АРМАН
Арман көп қой адам боп жаралғасын, Арман дейді жетпесін, бара алмасын. Бірақ, ең-ең тәтті де биік мұрат,
Не жетерсің, не жолда қалар басың.
Бүгін жексенбі. Кезекшілік кезегі Әсемде.
-Айко,Айдынка! Тұр, түскі тамақ ішетін уақыт жақындады. Кеше театрға барып, шаршаған мен де бағана тұрдым. Еркетай, тұр енді, жуын.
-Ап-па! Өкіметтің тұратын уақыты болып қалды ма, а? –деді Айдын төсегінде созылып.
-Иә,біздің бөлмедегі «өкіметтің» бәрі де тұрды-ау, соңғы ақын өкімет тұрса, шәйімізді даярлап қойдым.
Сенің сүйікті картобыңды қуырдым -деп күлді Әсем.
-Сендер бұл «өкіметтің» түндегі жұмысын білмейсіңдер ғой... – Жаһан күлкіге шашалды.
-Білеміз ғой Айконың үкімен тектес екенін, түнде
өлең не күнделік жазатынын.
-Ішімізде ең аз демалатын да, ең көп пайдалы еңбектенетін де осы –Айко! Өлең жазу бақытын Құдайым әркімге бермейді ғой!
-Жо-жо! Біз екеуміз түнде-ші, шет мемлекетке са...сапар шегіп келдік...
-Қайдағы «шетел»?- аңқау Сәбеш қатты таңданды.
Қыздардың бәрі төсектерінен бірден көтеріліп, ортадағы үстелге –Жаһанды қоршай жайғаса қалды.
-Айтшы енді, айтшы тез. Қайда бардыңдар? – қыздар Жаһанға аңтарыла қарасты.
Күлкіден аққан көз жасын сүртіп, Жаһан
нықталды.Ұзын сүйір саусақтарымен үстелді тықырла тып алды да «Айтайын ба?» деп Айдынға қарады.
-Шетелдің елшісі –ау! Рұқсат сұрап, тәртіпті бола қалғаның ба расымен...
-Айт, айтасың әрине.Біздегі тәртіп,Айдынның өзі ұсынған ережесі –сыр жасырмау! Айт.
-Және де сырды есіктен әрі шығармау!- деп қойды
Айдын.- Ұмытпаңдар.
-Да, да! Менде жазық жоқ, шырт ұйқыда жатыр ем, Айдын оятты. «147-гі Ұлас срочно шақырады» деп.
-Иә, сосын?
-Шықсам, бөлмесіндегі Айконың группаласы Өркен-ші, «Өлем, сендер менің Айдынмен сөйлесуіме көмек бермейсіңдер» деп, терезеден секірмек пе, пышаққа жүгірген бе... хи-хи...Сондай енді.
- Ойбай! О несі? Не үшін екен?! Айтпай қоя тұршы, мен бытовкадан тамақты алып келгенше–деп, Әсем сыртқа беттеген Айдынды қаға-маға жүгіре жөнелді.
-Мен келгенше аяқтап қой,Жаһан! Іһі?-деді Айдын.
-Іһі- іһі! Әһә!
-Енді басталса, қалай әһә болсын!?
-Ә, кеше «Қаракөзге» шақырғанда бармағанына қапа болған ғой. Айтып ем ғой, біздің алдымыздағы қатарда жылады да отырды,-деді ыстық қазанымен кіріп келген Әсем, -обал бопты-ау.
-Содан? Айта берші,-деп қосарланды қыздар.
-Ыс-содан... Ұластың өтініші бойынша әлгі Ө-
Өркенді «Өлгелі жатыр екен,әл үстінде,соңғы тілегі
сені кө-көру екен» деп, -Жаһанның күле-күле көзінен жасы ақты, - Айконы алдап апардық...
-Сенді ма соған?
-Сенгіш қой ол!
-Сенгенде қалай! Айконың көзі бақырайып... хи- хи.. қаны тартылып...хи-хи...құп-қу боп кетті. Мен
бұған бірдеңе боп қала ма деп...
-Өлгені несі?! Енді Айконы неге алдайсыңдар?!
-Бөлмесіндегілердің әбден әлегін шығарғаны рас қой.Айқай сап, терезеден секірмекші болып... Қойдыра алмаған ғо... Біздің қызбен тілдеспесе болмайтын
бопты. Кеше кешке ол шақырған театрға Айко бармағанын білесіңдер ғо! Алдаудан басқа жол таппадық қо енді.
Сырттан Айдын кірді.
-Ойпырмай, сондайға дейін барып... Соншалықты жақсы көреді екен-ау,ә?!
-Мұндай махаббатты көргенім, естігенім осы!
-Сенде не арман бар, Айко!? Арман жоқ!
-Өтірікші өрмекші, Көпір салып бермекші. Өтіріктің бесігіне,
Осыларды тербетші,-деді Айдын кереуетіне қайта орнығып.
-Негізі,сенікі дұрыс емес,-деді Әсем,жігітті
жылатпау керек. Не деген сұлу өзі, айтыңдаршы, а?
Полат Бюлбюлоғлыдан аумай қалған! Өзі совхоз
директорының баласы. Әттең, маған сөз айтса-шы... Ал, тамақ дайын. Келсейші, Айко!
-Жамандап жатырсың, тұрмаймын,-ол жорыта бұртиды.
-Біз сенің жағыңбыз, 2-де 2, тең! –Сәбеш пен
Жанат қолдарын көтерді.
-Онда «өкімет» тұрады,-Айдын үстелге беттеді.
-Айта берші, не болды сосын?
-Не болушы еді, бөлменің кілтін Айконың қолына бердік, сөйлессін деп ек. Өркеннің үстін ақ... ақ пр- простынямен жа-жауыпты...хи-хи...
-Аха-ха-ха!
-Олар да қызық екен, аха-ха-ха!
-Сосын, Айдын простыняның шетін көтеріп еді, а- ан-нау-у «Айд-ы-ын!» деп атып тұрғаны, а-ха-ха-а!
-Сосын не істедіңдер?
-Не болушы еді, бір ауыз сөз айтпай, Ұласқа кілтін ұстатып, қыз кетіп қалды. -Ыс-содан,сендер ұйқыда
сыңдар, бұл маған да сөйлемей,бірдеңе жазып отырған. Ұйықтамады-ы хи-хи...ау-у...
***
...Былтыр бөлмеде Айдынның сумкасынан Өркен
жазған хат шыққан-ды. Мұның қолынан қыздары алып оқыған. Хатта атасының «Ленин» орденді шопан,
әкесінің совхоз директоры, өзі он бір баланың үлкені екенін; Айдынды ұнататынын жазған. Содан бері де жылдан асыпты. «Неге сөйлесіп, қыдырып көрмейсің?
Сөйтсеңші» деген қыздарына бұл өз принципін үгіттейтін. «Алдымен адам кімді және несі үшін ұнататынын; оның барлық артық-кем жақтарымен мәңгілік бола алатынын анықтауы керек. Кімнің
тарысы піссе, соның тауығы боп, кино, концертке бару
- қателік» дейтін.
Ал, тап кеше... Бөлменің есігі қағылды да Сәбеш
басын сәл қисайтып «саған» деді Айдынға. Өркен екен. Қап-қара костюммен киген ақ көйлегіне қызыл галстук байлап, онсыз да көркем жігіт ажарланып тұрды.
-Саламат па, Айдын? – ол қол созды. Бұл да.
-Бүгін ауылдан келіп ем... Мына қызғалдақтарды саған арнап үздім...
-Рахмет, ауылың аман ба екен?
-Иә, сәлем айтты... саған...
-Маған?.. Саламат болсын.
-Сені театрға шақыра келдім,кешкі 7-де «Қаракөз ге» билет алдым.
-Мен...мен бара алмаймын-ау, психологиядан ғылыми конференция өткізуге дайындалуым керек.
-Ертең демалыс қой, екі сағат ештеңе етпес.
-Гүліңе рахмет, бірақ.... өкпелеме,-Айдын сүйеніп тұрған есікті әрі итеріп еді, іштегілер құлыптап қойған- ау, ашылмады. Бұл жәй тықырлатты.
-Айдын, өтінем сенен, барайықшы, -бидай өңді жігіт қызарып кетті,екі жыл болды ғой... сені шақырып жүргеніме. Неге бармайсың? Соншалықты нашармын ба? Жоқ...қорқасың ба? Бір группада оқимыз... Оның несі айып?
-Тағы бірде барармыз,бүгін...болмайды. «Болады, болады. Барады-ы» деп есіктің әр жағынан бір дауыс сыбырлады. Бұлар бір-біріне қарап жымиды.
-Әне,«болады» деп тұр ғой қыздарың да, - Өркен біраз үнсіз тұрды, сосын ақырын Айдынның қолына қол созды. Қарсылыққа қарамай, қыз қолын екі
алақанының арасында аялады. Сосын маңдайына апарып, біраз тұрды да, даусы дірілдей тіл қатты.
-Айды-ын, егер мені ұнатпасаң, оқуды тастап кетемін. Білесің бе, сені сүйіп... Сүйген адамның
қасында... күнде жүріп... оған қолың жетпеу, сөйлеспеу
қандай қиын екенін? - Өркен жылап тұрды. Оның көз жасы Айдынның білегіне қарай сырғи ақты, -
қиналдым әбден, енді қинамашы. Мен сенен сұранамын, Айдын.
...Абитуриенттік кезден танысқан Мәдимен
достығына сызат түспеген Айдынды ертеңгілік оқуға шыққанда ол бөлме алдынан, не сыртқы есіктен күтіп алатын. Содан, сабақта да, лабораториялық жұмыста да, оқу залында да бірге болатын. Кешкісін кино- театрлар мен мәдени орындарға екі-үшеу боп
көбейетіндері бар. Бірде Мәди:
-Мен саған...сені... маған-ше қатты үйреніп қап... кетіппін,Айко! Сенсіз түк те қызық емес. Ауылға
барайын десем де-ші сені сағынып кетем деп барғым келмейді. Сен ше менің ең кішкене қарындасыма қатты ұқсайсың.Каникулда... соны...шақырып ап сүйе берем
сені сағынғанда. Саған ұқсайды. Айко, сен ше,а? Мен кімге ұқсаймын? А-а?-деген Мәдидің осылай еш
бүкпесіз шатаса сөйлеген ақкөңіл тазалығына риза болатын-ды қыз.
- Ә.К-ге.
-Әк? Ол кім тағы? Әкпар? Әкім?Әкеме ме? Айтшы.
-Ө-өзің айнаға ұзағыра-ақ қарасаң,саған қара-ап тұрады ғой,байқа,-деп сықылықтап күліп алған-ды бұл.
Мәди айнаға қанша қараса да кімге ұқсайтынын
бүгінге дейін біле алмаған.Қанша өтініп, осы жаңа ғана тап осы есік алдында «ә.к- әзірбайжанның кемпірі»
екенін біліп, көзінен жас аққанша бүгіліп күлген-ді.
-Жо-о, әзірбайжаның дұрыс, мұрным шығар. Бірақ, неге «кемпірімін» шалы емес, а?
-Білмейсің ба не? Шашың ше бұйраланып, оралып жатқаны мынау. Шалдың шашы тақырбас қой...-
Айдын оған қарап, Мәди бұған қарап, ішек сілелері
қатып күлгендері жаңа әзірде ғана.
- О-о-ра-мал тақ-саң, айнымай «ә.к.» боласың...
-ӘК... әк! Уһ, ішім-ай,ішім! Ішегім үзіліп кете жаздады-ау. Кәне, айнаға қазір- ақ қарап көрейінші.
Бөлмеге кірген
ол сүлгіні басына жауып,мойын асты алқымынан шеңгелдей біріктіріп айнаға қарады да, бүгіле күліп, кереуетке жата кеткен-ді.
-Кемпір, тұр енді, читалкаға барайық.
-Байқа, Айко, кемпірлердің ашуы жа-манн!- деп Мәди сұқ саусағын шошайта күлген күйі өз бөлмесіне кетті. Содан Мәди екеуінің институттың оқу залынан келген беті осы әзірде ғана.
Айдын осыны естеп, жымиды.Дұрыстап қараса,
Әсем айтқандай-ақ мына Өркеннің Одаққа, тіпті
дүниежүзіне танымал әнші Полаттан айнымайтыны рас екен. Көріктірек десе де болады, себебі бұл оның жас шағы сияқты. Не көз дейді мұндайды? Сілеусін көз бе?
Әйтеуір қап-қара сүзіліп қалған көздері мен қыр мұрыны, шынтағын аздап бүгіп, қанатын қомдап жүретіні –қыранды елестетеді екен. Шынында өте
көрікті екен-ау Өркен! Айтқандай, Полат «ӘК», нағыз таза әзірбайжан ұлты ғой! Айдын еріксіз жымиды.
-Неге күлдің?-деді Өркен,- менің жігіт басыммен жылап тұрғаныма ма? Дұрыс, өзімнің де өзімді мазақ- тағым келеді. Жігіт адам жылай ма әйтпесе! Негізі мен әкеме де бағынып көрмегем, оны сыбап тұрып боқтай салатынмын. Өйткені мен атамның баласы боп...
Осыным дұрыс емес екенін саған ғашық болғасын ғана түсініппін ғой, Айко. Саған ғана жалыныппын бұл өмірімде,саған ғана. Кешір менің жылағанымды...
-Бүгін расында да уақыт болмай тұр,тағы бірде... Өркен, жарай ма? – ол қолын ақырын босатып алды.
-Сен менің атымды біледі екенсің ғой, мен білмейді ме деуші едім. Кешірші, мен саған өзімді мойындата
алмағанымнан, таныта алмағанымнан кейде арақ
ішемін Сөйтіп, осы дәлізде айқайлап жүремін. Сол
кезде талайлар «Кім бұл? Айқайламашы!» деп есіктен сыртқа бастарын шығарады ғой. Сен де басын көрсете ме деп... Негізі, оншалықты бұзақы не бұзық сөзді
емеспін. Мүмкін... менің осы мінезім сені шошытатын шығар, ә? Мен оны дәл осы қазір түсіндім. Кешір,
жарай ма? Осы келгенде де аздап ішіп келдім, себебі,
келуім қиын. Қиы-ын. Түсінесің бе, ішпесем саған аузымнан сөз шықпайтын сияқты ма...
-Мен сені... түсінуге тырысамын, ал, жақсы.
-Айдын, Ай-ды-ын...
-Жақсы,-деп бұл ішке кірген-ді.
Қыздар бұлардың әңгімесін есіктің әр жағынан есітіп тұрған болды.
-О-о, қызғалдақ – махаббат символы!
-Айко, осынша жалындырған сен ақымақсың!
-Күйеу жігіт гүлінің иісі-ай!-дескен-ді қыздар.
Міне, бүгінгі талқылау Өркеннің кешегі
қызғалдағы мен театрға шақыруының жалғасы еді.
...Айдын жуынып-шайынып, дастарханға келгенде, өзі туралы қызу пікірталас үстінен түсті.
-Сонда да, Өркен байқұс не істейді енді? Біздің Айконікі 100℅ дұрыс емес. Бірге қыдырғанда не тұр екен? Ертең тұрмыстанғанда, үйден шыға аламыз ба, жоқ па? - Әсем қызына сөйледі.
-Сонда, Айдын неменеге кінәлі? Біреу жылады деп... Жылағанның бәрін жұбата бере ме? Дұрыс, шыққысы келмесе, шықпайды,-Сәбеш Айдынды қолдады.
-Қыздар-әй,менің дәу апам айтатын, «ер кісіні
жылатпа» деп,- деді Жанат,-бірақ,Сәбештікі дұрыс қой.
Айдын өзі туралы барлық пікірді тыңдап, әңгімеге қатыспады. Ойына өлең оралды. «Міне, көкпар» деп күлді де бір параққа жаза бастады:
Дау - таластан туады шындық деген, Мен ойланам пікірді күндікпенен.
Сабаңдаршы, аямай сабаңдаршы,
Жан туыстар, жалғаспас кіндікпенен.
Қалай сүйем бұйрықпен, сүймегенді, Жүрек біреу.
Бір жігіт үйленеді.
Білесің бе, қыздар-ау, дәметтірсек, Жігіт сонда деліқұл күйге енеді.
Не дейсіңдер?
Жүр десе барайын ба? Көңіліне бір үміт салайын ба?
Кездейсоқтан қосылған қос жүрекке, Орын бар ма Бақыттың сарайында?!
Айдын өлеңді қыздардың алдына тастады да, өзі оқу залына кетті. Сөз айтпады.
-Ой, лезде өлең жазыпты! Енді 2 жылдай жүгірген жігітке бір ауыз жауап жазса,несі кетеді? Обал емес пе? – деді Жаһан.
-Үнсіздіктің өзі – жауап, - деді Жанат.
...Қыздардың пікірталасы қызу жалғасып жатты.
Студенттердің ғылыми қоғамына психология
саласынан Айдын жетекшілік ететін. Конференцияның бекітілген жоспары бойынша «Ұстаз беделі неде?»
атты тақырыпта баяндамаға дайындалуда.
Бедел деген мәртебенің сөз бен істің үйлестігіне, білім мен сана деңгейіне, ұстаздың шәкіртпен өзара
түсіністігіне, шәкіртке жоғарыдан қарап емес, тең
дәрежеде сөйлесуіне, әр істе әділетті болуына, балаға сенім арта білуіне, баланың даралығы сияқты көптеген факторларға байланыстылығын айтқан-ды. Баланы
«Неге оқымайсың?», «Неге бұзықтық істедің?» деп
сұрақпен ұра бергеннен гөрі «Балалық шақ қайта орала ма?», «Кімге ұқсағың келеді?», «Уақытты мәнді өткіздің бе?», «Өмірдің мұраты не?» деген сияқты
сауал-пікірталастармен ой қозғаған дұрыс деп тапты. Бұл ой баяндамаға енгізілді. «Тағы да не қалып кетті?»
-Айдын , не істеп отырсың?-қасындағы бос орынға Мәди келіп жайғасты. –Туһ! Мына қағаздардың бәрін сен толтырдың ба, а? Оқысам бола ма?
-Жоқ,оқымашы. Ертеңгі конференцияға баяндама...
-Ә-ә! Фантомас досың екеуің айналысатын ғылым ба... – ол күле сөйлегенде, Айдын алақанымен оның аузын басты,-Қойдым! – Мәди қыздың алақанын сүйіп, үнсіз отыр.
-Бүгін киноға барайық,-деп сыбырлады Мәди. Қыз басын шайқады.
-Сенімен бармаймын. Ұнамадың.
-Тұрды үшеуміз.Үнді фильмі «Гита-Зита». -Қыз басын изеді. «И, жаным менің! Сәл қырсығады да түсіне салады өзі» деп, Мәди құлағының түбінен
сыбырлады. Бұл саусағымен ақырын мұрнын көрсетті,
«бармаймын» деді. Мәди үлкен көздерін жұмып ашты да, күліп өз орнына отырды. Сабағына дайындалды.
«Фантомас» - бұлармен группалас Тастан. Өзінің сыртқы пішім-жаратылысы роботқа ұқсап, шығыңқы иегі мен ұзын жіңішке мойны алға ұмтылып барып тікшиген арық иығына дәнекерлеп бекітілген сияқты бұрылмайтын. Тіпті дік-дік тізесін бүкпей басатын жүрісі де, кіріспесі жоқ, қорытындыдан басталатын сөзі де мұны жұрттан оқшаулайтын, ол аспаннан түскен адамдай еді.
Бұл группа түгелімен, тіпті бүкіл институт
Тастанды «Фантомас» дегенде, кемсіткісі келмей өз
атымен атайтын жалғыз Айдын болған соң ба, өткенде ол «Киноға менімен барасың!» деп, 2 билет ұсынған- ды. Аңтарылып қалған қызды, оған «Ұста мынаны»
деп қайта ұсынылған билетті көрген Мәдилер сахналық көрініс көргендей мәз болды. Ұлдар
группада қалған бар-жоғы үш-ақ қызды қоршап, Тастанға жел беріп тұр. Әсіресе Тұрды ішек-сілесі қатып:
-Фантомас, жарайсың-әй! Шешіп сөйлейтін ғалым, психолог жігіт қой бұл!
-Біздер сияқты «барайықшы-ы» деп сызылып,
сұранып тұра ма! «Менімен барасың!» дейді бұл. Ал, Айко, алсайшы 2 билетті, ал!
-Иә, кинотеатрға ертерек бар да күтіп тұр,
Фантомас өзі-і барады сосын. Солай ма?- Жігіттер жан-жақтап, кеу-кеулеп, ілмелеп сөйлеп тұр.
-Ой-ба-ай, бұл деген нә-гіз мі-гіт-ку! Кесіп айтады!
-Барасың!- дейді! Болды, бару керексің, Айко-о!
-Иә, нақ солай!-деді Фантомас билет ұсынған қолын Айдынның көз алдынан тартпай.
-Жарайсың, Фантомас! –қыран-топан күлкі, іштерін ұстап, бүгіле күледі.
Айдын «күлекештердің» арасынан Өркенді де, Мәдиді де көрді. Бұл да жымиып отыр.
-Бармаймын, басқаға бере бер, - деді Айдын.
-Бармауыңның себебін айт!-деді Фантомас, әлі де 2 билетті қыздың тұмсық астында ебелектеткен күйі.
-Иә, себеп жоқ қой! Ал неге бармайсың?-деп жігіттер жел беруде.
-Мен күтіп тұрмын, айт!-деді Фантомас.
-Барғым келмейді,-деді Айдын да күліп.
-Бұл – жауап емес, себеп жоқ!-деді қолы қақиған Фантомас тірі роботтың кейпімен.
-Тартшы қолыңды! Бармаймын!-деді қыз.
-Түсінбейсің бе, қойсайшы енді,-деді Гүлнәр мен Зүбайра да күлкілерін тия алмай.
- Әй! Фантомас, барғысы келмегенді қинамай, мына біз екеумізді шақырсайшы. Біз барамыз,-деді қыздар.
-Жоқ, ол болмайды. Айдын баруы керек. Сендер жарамайсыңдар!- деді робот-адам.
-Екеуі де жарамай ма, Фантомас!? Аха-ха-а!
-Эй, жі-жігіттер-ау, Фантомастың өзі әлемде екеу- ақ қо-ой-и! Ыс-со-ны білсең-де-е-ер қа-лай жаратады
о-о кім болса ыс-соны-ы? Ой- бай, іщ-щім түйіліп қал...
-Тұрды, сені ма бә-лем! Сен бізді Фантомастан да кем көріп тұрсың ба-а?!- Гүлнәр мен Зүбайра Тұрдыға тұра ұмтылды. Ол болса көзіне түскен маңдай шашын кейін сілкіп қойып, жігіттердің ара-арасымен қашып,
«Мен ем-мес, Фантомас айтты ғо-ой» деп ақтала сөйлеп қояды.
-Өй, Фантомас сендермен қалай түсініседі!?
Түсінбейсіңдер ғой оны! Ол Айко екеуі бір ғылымды зерттеп жүр! Болашақ ғалым!Простойларға түкіргені бар ма Фантомастың!-деп Тұрды сайрап тұр.-Айко,
алсайшы билетті! Қолы ауырды-ау Факеңнің! Хи-хи-х!
-Өй- өии, ішім-ай!Хи-хи! Әттең- ай! Қыз
болмағаныма өкініп тұрғаным-ай-и! Қыз болсам, жылап-еңіреп жүріп, осы Факеңдей қайталанбас тұлғалы жі-мігітті ө-өлсем де басқаға бермей-ии,хи- хи...ти-ми-і-іп алар ем... Хи-хи...Айко, бақты теппе...
Группадағы қыран-топан күлкінің үстіне аудиторияға мұғалім кірді. Ол келмегенде Фантомас оқиғасы қалай өрбитінін кім білсін. Содан ол «Айконың досы» деген тағы бір жанама атқа ие болған.
...Мәдидің Айдынға «Фантомас досың» дейтіні содан. Бұл әңгіме ауыздан ауызға түрленіп, құлпыра
өзгеріп, бүгінде анекдотқа айналып кеткен. Содан бері
Тастанның азан шақырып қойған аты төлқұжатта ғана сақталып, Айдын да оны «Фантомас» дейтін болды.
***
Сабақ үстінде авторучка сиясы Айдынның саусақтарына жайылып, бүлдіргенін көрген Тұрды
қарсылыққа қарамай,саусақты сорып тазалағаны бар.
«Неткен Мәдиге деген риясыз пейіл» деп ойлады қыз. Ал, сабақтан соң көбіне Тұрды Айдынның сумкасын асынатын.Түнде институт абсерваториясына да телескоппен жұлдыздарды бақылауға Айдынды іздеп жүріп, үшеуі бірге баратын. Аңқау, ақкөңіл Мәдидің
сабаққа алғырлығы басым болса, жалқаулау Тұрдының сөз тапқырлығы, ылғи да күліп, күлдіртіп жүретіні Айдынға ұнайтын.
***
...Бірінші курстың соңында... сессия кезі болатын.
Жатақхананың оқу залынан кеш қайтқан Айдынды
бөлмесіне шығарып салып келе жатқан Мәди күтпеген жерден қыздың бетінен сүйіп алған-ды. Алақанның жағына шарт етуі Мәдиге де оқыс болды. Бұл -
бөтеннің алғаш сүюі еді.
-Ұятсыз! – деген-ді Айдын жылап жіберіп.
-Кешірші... Бірақ, мен сені қатты жақсы көремін, кешірші. Ер-ертең сені көргенге дейін қатты сағыны- ып тұрамын. Рас айтам,Айдын. Жыламашы, бұл нағылу... сүю деген табиғаттың заңы ғой... – ол
күштеп, көз жасынан тағы сүйген.- Ал, кір енді бөлмеңе, жақсы мен сенің жылағаныңды көргім келмейді,жаным сол! Жыламашы...
Мәди алыстап, көрінбей кеткен соң, Айдын 2-ші қабатта тұратын кластасы Бәтестің есігін қақты. Бұл – түнгі 2-ден асқан кез еді.
-Не болды?! – деп шошынды ұйқыдан оянған Бәтес,-ауылың аман ба? Айтшы, тыныштық па?
Біржақтан хабар есіттің бе, а?
Бәтесті көргенде қыстыға өксіген Айдын сөйлей алмай жылады.
-Мені сүйіп қойды-ы...
-Неғып қойды, а? Не-ғы-ып?! Айтшы жөндеп! А?
Кім, а? Кім тиді? Айко, а?
-Мәди... бетімнен сүйі-іп...
-Уһ-һ! Сол ма жылағаның?! Уһ-һ! Қаным басыма шауып кетті-ау,мен де болса... Уһ-һ! Әй, Айко,
неғылады екен сүйсе, аһ? Сонша жылап! Мен де болса, біреу өліп қалды ма деп... Уһ-һ! Айко-о! Вообщем,
қызықсың сен ше! Ақындар қызық болады деген осы шығар. Бір қарасам данасың, бір қарасам баласың.
Бізбен жасты кейбір қыздар сүймек түгілі күйеуге де
тиіп жатыр ғой. Ой, төбе шашым тік тұрғаны-ай! Енді мына бөлмедегі қыздарға не деймін? «Ауылдағы кәрі
апасы қайтыс бопты, соны қазір біліпті» дей салармын.
Қой, құрысыншы! Ал, айтшы басынан, не болды, қалай болды?
-Енді... енді мен соған тием бе? Өзім сендерге «бір- ақ адамға сүйгіз, бір-ақ адамды сүй» деп алып... Енді...
-Кімге?..Сүйсе, тие саласың ба? Тигің келмесе, тимейсің,-деді Бәтес.
Мәдидің де қыз атаулыны алғаш сүюі осы. Көз
алдынан кетпейтін осы қыздың биязы үні, әдемі
әзілдері, шынайылығы, өлең жазғандағы ойлы кейпіне енді бүгін үндемей жылап ағатын лағыл көзжасы қосылды.Мәди жастық астынан Айдынның суретін
алып, біраз қарады. Оның алақаны соққан бетін сипап қойды. «Тап- таза періштесің сен, Айдыным!»
...Содан бері де секундпен тамшылап жылдар ағып өтіпті. Содан бері... неше өзгеріп, су ақты...