ДЕҢГЕЙ
Бұл өмір неткен күресін!? Жылайсың. Қайта күлесің. Ителгіні танып боп,
Сұңқардың парқын білесің.
Бөлмедегі Әсемнің кереуеті тұсындағы портретінде
«Студенттік алтын шағым» деген жазу бар-ды. Соны оқыған сайын Айдынға «Несімен алтын? Оянасың,
сабақ, үй, сабақ, кейде кино, ұйқы» деп ойлайтын. Бір жыл аралығында бұл бөлменің дос- жарандары көбейіп, іріктеліп те қалғандай-ды. Олар Жанаттың кластастары – Маржан мен Датқа, Әсемнің группаласы
- Дәрібай, Сәбештің табынушысы – Қуандық,
Жаһанның группаласы – Ұлас, Айдынның кластастары
- Бәтес пен Сақыштар. Датқа мен Маржаннан өзгесі
осы жатақханада тұратын. Ойламаған жерден
басталатын өзара диспутқа әсіресе Ұлас қызына кірісетін.
-Егер мен осы бөлменің бір қызына ғашық болсам бар ма, онда о-у-у есік алдында болсын жатып алып, кетпес едім,-деді ол.
-Ал мен ғашығымды ақбоз атқа мінгізіп, алып кетуші едім,-деп Қуандық қулана Сәбешке көз тастайтын.
Дастарханды жинап, топ-топқа бөлініп домино, шашка-шахмат ойнайтын. Бүгін де солай.
-Жинай сал шәйді, қалса қалсын қазанда, ертең,- деді Ұлас.
-Жылытып жейміз азанда,-деп іліп алды Сақыш.
-Ақынның тобы көбейген бе, қалай...
-Сынықтан басқаның бәрі жұғады емес пе,
Сақышқа жұққан екен, түкірттің бе?! -Ұлас астарлай сөйледі.
-Біздің Айконың түкірігі-ем, киелі,- деп Жаһан тігісін жатыстырды.
-Айтқанда сөзі жүйелі де. Шах!-деді Қуандық.
-Оһо, менен басқаңа жұққан екен, ә. -Ертең ниеттеніп... мен де түкіртпесем, - Ұластың әзіліне Әсем:
-Жақсыны жұқтырғанға не жетсін, Ұлас! Таңертең дәретпен келсең, мен... бұл үйдің шырақшысымын, -
деп күлді.
Сырттан «Жанат! 136-ы!» деген дауыс естілді. Терезеден қараған Жанатқа Маржанмен қыдырып жүрген Датқа: «Біз тоңып кеттік. Киім тасташы-ы!» деді. Айдын екеуі Маржандарға киім тастады.
...Былтыр «Сангам» фильмін көріп шыққан соң Айдын мен Жанат қыздардан қалып, асықпай
серуендеген. Фильмдегі екі дос жігіттің бір қызды
таңдауы әсер еткен болуы керек, Жанат әлі де толқып келеді.
-Бұл кино ғой, негізінде досың жақын ба, әлде
сүйгенің бе? Маған екеуі де қымбат, екеуі де жақын. Ал, екеуі бір кеудеме симайды. «Не істеуім керек?»,- деп жылап қалған. Бұл – Датқа мен Маржан, Жанат үшеуінің тағдыры туралы еді.
Содан бері де айналып келіп тұратын кластастарын 136-ң қыздары сыйымен күтіп, Жанатқа тілектес көңілмен ұзатып салатын. Білулерінше ертең кешкісін Датқа спортфактағы оқуына академиялық демалыс
алып, әскерге өзі сұранып кеткелі жатыр. Бұл – партадан басталған алғашқы махаббаттардың әскери борышты өтеуге аттанардағы қоштасу серуені еді.
***
...Институттың физика-математика факультетінің әдеби-шығармашылық кешіне қызу дайындық жүріп жатты. Өлең жинап, оны қарап шығу, кеш жоспарын
жасау, қабырға газетіне шығармалар ұсыну – Айдынға жүктелді.
Кеш алдағы сенбіде өтпекші, кешегі түн тағы да ұйқысыз, жатақхана оқу залында өтті.
Бұл ана туралы сөзжұмбақ құрастырды, оны дұрыс
шешкенде, қызғалдақ ішіндегі клеткалардан ана туралы бір шумақ өлең шығады.
Ең биік тұлға – ана Мөлдірлік өлшемі – жанар Шапағатты сезім – қуаныш Нәзіктік символы – гүл Хабар – хат
Биіктік өлшемі-өре Жасандылық –бояу.
Сөзжұмбақ шешуі:
О, менің асыл жанды аяулы анам, Күн шуақты күлкісін аямаған.
Мен сенің асыл атыңды, Өзгермес махаббатыңды, Мәңгілік жүрегімде аялағам.
...Әдеби кеш ең үлкен аудиторияда өтпекші. Оған барлық әдебиет сүйер қауым еркін қатыса алады.
Сосын факультет декандары, әдебиет кафедрасы мен
институттың басқа да ұстаздар қауымы шақырылды.
Студент болғалы көрінбей кеткен кірпішаш
Мамеков ағайы осы күнде факультет деканы болған- ды. Айдын шақыру қағазын бергенде, ағайы сәл
аңтарылып қалды да... «Рахмет айналайын, барамын» деді. Айдынның қорқыныш билеген жүрегі қуанып кетті. «Күтеміз, аға!» деді.
«Бәсе, ұстаз деген осындай кең жүректі болуы
керек қой. Кісіні ақ сайтан түртіп, жолдан тайдырады демекші, шаршап жүрген кезінде сайтанның мінезі жеңген болар да».
Әдеби кешке кісі көп жиналды. Мұның группаластары түгел дерлік; мақта науқанында, құрылыс отрядында бірге болған жоғарғы курс студенттері, ұстаздар қауымы да баршылық.
Кіріспеден соң өлең құдіретінің айғағы ретінде жоғарғы курстан бір жігіт қолын сермеп, ырғағын
мәнерлеп, ұзақ шығарма оқыды. «Мұндай болу қайда! Ұмытып, жаңғалақтап қалмасам, бопты» деп тершіді Айдын. Кейбір өлеңдердің мән-мағынасынан гөрі
айқайы мен екпіні басым. Айдын таныспаған кейбір шығармалар ұзы-ы-ын бір сөйлемді төртке бүктеп, әуездеп тұрғандай, жаман әсер берді. Өлең сөздің
қадірін түсіргендерге Айдынның беті дуылдап отыр.
Облыстық, республикалық басылымдарға кейде өз атынан, кейде жасырын атпен шығармалары
жарияланып жүрсе де, мұнша көпшілік алдына бірінші рет шығуы – қиынның қиыны болды. Мұның аты
аталғанда «Бәрі де дұрыс! Мен жаңылмай, жатқа айта аламын» деп, өзін-өзі дайындаған Айдын сахнада
басын сәл иді де «Мылтықсыз майдан» деп, әрі қарай жатқа айтты.
Мылтықсыз майдан шебінде,
Жүрген бір біздер әскерміз. Мықтылық керек тегінде, Қалдыру үшін қастерлі із.
Қаламмен қағаз бетіне, Жазылмаған заңдар көп. Айтар ем саған өтіне, Ниеттің түсін аңғар деп...
...Қалай оқығанын қайдам, әйтеуір мүдіргені есінде жоқ. Жастар дуылдатып қол соқты. Қошемет шабыт шақырды ма, әлде бұл даңққұмардың қатарында ма
екен, әйтеуір тағы бір өлең оқығысы келді. Осы ойын көпшілік біліп қойғандай «та-ғы, та-ғы!» деп қол
соқты. Жүргізуші мұны кері шақырды. Ойына «Қыз махаббаты» түскені бар ма!? Ұят па, жоқ па, көпшілік арасынан Мәдиге бір қарап алды да, әрі қарай өлең жатқа айтылды.
«Сүйемін деп мен саған айта алмадым...»
Өлеңі біткенде Айдынға гүл жауып кетті, гүл берушінің бәрі де мұның бетінен сүйді. Олардың
ішінде Өркен де, Тұрды да, Мәди де, Нақыш та бар еді. Бір білгені –Мәдидің маңдайдан сүйген табы, иісі,
демі, дауысы жадында сақталып қалды. Сол сезім, сол дауыс өн бойында жаңғырығып, жаңаланып тұрды.
«Жаным менің, жарайсың!» деді Мәди сүйіп тұрып. Бұл шығармашылықтың алғашқы жемісі еді.
***
Датқаның әскерге кетер алдында Маржанмен ұзақ уақыт әңгімелесуінде үлкен мақсат бар еді. Ол – мектеп партасында басталатын алғашқы сүйіспеншілік сезімінің балалық екенін, ал балалықтың шалалығы көп екенін Маржанға ұғындыру.
-Интернатта бір үйдің баласындай бірге өстік,
әсіресе Жанат, сен үшеуміз өте жақын болдық. Мен де... қыздармен дос болып, ұл жоқтай... Иә, қыздар деген кісіні шапағатты болуға көп тәрбиелейді екен. Солай ма?
-Білмеймін. Өзің білесің ғой, - Маржан нәзік,
созылған,биязы даусымен әркездегідей күле сөйледі.
-Мен білсем, солай. Ал, Маржан, достықтан үлкен ештеңе жоқ. Дос боп қалайық. Мен әскерде жүрген екі жылда, мүмкін тұрмысқа шығып кетерсің. Хабарласып тұр, жіберсе, келіп, тойыңа қатысармын, - деді Датқа.
-Иә, рахмет, -деді Маржан сасқанынан, - сені қашан шығарып салатын ек? Ертең бе, арғы күні ме... той?
-Ертең, ертең ұзатасыңдар мені!- Датқа бүркітше
шаңқ етіп күліп, әлеуетті қолымен Маржанның нәп-
нәзік, майысқақ қолын сығып-сығып қош айтысты.– Ертең келесің ғой мені шығарып салуға?
-Иә-ә-ә, ба-ра-мы-ы-ын ғо-ои-и... Менің бар тілегім
- сен... сендер бақытты болсаңдар бо-о-ол-ды со-ол...
-Бұл бір тілегің бе, бар тілегің бе? Ашып айтшы!
-Ба-ар тілегім со-ол! Ме-мені қояқ қой, до-оспыз... Үшеу-і-мі-із-ге бір жо-ол тар-лық ет-е-ді, әри-и-не-е...
... Кешкісін жалдамалы пәтерде қоштасу жиыны болды, Датқаның анасы, туыстары мен достары жиылды. Жанат та келді.
Датқа Сыр бойында тұратын көп балалы жанұяның үлкені еді. Мектеп бітіргенде де дәл осылай елінде тойлаған. Өз баласы болса да жеңгесі есебіндегі анасы
«Палуан» деуші еді.
-Палуан, ұнатқан қызың бар ма? Көз қуаныш қой, болса... көрейік, - деген анасына ол Маржанды тұспалдаған. Ол кезде де кеш таңға дейін созылған.
Қайтқалы жатқан тұңғышын анасы оңашалап, өтініш айтты. Сондағы айтқаны дәл қазіргідей құлағында жаңғырығып тұратын.
-Палуан, көңіліңе келмесін, мына қыз маған онша ұнамады. Мені тыңдасаң, анау дөңгелек жүзді сары қыз ше, сол қол-ау бізге. Ерте тұрып, сиыр сауысып, шаруа екен. Мінезі де салмақты, пысық, ширақ.
Қолқанат пейілді. Маржан өзімен-өзі, сылбыр.
-Қайсы қыз, жеңеше? Жанат па?
-Иә, сол Жанатты айтам. Аяғын сәл сылтып басады екен. Егер... соған намыстансаң, Палуан, тойыңды
қалада жасап, қаладан үй әперіп қоярмыз, а? Осы үйге менен кейін қамқоршы сенің келіншегің емес пе? –
деген.
...Әскерге кету туралы әңгіме естігеннен бері қарындасы мен анасы осы ойды қайтадан айтты..
-Үйленіп кетсең, үй алсақ, қыздармен бірге тұра
береді. Сен келгенде балаң алдыңнан жүгіріп шығады ғой, - дейді.
-Жеңеше, Жанат жақсы қыз, бірақ... Балалы болуға, үй болуға үлгерерміз. Жассыз ғой.
-Денсаулығым ше, Палуан-ау...
-Қазір болмайды, енді айтпаңыз.
Бірбеткей баласының енді илікпесін білген анасы көргеніне шүкіршілік етіп, амандық тіледі.
Дастарханнан соң жастар Датқаны теміржол вокзалына шығарып салуға келген-ді. У-шу, түрлі тілектер, әзіл-оспақ айтылуда.
-Бәрімізден де Маржанға қиын. Енді, амал жоқ, Датқаны күтесің!
-Қойшы, біз де сендердей доспыз ғой...-
Маржанның нәзік даусы мен биязылығы, жымиғаны оның табиғи таза сезімі мен адал махаббатын бүркей алмады. Ол күліп тұрса да, көзі жылап тұр еді.
Бір шетте тұнжырап, үнсіз тұрған Жанатты Датқа шеткері шығарды. Әңгімені неден, қалай бастауды білмей, күле берді. Сосын, анасын естеп,өзін жинады.
-Жанат, мен сені бақытты етемін, - деді,-сөйтіп, оның қарулы, жұмыр қолын қыса берді,- До востребованиеге хат жазамын, күт. Хат жазып тұр, - деді. Ол артынша бәрімен қоштасып, вагонға мінді.
Поездың ашық терезесінен тақыр басты болашақ сарбаздар тізіле қарап, әлдекімдерге қол бұлғап,
дабырласуда. Жанатқа да мына қоршаған дүние дабыр- дұбыр, түсініксіз шу. Сол шу арасынан «Мен сені
бақытты етемін» деген Датқаның үні ғана анық, қайта- қайта айқайлап тұрғандай-ды. Ол құлағын түріп, осы дауысты тыңдады. Көңіліндегі өзін кем санаған шемен тоңдары еріп, жанарынан тамшылап тұрды.
Жанат ұзап бара жатқан вагон тізбегіне қол
бұлғады. 6-шы сыныптың жазғы каникулында мұны апасы сынықшыға апарған. Емші мұның жамбасы шығып кеткен деп,жылқының майымен сылап
босатып, қайта салуға ұйғарған-ды. Сондай ауыр шақта интернатта бірге оқитын достары –Датқа мен Маржан қона жатып, Манаттың қасында болған-ды. «Аман-сау оралшы, арманым! Күтемін сені мәңгілік! Менің төбемді көкке жеткіздің ғой тап қазір.Осыны неге
бұрынырақ айтпадың еке-ен?! Менің көкірегім
басылып, көтерілмей-ақ өттім-ау! Жаным-ау, енді
маған түк те қажет емес! Мен бақыттымын! Теңестім! Бақыттымын!» деді іштей.
Датқа оқуда ерекше үздік емес, жақсы оқитын. Ол спорттың жанып тұрған жұлдызы, волейбол мен гимнастика, жүгіру мен секіру, күрес, шахмат... не
керек, мектепте спорттан алдына жан салмайтын. Сосын, суретшілік өнері тағы бар. Қолына қалам-қағаз алып, болар-болмас қозғай салса, әдемі пейзаж не
айнымаған бейне шыға салатын. Ол сөзге жоқ, істің
адамы, ал, сөз айтылса, басылған мөрмен тең дей бер. Уәдеде тұратын, шешімді өзі жасап, өзгенің айтқанына бұрыла бермейтін жан деп біледі Жанат. Сондықтан да сол төрт ауыз сөз мұның өміріне үлкен өзгеріс
әкелетініне сенімді, ең-ең қым-ба-ат ұғым еді.
Бұл жаңалыққа Айдын Жанаттан кем қуанбады.
Бірақ, оның төсегі тұсында ілулі тұратын Маржан қыздың жүрегі тілім-тілім боп, көзі жасаурап
қалғанын ойлағанда жаны сыздады.
-Маржан ше? Хабар алдың ба? Қайда жүр екен?- деді Айдын.
-Білмеймін, жүрген шығар,- деді ол иығын қозғап.
-Олл... Маржан не деген адал дос! Тағдыр оның
бақытын ашсыншы! Өз бақыты үшін күреспей... барын қиғаны –үлкен адамгершілік! Ол –ерлік жасап тұр ғой,
Жанат! Біз оны қазіргі қиын сәттерінде жалғыз
қалдырмай, іздеп, қасынан табылайық,а?!
-?!
Айдын Жанатты жетелеп, екеуі почтадан асыға хат күтті.
Датқа әскерге кетеді деп естігенде Айдынның оған арнап жазған 4 бет хаты бар-ды. Онда Жанаттың жан тазалығын, оның биік өресін айта келіп, «Егер қолымнан келсе Жанаттың бақытты болуы үшін өз
бақытымды беруге дайын едім» деген-ді. Бірақ, қыз намысын төмендете алмады ма, әйтеуір «Ол сені өзінен артық сүйеді» деп жазған хатты бере алмаған.
Бүгінде осы шешіміне қуанады, Жанат жанын түсінген Датқаға да, өз бақытын берген Маржанға да дән риза еді.
***
136-бөлме қыздарын Сақыш киноға шақырған-ды.
-Сақыш, осы сен қайсымызды ұнатасың, а?- деді Жаһан,-киноға бәрімізді, суретке бәрімізді шақырасың. Біле алмадық қой, өзі...
-Бәріңді ұнатсам ше? Бәріңді!
-Ол енді... ол қалай болады сонда? Бәрімізге бірдей үйленсең, онда осы бастан дайындалайық та, - Жаһан мәз болды, - кім бәйбіше, кім ек-екіншісі дегендей... А? Мөлдіреген қара көзіңе, қара қасыңа... таласып қалсақ, қайтпексің, а?
-Менің бауырыма таласқыш қыздар керек емес. Ол жүгіргенге қарамайды, ал, қарамай бара жатқанның
басын игізеді. Осыны ұмытпай жүріңдер, - деді Айдын Сақышты қолтықтай ұстап.
-Сақыш, солай ма, а? Сенің күнде 2-3 рет келуің тегін емес қой деп, дәмеліміз біз. –Жаһан қысым
жасап, жауап айтуға мәжбүрледі.
Сақыш күле берді.
-Біздің Айдын да жүр ғой, не директордың баласына, не Фантомасқа, не Гүлнәрдің суретші ағасына көңіл аудармай, - деді Жанат.
-Бірақ ол Фантомастың гүлін алып, иіскеді ғой кеше, - деп Әсем қуақыланып, сыңғырлай күлді.
-Солай ма?- деді Бәтес Айдынға.
-Солай, солай! Есікті мен аштым ғой, Фантомас бір тал гүлін иегінің ас-астына ұстап, қақшиып тұр екен, - Жанаттың ішек-сілесі қатты.
-Гүлде де, Фантомаста да не күнә бар? Ал,
айтыңдаршы, ал? Гүл – сыйлық, ол құрметтің белгісі. Оған рахметтен басқа не деуге болады? – деп Айдын тойтарыс беруге тырысты, - мені қолдарыңнан келсе, гүлдің арасына егіп қойсаңдар, қуанар едім.
-Ой, қыздар, әнеукүнгі әдеби кеште-ші, Фантомас қандай букет бергенін-а! Маған әлі ешкім сондай гүл ұсынбапты,- деп сап-салмақты Сәбеш те желікті. Мына қыздар желіктірмей қойсын ба!
-Гүлдің арасына ексек, сирағыңа су құямыз ғой!
-Айконың өзі қандай жігіт ұнайды деуші еді?
Естеріңде ма? Не десем де мақұл дейтін Мақұлбектер
керек емес деуші еді. Ол Айкоға «Міні билет, киноға менімен бар-расың» деген ғой , - Жаһан да сылқ-сылқ күлді, - Фантомастан асқан батыл жігіт жоқ-ау! –Аха- ха-а!
-Қойшы, ойнап айтсақ та соны жапсырмайықшы, тентексұр ма, түрі де түйе сияқты. Одан да сұп-сұлу
менің нағашымды айтсайшы, Айконы ұнататын, -Әсем өз пікірін ортаға қосып қойды.
-Досым, мына шуылдақ шиебөрілерден мені құтқаршы, - деді Айдын кластасы Сақышқа.
-Кел, сырғанатайын!–ол Айдынға шарфын ұзартып, тротуармен сырғаната жөнелді.
-Хош болыңдар, шуылдақтар! – деп Айдын түсінде ұшатынындай, ауаны тіліп, риясыз күліп сырғанады.
-Васька, тоқташы! Шаршадың-ау!
-Васькаға өз тілінде сөйлемесең, түсінбейді-і, - деп күлді Сақыш.
-Не деуші еді... Васька, др-р! Моһ-моһ!
Тоқтай қалған Сақыш «Моһ! емес, сол үшін» деп Айдынға қар атты. Айдын оның мойнына қар салды. Екеуі күле-күле аппақ қарға құлады. Сақыштың қалың кірпіктерін, шаштарын аппақ қырау басыпты. Айдын аспаннан түскен тірі Аяз-атаны көргендей аңқайып қалды да:
-Аяз-ата, маған не сыйлық бересің?- деді.
-Мынаны қара! Сен де Қаршақыз болыпсың! Не сыйлық қалайсың, айтшы. Бә-ә-рін беремін. Ал!?
-Бәрін бе, бә-ә-рін?! Онда маған өлмейтін өмір, баянды бақыт берші, Аяз- ата!