КӨГІЛДІР
Білмеймін келер күннің шешері не? Бүгінгім ұқсамайды кешегіме.
Сезімде қуаты мол әуе толқын,
Сен жақтан сағыныш –ән еседі де...
Студенттерді соңғы педагогикалық практикадан өтуге қала мектептеріне бекітілу басталды. Айдын мен Мәдиді екіге бөлуді Тұрды оқуға түсірген ағасы
арқылы куратормен келісіп ұйымдастырды. Айдын өзіне бекітілген 6 “б” класының әр оқушысымен жеке жұмыс жүргізіп, олардың мінездеріне психологиялық талдау жасап, кластың тәрбие жұмысымен күндер жылдам өтіп жатты.
Бөлмесінде отырған Айдын дәліздегі аяқ дыбысына құлақ салды. Көзбен көрмесе де жүрегі оның жақындағанын білетін әдетімен “Мәди келді”деді. Бұл іштен есікті ашқанда есік қағуға қолын көтере берген Мәди күліп жіберді.
-Ой, Айко, қалай біліп қойдың, а?
-Білдім! Үйге кіресің бе?
-Кім бар?
-Жанат екеуміз ғана. Мәди ішке кірді.
-Рұқсат па? Жанат, хәлің қалай?
-Рахмет, жақсы. Өзің? Практика қалай?
-Мәди, менің сабағым-шы бүгінгі...
-Иә, Айко, соны білгелі келдім ғой. Қалай өтті?
-“Жақсыдан жоғары” деп көңілімді көтерді. Бірақ, мыжың мұғалім болам ба, қайдам... 45 минут уақытты түсіндіруге жұмсап, түсіндіру мақсатында тиянақтау, бекіту сұрақтарын беріп, оқушыларды белсенді қатыстырып, бағалаппын. Ал, үй тапсырмасын сұрау дегенді мүлде ұмытып кетіппін.
-Ол қызық бопты-ау. Біз қателіктермен өтетін практиканттармыз. Жоғары бағаласа, қуаныштымын,- ол қолын ұсынып, құттықтады. –Келесі сабақта карточка таратып, не жүгіртпе сұрақтармен үй тапсырмасын қосуың керек болар. Ал, мен екі күннен соң 8 класқа сабақ беремін. Қайдам...
-Мәди, “сабаққа дайындық” бөліміне қалай дайындалуға болады?
-Бор, кітап-дәптер, қаламсап, т.б бар-жоғы, оқушыларды түгелдеу керек емес пе?
-Ал мені, мақтанып қойсам, осы бөлім үшін де марапаттады.
-Ал, қалай?
-Мен сәлемдескен соң оқушыларға былай дедім:
-«Балалар, жақсы болсақ мақтайтын, Біз деп тыным таппайтын кім?»
Олар қол көтеріп, түрліше жауап айтты.
-Мамам, әжем, әпкем, ағам, папам, ұстаз.
-«Қоңыраудай күлетін, Бізбен бірге жүретін кім?»
-Мұғалім, достарымыз, мектеп.
-«Әріптерді теретін, Үлкен білім беретін не?»
-Дәптер, ручка, кітап, ұстаз, баспахана.
-«Ізденуден талмайтын,
Сабақтан күнде қалмайтын кім?»
-Тәртіпті бала, ақылды адам, зерек оқушы.
-Балалар, біз қандаймыз?
-Тәртіпті, білімді, алғыр, ізденімпазбыз.
-Олай болса керекті дәптер, кітап, күнделікті жылдам партаға қойып, түзу отырамыз. Тәртіпті кезекші, оқушылар туралы мәліметті үстелге қой,-деп сабақты бастадым ғой!-Айдын мұғалімдік бейнеге еніп кетіп сөйледі.
-Ой, Айко-о, саған оқушы болуға сәл-ақ қалдық қой, а? Не деген дайындық бөлімі мынау, шынында! Біз сабағына енген бір де бір мұғалімнің бұлайша психологиялық дайындағанын көрмедік. Сен оны қайдан үйрендің, а?
-Психологиямен айналысатынымды неге ұмыта бересің сен, а?
-Ә, Фантомас досың екеуіңнің, аха-ха-а... қойдым,
Айко-о! Ол қазір біздің мектепте жүр, дік-дік басып, оқушыларды соңынан ертіп...
-Қалай “ертіп”?
-Өзінің жүрісі қызық қой, досың... досың журнал- кітабын кеудесіне екі қолымен қапсыра құшақтап...
әскер секілді жүреді. Сосын оқушылар тізілі-іп соңынан бір сапқа тұрып, «Бір! Екі! Үш!» деп ереді-і,- Мәдидің сілесі қатып күліп алды. Аха-ха-лап Жанат та күліп отыр.
-Қой, Айко, менің сабақ жоспарыма көмектеспесең, болмайды. Жаңабек сені күшті сабақ өтті деген соң, көмектес деп келдім. Оқу залына барамыз ба? Осы жерде ма? Бұл жер ыңғайсыз шығар, ә?
...Екеуі “Студент” асханасынан тамақтануды жөн көрді.
-Мұнда не тамақ бар екен? Сен жейтін бірдеңе табыла ма өзі? Май жемейсің, ет жемейсің, құс жемейсің, арақ-шарап ішпейсің...
-Шарап ішем ғой.
-Қой? Нені?
-Шипучка...
-Қой, оны көрмедік қой. Кіммен ішіп жүрсің оны? Ә, досың Фан... Ой, қойдым!-Мәди мәз боп күліп, Айдынмен жетектесіп келеді.
-Кім, Мәден, ол жақта сенің туысқандарың болуы керек... Бар ма екен?
-Қандай туысқан? Менің бұл жақта... Мектепте ме?
Кім бар деп едім саған? Есімде жоқ. Кім ол, ә?
Айдын күлкіден жарылғалы, әзер шыдап келеді екен, аңқау Мәдидің аңқайып ойлана қарағанына шыдай алмай күлсін кеп.
-Әз... әзір...-қолын шошайта күлді.
-Ә-ә! Енді түсіндім-м, әзірбайжандар ма, а-а?- жігіттің шегі қатты,-мен-ші-і әзір-бай-жанның кемпірі- і ек-екенімді-і ұмы-тып қалғам ғой, сен жоқсы-ың... айты-ып тұра-аты-ын, - деп рахаттана күліп алды.
-Иә, кемпір-ау, сен деген туыстарыңның бала- шағасы қанша, қалай оқиды,бәрі-ін біліп, барыс-келіс жасап тұруың керек.
-Курдтер бар екен,- деп Мәди үлкен көздерін бақырайта қарады,- олар маған туысқан... Ой, не деп...
-Мейлі ғой... Олар да ту-ыс-қаның ғой, кемпір-ау...
Тұмсығыңа қара-шы-ы ай-на а-лы-лып...
-Ішегім-ай, ішегі-ім түйі-леті-ін болды-ы. Сәл тоқ- та-а-шы-ы...
-Әй, Мәд-ен, мен се-нің төркі-ініңді шатастырғам-
ау, әсті? Сен мүмкін әзір-байжан-ның еме-ес, күрді- нің... кемпі-рі-і шығарсың, а-а? Қызы дегенім ғой?
-Айкоо, ішім түйілетін болды-ы, тоқтай тұршы... Мен де болса, “қай туысқаным” деп шынымен ойланып қалдым-ау...
Екеуі тамақ ішті. Қарама-қарсы отырды.
-Жаным-ау, қарасам көзім тоймайды, не істеймін сені? Жұтып қойсам қайтеді?-Мәди сұқтана қарап отыр.“Мен де саған Айдың Жерге ғана қарағанындай, табынып өтермін, Мәден ” Айдын көзінің жасаурайын
деп қалған бостығын байқап, кірпіктерін серпіп-серпіп, күле салды да:
-Сен-ше онда қарама!-деді Айдын,- төбеге қарап отыр да, қасықты аузыңа жақындат. Мен «Оңға, со- олға деп...Аузың мұрныңның астында-а» деп айтып о...
Екеуінің сілелері қатты. Беторамалмен ауыздарын басып, күлкілерін әзер тоқтатты-ау.
-Практикамыз қашан бітер екен, өзі? Кешке дейін
сені ойлаумен жүремін. Әнеукүні қызық болып... Сол жердегі пионервожатый қызға “Айдын” деппін ғой сені ойлап тұрып. Қылжақбас досың-Тұрдыға жақсы ермек табылды. Екеумізді жапсырып жүреді содан бері. Тамағыңды тауысып жеші, көктем ғой, жүдеп кетіпсің...
“Сені сағындым, Мәди. Қанша жақтан қандай соққы алғанымды, қалай жүрегім ауырғанын білсең ғой. Оның бәрі түк емес. Ең бастысы – менің тірегім бар. Ол – сенсің, Мәди. Жалғызым менің! Жаһаннан таңдап сүйген жалғызым. Сені сағынғанда құлағыма алақанымды тосып, “Мәден, Мә-ден!” деп сыбырлап, өзімді жұбататынымды білесің бе сен? Білмейсің, әрине. Көңіліме сен туралы үрей кіргеннен бері жастық қапқа сенің суретің салынған матаны жауып жататынымды білесің бе? Білмейсің. Ешкім де білмейді.Махаббат деген бар болса, осы шығар, Мәди.»”
-Өй, Айконь, не болды көңілің босап, а?!-Мәди бет орамалын ала салып, мұның үнсіз тамшылап кеткен көз жасын сүртті.
-Жәй... есіме бірдеңе түсті ме...Өзім де байқамадым,-деп бұл жымия салды.
-Әлгі айтқан...Тұрдының? Соған режіп қалдың ба?
-Жо-оқ, әшейін...
Жыр құйылды жүректен.
Арман қолым алысқа созылғанда, Бақытым боп көрінген өзің ғана.
Сенің бейнең шақырған үміт алдан, Мен өзіңді қалайша ұмыта алам?
Айнам болып жүзіңе қараймын ба?
Саусағыңмен шашымды тараймын ба? Сенің жаның кеудемде соғып тұрса, Менің денем батады қалай мұңға?
Шынайысың.
Оныңа жоқ таласым.
Қос ғашықтың жаздық біз топтамасын. Аққу сезім дұшпанды қызғандырып, Арман-ғұмыр егізін жоқтамасын.
-Айдын, не болды саған, неге көңілің түсті, а? -Қыз Мәдидің кеудесіне басын сүйеп, өзін қалыпқа
келтірді,- сабақ жоспары деген не тұрады! Кешке, не ертең-ақ жаза саламыз. Кеттік, серуендеп қайтайық.
Екеуі орталық паркке қарай баяу аяңдады.
-Не деген сұлу көктем, Мәден! Мына иіліп тұрған сәмбі талдарды қарашы, қанатын жайып, балапандарын қорғайтын күрік тауықтай екен...
-Иә, қолшатыр секілді өседі екен-ау. Бұрын қалай мән бермегенбіз, ә... Осы сәмбі талын ғашықтар ағашы деуі бекер айтылмаса керек, жүр, барайықшы.
-Мәжнүн-тал...-деді Айдын көгілдір нұрға бөленген қанатын жайып, өзге дүниеден екеуін жасырып қалған ағаштың астында тұрып. Мәди де қызды бауырына басып, тілсіз ұғынысып тұрғандай-ды.
Айдынның жүрегін жыр тербеді.
Құшағын ашып, Қорғайды ғашық
Мәжнүнтал бізді басқадан.
Сен тұрған жерде, Нұрлымын деуге,
Күн-сұлу көзін жасқаған.
Қара да Айға, Қабағын байқа.
Ай да тұр бізге табынып.
“Жердегі от- жалын, Махаббаттарым,
Қалдың,-деп,-қайдан табылып»”.
Көктемдей ұялып, Бақыттан сый алып,
Келдің бе маған сағынып?
Болмашы басқа, Көз толып жасқа,
Қалмасын өмір жабығып.
-Айконь, не ойлап тұрсың?
-Сені.
-Рас айтасың ба? Соңғы кезде-ші, қылтықтығыңды қойып келесің, ақылдым. Негізі, ақылың көп, менен ақылдысың әйтеуір. Бірақ қырсығып... қалатының бар еді... Енді, қалып жатыр ол мінезің. Құдай қаласа, келер жылы осы уақытта осы ағаштың астында... “толып” кеткен сені... құшақтап тұрсам-ау. Ол кім болар екен,ә? Ұл ма, қыз ба? Мейлі, кім болса да дәл сенен аумай, барлық жері ұқсап қалса-шы! Сол кезде сені сәби кезіңнен өсіргендей болар едім.
-Қылтық -қырсық болса-шы мен сияқты?
-Бола берсін, сол жақсы. Ешкімге сүйгізбейтін, саусағын да бөтенге ұстатпайтын, ешкімді
басындырмайтын, махаббат пен достықтың символы деп, көңілім тоқ болады ондайда.
-Онда, қылтық болайын қайтадан,-деп Айдын сәмбі қоршаудан шыққысы келіп, теріс бұрылды.
-Қайда...-деп кері тартып алған Мәди үлбіреген
қызды сүйіп тұрды,-жаным-ай, оқу қашан бітер екен? Тезірек үйленетін... Үйдегілер той қамын жасап жатыр.
-Солай де, шөжем. Шиқылдауың көбейді, бәсе.
-Екеуміз бір пәнге таласып... а, бірақ, сен үйде отырасың ғой көбіне, шөже... шөже...лер-ді-і бағы-ып,- Мәди қыздан қолымен қорғана күлді.
-Шөже бағы-ып? Сені ме?
-Жо-оқ., -Мәди өз денесін қолымен күмпитіп, Айдынды көрсетіп, ішек-сілесі қатты.
Айдын оған ұмтыла бергенде, ол сәмбі талдың
қанатты ішін айнала қашты. Аздан соң Айдынды құшақтай алған Мәди:
-И жаным менің! Түсіне салады да ұялады, сосын қуа салады да қояды өзі. Құдай соған жеткізсін де,-деп сүйе берді.-Сағат біраз бопты, бір жерден жүрек жалғап, сосын киноға кірейік.
-Мейлі,-деп Айдын тіктелгенде Датқаны көрді.
Датқа институттан Айдынды торуылдап жүрген-ді.
-Сәлеметсіңдер ме?
-Сәлем бердік,-деді Айдын,-жәйша ма?
-Иә... институтқа келген ем...
-Оқуыңды жалғастырасың ба?-деп Айдын қуанып кетті. Танысып қойыңдар, менің досым.
-Мәди, қуаныштымын.
-Ал, бұл жігіт Жанаттың кластасы.
-Датқа...
-Менде не шаруа? Біз асығыс едік,-деді Айдын.
-Шаруа... айтатыным... сол бұрынғы мәселе ғой...
-Оны шешкенбіз, Датқа. Пісе бергенмен қара судан май шықпайды емес пе? Жақсы.
...Біраз ұзап кеткен соң Мәдиге Датқа туралы, ол ненің жауабын күтіп жүргенін, соңғы төрт айдан бері күнара келіп, торуылдап жүргенін айтты.
-Мына жігіттен қорқуға болады екен, ә? Қыздан беті қайтпай, келе бергені не?Алып қашып кетпесін тағы! Тұрдымен ақылдасайық...
-Тұрды жаңа жылды мұнымен бірге қарсы алған. Сенің мені танитының қайда? Қайта танысайық онда. Айнаңмын,-қыз қолын созды. Ұсынған қолды қысқан Мәди аңқиып қалды.
-К-кім? Ә, айнам екенсің ғой, аха-ха! Мен тарақпын онда.
-Сені жалт қараттым, аха-ха!
-Айко-о, сен дұрыстап ойланасың ба өзің? Жалт қаратып... Жалғыз жүрме, түсіндің бе, жалғыз шықпа көшеге! Ойын емес бұл, абайла!-деп Мәди күрсінді.
-Не, алып қашып кетсе, бере саласың ба мені?
-Құдай сақтасын! Бірақ, онда сен тез-тез хабарла, Айко-о! Қалайда тез-тез! Іһі?!
Айдын мәз боп күлді.Тағы да жыр толқыды.
Қымбаттым, неткен көрікті ең? Көріктен өмір өріп пе ең?
Өзіңе мына жалғанда,
Дәл мендей ғашық көріп пе ең?
-Саған күлкі, ақымақ-ау! Мына жағдай күлетін нәрсе емес қой. Содан бері... 4 айдан бері неге айтпайсың, а? Айтшы? Осы-ла-ай қол алысып, ыржиып сөйлесіп жүрсең, әрине келгенін қоймайды. Өзің де... Өзіңнен де бәле бар-ау, осы!
-Иә да!
Екеуін үнсіздік тербетті.
-Қойшы, Айко! Өкпелемейікші. Бірақ, маған, Тұрдыға, бәрімізге.... тіпті Фантомасқа шамаң жеткенде деймін-ау, бұған «Қалайсың, сәлем!» деп...
-Сені таныстыру үшін қарадым ғой.
-Қарамайтын ба едің, а? Айтшы?-Айдын бас изеді.- Бәсе солай деші, көңілім жәй тапсын. Сонда да шықпа жалғыз, келістік пе?
-Ол үшін сен бірдеңе сыйлауың қажет маған!
-Сыйлауың? Нені?
-Пәренжі дегенді кигізіп қойсаң, ешкім тиіспейді.
-Ә-ә, ауылда әжем-ші, пәренжі, үлкен сәлкеш орамал, тағы... Кимешек пен мәсі-кебіс дайындап...-деп Мәди Айдынды қапсыра құшып, сүйе берді.
***
Мәди бөлмеге келсе, жігіттер төрт көздері түгел кешкі ас ішіп отыр екен.
-Кеш жары-ық, жігіттер! Орта толсы-ын. Астарың
дәмді болсын!- деп Мәди шешіне бастады.
-Кел, Мәди. Дәл уақытында келдің. Отыр,- деп кезекші Коля ас беруге ыңғайланды.
-Қайда жоғалып кеттің?! Итпен іздеп таппай жүрміз сені?! Анау неңнің үйіне барсақ, ол да жоқ! Оңашаланып, не істеп жүрсіңдер тығылып?!- деп Тұрды түсі бұзылып, ызғарланып тұрғанына қарамай, тісін көрсете салды.
-Не болды, Тұреке, алқымынан алып! Қыз емес қой қорқатын, жүрген шығар демалы-ып,- деп Жақаң басу айтты.
- Жоқ, Мәкеңнің айтпай оңаша, жасырын жүргенін айтам дә! Баратын жер бар еді, уәделескен...
-Қандай «уәде»?- Мәди таңданды.
-Эй, анау мектептегі қыздарды бүгін киноға апарамыз дегеніміз қайда? Жүгірсең, өзіңнен жас қызға жүгірмейсің бе, кәрі қызға жабыса бермей! –Тұрды Мәдидің Айдынмен мұнысыз жеке кеткеніне іші оттай қызып,ахаңнан біраз сілтеп алған-ды. «Жеке жүріп, менсіз не істеді олар-р?!» деп, жанып барады бұл!- Ақымақ бал-ла апасына шауып-п!- Хи-хи!
- Не айтып тұрсың сен, Тұреке? Кәрің кім сонда?!
-Кәрі –Айдын! Айдын ғой! Оны мына маған бер! Ол маған лайықты, менен бір жас кіші, сенен бір жас үлкен. Саған, саған ше ли-бой ұнаған қызды маған көрсетші! Қарамаса, люби-им путем қаратып берем! Міні, мына жолдастарымның алдында еркекше сөз берем! Міні қолым!
-Т- Тұреке! Есің ауысты ма, жоқ бүгін танысып тұрсың ба,а? Қой ондай әңгімені, ұят болады!
-Мен айтсам шындықты айтып тұрмын, Мәке! Қатындарға бола достығымызды жоғалтпаспыз. «Бала белде, қатын жолда!» деген атаң қазақ. Көріп жүрсің ғой, менің қатындарым жолда шашылы-ып жатқанын! Сен құсап бір қаты...
-Жетеді, Тұрды! Аузым бар деп оттай берме! Айко туралы бір жаман сөз айтушы болма енді!-Коля Тұрдының жағасынан алды,- сенің арманың Айдын ғой сонда,ә?! Мә, Айдын саған, сволочь! Гадюка! Мә!- Коля Тұрдыны салып-салып жіберді.
-Қойыңдар, жігіттер! Тұрды сенікі не сандырақ,а?! Мұның не тағы?! Аузыңа арақ тисе болды, сайтанның тіліне ересің! Жетеді енді! Айдында нең бар! Айналаң толы қыз, тиіспе оған!- Жақаң араша түсті.
-Тұрды, сенікі дұрыс емес!- деді Ғабит.
- Жаңа жылды кіммен қарсы алсаң, сонымен өткізесің деген бар ғой. Мен Айкоммен қарсы алдым. Сен не, артықсың ба менен? Артықсың ба, айтшы кәне!- деп Мәдиге әкіреңдей ұмтылды.
-Қой-ей, Тұреке, өтірік мас бола қалма. Ұят деген бар, қой енді,-деп Мәди жаймашуақтанды,- Айдын бір сенімен емес, бірнеше адаммен қарсы алды жаңа жылды. Білеміз ғой.
-Білесің бе-ей? Ал, кіммен тағы?
-Сақышпен, Жанатпен, оның кластастарымен.
-Сенің ғашығың Датқа дегеннің қолына жіп байлап, «Енді менікісің!» деп бетінен сүйді ғой, Мәке!
-Қой-ей, Тұреке, мүмкін еместі айтпасайшы.
-Тұрды, сен Айдын туралы оны танымайтындар ға жамандап тұрған сияқтысың ғой!
-Осы өсек айтып тұрғаның- қатынның ісі емей, не?! Қатынсың! Сонда сенің Айдында рас ойың бар ма?!- Жаңабек те Тұрдыға дүрсе қоя берді.- «Нең артығың» не дегенің?! Жолдастығың қайда сенің?
-Ол қасында жүрсе, мен де бірге жүрмін. Менің де Мәдимен бірдей оны алатын хұ-құқым бар! Дұрыс па?!
-Еу,Тұрды,иттікке барма сен! Ит болма! Онда Айдын жаман болса, неге таласып тұрсың,а?! Шакал!- Коля дірілдеп тұр,- Айдын өзі біледі, өзі!
-Сендер бәрің Мәдидің сөзін сөйлейсіңдер! Сонда мен жолдас емеспін бе сендерге? 5 жыл бірге жүріп, сол қызды қорып, «Мә!» деп біреуге бере саламыз ба? Алайық біреуміз! –деді Тұрды. Мәдиден үлкен, оған тура келмейді! «Апа» дей ме оны?
-Не ісің бар сенің, не? Сен өзіңді біл! 90 қызың бар ғой, қызсыз емессің! Айкоға тиіспе!- Жігер де килікті.
- Бар болса не бопты? Сенбейсің ба? Мас болды сенің ғашығың! Содан әнебіреуге жабысып...кетті көшеге қыдырып! Қайда барып, не істеп, не қойғанын құда-ай білсін, Мәке! Сен қояққой ол қызды.
-Сен не деп келесің,а?! Жүр қазір Айдынға!- Мәди оның жағасынан ұстап, дірілдеді. Тұрды онымен алыса кетті. «Жүрсең жүр! Мен бара-алмаймын! Мас- спын...» деп қояды ара-арасында.
Тұрды қанаған мұрнын ұстап, әжетханаға кеткенде, Мәди Айдынға бет алды. Тұрдымен бірге сөйлеспекші еді. Ашумен шығып қалса да, дұрыс емес екенін түсініп келеді. «Кешке бірге қыдырмасақ, тұншығатын түрім бар. Аулына кетіп қалмасыншы».
Есікке жақындаған Мәдидің аяқ дыбысын танып, Айдын есік ашты.
-Сәлем, бері шықшы,-деді түрі бұзылған Мәди,- бүгін ешқайда... ауылға да... бармашы, өтінем.
-Не болды, тыныштық па? Қыздардың бәрі де қайтпақшы едік... Не болды, айтшы, Мәди?
-Тыныштық... сөйлесетін әңгіме бар...
-Жарайды.
Күткенде уақыт тұсауланып, жүрмей қояды екен.
Кешкісін 65-бөлмедегі достары Айдынмен бірге демалыс жасады.
-Екі-үш күнде мектептегі практикамыз аяқталады. Құдайқаласа, сабақта қайта бірге жүреміз, Айко,- деп Мәди қыз қолын қуана қысып қойды.
-Тұрдының мазасы жоқ қой, оған не болды?
-Уайымдама, ұйқысы қанбаған шығар.
***
Әлгінде Жанат ауылға қайтқалы жиналып жатқанда, бөлмеге келген шақыртушы Айдынды
төменде біреу күтіп тұрғанын айтты. Жанат түсті. Датқа екен.
-Сәлем! Қалайсың, Жанат? Денсаулық?
-Жақсы, кел.
-Айдынға жолығайын деген ем, шақыршы.
-Ол институтқа кеткен, үйде жоқ.
-Рас айтасың ба?
Бұл басын изеп сыртқа беттеді.
-Оу, досым,-деді қуып жеткен Датқа, сенің сөзің рас екеніне сенемін. Оған ренжитін тү-гі жоқ.
-Ренжігем жоқ.
-Ім-м, солай болсын! «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген, біз Айдын екеуміз елдесе алмай-ақ қойдық. Сен... қалай өзі, дұрыс елші бола алмадың ба?
-Мен айт дегеніңді айттым, айтқаныңды істеп жалындым... Не дейсің енді маған?..
-Ім-м, Айттым де. Айтсаң да жеткізе айтқың келмеген болуы керек, шамамда. Түсіндірсең, түсінуі керек еді. Ол, Айдын дегенің түсінетін, сөз ұғатын қыз емес пе?! Ім-м,-Датқа шаңқ етіп күліп алды,-а, Жанат? Достығың қайда?
-Түсінсе, түсіндір өзің! Не, қайда жүрсең менің қасымдағы қыздарды көресің? Дүниеде басқа қыздар құрып қалды ма? Көндіріп ал өзің, оның жігіті бар!
-Шытынама! Сен... шытынама!
Жанат қолын сілтеп, автобуспен аулына кетті.
***
Биылғы жаңа жылдан жұптасу мерзімі басталғандай, Сәбеш пен Қуандық, Жаһан мен Ұлас шаңырақ көтерді.Ғайша мен Гүлнәр Айдынның бөлмесіне ауысып келген-ді.
Майда Ғабит пен Ғайшаның да тойы болмақшы.
Тұрды есік қағып, Айдынды шақырды. Өткенде бөлмеде болған ашық әңгіме, жанжалдан соң тезірек Айдынмен келісіп, мәселені пісіріп алмақшы.
-Айконь! Осымен үшінші қызды ұзатпақсыңдар, ә? Сонда біз...біздің тойымыз қаш-шан, а?-деп қыз қолынан сүйіп тұрды.
-Кімнің тойын айтасың? Сенің бе? Оны өзіңнен сұрамайсың ба? Сен ақымақ әтеш болғаның ба расымен?-деп Айдын күлді.
-Ақылды болуға болар еді, бір кісіден өте алмай тұрғаным... Батылым бармай тұрғаны ғой...
-Кім, ата-анаң ба? Ол кісілерден саған асу қайда-а?
Оларды тыңда, «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген.
-И, жа-ным, сүйдеп қойшы, -Тұрды қыздың қолын тағы сүйді.
-Мен саған жаным деме деп қанша айттым, ақымақ! Сенің жаның емеспін ғой, қаңбақшал-ау,- Айдын оның жалбырап, көзін жапқан шаштарын ұйпалап күлді.
-Әне! Осы ғой аса алмайтын асуым! Сонда сен... кімнің жанысың? К-кім-нің? Мәдидің бе? Оның несі артық менен? Қасыңда ол жүрсе, мен де жүрдім. Ол сөйлесе, мен де сөйледім, Ол менен артық не жасады сен үшін?Айко-о! Мен де сені жақсы көремін, сүйемін!
-Не... не деп... не дейсің, сен?! Ішіп алсаң, айтар сөзіңнен мүлдем адасатының не, осы сенің... Бар, кейін сөйлесеміз, демалшы.
-Сен-ше, сен мені итерме, Айко! Итерме көкірегімнен, білдің бе?! Өкінесің! Айтпады деме, мен тірі жүрсем,сен екеуіңді қоспаймын! Осыны ұмытпа-а!
-Есіңді жина, Тұрды. Осы сөзді баяғыда-а бір айтқан ең, ішіп алып. Енді... тағы да... Барлық нәрсе құдайдың қолында, болатын нәрсе болар. Бірақ, себебі
не, айтшы? Біз сенің досың емеспіз бе? Опасыз дос, арамза дос болғаның ба сонда?!
-Сол! Сол! Неге екенін түсінбейтін... Түсінесің бәрін! Сен менікі болуың керек! Маған бұйырмаған оған да, ешкімге де бұйырмайды. Осыны есіңде сақта!- деп Тұрды сұқ саусағын безеп, бетін жапқан кекіл шашының арасынан жасыл көздерінен зәр шаша тістенді.
-Осы пейілің рас болса... нағыз... нағыз екіжүзді оңбаған екенсің! Иттің қолынан қабу, биттің қолынан шағу ғана келеді. Қолыңнан келгенін жасарсың!-деп Айдын бөлмесіне кірді де, төсегіне шалқалай жатты. Көз жасын іркіп, қатайды. Жүрегі жырлады.
Сұмдық-ай! Тіршіліктің сұмдығын-ай! Сұмдықпен неге ойнайсың, жынды құдай? Кімдерге ақыл бердің елден асқан,
Мына елдің даналарға құлдығын-ай! Ақылы үшін неге ұрдың, Кімді құдай?
Жаз көңілді сырғытып бұрқасынға, Сиқыр-сағым жастықтың тұр қасында. Аңсатасың іздетіп Кімді кімге,
Қасиеттің қашан да Сор қасында! Бұл неткенің!?
Арсыздан қорқасың ба?!
Есікті қағып, Тұрды тағы шақырды.
-Бармаймын,-деді Айдын Жанатқа. Тұрды тағы да есік қақты. Кө-өп күтті.