АРУАНА
Ас қадірін білмейді ашықпаған,
Ерлік шықпас қорқақ пен жасықтардан.
Міркәм дүние... Ұрлайды өміріңді, Аңыз қалар шын сүйген ғашықтардан.
...10 класта жүргенде Айдынның үйінде бірер ай жүрген суретші Ғани Ильяев ағасы мұның салған
суреттерін көріп, астанаға оқуға әкетпекші болған-ды. Бүгінде Айдын осы мадақты ескеріп, үлкендеу форматқа ауылына кеткен Мәдидің графикалық портретін салды. Маман еместер үшін тәуір шықты.
Айдын төсегі тұсындағы Датқа мен Гүлнәрдің ағасы майлы бояумен салған өз портреттері орнына өзі
салған Мәдидің портретін ілді. Күнде де, тіпті түнде де оқу залында уақыттарын бірге өткізіп, Мәдиге әбден
бауыр басып кеткенін тереңірек білді. Нақыш пен Өркеннің сезімдерін құрметпен еске алды. «Екі-үш күн – қыздар каникулдан келгенше ілейін. Мәди жаңа жылда жанымда тілек тілеп тұрсын»,- деп шешті.
Ескі жылдың соңғы күнінде жатақхана іші босап, ілуде бір терезенің шамы жанды. Жанат та бөлмеде Айдын екеуі жаңа жылдық дастарханды жайып, кішкене шыршаны безендіріп, Жанаттың 2 жыл
сағындырған ғашық кластасы -Датқаны күтіп отыр. Дәлірегі – Жанаттың өтінішімен Айдын күтуші
болмақ. Келген екі қонақтың ортақ әңгімесіне бұл кірісе алмай, уақыт қызықсыз еді.
Есік қағылып, мұны Тұрды шақырды.
-Не істеп отырсың, сыртқа қыдырып келейік.
-Жанаттың кластастары бар үйде, ұят қой.
-Несі ұят, тамақ бердіңдер ме?
-Иә.
-Онда шәугімін қой да, жүр. Қыз-жігіт боп пар-пар болмақсың ба?
-Жо-оқ, тіпті де олай емес.
-Қайта, олар сенсіз еркіндеу отырады, кеттік.
Айдын осы жайды Жанатпен ақылдасып, жөн көрісті.
...Тай құлындай тебісіп, бірге өскен бауырдай,осы Тұрды Айдынға кей мінезі ұнамаса да жақын, көрмесе алаңдайды.
Самаладай жап-жарық кең көше. Әуеден қонып жатқан мыңдаған ақ көбелектей ақша қарға алақанын тосып, Айдын Мәдиді ойлады. “Ауылда да осылай қар жауып тұр ма екен? Мәди мен Әли бірдей барып, ата- анасының көңілдері асып-тасып, қуанышты болар. Көкесінің денсаулығы, әпке, іні- қарындастары қалай екен? Үлкен ұлдың иығына түсер шаруа салмағы ауырлау. Өз үй-іші тұрмақ жолдастарына мейірімді Мәдиім ауырларын жеңілдетіп, бәріне қамқоршы, тірек болады, әрине” «Мына Айдын мені бос орындай
санап, мән беретін емес қо! Ол анау ұзынтұраны ойлап келеді, әрине. Ащ-щ!»
-Айконь, не ойлап келесің, Мәкеңді ме?
-Жоқ, жәй...
-Ауылда кластастарымен вечер жасап, мектептегі махаббаттарымен қуана кездесіп жүрген болар...
Айдынның бетіне үңіле қарап еді, ол үндемей, бұрынғыдай жүре берді,-Айко, соңғы кезде сен маладес боп келесің! Менің тәрбиеме көніп, ә?
-Одан бұрын “емес” болғаным ба?
-Жо-оқ, ойбай. Бұрыннан маладес болған соң қасыңда жүрміз ғой қорғаның боп.
-Қойшы, қаңбақшал! Кімнен қорғап жүрсің?
Тұрды қыт-қыттай күліп, мұны құшақтай көтеріп, шыр-көбелек айналдырды.
-Қой деймін, жүрегім-м,-деді Айдын.
-Қаңбақ кеуделі сары қоразбын мен, хи-хи!
-Қаңбақ жүректі де, иә, қаны жоқ қабық жүректі қоразбысың сонда-а? – Айдын да дауыстай күліп алды.
Екеуі қол ұстасып, асықпай алаңға бет алды. Онда әсем шырша безендіріліп, түрлі программалар өтіп жатуы керек.
-Айтпақшы, сұрасам бола ма? Дина көрінбей кетті ғой?
-Эй, қойшы сол қызды. Саған да ұнамады емес пе?
“Қой” деген сен едің-ау, ә?
-Оны да бір ұлы тәрбиеші тәрбиелеген-ау, соңғы кезде ұнайтын маған.
-Қыз кө-өп. Жаныңды түсінетін, қысылғанда ақылшың, шын тілектесің керек қой. Сен сияқты, жаным.
-Жаным деме деп тәрбиелемедім бе сені? Мен сияқты тілектестер досың болады, ақымақ қаңбақ!
-Қораз жаңылады, кешірші... Жа...
-Ашу деген айбалта мезгілсіз шақырған әтештің басын шауып тастаса, аянышты-ау.
-Сенің қолыңнан аяланып өлген адамда, арман болмас, Айдын. Түсінгің келмейді мені.
Айдын мына шын ықыласты сөзге дір етті, бірақ, өзгерісін сездірмеуге тырысты.
-Сары әтеш, басыңды тос! Кесіледі! – деді қыз.
Тосылған басты қармен ысқылап, мойнына қар салды да, Айдын жүгіре жөнелді. Көпшіліктің арасына араласып кетті де, концерт тыңдап тұрды.
-Айко, -деп мұны Сақыш арқасынан қақты,-жаңа жылыңмен! Бір өзің бе?
-Иә. Тұрды бар еді, тығылып кетіп қалдым.
-Неге?
-Ұнамай қалды. Өзің ше? Ауылға бармапсың ғой?
-Иә, жігіттермен серуендеп жүрміз. Тоңған жоқсың ба? Жүр, жылынып, кофе ішіп алайық.
Бұлар дәмханадан жылынып алды.
-Бағана бөлмеңе барған ем, ешкім жоқ болды. Сені ауылға кеткен болар деп ойладым.
-Бөлмемізге Жанаттың кластастары келетін болған соң, дүкенге кеткен болармыз.
-Келді ме?
-Иә. Мен өздері еркін отырсын деп уақыт бердім.
Не жаңалық? Денсаулығың қалай?
-Айтарлықтай өзгеріс жоқ, бірқалыпты сұрықсыз күндер өтуде.
-Иә... Жүрек деген неге соншалықты сезімтал болады екен, менің де жүрегім ауыратын болып жүр.
-Айко, дәрігерге қаралу керек қой. Аурудың алдын алған жөн. Қаралсайшы.
-Адамдар жасайтын ауруға дәрі ем болмас, сірә.
Дәрі ішесің, емдейді. Себеп тағы да ауыртады.
-Иә, дұрыс айтасың.
-Осы сен мені әрқашан жөн санайтының не?
-“Онда, сен ауырма” дегенсің. Тыңдадым. Енді сенен талап етемін, мықты бол да, сен де ауырма.
-Қыздар табиғатынан нәзік, ауру-сырқау, жылау сияқты сезімдер жараса береді.\
-Жоқ, сен қыз ғана емес, ақынсың. Ел ақындарға
құрмет жасап, еліктеп,ақылын тыңдайды, үлгі іздейді. Ақындар мықты, табанды, әділетті, і-і...өткір наркескен болуы тиісті.
-“Ақын” деп айдар тағуға маған әлі ерте. Ондай атты күн қайда-а?
...Ақ пальто, ақ шапка, ақ ботинка, ақ шұлық киген Айдынды Сақыш жетелеп келеді. “Жаны да аппақ періштем, келе жатқан жаңа жыл саған бар жақсылығын сыйласыншы. Жер бетінде сен күліп жүрсең, сенің көңілің көктемдей шуақты болса, менің бір мұратым сол” деді іштей.
Жатақханаға жақындау бұларды Тұрды қуып жетті.
-Сені іздеп қорқып кетсем, ұрымыз таныс екен ғой.
Серуенде-еп...
-Менің бауырымды адастырып кетіп, қайда жүрсің, Тұреке? Жаңа жылыңмен!
-Бірге болсын, рахмет.
-Бұл өзі сондай, әп-сәтте ұшып-қонып кетіп қалады. Сондықтан, паспорттағы атын өзгерту керек- ау,-деп күлді Айдын.
-Иә, жаңа жылда жаңаланайық, Сақаңа да ат қояйық.-Тұрды қыт-қыттай күлді,-мен Қаңбақшалмын, бұл?
-Мұның да аты бар-ау, айтпақшы. Айта берейін бе, Са-қы-ыш?
-Мен ше, мен... ағаш-кірпікпін...
-Немене? Шө-өп, шөп сәл майдалау ғой, шөп-кө-өз, де-ші,- Тұрдының ішек-сілесі қатты.
-Жо-оқ, тікен көз ғой, -деп Айдын да мәз,-оша-ға- ан өс-кен...
-Ошаған ба-а? Ті-ке-не-ек?! Әй, Сақа-а! Көзіңе түскен о-ошаған аттың тұяғына кірсе,ат өле-ді. С-сенің
кө-өзің не-е болды ен-ді? -Тұрды жатып-тұрып, Сақыш екеуі құшақтасып күліп, мәз.
-Бұл жаңа аттарымызды атап өтпесек болмас, а?
Қашан, Сақа, бүгін бе?\
-Мейлі, ақылдасайық.
Үшеуі Айдынның бөлмесіне келді. Қонақтар әлі отыр екен.
-Жоғары шығыңдар,-деп Жанат төрге шақырды.
Аман-саулық, шәй ішуден соң жақ-жақ боп, домино, шашка ойналды. Жеңілген жұп шарап ішіп, ән салып, анекдот айтып, «айып» төледі.
Жаңа жылға жарты сағат уақыт қалғанда қыздар дастарханды қайта жаңалады.
-Айко, жіп әкелші, бір ойын бар еді,-деді Тұрды,- білегіңді әкел,-деп үш шиелеп байлады,-байлап қоймасақ, а... Жігіттердің көзі түссе, көрсін,-Тұрды қыт-қыттады. Хи-хилады.
-Өй, Тұреке, жұрт алтын сақина тағып белгілесе, сен... жіп білезік...
Бәрі шуылдасып, әр саққа жүгіртіп отырды. “Тілегімді түйін етіп байладым, шешпе” деп сыбырлады ол Айдынға. Бұл жымиып, үндемеді. Айдын Жанаттың бақытын тіледі.“Мен сені бақытты етемін” деген Датқаның осы қадамында шешуші мән бар деп сенді. Осы мақсатына жол ашқысы келді.
-Датқа, сен де білегіңді маған соз, үш тілек тіле, - деп Айдын да жіп білезік байлады. Тұрдының әдісімен
оның құлағына сыбырлады. “Сен жаңа жылдың алғашқы жарты сағатында қандай үш тілегің болғанын маған айтасың!” деді күліп. Ол да күліп бас изеді.
-Өй, мыналар қайтеді-әй! Сыбырласуға болмайды!- деді Тұрды.
-Сенің сыбырыңды әрі өткіздім ғой,-деді Айдын.
-Ойбай-ау, өткізуге болмайды ғой, Айконь.
-“Сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген, сыбырды сыбырмен қайтардым.
-Білезікті басқа білекке тақтым де,-деп Сақыш мәз.
-Жаңа жыл есік қаққалы тұр, жігіттер, 10 минут тәнәпіс жасайық.
Төрт жігіт сыртқа шықты. Дастарханмен абыр- сабыр жүрген екі қыз сыр бөлісуге асық.
-Неге жіп байладың?-деп Жанат сылқылдай күлді.
-“Үш тілегіңді алғашқы жарты сағатта маған айтасың” дедім. Саған не жаңалық айтты?
-Жаңалық жоқ, сен арқылы еститін болдық-ау соны,-деп Жанат күле берді.
-Соның мерзімін тездетейін деп, Тұрдының жіп байлағаны бізге жақсы себеп болды ғой. Баяғы төрт ауыз сөзінің нүктесін Датқа бүгін қояды деп ойлаймын.
-Білмеймін не ойы барын, әйтеуір Маржанға “Мені күтпе, дос болып қалайық” депті ғой...-Жанат көзіне жас алды, Айдынның мойнынан асыла құшақтады.
-Жанка, әрине, бәрі де біз күткендей болады. Өзің айтушы ең ғой “Ол бір сөзді, қайсар мінезді” деп.
-Иә, сондай ғой.
Сырттан аяқ дыбысы жақындады.
-Ассалаумағалейкүм-м!-деді Сақыш.
-Уағалейкүм, төрлетіңіздер,-деді Айдын.
Алғашқыдай тосыраймай, үйренейін деді ме, Сақыш пен Тұрды болған соң еркіндеді ме, Айдын мына қонақтармен аздап қиюласайын деді. “Әрине, Жанаттың көңілі үшін сыйлап, риза етуіміз керек қой. Мұндайда Жаһан мен Әсем, Сәбештердің орны қалай білінеді деші! Олар болғанда тым-тырыс болмас едік!”
Сақыш пен Тұрды қонақтардың жағдайын жасап, бокал-стакандарды реттеп, тост берді.
-Ал, қонақтар! Хош келдіңіздер!
-Жаңа жыл жаңа қуаныш әкелсін, сол үшін!-деді қонақ.
-Сіздермен екі жылдан соң сағына көрісіп отырмын. Әскерлік борыш өтелді, тағы да орындалмаған борыштарымыз бар, оқуымды қайта жалғасам деген тілегім бар. Осындай ізгі ниеттер әр көңілде көп шығар. Орындала берсін, жаңа жыл құтты болсын!-деді Датқа.
Сосын екі қыз. Сақыш пен Тұрды тілек айтты. “Мәди, жаңа жылыңмен! Алдымен ата-ана, бауырларымызға амандық, сосын өзімізге ақ жол
тілейік! Жаңа жыл өлмейтін өмір, баянды бақыт берсін!” деп көзін жұмып, іштей тіледі Айдын.
-Өй, Айко! Ұйықтап кеттің бе, қолыңды созсайшы,- деген Тұрдының үнінен сергіген қыз:
-Ә, иә! Жаңа жылыңмен!-деп рюмка қағыстырып,
күлді.
Жігіттер қол қысысып, қыздарды беттен сүйді. Тамақтан соң бәрі сыртқа шықты. Екі топқа бөлініп, қар атысты, одан қыздарды сырғанатып, “жарысты”.
-Айды-ын, білезігің қиып барады, ұмыттың ба? – деді Датқа дауыстап.
-Иә, мұнда ке-ел,-деп Айдын да дауыстады.
-Оны қайтпексің?-деді Тұрды ұнатпай.
-“Кейін айтам” деп сыбырлады қыз Тұрдыға. Жанатты сырғанатқан екі кластас бұларға келді.
-Сен төртеуің серуендей тұрыңдар, бізде құпия бар,- Айдынның жүзі бал-бұл жанып, Жанатқа қулана қарады. “Сүйіншіңді дайында” деп сыбырлай күлді.
-Өй, көз алдымыздан ұзауға болмайды, рұқсат жоқ, Дәке.
-Жо-жо! Ұзамаймыз, осында...
-Ал, айта бер. Бірінші тілегің не?-деген қыз сұрағына жігіт күлкімен жауаптасты. Датқа бүркіттерше шаңқ етіп күледі екен.
-Ол саған байланысты,-деді.
-М-маған?! Қалай? “Ә, Жанатты тұрмысқа шығуға көндір” дейтін шығар?»- Маған байланысты нәрсе оң шешіледі.
-Оны соңынан айтайыншы. Екінші тілегім- қасымдағы жігіт қызымен өкпелесіп қапты. Осы сапарда түсініссе екен.
Үшінші тілегім – спортфактағы оқуымды жалғастырсам дұрыс болар еді...
-Әрине.
-Ол да саған байланысты...
-Маған?! Қалай оқу маған байланысты? Мен ректор болғам жоқ әлі, Дәке, - деп күлді Айдын,-оны өзің және ректор шешеді.
-Түсінбедің. Ректор мен өзімнен де... сен күшті болып тұрсың ғой,-Датқа ауыр күрсініп, үнсіз төмен қарап, біраз жүрді.
Айдын қорқайын деді. Сөз қосқысы келмеді. “Кетіп қалсам ба аналар жаққа” деп бір ойлады, «бірақ, аяғына дейін Манат үшін шыдауым керек.» Айдын үндемей тыңдап келеді.
-Айко-о! Келіңде-ер!- деп айқайлады Тұрды. Бұл күліп, қол бұлғады.
-Айко дей ме|? Хахол, хахлушка болыпсың ғой... Айдын деген атың қандай әдемі. Айдындай жарқырап, мөлдіреп демей ме?
-Мөлдіреп емес. Айдын көлге үйрек те, қаз да, аққу да, шаян да, шортан да, бақа да үйір. Сондықтан, мөлдір бола алмайды.
-Ім-м! Солай де... Айдын, ұзартқанмен болмас, жіп таққаның әңгімені тездетті. Әлгінде “оңына шешемін” деп едің... Бірінші тілегім...
Датқа ұзақ ойланып, тағы да күрсіну жалғасты.
-Әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Не еді ол сонша маңызды, сонша ойланатын?
-Иә! Мен бұл тілекті екі жыл ойландым. Ойлану үшін оқуымды тастап, әскерге сұранып кеттім. Солай, өзім шешім қабылдадым. Ендігісін сен шешесің, сен...
-Мен?!! Мен не шешемін? Айтшы, қазір-ақ шешіп, кесетіні болса шорт еткізіп кесіп тастайын.
-Айту қиын боп тұр ғой,-ол тағы да шаңқ етіп күліп
алды,-мұндай қиын болар деп өзім де ойлап көрмеппін... Айтсам, мен бүкіл өмірімді өзіңмен бірге өткізуді тіледім. Бірінші тілегім –осы.
Тым-тырыс тыныштық орнады. Айдын өзін қар көшкіннің арасында көміліп қалған жандай сезінді. Күтпеген сөз себебін “құлағым бітеліп қалды ма?” деген оймен жеңбекші боп, құлақ шұқыды. Естігеніне сене алмады, қайта анықтап сұрауға... Естігісі келмеді. Мұндай суық, сұмырай сөзді қайта тыңдап қайтеді. Қаны қашып кетті ме, жүрегі қысты ма, Айдынның тістері сақылдай, дірілдеп кетті.
-Не болды?!-деп Датқа қыздың қолдарын жылытпақ болды.
-Жо-оқ! -Айдын қолдарын суырып, өз деміне жақындатты.
-Мен сені ұмыту үшін, Жанатқа әйел бақытын беру
үшін әскерге кеттім. Аттанарда “сені бақытты етемін” дедім. Ол өте жақсы қыз. Бірақ, қаншама өзімді күштесем де... анамның тілегін орындамақ болсам да... ештеңе шықпады. Мен сені ұмыта алмадым, Айдын.
Біразға дейін өң мен түсті айыра алмаған қыз бойын жинады.
-Сені бір сөзді деп білуші едік. Мен қолымнан келсе, Жанатқа өз бақытымды беруге дайынмын. Саған мен туралы мұндай пікір қалай... қашан пайда болған? Мен сені...Мен... мен не істедім саған, Датқа? Қай нәрсемді “көңілі бар” деп түсіндің екен, айтшы? Менің бар күткенім – сенің Жанатқа “бақытты етем” дегеніңді орындауың.
-Осынша қинама өзіңді, сенде жазық жоқ. Егер сенде біреуге қырындайтын мінез болса, мен саған шексіз ғашық болар ма едім. Сенің жолыңа бәрін де, өзімді де құрбан етемін. Егер маған келісім берсең, оқимын. Ал... өлем демеймін, бірақ, үйленбеймін. Әрине, сені күштеп көндірмеймін.
-Датқа, менің де өз қалауым, өзім таңдаған адамым бар. Басқа ешкімді ұнатамын деп айта алмаймын. Бұл маған айтып тұрғаның – бос сөз, бос әңгіме.
-Әлгі жігіттердің бірі ме?
-Жоқ, ол бүгін жоқ. Бұлар жолдас жігіттер. Қажет етсең, таныстырайын. Одан тағдыр мені бөлмесін деп тілеймін. Кереует тұсында суреті тұр.
-Атын білсем... бола ма?
-Мәден, Мәди.
Датқа тұнжырап, күрсініп, кө-өп үнсіз жүрді. Бір кезде шаңқ етіп күлді.
-Иә, алма-кезек дүние-ай. Күйреді-ау менің де өмірім,-деді. Айдын оған көз салды. Жігіттің жүзін жас жуып, жылап тұр екен.Айдын не істеуді білмеді, үнсіз тұра берді. Мұны “Жанатқа не деймін? Оның ендігі өмірі не болады?” деген сауал қинады.
-Айдын, осылай дегеніңмен, мен күдер үзбеймін, хабарласып тұрамын. Мен енді басқалай ешкімге жалғана алмаймын. Осыны түсін,-деді.
-Менің жүрегімде Мәденнен басқаға орын жоқ. Сенің сезіміңе менің жауапкершілігім де, кінәм да жоқ. Қайтып бұл әңгімеге оралмайық. Мен естімедім, сен айтпадың. Жақсы ма?
-Айко-о! Тук-тук-тук! Есік қағып тұрған – индук! Кіруге бола ма, а? – Сақыштар 5-10 қадам жерде ауаны “қағып” тұр.
-Аяқтарыңды сүртіп кіріңдер, біздің кілемді былғап қоймаңдар,-деп Айдын да әзілдей, күле сөйледі.
-Қалайсыңдар? Қайда барамыз? Таңды қарсы алу керек шығар? «Кіммен қарсы алсаң, сонымен өтесің» деген,-Тұрды мәз-мейрам.
-Үйді-үйімізге тарайық, ұйықтайтын мезгіл өтті, - Айдын қостамады.
-Жетті деші...
-Жоқ, өтті,-деді Айдын,-ал қыз-жігіттер, жаңа жылды жақсы қарсы алдық. Бәріңе рахмет! Күн сайын жыл қартаяды, ал бізге күн сайын ақыл кірсін, толысайық. Дұрыс ойлай білуге, шеңберден шығып кетпеуге жазсын бізді. Жақсы күндерде кездесейік,- Айдын бәрімен қол алысып, қоштасты.
Бір жағына Жанатты жетектеген Айдын Сақышты қолтықтап, үнсіз келеді. Жүрегі сыздап, жыр толқытты.
Астынан аяғымның жер қозғалды, Жүйкемнің осы болды-ау нақ тозғаны. Мен сенің бақытыңды тілеп едім,
Сол “бақыт” жүрегіме қол созғаны! Ендігі сені не деп жұбатамын, Аруана ботасы өлген боз-боздады.
Мен сенің арқа сүйер тауың едім, Тауыңның ауырлаттың сауыр-кенін. Қазасын күткеніңнің қалай айтам,
Жаныңды жылататын жауың ба едім? Жүрегім тілім-тілім жараланды,
Зорменен бойдан шығар ауыр демім.
Лайланып, жылап ағар бұлақ бүгін, Ұқтырып өткен сәттің жұмақтығын. Сыйласып, дос санаған ғашық болса, Достықтан берік, сонда, тұрақты кім?! Мен кімге сүйенемін шаршағанда, Тербетіп жан-жүректі жұбатты кім?
Ақылым, амал таппай адастың ба?
Қалдым-ау көшкін қардың нақ астында. Ниетін айналамның аңғармайтын,
Кем ақыл, қатарымнан мен жаспын ба? Күндестік бойымда жоқ сен жазалар, Тағдыр-ау, обалы бар бұл бастың да.
-Айдын, неге көңілің түсіп тұр? Бір жерің ауыра ма, а? – Сақыш мазасызданып келеді.
-Бағана да айтып ем ғой, жүрегім... соңғы кезде өзінің бар екенін маған сездіріп жүр,-деп жымиды.
-Көп ойлана бермеу керек. Жаһан не деуші еді, иә,
“Көп білген тез қартаяды” дейтін. Ауру сорғыш аппарат болса ғой, сендегі ауруды өзіме сорып алар едім,-Сақыш жәутеңдей қарап келеді.
-Осы мен қартайған кезімде де түк білмейтін, кемақыл кемпір болатын шығармын,- Айдын күлді.
-Қойшы, Айко! Сен сондай болсаң, онда біз... біз ше, көк есекке теріс мініп алатын шал болармыз, хи- хи-хи!
Жанаттың ешкіммен ісі жоқ, ой құшағында үнсіз келеді, жүрегі құрғыр бір ызғарды сезгендей.
...Келер кеште вахтер Айдынды қалааралық телефонға шақырды. Бұл Датқа еді. Сосын күнара Арыстан поезбен келу, келмеген күні телефонға шақыру әдетке айналды. Айдынның жол таппай, басы қатты.Қатты кетсе, Датқа Жанаттан да алыстап кете ме деп, Жанатты түсінер деп күтті. Соңында, Гүлнарға жағдайын айтты.
-Келгізбеу керек болса, оны келгізбеймін,-деді адуынды қыз. Айтқандай-ақ ол Датқаға кесіп-кесіп сөйледі.
-Сен жігіт, байқауымша, екі қыздың басын соғыстырып, “кімдікі бұрын жарылады?” деп қызықтап жүрсің бе? Мұның не? Айдынның жігіті бар, жақында тұрмысқа шығады. Ал, Жанатты неге қорлайсың, жан жолдасына көз салып, а? Аяғыңды басушы болма бізге қарай, білдің бе? Біздің группаның жігіттері сенің сатқындығыңды білсе, теріңді тірідей сыпырып алады. Қыздың жауабын жүз рет есіттің емес пе? Енді неге миын қатырып, нервіне тие бересің, а? Айдынды ауруханаға түсірдің сен оңбаған!-деп бірінші қабатқа дейін сөзбен осқылап сабады, -ата, мына жігітті жібермеңіз ішке. Біздің бөлмені телефонға да
шақырмаңыз,-деді вахтерға Датқаның көзін шұқып тұрып.
-Дұрыс жасадың. Намысты деуші еді, енді келмес,- деп қуанды Айдын.
Бірақ, келесі күні “Ай-ды-ын” деп терезеден тағы
да дауыстап тұрған Датқаны көрді.
-Әй, не?! Айдын жоқ, күйеуге шығады демедім бе саған? Сөз өтпейтін, намыссыз қандай бәлесің өзің? Жо-ғал! – деп Гүлекең 5-ші қабаттан айқай салды.
...Бірақ ол жоғалмады, келе береді. Жатақханада жолығу қиындаған соң, институтты торып, аудитория аузында күтетінді шығарды.
-Сенің аса алмай жүрген тауың Жанат екенін білемін. Оған түсіндірдім. Ол ризалығын берді,-деді Датқа.
-Жанат та, басқа да маған жол көрсете алмас. Мен адассам да өз тағдырымды өзім таңдаймын. Айттым емес пе бәрін? Жақсы!
...Кереуетте аяқ-қолы мұздап, 3-4 күннен бері орнынан тұра алмай, жүрегі ауырып жатқан Айдынның қасына Жанат келіп отырды. Жылағаны көрініп тұр.
-Мен бәрін естідім, түсіндім. Сенен бұл өмірде бір- ақ өтінішім бар, орындашы...
-Ол не?-Айдын Жанаттың саусақтарын аялады, жұбату жолын таппай, ауырды.
-Сен Датқаға тұрмысқа шығуың керек. Ол арманына жетіп, бақытты болуы керек.
-Тағы не тілегің бар?
-Жоқ! Басқа тілегім жоқ, орындашы-ы,-деп құшақтай жылады.
-Жанат, сонда мен ше? Менің арманымды кім ойлайды? Мәди ше?
-Жоқ, сол тілегімді орындамасаң, риза емеспін, Айко... Уәде бер маған...
Айдын кереуетке арқасын сүйеп, көтеріле отырды.
-Сонда... қалай болғаны? Мен сен үшін қиналып жүрсем, сен ғашығыңды ғана ойлап, соның жолында мені жанды қуыршақ етпексің бе? Тілегің осы-ақ екен ғой,-Айдынды ашу қысып, орнынан көтерілді. Киініп, сыртқа бет алды. Әлсіздік адырда қалды.
-Айдын, Айко...Мені оған жексұрын етпеші. Мені кінәлағанын қаламаймын, ондай сөзді көтере алмаймын, түсінші мені де... – Жанат дауыстай жылап жіберді.
-Түсінбеген екенмін, өзімшіл екеніңді енді ғана таныттың.Сен ғашығыңа жақсыаттану үшін менің өмірімді құрбандыққа шалуға даярсың, мен –затпын ба сеніңше? Опасыздық деген осы. Меніңше, адамның кешірілмейтін екі күнәсі бар:
1.Өзімшілдік, өзі үшін басқаны құрбандыққа шалу! 2.Қастандық. Әдейі жасалмаған өлім де кешірімді!
Ал, ой-сана жасаған қастандық кешірілмейді.Сені
ойлап, жол таппай ауыратын мен расымен-ақ ақылсыз екенмін. Рахмет екеуіңе де! – сыртқа беттеген Айдын
өзін шақырып жылаған Жанаттың даусын есітті. Тоқтап тұрды да қайырылмады. Күйіп бара жатқан кеудесін ашып тастап, көшеде аяңдай серуендеп жүргенде, өзіне күлімдей жақындап келе жатқан Датқа кезікті.
-Сәлем! - ол қолын созды.
Екі қолын қалтасынан алмаған қыз:
-Сендер... сен Жанат екеуің мені ойыншық етем деп ойламаңдар! Айттым емес пе неше рет? Мен сені Жанаттың досы деп қана танығанмын. Енді тыныштық бер, сені танығым да келмейді!-деп алға жүре берді.
-Айдын, тоқташы! Өтінемін, аз ғана уақыт бөлші...
Айдын қайырылмады.Оның қабылдауындағы рухани ережесі бойынша, мұның кешіре алмайтын екі ғана нәрсесі барын достары, Жанат та білуші еді-ау.
Сонда, Жанат сын сағатта кім болды?! Бетпердесі түсіп қалғанда, Айдынның жүрек қалауы, болашағы ол үшін ойыншық екенін танытты ма? Достықты сатып кетті ме расымен?!
Өзімшілдік - өз мақсаты үшін басқаны аямау, есепте оны құрбан етуге дейін бару; өз мүддесін, өз арманын басқалардан биік деп санайтын мейрімсіздік. Түптеп келгенде Жанаттың да жігіт көзқарасын білген соң, жақсыаттанып, өтірік тілектестік көрсетіп, бұлт етіп шыға келуі – осыған саяды емес пе? Ақ бантикпен қоштасқан күннен бастап көңілінен ұя жасап, аялаған достарының бірі – Жанаттың мынадай өзімшілдігі
Айдынға соққы болды. Айдын алғаш рет қатайып, дауылға қарсы тұру керектігін түсінді. Ол өзінің езіліп жылаған жан-дүниесін өзі ғана жұбата алатынын білді. Осылай, жүрегін жұбату үшін қуануға болатын, күлкі шақыра алатын титтей себептерді ескерусіз қалдырмады. Күлді, жымиды, ән салды, әуезді әнге биледі. Соққыны үнсіз бойына қабылдай бермей, қажет болса, кері қайтарып, жаралайтын сезіммен тіресу керегін ұқты.. Ол осындай мінезді бүгін Датқаға көрсетті, сосын Жанатқа.
***
Датқа Айдын бейнесін төрт жылдың ішінде қанша рет салмады дейсің! Онсыз да қылдай нәзік үміті үзілердің алдында тұрғанда, үлкендігі нақты өз көлеміндей етіп, Айдын бейнесін қайтадан салды. Өйткені, Датқа енді Айдынның осы бейнесімен күн кешуді шешті. Үстінде жұп-жұқа жамылғысы бар нәзік денелі жымиған қыз бейнесін майлы бояумен салса да фотосурет дерлік шынайы. Датқа суретті шынылы рамкаға салып, өз бөлмесіне ілді. Ешкімнің қол тигізуіне рұқсат етпеді. Кім екенін сұрағандарға “түсімде аян боп көрінген періште” деп түсіндірді.
***
Студенттік өмірдің сауық кештерінде Жанатты бөліп бір рет те билемеген Айдын; оны қолынан
жетелеп, ештеңе көтертпеген Айдын; бір рет те өкпелетпеген Айдын енді Жанатқа бос орындай қарады. Тіпті, оны шынымен көрмейтін сияқты. Бұрынғыдай елпектеу тұрмақ, шәйға да шақырмайды, сабаққа жүр демейді, сөйлемейді.
Бағана шифоньердің есігінің қалқасында тұрып, басқалар естімесін дегендей Жанат “кешірші” деп сыбырлады. Айдын бір қарап, үндемеді.
Кеше «Айдынды көндіріп бер, мен содан басқаға үйлене алмаймын. Ол сенен аса алмай тұр» деген Датқаның өз аузынан естіген шешімінен соң, Жанат деканға «академиялық демалыс» беруін сұрап арыз жазды. «Ұйқыдағы» Айдынмен қоштасып, тілдей қағазды оның жастығының астына қалдырды. “Айдын! Адамдар теңгерілмесең, тең көрмейді
екен. Мен академиялық отпуск алып, Алматыға кетемін. Кездеспесек, жақсы. Жанат» дегенді оқыған Айдын жылдам киініп, шашын буа салып, үйлердің ара-арасынан төтелей өтіп, деканға ентіге кірді.
-Кел, Айдын, тыныштық па?
-Аға, қазір Жанат келеді сізге. Оқуды тастап кетпекші, кішкене ғана қалды ғой бітіруіне. Өтініш сізден, рұқсат бермеңізші. Осы еді...
-Қай Жанат? Ә, иә, түсіндім.
-Рахмет, аға, түсінгеніңізге, рахмет.
Айдын бөлмесіне қайта келіп, шәй дайындады. Жанат келді. Кереует жиналмаған-ды. Жанаттың хатынан хабарсыз кейіптегі Айдын:
-Сабақ қайда?-деді. Екі күн сөйлеспеген достар құшақтасып қалды.
-Мен оқуды тоқтатып, Алматыға дәрігерге көрінбекші ем... Декан арызыма қол қоймады,-Жанат көзіне жас алды.
-Оқуды тастама, Жанат. Ол біздің нанымыз ғой. Енді шамалы уақытта аяқтап та қаламыз. Дәрігерден... кеңес алған дұрыс.Оны диплом алған соң да жалғастыруға болады емес пе? Үйіміз сол дипломды қалай күтіп отыр, Жанат. Кел, шәй ішейік, маған сабақ екінші пардан еді.
-Мен шаршап кеттім!
-Кім шаршамады дейсің?! Мен де жан-жақты соққы қабылдап, әйтеуір накаутқа жетпей жүрмін. Соққыға да шынықтыру мағынасында қарап, әділетті қарсы соққы беруді, қорғануды үйренуіміз керек-ау. Карл-Маркс данышпан “Өмір-күрес” деп бір-ақ сөзбен айтты емес пе? Біз өмірге енді жеке араласудамыз ғой, Жанат. Сондықтан, қиындықты өмір деп қабылдап, онымен күресу керектігін мен де енді ғана түсіне бастадым. Бәрінен де идея,тәрбие,түсінік күресі қиын- ау деп қалдым.
-Мен ауылға барып қайтамын.
-Жақсы барып қайт. Сәлем де, мен сабақтан кешігіп қалмайын, шәйіңді іше бер.
...Жанат ауылындағы көк барқытты фотоаль бомынан суреттерді терді. Қырғи қабақ, құс мұрынды әдеміше жігіт – Датқа бейнесі қызғалдақ еріндерін қайыра жымиып, бастары бөлініп, беттері мыжылып, ошақтағы тозақ отында лаулап жанды.
***
Сәби шақта ауызға тамызып қана сақтанбаған Жанаттың “полимелит” деген сүйек ауруының емі хирургиялық әдіспен де, басқалай да емделмесін анықтаған Айдын алыс облыстағы емшіден кеңес алуға барды.
-Сіріңкенің биіктігіндей ағашты өкшеге басып, отырып-тұрып, күнделікті балтырды шынықтыру керек. Сосын күнде аз-аздап ағаш қалыңдығын арттыру керек. Солай жасап көріңдер,-деді. Ал,Алматы дәрігерлері де барлық аяқ сүйектерінің түгел және өз орнында екенін, бірақ, өспегенін айтты. Оған ем жоқ!
...Аруана көңілдің амалы қалмады.