ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ
\Шымылдық түрілгенде\
Көз жасынан тоят, кек іздемедім, Өзімшілге дерт болды «Сіз» дегенім. Үлгілі ісін, ізетін жазалайтын,
Өгей балаң болды ма қыз дегенің?
«Баспаймын деген жеріңді, кемінде үш рет
басарсың» деп бір данышпан айтқандай, бір кезде Айдын қашып құтылғысы келген Дина осы күні оның бөлмесіне жиі келетін болды. Мінезі де әдеп пен ойлылыққа бой ұрғандай.Тұрды үшін келсе де,
алдымен Айдынға соғуды әдетке айналдырды. Сосын екеуі Тұрдыға жолығады.
Бүгін де Мәди мен Тұрды қыздарды дискотекаға шақырды. Баяғыдай емес, Дина әдеппен ғана сөйлеп, көз бояуы өгермегенмен сөз саптасы түзеліп, Айдынға ұнап қалды. Серуеннен соң үшеуі Динаны жатақханасына шығарып салды. Радиодан әнін есітетін Жаннамен танысты. Ол орындайтын әндердің авторы, аты Айдын үшін абыздай қадірлі ақын ағамен кездесті.
Облыстық газет редакциясында жұмыс істейтін ақын ағасымен Айдын неше жылдан бері хат алысатын. Өзінің тырнақалды өлеңдерін жіберіп, небір мақтаулы пікірлер мен кеңес алатын. Сол ақынмен дастархандас болып отырғанмен, ол кісі сол Айдын екенін білмеді. Себебі, Айдын хатты ауылдан жіберіп, өзінің студент екенін айтпайтын.
-Дұрыс, қарақтарым. Болашақ математиканың тұтқасын ұстайтын ұстаз екенсіңдер. Сенің атың кім, айнам?-деді Айдынға күлімдей қарап.
-Айдын.
-Ә, Айдын дедің-ау, әлгінде. Осы аттас бір қызды жақсы танушы едім, шөжем. Ол математик емес, өлең жазады және өте ойлы, ойы ұшқыр, философиялық түйсіктерге негізделетін болғандықтан, поэзия әлемінің жұлдызы болар ма екен деп үміттенуші едім. Шөжем, сен сол ақын қызбен аттас екенсің, оны танымайсың ба? Фамилиясы...қалай еді? Ауылда... иә, ауылда тұрады ол... Әкесі белгілі ұстаз ғой!
Тұрды қозғалақтап, әңгімеге араласқалы ыңғайлан ғанда Айдын жылдамдатып орнынан көтерілді.
-Айтпақшы, менің переговорым бар еді, ұмытып
барады екем. Кешіріңіздер.
-Жақсы, айнам, өңің нұрлы бала екенсің. Тағы кездесерміз, облыстық газет редакциясына келсең болады,-деді ақын жігіт шығарда.
-Сізбен жүздескенімізге өзімізді бақытты санаймыз, аға!-деді Тұрды қос қолдай қоштасып,- әндеріңізді жүрегімізбен жаттап айтамыз.
-Сау болыңыз, аға,-деді Мәди де қос қолдай қоштасып.
-Жақсы,-деді Айдын көңілсіздеу.
-Жанна достарыңмен жақынырақ таныстыруың керек-ау,- ақын ұзын дәлізден көзімен ұзатып салды.
Жатақханадан шыққан соң жігіттер сөйлесу пунктіне бет бұрды.
-Сағат қаншада еді, кешікпейміз бе?-деді Мәди мұны қолтықтап.
-Жоқ...
-Жоқ? Не жоқ?
-Сөйлесетінім жоқ...
-Ох, Айко-о! Сен де өтірік айтады екенсің-ау! Ал, неге алдадың? Қайта әлгі ақынмен жақынырақ танысып алуымыз керек еді. Мен енді сен туралы айтқалы жатыр едім,-Тұрды шыж-быж болды.
-Иә, сөйту керек еді, неге асықтың?
-Мен ол кісімен бірнеше жылдан бері хатпен сөйлесемін...
-Ә, әлгі мақтап отырған ақын қызы сен болғаның ғой!? Онда, тіпті жақсы!
-Енді, неге кеттің?
-Ол кісі мен ойлағандай болмай шықты, сондықтан, таныстығымды жалғастырғым келмеді.
-Ол кісі сені танымаушы ма еді?
-Иә, тек хатпен хабарластық. Мені ауылда деп ойлайды, көрмеген.
-Қайта барайық, жөндеп... сен екеніңді айтайық біз,
-деді Тұрды.
-Болмайды. Енді таныстығымды жалғастырмаймын деп тұрмын ғой...
-Неге ұнамады ол? Сыпайы ғана, ешкімге артық
сөйлемеді, қимай қоштасып, әсіресе сен... сенімен.
-Тұрды, ол жасанды, әртіс мінезді екен. Көрдің ғой, қыздарды «айнам, шөжем» деп... Біз шөже болғанда, ол кім сонда?
-Е, сол ма ұнамағаны? Мен-сары әтеш. Ол... ненің әтеші расында қыздарды «шөжем» десе,-Тұрды қыт- қыттап ұзақ күліп алды,-мен тіпті де оған мән бермеппін.
-Айко, сондай атақты ақынды ұнатпай, бізбен шығып кеткенің үшін-ақ, рахмет саған. Тұрды екеуміз бас иіп өтуіміз керек қой саған, періштем,-деді Мәди қыз саусағын аялай ұстап.
-Эй, Мәке! Мәз болмайық, «Ақын ақынды жақтырмайды» деген ереже бар екен, соны көрдік тә!- Тұрды Айдыннан қорғаштанып еді, қол серпілмеді,- бірақ ол ақын Айконьді «шөжем» деп өліп-ақ тұр-ау, ә? Хи-хи-хи!- Тұрды тағы қорғаштанды, Айдын үндемей келеді. Алай-дүлей көңілінің тереңінен жыр маржаны өрілді:
Тәкәппарлау шығармын білмегенге, Орынсыз қалжың айтып, ілмелеме. Рас, маған ұнайды дәл осыным, Күле алмаймын пейілсіз күл дегенге.
Тұманданса тап-таза адалдығың, Мейірімді шектеді қаталдығым.
Шынын айтқан жек көрсе, сүйсе-дағы, Нар мінезді мінеуге бата алды кім.
Жақсы көрген кісімнің өкпелеймін, Сәл оғаштау ісіне көпке дейін.
Жамандығы жанына жарасатын,
Жандар да тіршілікте көп пе деймін?!
/Жарастыға несіне өкпелейін/
Расы сол – оп-оңай алданамын, Өйткені – өзім алдауға арланамын. Есейсем де мәңгілік өзгермейтін, Сәбилік сезім менің таңдағаным.
Адам деп соққан жүрегі жаңылмайтын, Аққу сезімділерге жаным – айдын.
Жаның туыс, сондықтан бауырымсың,
Бауырымсың, болсаң да танымайтын.
Жан туысым сыр айтып, жылайтыным, Соның ғана алдында құлайтыным.
Тәкәппармын, салқынмын бөтендерге, Тек сондықтан саған да ұнайтыным.
-Айко-о! Не болды саған, а?
-Айконь, маған қарашы, неге сонша көңілсізсің, а?
-Мен ол ағаны қатты қадірлеуші едім. Бірақ, ол шынайы емес, жасанды мінез көрсетіп, «Шөжем, айнам» -деп, көлгірсігені несі!? Айдын көп күрсінді.
***
Әли Мәди ағасына келген сайын өзінің тырнақалды жырларын Айдынға «түзетіп берсінші» деп беріп
жіберетін. Бұл өзін біреудің ақын ретінде ұстаз
тұтқанына қатты қысылса да, өз талғамына сай өзгеріс енгізетін. Мәдимен бірге ол да қыдырып, дастархандас болғанмен айрықша поэзия туралы тілдеспепті.
Сол Әли ауруханаға түсіп, Мәди, Тұрды үшеуі халін сұрай келген-ді.
-Ей, бауырым, мына ақ халаттылардың ішінен бір ақ сазанына қармақ тастадың ба?-Тұрды Әлидің жалпақ жауырынын қақты.
Әли шашын қайырып, күле берді.
-Сен енді кемелденген шағыңа жеттің. Қақпақ жауырын, аршын төс – хас батырдай тұлғаң бар. Ең бастысы, Әлеке, сенде Мәкең екеумізде жоқ
шұбалшаң... шұбалшаң бар-р ғой,-Тұрды қыт-қытына басты.
-Өй, сен... Тұреке...-деп қызарды Әли.
-Тұреке, шұбалшаңың не?-деді Мәди де Айдынға бір, Тұрдыға бір қарап.
-Мен сыртта күтейін,- Айдын сыртқа беттеді.
-Өй, Айконь, қайда барасың? Сыртта қар, тоңып қаласың ғой.
-Айко, қазір бірге шығамыз,-деп екі досы қызды жібермеді,-сен сары әтеш, қай кезде шақыруды білмейсің-ау!
-Рас қой, сендер тү-түсінбейсіңдер! Әли, сенің қармаққа ілер шұбалшаңың - бір ауыз өлең ғой, не қылқалам-суретің. «Ғашықпын» дегенді бір ауыз өлеңмен айтсаң, талып түседі ғой дәрігер - қыздар.Әй, сенің өнерің менде болса-шы, 40 қызды қармағыма түсірер ем, әһ-һ!-деп Тұрдының күлкісі көбейді,-мына жер курортқа айналар еді-ау... Айконың орнында болсам... Енді, қыз ғой Айконь... Ал, давай!
-Айтпақшы, Айеке, сізге шәкіртіңіз ретінде түзеп бересіз бе деп біраз жазғандарымды әкеліп ем, берейін бе?
-Мейлің... Бірақ, мен ақын емеспін ғой...
-Айко-о! Біз сен үшін мақтанып, қоқырайған қораз боламыз. Ал сен... әлің Мәкең екеумізді төпелеуге жетеді, Әлиге сыпайы бола қалыпсың-ау... Ойбай, қойдым! Әлеке, дәптеріңді маған бер, Айконың қолы
тоңып қалады,-деп Тұрды ішкі қалтасына салып, сыртынан қағып-қағып қойды.
-Жақсы, тез жазылып кет.
-Менің кеңесімді ұмытпа!-деп күлді Әлиге.
Бұл үшеуі бір шақырымнан көп жерді әңгімемен қалай жаяулап өткендерін байқамай, сіріңкенің тік тұрған қораптарындай, студенттік жатақханаға жетіп қалғанда аңғарды.
-Кел, Айко, сырғанатайық!
Кең асфальттағы мәшинемен тапталған қалың қарда екі жігіт екі қолынан сырғаната жүгіріп келе жатқанда, Тұрдының аяғы тайып кетіп, үшеуі аппақ қарға омбықты.
-Сен аяғымнан шалдың ба, Мәке? Мәс-саған!
-Ой, жалақор! Ал саған!
Айдын екеуін де домбаз қармен атқылады.
-Жау шапты! Жау, жау!
-Тойтарыс беру керек!
-Аха-ха-а!
-Ух! Рахаттанып қалдық-ау!
-Жәнім кірді-ау, Айко, шаршамадың ба?
-Жоқ, мен де рахаттандым.
-И, жәнім-м! Жаңа жыл жақындап келеді. Қайда, қалай қарсы аламыз, а?
Айдын ойланып қалды, себебі жаңа жылды бірге қарсы алуды Датқа Жанаттан сұранған екен. Жанат Айдынның бірге болуын өтінген-ді.
-Жанаттың әскердегі досы келген екен, сол біздің бөлмеде бірге қарсы алмақшы.
-Онда, мен де ауылдың хабарын алып қайтайын. Әли де оған дейін ауруханадан шықса, үйге бірге барармыз.
-Иә, елге барып қайтқаның дұрыс. Тез келесің бе?- деп сыбырлады Айдын.
-Әрине, жылдам қайтамын. Мүмкін, біздің ауылға бірге барып келерміз, Айко?
-Ұяламын.
-Ол жақтағылардың бәрі де сені таниды, аты- жөніңді, жағдайыңды біледі. Ең кішкене қарындасыма дейін сенің суретіңді көрсетіп, «қашан келеді біздің үйге?» дейді барған сайын. Енді, құдай қаласа, биыл... сол өз үйіңе барасың, жаным.
Тұрды артта жәймен келе жатқан-ды. Сөздерін анық естіді. Ішіне бір аш көкжал кіріп, сойылды тырнақтарымен аяусыз осып-осып жібергендей, іші ашыды, жан дүниесі қан-жоса болды. «Не дейді?!»
-Ойба-ай! Мына екеуі мені қара шыбын құрлым көрмейді-әй, аһ? Мен жоқтай-ақ сыбырласып... Қарашы-эй!-деп Тұрды екі ғашықтың қолдарын ажыратпақ боп, кірікті.
-Тұреке, Жантық болайын дедің бе? Арғы шетіне шықсайшы...
-Сары шыбын, мұнда келші, мына қолыма кел!
-Қодар боламын мен!-деп Тұрды ұстасқан қолдарды шынымен-ақ күш сала бөлуге кірісті.
-Қодар, қолымды ауыртасың, сазайыңды беремін қазір! Сенің орның оң жақта ғой... Былай шықшы!-деді Айдын.
-Ә, оң қол, оң жақ менікі, хи-хи!
-Мәз болма, Қодеке! Өкпе сенікі, сол жақтағы жүрек менікі! Аха-ха-а!
Екі жігіт тағы да жас балаша алыса кетті.
-Үстілерің су болды ғой, ақымақтар! Қойыңдаршы енді. Онда, мен кеттім!
-Қойдық, болдық,-деп күлді Мәди.
-Тоқта, Айко, кетпеші. Менсіз кетпейсің ешқайда! Осыны ұмытпа!-деді Тұрды мұның оң қолының саусақтарын сүйіп.
|
алдында біраз уақыт қоштаса алмай тұрды.
-Мәди, Тұрды неге «Қодар боламын» дейді?
-Оның сөзі не, өзі не. Қылжақбас қой, білесің.
Соған мән бермеші.
Айдын күрсінді. Баяғыда «Достық пен махаббат» туралы диспут болған күнгі масаң Тұрдының сөзі
қайта жаңғырықты.«Айко, сол Мәди не береді саған, а? Не күтесің одан, а? Одан гөрі өмірден менің алатыным көп, мен ептімін. Сен қаласам менікісің, мен сені
сүйемін. Мен тірі тұрсам, екеуің қосылмайсың!» деген-ді.
Әлгінде «Қодармын» дегені сол оқиғаны тірілтті. Екеуінің қолын шын ниетпен бөлуге әрекеті, ойнаған боп Мәдиді төмпештеуі – оның қызғанышы сияқты көрінді. Айдынның көзіне жас келді, денесі түршікті.
-Айко, көңіліңді түсірмеші соған бола. Жарай ма?
-Мәди, мен шынымен қорқайын дедім. Ол... ол ше... баяғыда бір сөз айтқан еді... Мен оған мән бермей келіппін-ау қазірге дейін...
-Қойшы соның сөзін! Қазір бөлмеге барып, жарты сағаттан соң келемін саған. Сосын оқу залында сабаққа дайындалайық, мақұл ма?
Бұл бас изеді.
-И, жаным-м менің!
Айдын өз бөлмесінде тамақтанып отырғанда, Тұрды келді, Әлидің дәптерін берді.
-Айконь, не болды, мазаң жоқ қой?!
-Басым...
-Кәні-кәні, ыстығың бар ма екен? Өзім емдеп қояйыншы, көрейінші,- қыздың маңдайына қолын соза беріп еді, қыз қолды кері ысырды. Қолын қусырынып, үнсіз тұра берді.
-Не болды, сонша!? Жарасып-ақ қалыпсыңдар! Сен ғой, қолымды қағасың... Ол мені адам демейді! Өзара сыбырласып... менсіз не істей аласыңдар сендер?!
Айдын үндемей тұра берді.
-Көрерміз!-деп Тұрды кері бұрылды да, ең төменгі қабатқа дейін баспалдақ жақтауларын тепкілеп, сақыр- сұқыр тарсылдатып, төмен түсті.
Бұл Айдынның осы жасқа дейін жақын адамынан көрген алғашқы соққысы еді. Көңілі алай-дүлей, ең жақын ет бауыры қайтыс болғандай, жүрегі сыздады. Жыр өрілді.
Жүрегім жылап, күрсіндім, Пердесін түріп бір шынның. Оспашы улы тырнақпен,
У сөзін айтып, бір сырдың.
Жан досым, бүгін қандайсың? Түлкідей бізді алдайсың.
Ғашық боп сүйген жүректің, Сыңарын неге таңдайсың?
Бөлмеші, бізді бөлмеші, Сайтан тілге көнбеші.
Жүректі бергем досыңа, Сезімсіз ете көрмеші.
Тілегім таза, тұп-тұнық,
Адам боп қалу – мықтылық. Жауқазын ғұмыр тілеп ем, Тағдырға кетпе түттіріп.
Бөлмеші бізді, сұранам, Мәдимен АРМАН құрағам. Өзіңнен шыққан жау жаман, Өзектен теппес ұлы адам.
Дәлізде аяқ дыбысы есітілді. Жүрісінің тықылынан танитын әдетімен «Бұл -Мәди» деді сезімі.Есік
қағылды.
-Айко, Мәди шақырады,-деді Жанат.
Айдын қалам-қағазын ала шықты. Мәди күтіп тұр екен. Мұның бетіне бетін тигізіп, иіскеп алды.
-Тамақтандың ба?
-Иә, -деп еркелей жауап берді қыз. Әдеттегідей, бір саусақпен жетектесіп, екеуі оқу залының бір үстеліне жайғасты.
-Тұрды бізге ренжіп қапты. Киініп, сырттан арақ әкелуге кетті. Қызық екен, онысы несі? Мен ойнап жүр ме десем, расымен ашулы,-деді Мәди.
Айдынның жанары алы-ыстағы бір нүктеге байланып, ойға шомды. «Тұрдыны осынша шошындырған не нәрсе? Мәдидің Айдынға айтқан
сөздері ме? Басқа не өзгеріс, не себеп болды осы арада? Ештеңе! «Құдай қаласа, сол өз үйіңе биыл барасың» деді Мәди. Осы сөз оған оқтай тигені ме? Тұрдының қазіргі сөзі мен қылығын айтуы керек шығар? Айтса, араға шоқ салғандай бола ма? Әрі Мәдидің оны «қылжақбастың сөзін қайтесің» деп, ылғи да мән бермейтіні, айтқызбайтыны бар емес пе? Қайсысы жөн? Не деген тап-таза пейілді едің, Мәди? Дос деп таныған Тұрдының шымылдығын ашып, бетпердесін шешіп, 5 қабаттың баспалдағын аяғымен теуіп кеткенін қалай айтады енді? Бұрынғыларын мастықпен бүркеді. Бүгін ішпеген ғой! Ішпеген!»Мәди екеуінің кішкене саусақтарын іліністіріп, кітабына беріле үңіліп отыр. Айдын «Әзірбайжанның кемпірі» дейтіндей, ұзын кірпікті қатпарлы қабақтарын оқтын- оқтын ашып-жұмып, алдына аздап тіке қарап алады да, қайта кітапқа үңіледі. Қаннен қаперсіз, сабаққа беріле кіріскен жігітті ойы шашылған Айдын елеңдетті.
Айдын ақ қағазға: 10/10 = ? деп жазып, оған ысырып қойды. Ол «1» деп жазды. Айдын бас шайқады. Мәди «дұрыс қой» деп сыбырлады.
-Онда, атыңды жазып, қолыңды қой, -деді. Жігіт солай жасады.
Айдын «1» -ді қас, 0-ді көз, «теңді» мұрын, ауыз жасап, шаш пен бет, құлақты қосып, күлкілі бейне жасады. Оған «Растаймын. Мәди.» деп жазылып, қолы қойылған. Қайта ысырды. Екеуі де үстелге бастарын
қойып, үнсіз селкілдей күлді. Аздан соң күлкілерін басып, тіктелді. Мәди қыздың екі қолын бірдей алақанына салды.
-Айко, бір қолың ыстық, екіншісі мұздай ғой. Неге?-деп жазып, қағазды ысырды. Айдын жүрегі ауырып, қан дұрыс жүрмегенін түсінді. Бірақ, сезімі сыздап басын сәл қисайтып, «білмеймін» деп ишара жасады. Сабаққа ден қойған болды.
Айдын әлгі ақ қағазға өлең жаза бастады.
Бір қолым - жалын, бір қол - мұз, Бір демде ысып, мұздаймын.
Сыр төгіп көңіл – қылқобыз, Айтпауға шарасыздаймын.
Ауысып қаным үлгермей, Алмасып сезім жүргендей. Ұрланып қарай беремін, Тұрармын қалай бір көрмей?
Шашыңның толқындарына, Шуағым ақтарылды да, Шымырлап құйқаларыңда, Айналдым солқылдарыңа.
Айта алмай жүрген бір үннен, Бір үннен туған дірілден,
Солқылдап соқты дүние, Нұр шашқан отты түріңнен.
Өртенді сезім, өртенді,
Өрт шалса қайттім өлкемді? Күнім боп мәңгі тұруға, Берші сен маған серт енді.
Ол шынашағымен жалғасып, беріле кітапқа үңілген Мәдиге тағы қарады. «Алыстамашы, арманым» деді іштей.
Айдын Әли берген дәптерді ашты. Көңілінде «Қыз Жібек» фильміндегі ақбозаттың жүгені қолынан сырғып, шығып бара жатқан сәттегі Жібектің сезімі күмбірлеп тұрды. Мәдимен жеке бір рет те қыдыруға шықпағанына; «суды басып кетпеші» десе, әдейіге су кешіп тұратынына; «сүйші» деп жалынса көзін жұмғызып, аузына бірдеңе салып жіберетініне; өмірде бір рет те «сүйемін» деп айтпағанына; бір рет болсын тілін алмағанына тап қазір көз жіберіп, тап қазір өкініп отыр. Неге ылғи да Тұрды қастарында жүрді, неге? Неге оның арамза ниеттерін қанша естісе де Мәди екеуі шынға баламады? «Сені сүйемін, Мәдимен мен тіріде қоспаймын» десе, сол кезден неге іргені аулақ салмады? «Айдынды сүйемін!» дегенін барлық достары естіді. Мәди де. «Оның сөзіне мән
бермеші»дей беретіні-ай! Сол кезден бастап, сорға қарсы тұрудың орнына сорын жабыстырып ұстағаны несі бұлардың? Қанда-ай ақымақтар еді!? Енді не істеуі керек? Осыдан екі сағат бұрынғы жұмақ өмірі әп-сәтте қалай тозаққа айналып кетті екен? Айтып келген ажалды дос деп есептегені несі?! Айдын өзге түгіл өзін де танымайды екен-ау... Міне, Мәдидің бұл құбылысқа қазір де көңілі көр. Ал,қазір-ақ түсіндіріп бақшы! Достардың арасына жік салған әзәзіл боп шыға келерсің. Не істеу керек?!»
-Айко, сабағың кәні? Оқымайсың ба? Өлең жазып отырсың ба? Осы сенің менен де жасырып, оқытпайтының не, әкелші оқиын.
-Бағана Әлидің бергені ше, соны қарап отырмын...
-Ә, иә. Жаңа біразда Тұрды есіктен қарап тұрды ғой. Көрдің бе? Удай мас. Оған не боп жүр өзі?
-Мәден, мен одан шын қорқайын дедім,- Айдын ол туралы бәрін айтайын деп тағы сөз бастады. «Оған не болып жүргенін» Тұрдының өз сөзімен айтпақ болды.
-Жаным менің! Қорқақ ақ қояным-ау! Сары әтеш шақырар мезгілін білмейді.Мән бермеші соның сөзіне. Арақ ішіп, бірдеңеге ұрынып қалмаса, жарайды.
-Иә, аман-сау, бәледен аулақ болайық.
...Айдын Әли дәптерін оқи бастады.
Қиын-ау қыз дегенің, қыз дегенің,
Сен болдың өмір бойы іздегенім. Өзімнен аздап үлкен болдың неге, Қиын-ау менің сені «сіз» дегенім.
-Мәден, Әлидің қызы қайда, білесің бе?
-Білмеймін. Қызға жазып па? Кәне,-ол да үңіліп оқи бастады. Күлді,-бәлекетін қарашы өзінің! Айко, сен енді басын оқып отырсың ба, а? Бағана не жаздың сонда, берші-і...
-Қойшы, кейін...
-Иә, құдайқаласа дейін, кейін бәрін оқитын боламын ғой. Үйден басқа қайда жасырарсың сонда, айтшы? Аяқ-қолыңды байлап тастап, маған жазған өлеңдеріңді айқайлап оқып, жар саламын. Сонда, не істейсің, ал?! Айтшы!-Мәди сыбырлап отыр.
Айдын бір саусағымен оның екі бетінен төмен қарай алма-кезек сызды, «ұят» дегені.
-Ә, ұят болады. Қой, сабақ оқиық.
Айдын Әлидің жазғандарын оқып, кей жерлеріне қаламмен түзетулер енгізіп отыр. Соңғы бетіне жетті.
Көргеннен мен өзіңе ғашық болдым, Білмеймін, сен дегенде жасық болдым. Сен мені ақын еттің, жақын еттің, Қинайды-ау тозақ оты ақыреттің.
Шын сүйген жүрегімнің күнәсі не, Сүйіктім, неге мені жақын еттің?
Бауырым мен мені бірдей ғашық етіп, Бауыры, бүйрегі жоқ тақыр еттің.
Айдынның жүрегі ауға түскен балықтай тулап кетті. «Не дейді?! Сұмдық-ай! Не оқып отыр бұл!? Бүгінгі күн не деген ауыр еді! Осы батқан күнмен бәлекет кетіп, кешегідей жаңа күн күліп шықсыншы. Нем бар еді дәптерін оқып! Енді не істеймін? Қой, көрмеген болайын, өшіргіш қайда, салған белгілерімді өшірейін» Айдын орнынан көтерілді.
-Қайда,шаршадың ба?-деді Мәди бұған аңтарылып.
-Менің ше... менің... жүрегім ауырып...
-Бәсе, түрің қашып кетіпті ғой, отыра тұр, мен бір стакан ыстық шәй әкелейін.
-Мәди, өшіргіш резина ала келші...
...Құлағы шуылдап, екі самайы солқылдаған Айдын Әлидің дәптеріне тағы көз салды.
Айдыным, айналшықтап кете алмадым, Үлкеннің өткелінен өте алмадым.
Өтіпті төрт жыл міне, жыр арнадым, Қол созған арманыма жете алмадым. Осылай хат берсем де арманым жоқ, Қайтейін, бақытыңа жет, ардағым.
Мәди тәтті, ыстық шәй әкелді.
-Қалайсың? Барлық нәрсені жүрегіңнен өткізетінің не осы? Тұрды жатыр әне, қорылдай ұйықтап.
-Иә?! Ұйықтап жатыр ма? Дұрыс бопты басылса,- Айдын оның ештеңеге ұрынбағанына қуанып кетті.
-Айконь, сол досыңды көп уайымдай бермеші.
Жүрегіңнен айналайын сенің! Ол жүрек расымен-ақ ауру боп қалса, мен қалай күн кешемін? Ол ақылсыз әтешті өзінің иесі уайымдасын.
-Иесі кім қазір? Дина ма?
-Кім білсін кім екенін, оның қызы көп қой әйтеуір.
-Да-а?! Көп болғаны дұрыс бопты!
-Иә?! Сен «көпшеге» қуанбаушы ең ғой, не болды бүгін, а? Жаңалық қой... Онда...-Мәди әзілдеп күліп алды. «Мен де» деген сөз айтылмай қалғанына Айдын да мәз болды.
-Жоға, бірі болмаса екіншісіне ғашық болса екен дегенім ғой. Махаббат деген – құдірет емес пе? Оны тәрбиелер еді. Сабағыңды оқи берші, мен дұрысталдым.
Айдынға расында жеңілдік пайда болды. Дәптердің орта шенінен «көрілмеген» болуы үшін өзі енгізген өзгерістерді өшірді. Аңқау Мәди оны аңғармады.
-Мен демалсам ба деп...
-Иә, жүр, бөлмеңе апарып салайын.
-Әлидің дәптерін өзіне бер, әркімнің қолында жыртылып, не жоғалып кетпесін. Жақсы екен, мазам
болмай, аяқтай алмадым, өкпелемесінші. Ертең берерсің, жақсы.
-Жақсы жатып, жақсы түс көр,-ол бір сүйіп, бөлмесіне кетті.
...Айдыннан бүгін тағы ұйқы қашты. Сыртқы бейнесі Мәдиге мүлдем ұқсамайтын Әлиді елестетті. Дөңгелек жүзді, қалың қасты, тәмпіш танау інісін «Ол анама, мен әкеме ұқсағанбыз» дейтінін естеді. Әли мұны ұнатып қалатындай, ойласа дым да болмапты. Мүмкін бұл қате түсінген шығар? «Аққу, айдын» деп жаза береді ғой ақындар. Ләйім қателік болсын. Ғажап дейміз-ау. Бұл сияқты ғажаптың барынан жоғы! Аллам-ай, мұндай азаптан сақтай гөр!» деп сиынды Айдын.
Келесі күні таңертең институтқа асығыс кетіп бара жатты. «Айко-о!» деді Мәдидің үні артқы жақтан. Бұл жүрісін бәсеңдетті, «Тұрдымен қалай кездесеміз...» деп, ол жаққа бұрылуға дауаламады.
-Қалайсың, жүрегің дұрысталды ма?-деп қол созды Мәди.
-Иә...
-Айко, достасамыз ба?-деп Тұрды оң жағынан ыржия күліп тұр,-кел, маңдайыңды әкел.
Айдын мойнын оңға бұрды, Тұрды маңдай
түйістіріп, мұның ұзын баулы сөмкесін өзіне асынды да, қолтықтады.
-Мені енді күйдірме, жарай ма? Әйтпесе, мен арақкеш болып кетемін. Ол саған батпай ма, а?
-Мен қалай күйдіремін, от емеспін.Өзіңнің көзің лупа боп, энергия жинаған шығар. Тез тұтанатын,жел тұрса домалаңдап ұшатын қауқарсыз қаңбақ болмашы сен де.
-Лупа... Отсың сен, күнсің сен!
-Қойшы енді, қазір тағы ұрысып қаламыз, қаңбақ шал.
-Кім дедің? «Қаңбақ шал?» Дұр-рыс, енді атың табылды сенің, Тұреке,-деп Мәди мәз.
-Жоқ-ә, түзету керек аздап. «Қораз басты қаңбақ шал»,-хи-хи-хи, немесе, «қаңбақ денелі сары әтеш-ш»- деп Тұрды қыт-қыттай күлді.
Айдынның жүрек жағында ауырлап тұрған зілдей батпан екі жігіттің жарасты күлкісінен үгітіліп, ұшып кеткендей жеңілденді.