21.07.2022
  102


Автор: Баян Тіленшина

КІНӘСІЗ КҮНӘҺАР

 


Шын сүйген айта алмайды «сүйемін» деп, Шын топас сөзге тұрмас «жүйемін» деп.


Дәндері толық бидай иіледі,


Сабан бас тікшимей ме «би едім» деп?! Тамырын Жерден алған тіршілікке,


Шырмауық оралмай ма сүйегін жеп!?


 


Бүгін ТММ – машина және механизмдер теориясы пәнінен сызуға жәрдемдесу үшін Мәди Айдынның


бөлмесінде еді. Студенттер ТММ-ді сөзге жіктегенде


«Тут моя могила» деп әзілдейтін. Бөлмеге Бәтес,


артынан Сақыш келді. Екі жігіт сызуға, екі қыз шәйға дайындық жасап, дастархан жайылды.


-Сақыш, неге біртүрлі болып отырсың? Бір жерің ауырып тұр ма?-деді Бәтес.Ол жәй ғана бас изеді.


-Қай жерің? Қазір ғана бәрі жақсы еді ғой?-Бәтес ынты-шынтысымен әбіржіді.


-Бір жерім, - деп күлді Сақыш.


-Қазір жазып аламыз сені. «Қалса қалсын қазанда, жылытамыз азанда» деген кешегі сөзің ше? Палау жейміз, - деп Айдын ас әкелді, ұшып-қонып жүр.


-Е-е, айтпақшы сенің тәуіптігің бар ғой, баяғы ше... Саиданы-шы, баласының көкжөтеліне ем жасағаның-шы-деп, Бәтес түсіндіре алмай күлді. Айдын ойланып қалды.


-«Тәуіп?!» Иә. Енді есіне түсті.-Ол үшін ауру кісі ерекше ықыласымен келуі керек . Бар сенімі, бар тілегі сол  тәуіпте  болса  ғана  жазылады,-деді  Айдын,  -


«психология» солай дейді. Қазір тәуіптігімді айтып беремін, тамақ алыңдаршы.


Сақыштың шынында да жүрегі сыздап ауырып отырды. Мектепте басталған кіршіксіз таза сезімімен өзімен өзі күресіп келе жатқанына қазірде төрт-бес жыл болған шығар. Бір рудан және өзінің кішілігін


 


біледі. «Бұл қазақ заңына қарсы, ұят, дау, тіпті өлім


ғой! Әлем қызға толы! Нең бар Айдында!» дейді ішкі даусы. «Онда, «Қаракөз» пьесасы неге жазылған?


Махаббатқа заң жоқ, жеті атадан соң үйленсең, қан тазалығы да, әдет-салт та, дін де бұзылмайды» дейді тағы бір ішкі дауыс. Осы жұбаныш осы бөлмеге күніне екі-үш рет жетелеп әкеледі. Ұлас айтпақшы,


табалдырығында жатса игі еді. Бірақ, мына Айдынның миында оны ұғынатын, тіпті бір нүкте де жоқ-ау.


Сақыш осыдан қорқады. Қашан көрсең Мәдидің


қасында жүретіні не? Мен ғой... мен кластасымын, ал, бұл неге келе береді бөлмесіне?! Мұның қандай ақысы бар?! Әлде, келгеніне қарағанда... Айко да оны сүйіп... қалған ба? Жоқ! Мүмкін емес! Жоқ!» Сақыштың


тамаққа созған қасығы қимылсыз қалып, селк етті. Бәрі де бұған аңтарылды.


-Сақыш,бауырым, не ойлап кеттің? Шәй іш. Қазір мен қалай тәуіп болғанымды айтайын,-деп Айдын оның шәйін жаңалады, - алып отырыңдаршы айтқыза бермей.


Біздің Саида деген көрші қызымыз бар. Менің қасымнан шықпай, көбіне біздің үйде уақытын өткізетін. Бір төсекте өстік қой. Сол Түркістанға тұрмысқа шығып, баласы көкжөтел болса, маған ниеттеніп, төркінге әкеліпті.


 


-Сен емдейсің, түкір! Түкірмесең, мына бала өледі,- деп кәдімгідей жылап тұр ғой. Үйіме қарай өткізбейді мені.


-Түркістан деген нағыз тәуіп-емшілердің ордасы.


Мұнда не бар?! Дәрігерге апармайсың ба?-десем, көнбей «түкір» деп жалынады.


-Сосын?


-Сосын үйіне кіріп, баланы көрдім. Шиқылдай жөтеліп, тынысы тарылып барады, анасы «түкірші» деп жылап тұр.


-Иә, не істедің? Түкірдің бе?


-Не деп, қалай түкіруді де білмеймін ғой, баланы қолыма алып,«Түпәй! Кет бәлекет!» дедім тәуіп болып. Үстел басындағылар қыран-топан күлкіге көмілді.


Әсіресе Мәди кереуетке жатып ап, күлкісін тия алар емес.


-Сосын не... Не істедіңдер? Қойды ма?


-Сәйкестік пе, түкірген лептен шоши ма, ба-бала қоя-ды-әйтеуір жө-жө-телін,-деп Айдын да күлкіден шашалды. - Үйіме бәрібір де жібермей тұр, салт бойынша кез- келген біреуден ем сұрап, соны орындау керек екен. Бір өткінші кісі «көк сиырдың сүтін жерге қоймай, жылы күйінде беру керек» деді.


-Сиыр сау... саудың ба-а? А-ха-ха!


-Кешке мал пададан қайтқанша біраз уақыт бар. Ауылға жақын жерде сиыр фермасы болатын. Со-соға-


 


ан... бара-ай-ық деп айтты ғой Саи-да-а,- Айдын сөйлеуге шамасы болмай күліп отыр.


-Ба-бар-дың...ба?- Мәди құлап жатып, тілі жетпеген сұрағын қолымен ымдап сұрайды.


-Иә,  бардық  қой  бір  жарым  шақырымға  бала


көтеріп. Со-ол қиын болды. Кезек- кезек көтерейік десем, «Жо-оқ! Болмайды ол! Сен ғана көтеруің керек» деп досым көнбейді ғой.


-Ыс-сен, се...Хи-хи-и,- деп, Мәди мен Сақыш аунап күліп жатыр.


-Ферманың шетіне жеттік-ау әйтеуір. Сиырлар сырттағы алаңда екен. «Кімге айтсақ болады?» деп қарайлап тұрғанымызда сиырлар жақтан бір әйел баласының жан дауысы шыға айқай салғаны. Өзі бізге қарай жүгіріп келеді. Қолында шелек. Түсінбейміз.


-Миша! Ми-ша-а! Қаш, қаш!-дейді.


-Мишасы кім?!- деп бір-бірімізден сұрап қоямыз.


-А-ха-ха! Қаштың ба-а?


-Қайда қашам! Қолымда бала, өзім әзер тұрмын.


-Апай-ла-ар! Миша бос! Ол сүзсе, өлтіреді-і,қаш!- деп бір әзірбайжан қыз жүгіріп...


-А-ха-ха! Әзірбай-жа-ан ба?- деп, Мәди өз мұрнын


ұстай күліп, кереуетке қайта құлады.


-14-15-гі жас қыз екен.Біз ферманың қабырғасы жаққа кері шегінейік. Сен көк сиырдан бір кеседей сүт сауып әкеліп бересің бе?-деп жағдай айттым.


-Тәуіппін дедің бе? А?


 


Шелекті жерге тигізбеші,- деді Саида. Көк сиырды ұстап, бір кесе сауғызып, мен ішкіздім-ау...


-Сен ба... ішкі...


-Баланы менің қолыма ұстатып қойды емес пе, «сен бер, сен көтер» деп. Біздің үйге баламен қондық қой.


Түнде кеш жатқанбыз.Бала шиқылдап, көгеріп кетеді, тағы «түпәй, кет бәлекет!» деп... түкі...ріп... таң атты- ау, әйтеуір...


-Иә-ә?! Не істедіңдер, а-а? – дейді Бәтес те күлкіден аққан жасын сүртіп, - со-соны айтсайшы... Дә-дәріңді...


-Осы оқуыма кетуім керек. Саида «Сен кетсең, не істеймін? Балам өліп қалады!» деп жылап тұр ғой.. Бұл жерге әкелгенім қалай болады енді?


-Әкелмедің бе, кө-көре-тін...


-Өзім де қалай жұбатуды білмей тұрсам, әлгі-і... көк гүл ашатын сүті бар шөп-ші-і, шашыратқы, - Айдын сөйлей алмай күлді,-сол шөп жоңышқалықта өсіп, гүлдеп тұр екен. Соны жұлып, Саиданың қо- қолына ұстат-тым. Жөтелгенде «түпәй, кет бәлекет!» деп мұрнына иіс-иіске-ет деп... қайнаған суға гүлін бір ба-ты-ыр-ып ішкі-із деп...


-Содан не болды? –деп салмақты Сақыш та ішін ұстап күлуде.


-Содан... кейінгі аптада барсам, баласы жазылып


ке-кетіп-ті-і. «Сен жаздың, сенің балаң» деп отыр ғой ма-ма-ға-а-ан...


 


«И, жаным! Менің де тәуібім - сен» деп Мәди көзін ашып-жұмып, мұрнын тыржитып, алыстан иіскеп, ишарамен еркелетіп отыр.


Бұл әңгіменің аяғында бөлмеге Тұрды мен Сәбеш те келіп қалған-ды. Сәбешке таныс оқиға, ал Тұрды бір кереуетте домалай күліп, әлі басылар емес.


-Ой, Айко-о! Емшілігің күшті екен-ау! Енді ауырсақ, есте болсын! Көкжөтелді ем-ем-де-сең, а, кәдімгі тұмау-сұмау не тұрады саған?


–Уһ, ішегім үзіліп кете жаздады-ау! Негізі


студентке тәуіптік деген жақсы... Уһ, жақсы кәсіп қой бұл! Қарнымыз тоқ, көйлегіміз кө-өк!-Тұрдының ішек- сілесі қатты,-Айко-о! Шынында да біздің бөлмені


емхана ғып, ұялсаң, бетіңді көрсетпей-ақ, орамалмен жауып... тамыр ұстатып, пұл табайық. Өзім-ақ... бәрін ұйымдастырамын.


-Тұреке, сен не, шындайын дедің бе? –деді Мәди.


-Шын болса-шы, Абай атаң не деген? Ойланшы,


«Есекті жуып, ақша тап» деген!


-Сонда, біздің Айконың еңбегін сендер неге пайдалануларың керек,- аңқау Сәбеш сеніп қалды.


-Тең бөлісеміз, Сәке! Асықпаңызшы,-деді Тұрекең.


Дастархан үстінде түрлі тақырыпта қызу пікірталастар өрбіді.


Айдын осынша достарының арасында өзін жылы


ұядай ай-алақанда тербетілгендей, бақытты сезінді.


«Студенттік алтын шақ» деген рас екен деп түйді.


 


 


***


Жанатқа Датқадан хат келді. Суретшінің әріптері де ерекше бола ма, ірілеу жазылған мүйізді әріптер иесінің аман-саулығын жеткізсе де, көңіл-күйін анық айта алмаған. Датқа клеткалы екі параққа сурет салып,


«Жауабын тап» деп қана сөз жазыпты.


Жанат Айдын екеуі суреттегі сызбаны мұқият қарап, зерттеп, жұмбақты түсінуге талпынды. Теңіз толқыны жағаға ұрып, қайтқан толқын жалы – ат басы сияқты ма... Ол ат қиналып, кісінеп жатқандай ма... бір түрлі көңілсіз көрініс.


-Суретшіге ақын жауап берсін, кәне, бірдеңе деші,- деді Манат.


Бұлар әзіл өлеңмен жауап қайтарды.


 


 


Датқатай, халің қалай, қалпақтай ма? Қалқалап құлағың сал хәл-жағдайға. Арқаңа 15 батпан жүкті салсақ,


Төрт аяқ тең тұра ма, қалтақтай ма?


 


Біз шешсек жұмбақ – сурет бір парағын, Толқынға неге батты тұлпар атың?


Біреуден ой түскенмен бір адамға,


Атыңды өзің ғана құтқаратын, -деді қыздар.


 


***


 


Емтихан алдында Тұрды жолдастарын аулына қонаққа шақырды. Тау бөктерінің ғажайып сұлулығы, тіпті шыңылтыр таза ауасына дейін көңіл


жаймашуағын қалыптастырады екен. Бірақ Айдын Тұрды үйінде ілулі тұрған «жоғалды» деген 136-бөлме пердесін көргенде... ет жүрегі езілгендей ауырды.


«Сонда... Тұрды жігіт басымен осыншалық төмен іске барғаны ма? Перде арасындағы күнделігімді Тұрды көргені ме? Жатақхана комендантына тапсырғаны


бекер екен-ау?!» Айдынның кеудесінде жыр толқыды.


 


Жанымның жапырақтап сыз парағын, Жазайын жыр-шуаққа қыз-ғаламын.


Мен сені қылымсыған қыздан емес, Жаныңды жамандықтан қызғанамын.


 


Баспашы жамандыққа, сұранамын, Жаман нәр бойға тисе, қуарамын.


Дос түгіл жұғысады металлдар да, Сен таза, мөлдір болсаң, ну аламын.


 


Қара дақ түспей адамшылығыңа,


Жамандық жетпей жүрсін жұлығыңа.


Жан досым, терең болшы былғанбайтын, Мен сенің шөліркейін тұнығыңа.


 


Айдын бұл «сиқырлы ұрлықты» енді есіне алмау ды шешті.


 


 


***


Сессия жақындап қалғаннан болар, институттың оқу залы лық толы. Өркенге жақындау жүретін группаласы Серғазы келді.


-Айко, таптым-ау әйтеуір, қалайсың?


-Жақсы. Неге іздедің, тыныштық па?


-Тыныш та емес, тыншып кетуі де мүмкін. Енді... ол саған байланысты.


-Маған ба?.. Ол не еді?


-Өркен... сен үшін оқымаймын дейді...


-Мен?!


-Иә, біраз уақыт болды ғой, сабаққа да қатыспайды, оны өзің көріп жүрсің.


-Жо-оқ, білмеймін...


-Әңгіме сонда, сен оның бар-жоғын білмейсің де. Ал, ол тек сені ойлап, тек сені... ұнатады. Ай шамасы болды, араққа салынып кетті. Қазір жатақханада да тұрмайды, әкесі үй сатып әперген. Біз де сонымен бірге тұрамыз. Барлық жағдайы бар, «оқымаймын» дейді. Міне,хаты. Сенен өтініш, жыртып тастамай оқып шықшы. Сосын... өзің білесің енді... Ертең бе, әйтеуір бір жауабын айтшы, мақұл ма? Ер жігіттің тағдыры ғой, түсінерсің өзің. Ал, жақсы.


 


...Жайсыз әңгімеден жайсыз ойға қалған Айдын қолына ұстатқан конвертті ашып, оқи бастады.


«Айдын! Саған осы хатты екі жылда қанша рет жазып, қанша рет жыртқанымды білсең ғой. Менің сені атыңмен атаудан басқа, «жаным, сүйіктім, еркем» т.б. деуге ақым жоқ. Өйткені, солай айтуға рұқсатым жоқ. Ал,      өз   атымнан   ғана   айтсам,   осы   барлық   жігіт атаулының ғашықтарына арнаған әдемі атауларын тек саған, тек бір ғана саған жиып-теріп, арнаған болар ем.


Айко! Атыңнан айналдым сенің. Мен екі жыл бойы саған құштар ғашықтық сезімімді қасымда


жүргендердің барлығына, өзімнің туысқан, жолдас- жораларымның барлығына қанша реттен айтып,


есіміңді жаттаттым. Егер тағдыр сенен басқа қызға серіктесуді жазса, кейін ол әйелім болса да, бала-


шағамның шешесі болса да, оған сені құрметтетемін. Сенің атыңды жаттатқызамын.


Білесің бе? Білмейсің, білуің керекті бір нәрсе бар. Ол – осы сезімімді айта алмаған, айта алмайтын бір ғана адамым бар. Ол – сен, Айдыным.


Менің Ай, Күнім, Менің айбыным.


Саған айту үшін арақ ішуім керек, әйтпесе батылым жетпейді. Осы хатты жазу үшін де арақ іштім.


Байқадың ба, саған сәл ғана ұқсап, ақын боп отырмын. Батыр боп, сырымды айтып отырмын. Сонда


 


сен, ақын, өлең жазу үшін мен сияқты арақ ішесің бе, әлде... Егер ішпей жазсаң, онда ақын болу дегенің - батыр болу екені даусыз!


Сен мені дұрыстап танымайсың да, себебі ең болмаса дұрыстап, сөйлескен де емеспіз. Өзімді


айтсам, Айко, сенің алдыңда ғана қорқақпын. Ал, басқа жерде-ші, айтпа! «Шалдың баласымын» деп басқа түгіл өз әкемді боқтай аламын. Менің сөзім оларға


билеуші патшалардың әміріндей. Бұзықтаумын негізі.


Шешем байқұс «оқымаймын, кетемін» деп саған ғашықтығымды айтқанымда –шы, жылады ғой:


«Басыңда айналдырған дуаң бар ма, содан басқа әлемде қыз тола ғой» деп.


-Оу, шешетай, - дедім,-ол қыз айналдырса, өзі


маған қарар еді ғой, не үшін мені дуасыз ба, дуамен ба айналдырмады қайта? Үйім жоқ, жайым жоқ болғасын мені көзіне ілмейді,-деп едім,-ұяттау болды-ау... Үш


бөлмелі үй алып бергелі де бір айдан асты. Енді оларды тағы да не деп кінәлауды білмей отырмын. Енді ойлап таппасам, айтарым жоқ. Менде бір ғана сырлас, бір ғана көңіл қуанышы қалды, ол – Ахаң –


арақ... Махаббат, неткен ғажап едің, неткен азап едің? Сенсіз өмірдің мән-мағынасы қалмағандай азап өмір..


Айдын, саған қажетсіз көп нәрсені жазып тастаппын. Негізгі айтайын дегенім – мен сенің кіммен болса да көңіліңнің тоқ, бақытты болуыңды тілеймін. Осы!


 


Мен әлсіздігімнен саған көріне алмадым. Сен мені сүймейсің, айыпты емессің. Ал, мен сені мәңгілікке


сүйдім, мен де айыпты емеспін. Сені ұмытпаймын, ол деген мүмкін емес. Өмірім өшпей, өшпессің сен де, қымбаттым.


Өркен».


 


Айдын хаттың соңғы жақтарын қайталап тағы оқыды. Өркеннің орнына өзін ойша алмастырды. Жүрегі сыздап, Өркеннің жан-дүниесін сезінді. Бір түйір лағыл жас іркілді, жыр туылды.


 


Жанымның терең түбінен тербеп тіл қаттым, Екеуміз неге болмадық гүлі бір бақтың?


Амалым қайсы?


Амалым қайсы?


Жоқ амал!


Өмірім өшпей, өшпессің сен де, қымбаттым.


 


Жанымның нәрін, жастықтың жалын айбынын, Арнадым саған, бердім мен саған, Айдыным.


Телміре қарап, секундты санап сарғайған,


Қара жер болдым күтетін үнсіз Ай, Күнін.


 


Жүйкемді менің өзіңсіз күндер кемірді, Жасыды жігер, жүрегім тозды, жеңілді. Жылата бермей, жұбатшы бір сәт ескеріп,


 


Өзіңді ғана сүйетін жап-жас өмірді.


 


 


Беторамалымен көзін құрғатқан қыз сыртқа


беттеді. Сыртқы дүниемен байланыс жасап, өз көңілін сергіткісі келді. Бірақ, әлгі хат, оның сөздері ойынан кетер емес. Бұл өзіне сырт көзбен қарап, сынады.


Әділетті шешім іздеді, төрешілік айтты, өзін-өзі тергеді, сараптады, жазалады.


«Не істе дейсің маған?! Менің бойымда Мәдиден басқаға орын жоқ! Мен не, қапшықпын ба саған, керектінің бәрін тығыздап сала беретін?!» деп жүрегі дүрс-дүрс соғып, кеудесінің сол жағында езіліп жылап, сыздап ауырды.


Ол су ішіп, тағы біраз серуендеді де, кітап-


қағаздары жаюлы қалған орнына келді. Келсе... мұның орнында көршілесі болған Тұрды отыр. Дәптер


арасынан Өркеннің хатын тауып шұқшия оқуда. Тіпті мұны елемейтін де сияқты. Бұл хатты жұлып алды, ол болса, екі қолын көтерген күйі ыржия күліп: «Қыз- Жібек, сенде арман жоқ» деп қояды. «Кімге күлкі,


кімге түрпі?» деді іштей Айдын.


Тұрды Айдынның орнын берді. Желкесінен еңкейе сыбырлап тұр.


-Сонда мына өлеңді кімге арнадың, а?


-Өзіме.


-Өзіме?!     Сонда     қалай     болғаны?    Өзіңе     өзің сөйлегенің     бе?     Не,     жындандың     ба?     Ақындар,


 


жазушылар сәл нелеу, крышасы айныған болады деген рас-ау,-Тұрды қыт-қыттай күліп, қызды иығынан қысып-қысып қойды,-Айко, арырақ отыршы, сиысайық.


Айдын жылжыды.


-Сонда Өркен – шибұт не дейді саған, а? Хатын оқып ем, түк түсінбедім. Қызға да осылай хат жаза ма, ақымақ неме? Қатысы жоқ сөзді шұбыртып,


былжырапты... Ол әлі шешесін танымай жүр екен, танытайын оған... Әкесінің!...- қызына боқтанып,


қызарып кетті. Айдын оның аузын алақанымен басты. Тұрдының өзіне жазатын астын-үстін хаттары, сосын сағынышы мен қиялын суреттей келіп, «біз сені ұл деп есептейміз ғой» деп жуып-шаятыны есіне түсті.


-Сенің қалай хат жазатыныңды мен білмеймін бе?


Өркеннің сезімі сенен әлдеқайда шынайы!


-Еу, Айко! Сонда біз–Мәди, екеуіміз неғып жүрміз сенің қасыңда, қызғышқұс құрлы жоқпыз ба, а? Ой, шешесі сұлу ит Өрке-ен! Біз адамбыз, еркекпіз ғой! Мәди бар, ол болмаса мен бармын! Басқа еркекті сөйлетпейміз саған!


-«Ол болмаса менің» не? Мен сендерге жанды қуыршақпын ба, сонда? Сен... сен не деп тұрсың?!


-Ой, Айко, айтамыз да әшейін. Осы ашуыңды жаңағы оңбаған хат бергенде, соған көрсетпейсің бе? Менікі дұрыс қой, не десем де, не істесем де ақым бар. Ұрамын оны бетін тегістеп тұрып!


 


-Осыдан ұрмақ түгілі сөйлеп көр Өркенге! Сенің қандай ақың бар еді менде?-деп сыбырлады Айдын, - ешкімнің ақысы жоқ менің өміріме қол сұғатын. Мен ешкімнің жекеменшік заты емеспін! Оны ұмытпа!


-Айко-о, қойшы ашуланбай, а? Жаным әшейін,,-ол қыздың қолын сүйіп отыр.


-Жаным деме, жаның емеспін! Менің жаным өз бойымда тұр, әркімнің қолына платочка етіп бере


алмаймын.


-Қойшы енді, алтыным.Саған ше... ашуланған жараспайды екен. Бүгін ше... Театрға билет алып қойғанмын, Мәди үшеуміз барамыз.


-Бармаймын ешқайда!


-Болды енді, жан... жарық күнім менің, мен артық кеттім, бір білместік өтті менен. Бүгін менің туған күнім ғой, жан... Айко!


Айдын  үндемеді,  ашуын  ақылы  жеңейін  деді.


Тұрды бұған қол созды, бұл да қолын берді.


-И, жаным, қоя салады өзі! Ақылыңнан айналдым,- деді Тұрды.


-Жаным деме дегем саған!


-Мақұл, ұмытып кеттім ғой, жаным. Ол күліп, өз орнына жылжыды.


-Не болды екеуіңе, елге маза бермей, сыбыр-күбір деп, ұят қой,-деді Мәди Тұрдыға.


 


-Ой, жазға-ан, сенің қамыңды мен ойламасам, кім ойлайды дейсің? Сен үшін қызылкөздермен соғысып, анау принцессаңды тәрбиелеп жүрмін ғой.


 


 


...Келер күні Өркеннің туысы Айдынға тағы жолықты.


-Айдын, кешегіге... хатқа келіп тұрмын. Оқыдың ба? Не дейсің? Не деп барайын дегенім ғой...-деді ол батылсыздау.


-Менің жауабымды да өзі жазып қойыпты, түсінеді деп ойлаймын. Әркім өз басының қожасы, оқуды тастамағаны дұрыс. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа


жақпа» деген бар, біз дос болып қалайық-деді.


Ал, Айдын Өркеннің айналасында бар-жоғына енді мән беретін болды. Ол көрінбегелі төрт-бес күндей өткенде, оның туысынан «Өркен қайда?» деп сұрады.


-Өркен енді бізбен оқымайды, үйінде жатыр, - деді группаласы бұған кінәлі көзбен, ренжи қарап.


-Сәлем айт,-деді Айдын,-мен шын жүректен оның жақсылығына тілектеспін.


***


Соңғы кездері Айдынның көңілін мұң басып, өзін күнәһардай сезінетінді шығарды. Елпектеген елік көңіліне көлеңке түсірген Өркеннің хаты, ондағы «


Өмірім өшпей, өшпессің сен де қымбаттым» деген ең соңғы сөйлем қайта-қайта есіне орала беретін-ді.


 


Сумкасын иығына асынып, баспалдақпен көтерілген Айдынға Сақыш қарсы жолықты. Үндемей қарап қалды да, өтіп кетті. Сәлемдеспеді. Өзі ой үстіндегі қыз да оны аңғармай барып, артынша байқап қалған-ды. «Сол ма, ол емес пе?» деп қайта бұрылды, сол- Сақыш. Бұл таң қалды. «Не болуы мүмкін?


Өкпелеп қалғанның өзінде сәлемдеспеу деген...


Сәлемдеспейтіндей өкпе болған емес, болмайды да. Сонда, не болды оған?» Мұның көңілі бұрынғыдан да құлазып, құйын соққандай ұйытқып кетті.


Аудиторияға келіп, ортадағы қатардың алдыңғы орнына отырды. Ақ қағазға жаза бастады.


 


Аласапыран! Кеудемде сезім-дауыл, Мұңым түгіл, күлетін кезім де ауыр. Шыдай-шыдай, ақыры шаршадың ба, Жарылғалы тұрсың-ау, төзім-дауыл!


 


Қайран жүйкем... Қоймады-ау тозбасыма,


Қажет боп тұр бір жылы сөз басыма. Қара ормандай қоршаған қалың достар, Шашылмайық жете алмай көш басына.


 


Оң жағына Тұрды, сол жағына әдеттегідей Мәди жайғасты. Қыз дәптерін жапты.


 


-Ой, Айконь, не болды саған, а? Тағы біреу хатпен ұрған жоқ па? Маған, бері қарашы, кәні-кәні...-Тұрды мұның бетін ақыры-ын өзіне қаратты. Кім, кім тиді саған, айтшы,-деді ол үш жасар сәбиді жұбатқандай.


-А, Айко, ренжіп отырсың ба? Мен емеспін бе әйтеуір? Нысанада тұрмасақ, бопты-,-деп Мәди мұның мойнын өзіне қарай бұрды,-жаңағы өлең бе, не ол? Оқысақ бола ма, а? Оқиыншы, Айко!


Айдын басын шайқады, дәптерді сумкасына салып, басқа дәптер шығарды.


-Өркен бе сенің көңіліңді бұзған, а? Неғыл дейді ол, қызық екен өзі де. Көрмей ме бізбен жүргеніңді?


«Неғып жүр бұлар» деп ойласа болады ғой өзі-ақ, хат жазбай-ақ... қоймай ма? Сені ренжітіп...-Мәди Айдынның құлағына сыбырлап «Күліп жүрші, ж-а-а- ным» деді. «Мәдиге Тұрдының сөзсаптауы еніпті-ау.»


-Эй, сыбырласып, әдепсіз болмаңдар! – деді Тұрды.


Жақындарының жылылығын сезініп, Айдынның жалғызсыраған көңілі жадырайын деді.


 


Кешкісін бөлмеге Бәтес келді.Айдын оған


Сақыштың амандаспағанына көңілі түскенін айтты.


-Сұмдық! Бұл не деген сұмдық! Мен оны қазір анықтамасам болмас! – деп ол Айдыннан әрі терең қабылдап,ол шығып кетті. Аздан соң қайта келген ол мұны оқу залына шақырды, онда кісі бар екен. Ұзын


 


дәліздің терезесі алдына апарды, әлем-жәлем, түсі қашып кеткен.


-Аһ-һ, Айко-о! Құлап қалмайтындай жайғасып ал, абайла!-деді ол.


-Не болды? Тыныштық па?


-Жо-жоқ! Бұл тіптім сұмдық! Мен қазір Сақыштың бөлмесіне барсам, бір өзі жатыр екен.


-Неге жатырсың? Осы сен соңғы кезде түсініксіз


өзгердің ғой. Бір жерің ауыра ма?-дедім.


-Иә, жүрегім...


-Жүрекпен ойнауға болмайды, дәрігерге көрінбей сің бе?-дедім.


-Дәрігер «өлесің» деді.


-Қойшы. Солай деуге бола ма, қандай доктор ол...


Ол үнсіз жата берді. Сосын, келген жұмысыма көштім.


-Сақыш, Айдынға өкпелеп қалдың ба? Неге сәлемдеспедің бүгін? Әлде байқамай қалдың ба? – дедім. Сұмдық-ай! Не дегенін білесің бе? Аһ-һ!


-Не деді?


-Айдынды көзім көр боп тұрса да көруім керек қой, неге байқамайын,-деді.


-Дұрыс! Солай болуың керек. Ал, неге сәлемдеспедіңдер онда... Айтшы...


-Айтсам,  соңғы  кезде-ші,  мен...  мен...  Айдынды


көрсем, аузыма сөз түспей, тілім сөйлей алмай... буын- буыным істемей қалатын боп жүр, Бәтес, - деді.


 


-О, сорлы-ау, саған не болды сонда? –дедім. Мен оны әзілдеп тұр екен десем, кәдімгідей-ақ жылап жатыр,-білмеймін, енді ол сорлыны не істейміз? –деді Бәтес.


-Сонда, не бопты оған? Неге сөйлей алмайды ол?


-Ой, сен де...«Ғашықпын, өзімді жоғалтып қоямын» дейді.


-Не? Ғашық-қ?! Қандай ғашық, біз туысқанбыз, сен


білмеуші ме едің оны?


-Ой, Айко, мен де білемін, ол да біледі ғой. Сол емес пе өзіне өзі ызасы келіп, әлі жетпей, жеңе алмай жылап жатқаны?! Енді түсіндің бе?!


-Жо-оқ! Ол... ол мүмкін емес! Сен дұрыс түсінбей қалған жоқсың ба? Жо-оқ!


...Бұл жаңалықтан екі қыздың есі ауысарлықтай еді.


 





Пікір жазу