КЕСІРЛІ КӨЛЕҢКЕ
Сәуле бар жерде көлеңке болуы –заңды, Адамды ниет бөледі дұшпан мен досқа.
...Оқу курсы аяқталғанда, студенттердің құрылыс отряды құрылып, көбісі құрылысқа, ал, денсаулығы көтермейтіндері мақта шабық, жатақхана жөндеуі,
милиция патрулі сияқты жұмыстарға тартылады.
Айдын ауыр жұмыстан босату туралы «ревматизм» диагнозы анықтамасын деканға бергенде, ол кісі
сенбеді.
-Әкесінің беделін арқалаған сендей қыздар осылай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді. Сені
бәрібір де жатақхана ремонтына көмекке
қалдырмаймын. Құрылысқа бармасаң да мақта шабыққа Келеске барасың! -деді.
Мынадай сенбестік көзқарас Айдынға қатты батты.
-Мен...дәрігерден ешқандай жеңілдік сұрағам жоқ, аға, расы осы... Онда, мен құрылысқа барамын.
-Өй, олар кеткелі екі күн болды ғой!
-Соңынан барамын. Адресін беріңіз, аға!
- Біз апара алмаймыз және жауап та бере алмаймыз саған! Ол қалай болады сонда?! «Өз еркіммен
барамын» деп арыз жазасың ба?!
-Иә, жазамын, аға!
***
Тұрды Қызылқұмның құрылысына бармақ түгілі өздерінің жатақханасын майлау- сырлауға да «шамасы жетпей, денсаулығы көтермей», оқуға түсірген
туысқанының арқасында кешкісін көше тәртібін
сақтайтын патруль тізіміне ілікті. Тұрдының тоқ көңілі қиялмен небір қияндарға самғап, жоспарын жетілдірді.
« Ура-а! Құдай қолдады деген осы! Мәди жоқ- ол ақымақ құрылысқа кетті! Тозаққа-а! Енді ол келгенше Айдынды шыр-шыр айналдырып, тек өзін ғана
іздейтіндей, өз-зі-ін ғана тыңдайтындай етіп алады бұл! Жаның тұрмақ жансыз көлеңкең қашатын жер таппай, табаныңның астына кіріп кететін аптап
ыстықта Қызылқұмның шөліне ақымақ емей, кім
барады!? Мына қаланың саялы тротуарына, саябағына шыққысы келмей, жатысым мына-ау. Кеш түссін,
салқындасын дала. Сосын Айконжанды қайда-а деп тауып алады. Патруль де болады, қызбен де қыды-ре- еп... Ащ-щещ...»
Есік қағылды. Жәй ғана екі рет тықылдады. «Өй, мынау Айдынның есік қағысы ғой!» Ұшып, есікті
ашса, расымен Айдын екен.
-Өй, Айко, кел- кел! Сен екенсің ғой! Сені ойла-ап жатыр ем өзім де, кешке киноға барайық де-еп!
Каникулға жеттік қой құдай қаласа де-еп, ә?!
Ақырзаман жақындап қалды-ау осы? Ақырзаманда кімді айтсаң сол келеді, не айтсаң, сол болады деген.
- Тұрды, мен Қызылқұмға құрылысқа кететін
болдым. Жиналып қойдым, бөлме заттарын өткізсем
болды, жолға ертерек шығайын. Соны айтқалы келдім.
-Не?! Қой, ондай ақымақтықты қой! Справкаң бар емес пе?
-Справка жарамады. Құрылысқа баруға арыз жазып қойдым.
-Жарамағаны қалай?! Жаратамыз! Доктор беріп тұр! Қалай жарамайды?! Берші маған! Деканға, ректорға бәріне кіріп... Ағамды кіргізіп, сені көше патрулі етіп жазғызамын!
-Жоқ, мен енді тек құрылысқа барамын, өтініш жаздым. Справканы жыртып тастадым.
-Айконь, жұрт сондай справкаға жете алмай жүрсе, жыртқаның не? Қайтадан тиын- тебен ұстатып, ала саламыз. Кеттік!
- Мен тиын беріп алғам жоқ қой, Тұрды.
Денсаулығым солай нашар шығар.
-Ә, Айко, сақ болғаның дұрыс! Шыныңды маған да айта берме! Мен не үйретем саған ылғи, а? Қолдан келсе, қоныштан басып жү-үр! Жаның біреу, ол жанды кү-үт! Оқи берме миыңды ауырты-ып! Қағаздағы бағаң дұрыс болса, сол жете-ед деп, ә?!Менің қасымда қал!
Өзім шыбын қондырмай қорғап жүрем ғой, білесің.
- Бағанадан бері айтып тұр емеспін бе? Мен кетіп барамын. Мына бөлме заттарын тапсырайын десем, қоймада орын жоқ. Соны ауылға апарып, таңертең
ертелеп кетпекшімін.
-Сені енді қайтару қиы-ын, Фантомас екеуің... – Айдын бұрылып, есіктен шығып кетті.
-Айко-о, кешірші мені, кешірші.Ойнап айттым ғой. Тілім жаман ғой менің! Мә, ұрасың ба, ұршы мені
бүйтіп үндемей қоя салғанша, ұршы менің ақымақ
басымды!- деп Тұрды қызды бөгеп тұр.- Фантомасы құрысын! Ол бір жүрген сайқымазақ қой! Екіншілей айтпаймын,кешірші. И, жаны-ым менің! Қоя салады өзі.- күрсініп, қыз қолын сипап біраз тұрды,- мен сені Фантомас тұрмақ... ешкімге де қимаймын. Сен
білмейсің ғой... қаншалықты сені... Не үшін сенің қасыңнан айналшықтап шыға алмай...
Тұрдымен бірге жүргелі үш жылдан асса да Айдын оның мұндай қобалжыған күйін көрмепті. Қыздарды көйлектей ауыстырмаса да, айына жаңа қызбен Айдын мен Мәдиді таныстырып тұратын
«серілігі» бар. Сол қыздардың бәрі дерлік Айдынмен жақын болуға талпынып, келгіштеп,бұларды қыдыруға шақырғыштап тұрады. Айдын жігіт соңынан жүгіретін намыссыздықты жек көретін.Олармен бірге серуендеу мақсаты –Тұрдының жақсы қызға жолығуын және тұрақтануын қалағандықтан. Былтыр кезекті бір қызы сырласа келе Айдында қатты аяныш сезімін тудырды.
Түсінік- көзқарасы да,мінезі де, түрі де әп- әдемі екен. Тұрды одан да қашқақтап, жеріне бастағанда Айдын оны өлеңмен тоқтатпақ болған-ды:
Қайда лағып барасың, қайда лағып?! Тозақ жолға бұрылдың –айдан анық! Жастығыңның лаулаған ақ жалынын, Қараңғы сор барады пайдаланып.
Тоқта деймін! Тоқта деп бұйырамын! Тіршілікте осы ма сыйынғаның?!
Тыңдамасаң, мәс-саған бір шапалақ! Көрсем болды есіңнің жиылғанын.
Жүрек саған дастархан дәм-тұзы ма, Ұсынатын әр қызға, әр қызылға?!
Сүю заңын сезінбес хайуанаттар,
Жүрек –сыйлық шын ғашық жалғызыңа!-
деп жазғаны бар. Тұрды осы өлеңді бүгінге дейін жатқа айтады. Бірақ...
-Ә-әй, мен бейбақ әр айтқанымда бір ноқаттан қосыла ма деп үмітпен жаттап-ақ алдым-ау, сонда да
есім кіретін түрі көрінбейді. Қайта ауру болдым ба деп
қорқам! Ол ауруды бір-ақ адам емдей алады!
-Сендегі сол бір адамыңды айтсайшы, түсінбесе бәріміз бірігіп түсіндірейік. Бір адам деп қазір 20-30 қыз ауыстырдың ғой мен білетін,- деп күлді Мәди.
-Қолыңнан келмейді! Менің де қолымнан
келмейді! Оны келтіретін бір-ақ жол бар, хи-хи. Ол жолды айтсам бар ма, біреулер өліп кетер! Тағы
біреулер мені өлтірер!
-Ол кім өзі сені сонша ынтызар еткен? Тұреке, осы сенің шын ынтық болғаныңды байқамадық қой,- Жаңабек жұмсақ даусымен күле сөйледі,- әлде біз көрмеген ауылдағы бала махаббат па? Дұрыс онда.
-Сендердің бәрің маған келгенде түсінбей, көрмей қаласыңдар. Мынау Мәкең өзінен бұрын
туылғанға ғашық. Оның қателегін көрмейсіңдер! Қой демейсіңдер оған. Не дейді ертең Айдынды «апа» деп жүре ме? Түсіндірем деп, өзімді сүйгізем деп ит әуре болатын менікі де дұрыс емес. Пешенеге жазғанды көрерміз. Сол қызды түсіндіргенше қыздарды көйлекше ауыстырғаным ауыстырған, ищ- щещ...
Туралығын айты-ып, тура жолға бұратын достық пейілдеріңді көрмедік қой осы сендердің, хи-хи!-деп Тұрды ойын-шыны аралас көп жұмбақтайтын болған.
-Пәтуасы жоқ сөзіңнен не түсінеміз? Ойының
қайсы, шының не?Біз түсінбегенді қыз қайдан түсінсін.
-Сол қызды ақыры түсіндірем, көрерсіңдер. Қыз түсінсе, жүргіштігімді сол күні қоямын,- деген
Тұрдыға Мәди:
-Қой-ей! Онда мен мұрнымды кесіп берейін,- деген.
«...Мәдиді мұрынсыз қалдырып, Айдынды өзіне қалай қаратады бұл? Бәрін айтып салса ғой... Түсіне ме, қайтып бет көрмейтіндей ыршып кетеді-ау...»
-Айконь,маған жазған өлеңің ше,тоқта деймін деп
-Тоқтамайсың ғой сен.
-Сен де менің сөзіме тоқтамай кетіп барасың ғой Қызылқұмның тозағына. Сен қалшы осы қалада, менің қасымда.Мен сенің барлық айтқаныңды істеймін.Олла!
-Барлығын ба? Сенбеймін.
-Барлығын! Міні жаным! Нан ұрсын! Анамның ақ сүті ұрсын! Жаным, қалшы. Мақұл десең,құжатты өзім туралаймын!
-Жаным деме, сенің жаның емеспін мен.
-Кімнің жанысың? Айтшы ал.
-Айтпаймын. Оны өзім білем, мен неге айтуым керек басқаға.
-Бір-ақ жерің –осы қырсық мінезің, айтқаныңнан
қайтпайтының жаман ғой сенің. Алдай алмаймын сені. Жүз қыз құл –күңім болуға даяр ғой, көріп жүрсің.
Солар не істе десем де істейді. Тек, сен ғана, Айко... Мені тыңдасаң, жаман болмайсың ғой...
-Олар қыздарың, ал мен сенің қызың емеспін ғой, досыңмын. Дос деген қыздан да, туыстан да жақын.
Мені ұстама енді, кетемін.
-Онда өзім апарып саламын. Бөлмеңнің заттарын бізге қоя салайық, комендантқа өзім тапсырамын. Сені біреу алып қашып кетсе, не істейміз, хи-хи!
***
Студенттік құрылыс отряды.Тәулігіне бір рет
мәшинемен су, қымыран, тамақ жеткізілетіні болмаса, студенттер өздерінен бөгде жан баласын көрмейтін,
ешқайда бармайтын. 30 адам 5 бригадаға бөлініп, бір мастер, бір командир,екі аспазы бар, іске құлшына кірісетін. Таңертең сағат 6 да оянып, дене шынықтыру
жасайды, сосын сапқа тұрып, бригадирлер мастерге, ол
командирге рапорт береді. Сосын, тамақтанып, іске кіріседі. Біреуі лай илеп салады, екеуі лай тасиды,
біреуі сылақшы. Ал, Айдын қабырғаға қара балшықты жапсыруға машықтанды. Көзілдіріктің сыртынан
басты бүркей орап, балшықты лезде қабырғаға ұрып
тастайтын. Оны жылдам сыламаса, балшық қатып қалушы еді.
***
Денсаулығы «төмен» Тұрды Айдынды амалсыздан құрылыс отрядына жеткізіп салды. Баяғыда «Ұлы Отан соғысына өзі сұранып кеткендер бар» дегенге таңданып, ақымақтығына күлуші еді. Мына қыздың тірі тозаққа сұранып бара жатқан ісіне таң болды.
«Ақын дегендер –адам айтса сенгісіз ақылды өлеңдер жазғанымен, адам көрсе де сене алмайтындай
ақымақтық істейді екен- ау!» деп ой түйді. Бөлмеде бір өзі, то-о-лық еркіндік! Пиво, кино, қыдыру, ұйықтау, ұйықтамау өз еркі - өзі би, өзі хан! «Өзім комендантқа өткізем» деп қалдырған 136-шы бөлменің төсеніш, перде, ыдыс-аяқ сияқты ұсталғанымен тап-таза
заттарын өз үйіне пайдалануға апармақ еді. Әдемі халаттар, киімдер арасынан 6 қалың дәптер шықты.
-Бұл не?! Лекция? Жо-оқ! Мынаны қар-ра-а...
Айдынның күнделі-гі... Ә-ә, ішімді пыстырмайтын болды, кейін, оқырмын!-деп сөреге қойды.
Үйіндегілерді сыйлықпен қуантуға тау бөктеріндегі
ауылына бет алды. Егер Айдын қасында қалса, келін түсіртіп қуантуы да мүмкін еді.
Елінде 10-15 күн лай илеп, кірпіш құйды, оны
кептіріп жинады. Сосын деканатқа көрініп қайту үшін оқу орнына жол тартты.
-Ақымақтар үш ай бойы Өкіметке тегін жұмысқа жегіліп жүрсін. Мен өз үйіме сарай тұрғызып алайын,-
Тұрды өзіне есеп берді. «Жұмыста бар» деп белгі
соғатын басшылармен «тіл табысып», бөлмесіне келді. Айдынның қалың дәптерлерін қолына алды.
-Ой-ба-ай, мыналарды нөмірлеп тастапты- әй, қара! Кәні, не депті?! Ерінбей осыншаны жазғанын айтам,-ол оқи бастады. Оқтын-оқтын: «Ә-ә, солай екен-ау? Иә,
бір емтиханнан жылап шығып еді, құлаған ба десем... І-і.», «Төркіні мықты болғаны-ау...Мынаны қара... а-
ақын екен, ә?! Біреудің өлеңдерін жаттап алғам дейтіні бекер екен,ә? Онда, физматта неге жүр?» «Әй! Менің хаттарым... мен тура-лы... Иә? Мала-де-ес!!»-деп
дауыстап қояды. Дәптерді бетіне жауып, ұйықтамақшы еді, күнделіктен оқығандары ми бөлшектерінде
жаңғырығып, маза бермеді.
-Кім қыз болып көрген дейсің? Қыздардың өмірді пайымдауының өзі, мақсат-мұратының өзі мұның ойымен кереғар, тіпті көбі қайшы екен-ау? Мынадай кітаби түсінік көбейсе, жер төңкеріліп, басқа заман
тумай ма?! Бұл қыз кітаби болмаса, Фантомасты адам деп сыйлап жүре ме? Ол деген щорт қой тір-рі! Хи-хи!
-Әй, бірақ, мұндай қыздар өміріңе ең керекті жан.
Сенімді әйел, алдасаң сенеді, жұбатсаң көнеді, тіпті сен үшін өледі!Осыған ба.... жоқ, осындайға ма үйленуім керек. Мені сынағанымен, соның бәрін жақсыға жорығанын айтсайшы!
-Ал, анау Мәди досыңды не істейсің?
-Ол Айдынды «сүйемін» дей ме, бір түсініксіз сөзді айтады-ей! Сөз айтылады, ұмытылады, мың айт – оның белгісі жоқ! Тю-тю, сөз ұшады аспанға! Сүймесең де үйленген соң сүйіп кетесің,келіссең болды!Не көп–қыз көп! Осынша үлкен ғаламшардағы адамдар екі-ақ
жынысты, Мәди-и! Енді үшін-ші-сі-і...а-ха-ха-а! Үшіншісі жоқ, аз! Ешкім өзін «қызтекемін» деп айта қоймас!
-Эй, Мәкең деген ақкөңіл, жақсы жігіт. Жігіт емес- ау, жігіт болмаған сары ауыз балапан. Шындасам, Айдын – менікі. Мәдидің бір қызбен құшақтасқанын-н кө-көр-се-е... Айконың өзі-ақ одан қашып ке-кетер!
Сонда, ең сенімді досының бірі – маған тығылмай, менің құшағымда жыламай, кім-ге-е? А-а? -Тұрды өзімен өзі сөйлесіп, ішегі қата күлді,-кімге-е...
жылайды-ы? Уһ, ішегім-ай! Оны жасау Тұрдыға бес
минуттық іс! Қой, шәй ішейін. Сосын, кешкісін ауылға шығайын,-деп ой түйді өз тапқырлығына разы болған Тұрды.
***
Қызылқұм құрылысындағы күн режимі бойынша, сағат 11 мен 16-ның арасы үзіліс, сосын кешкі 9-ға
дейін жұмыс. Күннің ыстығына жұмыртқа пісердей, ал
құмды табаныңмен бассаң, ыстықтығы жүгіртіп жіберер еді. Осы ыстық Айдынға ұнайтын.Үзілісте
сабан шляпаны киген ол ыстық құмның беткі қабатын
сыдырта үйіп, аяқтарын көміп отыратын. Сонда аяққа 1-2 елі құм су болып жабысатын. Айдынға картоннан күнқағар жасап, ыстық құмға жаңалап орайтын
достары күннен де ыстық буы бұрқыраған шәйді бірге сораптап, әңгімені жіберіп қоятын жұмақты, алаңсыз шақтар-ай! Осы құм бұлаудан кейін есік- терезесі жоқ, бірақ, шатыры ғана бар баспана көлеңкесінде шөлдеп ішкен шәйдің орны бөлек қой! Сосын, 2-3 сағат ұйықтап, қайтадан қара балшықты қабырғаға
жапсыратын.
Сол екі айлық құрылыс отряды бұл топты жеке дара түйіршік тастардан темір бетонды құйма
еткендей. Бұлар бос кездерінде спорттық түрлі
ойындар – волейбол, футбол, шашка-шахмат ойнаса, кейде ән айтып, би билейтіндері де бар. Кейде кітап талқыласа, кейде бір тақырып айналасында пікірталас жасайтын.
Осының бәрі әлі де ұйқыдағы ми бөліктеріне нәр, шабуыл, қанды қыздыру, көңілді ояту, өмірді тану тәлімі еді. Мәдидің домбырамен әдемі ән салатыны, Гүлнәрдің мандолмен ойнайтын қазақша-қырғызша әндері... шіркін-ай, тыңдай бергің келетіндей –
әншілердің әншісі дерсің!
Сексеуіл мен жыңғыл ғана өсетін құм далада
кесіреткі көп. Түрінің өзінен шошитындықтан, үш қыз үшін үш кереует, ал,жігіттердің барлығы құм үстіне жайылған қамыс төсеніштерге жайғасқан-ды.
-Бригада-а! Сап түзе! Тік тұр!- деген Мұхтардың бұйрығын бұлжытпай орындап, Айдындар тіктеле
қалған.
-Жолдас мастер, сен бір жүрген қасқыр! – деп шекесіне қолын қоя саңқ еткенде, отряд түгел дерлік жамырай күліп, босап кетті. Тек Ғабекең командирдің:
-Отставить! Доғар! Бір күнгі нарядың
есептелмейді!- деген қатқыл даусынан кейін бәрі де қайта тіктелді.
«Біз әуел тік жүруге үйренбейміз,
Алдымен қара жерге құлап тұрмай...» деген Ақұштап өлеңін естеді Айдын,- әділдік пен тәртіп бар жерде ғана жақсылық болады» деп түйді ол.
Шопан үйінің фундаментіне траншея қазу мен топырақты лақтыру бар энергиясын тауысты ма, Айдын үюлі күйген кірпіштерге сүйеніп, мызғып кетіпті.Кірпіштің үшкір бұрыштары батқанын да,
шақшиған күннің оттай қарыған ыстығын да елейтін түрі жоқ. Түскі үзіліске әлі жарты сағат бар. Мәди Айдынның мынадай шаршауына жаны ауырды.
«Айдын!» деп бір-екі дауыстап еді, оянбады.
-Тиме-тиме! Тәтті ұйқысын бұзбашы,- деді Жақаң,- одан да бетіне көлеңке жасайық. Сендер төрт рейканы ұштап, мына кірпіштер арасына қадай беріңдерші. Мен көлеңкелейтін картон ба бірдеңе іздеп келейін.
-Асханадан, қыздар макароннан босатып берді,- деп Жаңабек картон қорап көтеріп келді. Оны төрт қадаға кигізіп, қыз бетіне көлеңке жасады да 4 жігіт сыбырласа ымдасып, траншея қазуға кетті.
-Қой, бұл істі ертерек бітірмесек, Айдын бізбен бірдей қимылдаймын деп... мынадай талып шаршау деген... күш оған!-Жақаңдар құлшына іске кірісті.
-Қолдарынан да обал болды ғой... Қара балшыққа аямай салып, жарылып кетіп еді. Енді күрек ұстаған қолдары қабарып, алақанына сары су жиналып кетті. Сол Айкоға жұмыс істетпей-ақ қояйықшы,- деп Құтыштың даусы жарықшақтанды.
-Қалай істетпейміз? «Істеме» десек, көне ме ол?!
Көнбейді-ау. А, Мәке, не істейміз?!- Жаңабек Мәдиге қарады.
-Мені тыңдамайды ол, бригадир ғой, Мұхтар айтсын,- Мәди Мұхаңа сұрана қарады.
- Мен қалай айтам,а? Одан да үш қыз да тамақ пісірсін де-еп, Айконы асханаға жіберейік.
-Өй, атама оны! Айкосыз қалай уақыт өткіземіз? Бармайды асханаға! Біздің қасымызда болады,- деп Құтыштың шыр- пыры шықты.
-Өй, мын-науың не дейд? Оған жаның ашымай ма?
Айдын келмегенде де жүрдің ғой. Ал?
-Сол Айконың арқасында біз ылғи бірінші орыннан түспейміз. Рас қой? Ол балшықты жылдам қабырғаға ұрып тастағаннан сен жылдам сылайсың. Себебі
балшық қатып қалмауы керек. Біз балшық әкелу үшін Мәкең амалсыздан оны жылдам илеп, ыдысқа салып береді,-деп Жақаң жіліктей сөйледі.-Енді... қыз балаға траншея қазу... Давай, ол оянғанша бітіріп тастайық!
***
-Айко, Ай-ко-о!-деп оятып тұрған Мәдиді көріп, қыз ұяла оянды,- әбден шаршадың-ау, бұл жерде
көлеңке де жоғы қиын... Енді бір ұмтылсақ, траншеяны бітіреміз. «Сен қосқа кете берші» деп сыбырлады ол,
Айдын қызарып бас шайқады.Ол «Қара тас ұйқың келсе, болар мамық» дегеннің рас екенін түсінді.
-Мынаны қарашы-әй, қолдарыңа, бүкіл денеңе... ои-и, беттеріңе де мына тас кірпіштердің бедерлері
батып кетіпті- ау! Ауырып тұр ма,а?- Мәди Айдынның күн қақтаған, кірпіштер жарақаттаған жүзін
алақанымен аялай, аяп тұр еді,- жаным-ау, осыншама
зорығып... зорықтырған мына біз оңбаймыз ғой! Ту-уһ! Сен асханаға көмектесші қырсықпай! Жарай ма, а?
- Жоқ, осы жұмыс ұнайды маған. Деканға өтініш жазғанда «құрылысқа жіберіңіз» деп жаздым ғой
асханаға емес,- деп күлді қыз.
-Айко, асхана да құрылыстікі ғой. Қыз балаға
ауырлық етеді мына лай мен жер қазу жұмыстары, үш қыз бірге асханада болсаңдаршы, - деп Мұхтар өтініш жасады.
...Соғылып жатқан мал қора қабырғасының көлеңкесіндегі қамыс төсеніш үстіне дастархан жайып, жігіттер ас әкелді. Шұрқырасып тамақтанып алды.
-Шіркі-ін, қаладағы жүрісіміз ханзадалардың жүрісінен бір кемдігі жоқ салтанатты екен-ау, әһ?!
-Е-е, бұл күндеріміз де бір қайталанбас романтика ғой! Таз-за ауа! Машинаның газы мен адамдардың у- шуы жоқ! Сексеуіл мен жыңғылдан басқа көлеңкесі жоқ қызыл құм! От жақпай- ақ ас піседі!
-Қызылқұмның кемелері секілді қызыл-қоңыр түйелерді айтсайшы маң-маң басып жылжитын!
-Шұбатын айт әрі сусын, әрі тамақ.
-Әрі ем де! Адам ағзасының емі ғой!
Бригада мүшелерінің бірі жантайып, бірі созыла жатып, тыныс алды. Аздан соң ыстық құмды жалаңаяқ жүгіре басып, әудем жерде Айдынды белуардан құмға ораған Құтыш пен Жақаң оған күнқағар қадап, ыстық шәй тасып, термен шыланған құмды сырғыта
ауыстырып, мәз- мейрам боп жатты. Мәди жәймен
тұрып, траншея қазуды жалғастырды.Аяқтап болды-ау әйтеуір.Асханадан бір бақыраш салқын тұщы су
сіміріп, маңдай терін алақанымен сыдырта тамшылатқан Мәди Айдындар жаққа бір көз тастап,
көлеңкедегі төсенішке қарай аяңдады. Қолына біраз
күннен бері ел тыныққанда ұстайтын кірпіш-мүсінді алып, бәкімен жона бастады. Үрлеп тазартты.
Алысыраққа ұстап, айналдыра қарады. «Қалай?! Әдемі
шығатын түрі бар ма өзі? Айдынға ұқсай ма? Ұқсап келе жатқан сияқты-ау...»
Күндегі дағдымен құм бұлаудан соң қыздар төсегінде ғана бар декемен оралған кереуетте ыстық бәсейгенше тынығатын.
-Қызда-ар,кіруге бола ма?- деген Мәдидің даусы есітілді.
-Иә, кел,- деді Гүлнәр.
-Айдынға бірдеңе... айтпақшы ем...- деп күмілжіген Мәди күйген кірпіштен ойылған қыз мүсінін ұсынды.
«Саған» деді. Астыңғы жағына «Жүрегімнің жартысы - сен» деп ойып жазылыпты. Айдынның ақша жүзі
дуылдап, қызыл кірпіш мүсінді айналдыра берді. Көңіліне жыр тұнды.
Сүйемін деп мен саған айта алмадым, Сүйерімді қалайша байқамадың...
Осы қарапайым қол өнері, оған жазылған бір ауыз сөз Айдынның жан-дүние тереңінен жыр маржанын тулатып шығарған құдірет екенін жігіт сезді ме, жоқ па?! Қыз тілсіз сезімін ұқтырды ма, жоқ па, әйтеуір
«рахмет» деп жымиды да жас тұнған жанарын кірпігімен көлегейледі.
-Айдын, бір өтініш айтсам, орындайсың ба?
-Ұнаса...
-Ұнауы керек, мақұл деші, а?
-Алдымен айтып көрсей...
-Бүгін ше, паркке шақырайыншы...
-Парк?!
-Иә, сексеуіл мен жыңғыл паркі емес пе айналамыз.
-Кім-кімді?
-Мен сені, сосын сен мені шақыр, аһа?
-Болмайды.
-Не істесем болады, а? Күй тартсам ше? Ән айтсам ше?
-Иә, бірақ, әдемілеп айтуың керек.
Бұл екеуі кешкі еңбек қорытындысына бара жатып, осылай сыбырласты. Мәди Айдынды жас балаша
жетектеп келеді.
-Осы құм далада осылай еңбектеніп жүре берсек-ші деп ойлаймын. Өйткені, сені таңертеңнен ұйқыға
кеткенге дейін көріп, сөйлесемін. Ал, қалада-шы, бір
көруге зар болып... Сен ше?
-Қала жақсы,бұл жерге босқа келдім.
-Қойшы, мен әдейі айтқаныңды біліп тұрмын ғой...
Неге сөйтесің, а? Қырсығым менің, қылтығым менің! Қылтық дегенді білесің бе? Ол бидайықтың басы ғой, бері қозғасаң, әрі жүреді,-Мәди әдеттегідей қорғана күлді. «ж-а-н-ы-м» деп сыбырлады.
Әдеттегідей бұлардың №2 бригадасының көрсеткі ші бәрінен жоғары болды. Бригадир Мұхаңа ауыспалы вымпел тапсырған басекең, «Сенің арқаң ба, жоқ, лайды жылдам жапсырғаннан ба екен?» деп қолын
қысты. - Осы бригада мүшелерінің құрметіне екі би, - деді мастер.Жастар ен далада еркін билеп, күндізгі шиырылған жүйкелерін босатты.
-Енді мен бір ән айтып берсем, бола ма?-деді Мәди.
-Жарайсың! Әшейінде сұраныспен әзер айтушы ең, бүгін ашылыпсың.
Мәди Айдынға көзқиығымен бір қарап қойып, домбырасын шертті. Сосын ұяң қоңыр даусымен ән айтты.
Аңсаған бақытым сияқтанып, Ай туып келеді қияқтанып...
Айдынға әлемде Мәдиден асқан әнші, көркем,
ақкөңіл, еңбекқор, мейірімді жігіт жоқ сияқты. Оның жаңғалақтығы да, күлкісі де, дауысы да ерекше
жарасымды көрінетін.
Негізі, бригаданың үздік көрсеткіш кілті - Мәдиде.
Кейде Мәдиді сөйлету үшін басқалар өзара келісіп, оның шыдамын тексеретін. Төртеуі де ұйықтап қалған
боп, қозғалмайтын. Ондайда Мәди екі құлақты үлкен ыдысқа лай салып, оны қабырғаға ұрып, сосын
андамамен тегістеп, бір өзі қимылдай беретін.
-Қой, Мәкеңнің мінезінен ұят-ты, тұрайық, - деп жолдастары іске кірісер еді.
Ас ішерде де солай, бүкіл бригадаға ас тасып, ыдыстарды жуып жүргені. Сосын, басқалары
ұялғанынан-ақ кезектесетін. Орталарындағы жалғыз
қыз – Айдынды болса да қимылдатпауға әрекеттенетін. Бұлар ең жақын туыстай, бауырласып кетті.
Мұнда электр шамы жоқ, күн ұзақтығын пайдаланып, сосын керосинмен жанатын фонарь
жағылады. Мұндағы тіршілік алақандағыдай айқын көрінетін.
-Мәди қыдырайық деп тұр, барамыз ба?-деді
Айдын Гүлнәрға қысыла сөйлеп.
-Бар,барғаның дұрыс.Қой,мен не істеймін?Өзің бар.
-Онда, 10-15 минутқа барайын...
-Өй,өзіміз ғой бәрі де, бара бер, демалып,
әңгімелесе беріңдер. Оның несі айып, қысылма,-деді Гүлнәр мен Зүбайра.
...Күн батқанымен,аяққа тиген құм әлі де жылы.
Тіршілік жердің әр жағына аунап кеткен күннің отты көсеуінен құтылып, жапырақ қолдарын жайып, дала- кеудесін ашып, тыныстап жатқандай-ды. Жаңа айдың
туғанына аптадан асып қалған-ау, қара мақпал аспанда жартыкештеніп, жымия қарайды.
-Айдын, сенің жұлдызың қайсы? Бар ма? Менің жұлдызым – Ригель
-Өзім таңдаған жұлдызым ба, әлде туылған күніме
байланысты ма?
-Екеуі де. Жоқ, мен біреуін білем ғой. Сен
«Арыстансың», таптым ба, а?
-Сен ше?
-Мен де «Арыстанмын». Сен білесің бе, біз екеуміз бір күнде бір жұлдыздың астында дүниеге келгенбіз.
-Қойшы?.. Рас па?!
-Рас, Айдын. Сондықтан да бір тамшы судай
ұқсаспыз, егіздің сыңарындаймыз. Бірдей ойлаймыз, бірдей түсінеміз, иә?
-Иә емес, түк те ұқсас емеспіз.
-Сен қырсықсың, сол жеріміз ғана, бірақ, сен оны маған әдейіге... түсінем ғой...
Екеуі жетелесіп, жүріп келеді.
-Айдын, сен мені... мені... сүйесің бе, а?
-Жо-оқ...
-Бұрын біреуді ұнатқан ба едің, а? Шыныңды айта берші.
-Иә, өте қатты...солай еді...
-Демек,бәрі керісінше. Ешкімді ұнатпағансың, мені ғана сүйесің, иә?
Қыз үндемеді. «Түсінгеніңе рахмет» деді іштей.
-Ой, кесіреткі! – деді де Мәди Айдынды қапсыра құшақтады.
-Қайда?! – деп шошынған қыз да бұлқынбады.
Мәди иегіне тірелген қыздың жұп-жұмсақ шаштарын иіскеп,ернін бетіне тигізіп өпті, сосын сәл ғана
ашылып дірілдеген шиедей еріннен аялап қана сүйді.
Айдынның тіреуіш болған аяқтары мен омыртқаларынан қайрат кетіп, бүкіл денесі жапырақтай қалтырап кетті.
-Өмірде тұңғыш тапқан махаббатым менің,
мәңгілік болып қалшы. Сені ғана сүйдім, сенсіз уақыт мені алқымымнан қысып тұрғандай... қысады. Сенесің бе осыған? Ешуақытта есімнен шықпайсың, Айдын. Не істеймін, қалай сенсіз жүремін, айтшы? Тағы бір
сүйейінші, жаны-ым, - ол дірілдеп тұрған қызды
ақырын-ақырын үш –төрт рет өпті, - не деген тәтті едің, Айдын! Не деген сұлу едің, жаным-ай! Не
істейміз, ертерек үйленеміз бе, а?
«Үйленеміз бе?» деген сөз балқып еріген қызды суға батырып алғандай, есін жиғызды. Ол тез Мәдидің құшағын итеріп, реттелді.
-Айдын, шошымашы, келші құшағыма!
-Жоқ, кетеміз үйге, жүр.
-Тағы аздап тұра тұрайықшы, жа-ным...
-Жоқ, бәрі бізді күтіп жатыр, ұят болады енді кешіккеніміз, жүр, жүрші. Онда, өзім кете беремін.
...Мәди мұны қуып жетті.
-Айым, - деді жалынышты үнмен,-бір рет, бір-ақ рет сүйші мені, сұранамын. Әлі бір рет те, өмірімде... сүймепсің... а?
-Қалай? Өткенде-ші, «Қарындасым дәл сен сияқты сүйеді» демедің бе?
-Е-е, мен солай елестетемін ғой... Мақұл, тек ренжімеші, ертеңге дейін. Тек, ауызша айтшы бір рет- ақ «сүйемін» деп айтшы, сұранамын.
Айдын үндемей, жымиды. Оның жүрегінен манадан бері тербелген жыр төгіліп, ол Мәди
жүрегінің дүрсіліне құлағын тосты. Жанарынан бір сызық боп ыстық жас ағып түсті. Мәди сүйіктісін құшып, Ай астында ант етті.
-Айдын, мына Ай астында Айды куә етіп... тек сені ғана сүйетініме, мәңгілік сенімен өмір сүретініме ант етемін. Ант етем! Сен де айтшы, айтшы... сұранамын.
Айдын айтайын-ақ деп еді, «мен де сүйемін сені» дегісі келді.Үні жоғалып кеткендей, дыбысы шықпай қалды. Бірақ, анттан артық сезім – жыр туылды.
«Сүйемін» деп мен саған айта алмадым, Сүйгенімді қалайша байқамадың?
Мен сені лапылдаған сөзбен емес, Жалын атқан жүрекпен аймаладым.
Кінә тақпа.
Қисынсыз иілмедім,
Иілуім сырт көзге қиын менің.
Сен жымиған сәттерде мен шаттанып, Сен мұңайсаң, жетпей ме күйінгенім?
Неге сенсіз жаз көңілім күз болады? Жалын атқан жанарға мұз тоңады!? Ғашығына арманын айта алмаған, Ақын жүрек неліктен қыз болады?
Айтпадым ба?
Сезімді жасырмадым,
Сағынғанда сарғайды жасыл бағым. Қуанғанда құс - көңіл сені іздеді, Қуат болды дертіме қасымдағы үн.
Рас ол – мойыныңа оралмадым, Сүйемін деп серт беріп, қол алмадым. Айтпадым.
Айта алмадым.
Айтпаймын да!
Бірақ, мен басқа адамдық бола алмадым.
...Бұлар қосқа жеткенде, тамақ кенеушілер, жөткірінгендермен қоса, қыздар да:
-Келдіңдер ме? Барғандарыңнан қайтқандарың тез
болды ғой. Ұрысып қалдыңдар ма?- деді.
-Жоқ, ертең жұмыс қой, демалатын уақыт жетті, - деді Айдын.
***
...Құрылыс науқанында бұл екеуінің туылған күндері аталып өтілді. Дастархан мәзірі мүмкіндігінше түрлендіріліп, аспаздар дәмді тағамдар пісірді.
Ұзын үстелдің басына Мәди мен Айдынды
жайғастырды. Басшылар ұйымдастырды ма, гүл де пайда болыпты. Гүлдер жыңғылдың майда қызыл гүлді бұтақтарымен көркемделіп, 3 жерге банкаға
салыныпты.
-Құттықтаймыз! Құт-тық-тай-мыз, - деп екеуін орындарынан тұрып, алақан соғып қарсы алғанда-шы, Мәди өзінің үйлену тойы басталғандай көтеріңкі күйге енді.
Дастарханды құрылыс отрядының бастығы мен Зүбәйра ашты.
-Қымбатты достарымыз Айдын мен Мәди! Екеуің бір жұлдыздың астында, бір күнде туылған екенсіңдер, міне Қызылқұмның құм даласына сән беріп, тойлап
жатырмыз. Жастықтың оты жүректеріңде лаулап, күндерді бірге өткізіп, бақытты болыңдар!
-Рахмет, әумин! – дейді Мәди.
-Екеуіңнің қуаныштарыңмен!
-Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар!
-Ал, той құтты болсын!
Жастар әр жерден тілек айтып, гуілдесіп жатыр. Айдын бейнебір үй болу тойында отырғандай сезінді. Ыңғайсыз... Дегенмен ерекше туылған күн тойы өтіп жатты.
-Мен де Айдынға тілек айтайыншы, - деді Мәди көпшілікке.
-Айт, айт!
-Неке сақинаң дайын ба?
-Әзілде артық кетпейік, жігіттер! Айдын, саған бақытты, баянды өмір тілеймін. Барлық армандарың орындалсын деп мына сыйлықты қабыл алуыңды
сұранамын,-ол бірнеше фотосуреті бар фотоальбом ұсынды.
-Рахмет! – Айдын орнынан тұрып, қабыл алды.
Альбомның ішкі бетінде амандасқан екі қол бейнеленіпті. Екі қолда да неке сақинасы бар.
-Інім Әли салған сурет,бұл оның екеумізге деген тілегі ғой. Үйдегілердің бәрі де сені таниды, біледі,- деді Мәди риза көңілімен. Айдын қызарды,-Ләйім осындай сақина киер күнге тезірек жетейікші... Осы жылдарда екеуміз бірге 6-ақ рет суретке түсіппіз ғой. Бұдан былай көбірек түсейікші, кейін... кейін... бала- шағаға... айтып отыру үшін, - деп сыбырлады.
Айдын бір жалт қарап, үндемеді. Себебі,осындағы әрбір көз өздерін бақылауда екенін сезініп отыр еді.
Қызылқұмда тек қана студенттерден құралатын
«қоғамда» туылған күн тойланып, сауық кеші өтті.