың жүзін куә ғып. Өмірге кеңдік бермедің, Жүрегімді жұбатып.
Тұншығып барад алқымым, Дірілдетті-ау салқының.
Жан алғыш перің неліктен, Тездетпейді қарқынын?
Тоқташы, сырт-сырт аттамай, Өтініш осы.
Бар шыным.
Айдын «жақсы болады, бәрі жақсы» деп іштей сан қайталап жатса да, боп-боз боп, еріндері көгеріп бара жатты.
-Айдын! Айко-о! Не болды саған? Су, су... ішші,- деп Мәди су берді, бетіне су бүркіп, кереуетке жатқызды, -Кешір, қанша азапқа салдым-ау сені, - Мәди жылады.
-Жыламашы, Мәден, жыла-ма-шы. Өзім ауырып жүрмін ғой біраздан... бері... Сен кінәлі емес-сің. Қазір... жақсы бо-лады.,-деді Айдын.
-Жаным! Шынымен-ақ жанымсың сен. Мені бір құдай ұрды. Басқа ешкімді сендей ұнатқан емеспін, сенші, - ол қыз саусақтарын уқалап, уһілеп отыр.
-Иә... сенемін саған, күйзелме. Бізге қателік жарасады, Мәди. Терезені тағы ащы.
Жігіттің реңі түзелейін деді.
-Тәтті, ыстық шәй болса... ғой...
-Қазір, мен...
-Жоқ, саған сыртқа шығуға болмайды, түн жарымы... сөз болармыз. Өзім... қазір...
Аздан соң Айдын шәй қойып, екеуі шәй ішті.
-Дұрысталдың ба, а? И жаным, ақылдым,-деп Мәди қыз шашынан иіскеп, қолын сүйіп қойды.
-Иә, өзің ше?
-Мені қойшы. Менің обалым жоқ.
Мәди қызды жас балаша көтеріп, бөлме ішінде әрлі-берлі жүрді. Әшейінде қолын қаға беретін Айдын оның мойнынан құшақтап, үнсіз егіліп жылауда еді. Мәдидің денесіне көз жасы енді сезілді білем.
-Өй, Айконь, не болды саған? Жылап жүрсің бе?
Мен сені бөпе ғып ұйықтатпақ боп жатсам...
-Мәден, мен сені бағаламаған екенмін. Қадіріңді білемін деп ойлаушы ем, білмеппін. Сені... сені бәрінен артық көреді екем-ау. Сені-ші... өзімнен артық... Мәди.
Мен сені сүйемін, өмірдің сенсіз құны жоқ. Неге соны саған бір рет те мойындамадым, неге? Мен қырсық болмағанымда... Сен осы жолға бармас едің-ау! Жүрегім де, жаным да, арманым да жоқ менің! Бәрін саған беріп қойғанмын, жал-ғы-зым...
-Айконь, қасыңдамын ғой, қасыңдамын. Неге жылайсың сен? Қойшы енді, бәрі дұрыс болады. Ең бастысы – сен түсіндің. Кішкене демала ғой, ә? Кереуетке жатқызайын. -Бұл дүниенің жұмағы – сенің жаныңда жүру. Рас айтам. Үлбіреген нәзігім, ашылмаған жауқазыным. Бүгін қанша сүйсем де мейірімім қанбады-ау. Жібектей деген сенің шашың шығар,-Мәдидің көз алдына Айдынға сыртқы тұлғасы кереғар пионервожатый қыз – Раушан елестеді. «Бойы тапалтақ, етженді, шашы қайратты, беті жалпақ, ерні де... созылып қалған ба немене... Көзі ше? Көзінің қабағы жоқ, маңдайымен бірдей тегіс пе, не пәле өзі? Мойны қысқа, қасының арасы алыс, құлап қалған Ай, Ай емес... Саусақтары да быртиған жуан-жуан екен-ау. Қалай соның қасына барып... жақын болдым!? Ей, арақ деген ақ сайтан, сосын, Раушан екеумізді қосақтай беретін Тұрдының сайтан тілдері жетектеп, бөтен ой түсірді. Не әрекеттің бәріне пейілді болған ол әйел де... ұятсыз екен. Қой, ешкім емес, тек өзім ғана кінәлімін». Мәди тағы да ауыр-ауыр күрсіне берді.
-Шөжем, не болды?
-Аһ?! Иә... Айконь, сен екенсің ғой... «Сарыауыз балапан шөже шиқылдап жүріп, мысыққа тығылыпты» дейді ертегі.
Рауандап атқан таңның көгілдір сәулесі аққудың көгілдіріндей тұмсықтарын түйістіріп, үнсіз түсініскен қос ғашыққа шапағын шашты.
-Айко, таң да атты. Атып келеді. Бұл біздің мәңгілік бақыт таңымыз. Солай деші. Түсінгеніңнен айналдым, кешіргеніңнен айналдым.Мен сенің осылай кең болатыныңа сенгем. Жер бетіндегі жалғыз махаббатым! Тірі жүрсем, енді сені ешқашан да жылатпаспын мен!
-Мәден, қазақта қыздарды «жаман бала» деп неге айтады дейсің? Себебі, онша терең байыппен ойлай алмаймыз, эмоциямызды ұстай алмаймыз, әлсізбіз. Бізге сондықтан да жігіттер сүйеу болады. Алғаш оқу залында танысқан ек... Міне, бір дәуірді –жастық студенттік дәуірді бірге өткіздік. Ризамын саған. Мені есейттің, барлық еркелігімді, қателігімді көтердің, ол - жігіт болғандығыңнан. Ең алғаш сүйгеніңде...ең жаман іс жасағандай... қорынып жылағаным-ай. Енді міне, қасыңдамын. Сен менің ең-ең жақын, бір туған бауырымнан кемдігі жоқ... досым боп қалатын болдың, Мәден.
-Айко, не деп... не айтып кеттің, а?
-Солай болуы керек, өзім қадағалаймын сені, сол...
Раушанға үйленесің.
-Жо-жоқ! Айдын, менікі қателік, оны ұнатпаймын мен! Түсінші, сүймеймін!
-Ештеңе етпейді, қарсыласпаса, ол қыз сені ұнатқаны ғой. Егер саған бір қыз қарамай қалса, егер сенен біреу бас тартса, мен шамданып қалар ем, Мәди. Сен... саған көз түспеу, сені сүймеу мүмкін емес. Үйлен, өйтпеуге болмайды. Не деуші ек, әлгі...
«Шегінетін жер жоқ, артымызда - Москва» Қыз дегендер өз бетінше жабыспайды ғой.
-Сен, Айдын... ақылыңнан ауыстың ба? Мені итеріп қайда апара жатырсың? Өзің ше? Жұрт қарамағанды қаратып, жүгіріп жүріп тартып алады... Қане, мені сүйетінің қайда?! Кешіргенің қайда, Айко?
- Мәди кереует шетінде отырып, боздап жылады,-жоқ, сен әдейі айтасың, қырсығып... Солай деші, Айдын?!
-Бәрі де рас, Мәден, рас айтам,-Айдынның көз жасы құс жастыққа жұтылып жатты.
-Мен тұра алмаймын онымен, түсінші.Бағана оған жолығып, өз ісіме кешірім сұрап келдім. Ол кешірді. Өзі бұрыннан неғып... өзі кінәлі оның. Ондай қыздар көп қой,Айдын. Кешіргенің қане, Айдын-н? Сүйетінің қайда? Өмір бойы айтпай, жаңа ғана «Сүйемін» дедің ғой, Айко. Өтірік пе? Сені кімге қиямын мен? Жаным!
-Қорықпа, мен күйеуге шыға қоймаспын, Мәди. Мені ойлама. Бәрін біліп тұрып, сенімен тұрмыс құра алмаймын ғой енді...
Айдын сыртқа шығып, жуынды. Бірақ кеудесін сыздатқан ауыр салмақтан айықпады. Бөлмесіне қайта оралып, Мәдидің қолына су құйып, жуындырды. Таңғы дастархан жасады.
-Таңертеңгілік ас - бір күндік энергияның, көңіл- күйдің негізі. Осы нанды тауыс, несібең,-деп бір үзім нанға сары май жағып ұсынды.
-Сабаққа бармай-ақ , екеуміз осында болайық, а?
Басқалар каникулда ғой, ақыры.
-Барып келейік...
-Онда, бүгін кешке серуендейік.
-Иә.
Айдынның бір сөзге келмей, келісім бергеніне Мәди таңданды. Қыз Мәдиден басқа жат адамдарға жасайтын құрметін тұңғыш рет Мәдиге көрсетіп, туфлиін алдына қойды.
-Рахмет! – Мәди біраз уақыт қызды бауырына басып, кеткісі келмеді. Айдын да ешқашан жасамаған мінез көрсетіп, Мәди соғысқа аттанардай, екі қолымен мойнынан құшақтап тұрды,-сабаққа барамыз ба? Әлде... бүгінше бармайық...шы...- деді Мәди.
-Барғанымыз жөн, барайық.
-Онда, дайындалып тұр, қазір келемін.
...Айдынның жүрегі жыр тербеді.
Қимадым сені, «қалшы» деп тіл қатпадым, Қинадың мені, теңселтіп жыр қатпарын.
Жанарым тұрды жасырып бұл шақтарым, Серпілді кірпік, төгілтпей бұршақтарын.
Күрсінді көңілім.
Көрінді дүние шағын,
Жылады жүрек-жүзімде дуылдап жалын. Қасымда жүрген кездерде сезбедім неге, Бөлуім қиын болып тұр жартымды, Жаным.
Сағынтып үнің, дірілің, демің, саусағың, Сен болып сипап шашымды,
Қинайды-ау сағым.
Думанды дүние қуыс боп қалды тез қалай? Денемді сүйер сүйек-ет жоқтай қаусадым.
Сезбедім бұрын тарлығын ғаламшар – Жердің, Жетпейді оттек, тұншықтым. Кезерді ернім. Жүректі сыйлап өзіңе, жастық-от сөнді,
Қыбырлап қабық денемен соңынан ердім.
...Дәлізден Мәдидің аяқ дыбысы естілді. Есікті үш рет қақты. Айдын осы қағысты тағы естігісі келіп,
«кейін сағынам-ау, санамда қалсыншы» деп есік жақтауына сүйеніп, 3-4 рет қайталағанынша үнсіз тыңдап, жылап тұрды..
-Қазір,-деді көз жасын сүртіп, - келдің бе?
Мәди мен Раушанның арақатынасын, оны қасақана ұйымдастырған Тұрдының қалай қуанышты екенін білетін Жаңабек Айдынның бетінен сүйіп сәлемдесіп, үшеуі сабаққа бет алды.