ЫЗҒЫРЫҚ
Тұмау арты -құрт болар, Тұман арты -жұт болар. Шыны ғашық қосылмас, Шыны достық айрылмас.
\Аталардан қалған сөз\
...Атқан таңда айып жоқ- ты.Күн падиша паңдана оянып, жер бетіндегі тіршілікке төсегінде құлақ тосты.
Аспанның бір нүктесіне ілініп, құйқылжытқан
бозторғайдың: «Қараңдаршы, қара-а -ңдар! Мен жаңа күнді көрдім!» деп шырылдай қуанғанына шалықтай күліп,төсегінен тұру үшін тау басының мұз сілемдеріне саусақтарын соза бастады. Сұлулық дүниесінің әдепті жұлдыздары қараңғыда қарауылдаған Күн әлемін иесіне ұяла табыстап, Ай анасының көгілдір шатырына жылдам-жылдам енді.
Дала қоңырауы –бозторғай үніне екі ғашық та құлақ тосты.
-Айдын, қарашы, таң атып келеді. Бұл біздің бақыт таңымыз! Біз мәңгілікке бірге боламыз! Солай деші!
«Иә...Көгілдір, нәзік те сұлу таң! Айтары жоқ...
Осы өмірде әрбір таңым бақыт болып атыпты, ал
бүгінгі таң ненің хабарын айтып тұрғанын мен біле алар емеспін, Мәди». Айдын жүрек тілімен, қан
тазалығымен ғана сөйлейтін көзін кірпігімен жауып, ыстық демін ішке жұтты.
-Айко, дұрысталдың ба? Қазір мен ыстық шәй алып келейін, жарай ма? Жаңабек оянды ма екен?
-Жоқ, шәйді... үйден ішейік.
-Онда, сені бөлмеңе жеткізіп салайын,- Мәди
екеуінің кітап- дәптерлерін реттеп, қолтығына қысты да Айдынды оң қолымен демей тұрғызып, құшақтап келеді. Айдынның қарсыласпағанына таң болып, жүзіне үңілді. «Мазасы қашып, әлсірегеннен ғой».
- Айдын, бәрі дұрыс па?
-Дұрыс, рахмет,- деді қыз. «Сенімен өткен күндердің қымбаттылығын білсем де сенімен
қоштасып,сенсіз уақыт өткізем–ау деген ой келмепті. Бас дегенім дәл қазір жұмыс жасамайтын бір зат болып тұр, Мәди».
-Міне, келдік. Қазір жуынып-шайынып, тез келем.
Сен дұрыссың ба?
-Иә, дұрыспын.
***
Оқу залы, білім бөлмесі студенттердің
мешітіндей киелі орны. Айдын Мәдимен алғаш осы
жерде қалай танысқанын естеді. «Дүниеге қай мезгілде келсе, сол уақытта жарық дүниемен қоштасады» деген сөз есіне оралды. «Қысқа да болса бұл менің ғибратқа толы, шынайы махаббатқа құрылған адами өмірім.
Өмір көктемі. Тағдырым осылай. Сенімен өткен әр сәтім қымбат. Сен жүрген дәліз, аудитория, тротуар қымбат, Мәди. Әттең, қырсығып, керісінше жасаған
істерімнен маған қаншалықты қымбат екеніңді сезбей де қалдың-ау, жалғызым! Міне, бір сәтте өтті де кетті! Барсың, бірақ, жоқсың, Мәдиім! Жүрекке қатқан қорғасын, қасымда жоқсың. Бекерсің. Амалым
қайсы?!»
« Мә, Айды-ын! Неге сен тереңдеп кеттің? Қай- қайдағы қауіпті «қауесеттерді» іздеп тапқаның не?
Мәди не деді, ал? Түсінген де жоқсың ғой сен! Анығын біліп алсаңшы әуелі!»- деп өз кеудесінен өзіне қарсы
екінші бір болмыс тікесінен тік тұрып, тоқтау салғаны!
Бөлмесінде бір өзі. Өз ойымен жеке қалған Айдын өмір жолы жазбасын кері айналдырды.
***
...Жатақхананың оқу залы уақыт өткен сайын сиреп, үш-төрт-ақ абитуриент қалыпты. Кітапқа көп
қарағаннан ба екен, зыңылдаған басын тынықтыруға Айдын терезе алдына келіп, сыртқа көз тастады.
Ұйқыдағы қала түні қандай сұлу! Қатар-қатар тізілген
бес қабатты жатақханада базарлы шуыл толастағанына таңырқап,жұлдыздар кірпіктерін ашып-жұмып, жұмып- ашып, Жерге, Айдынға жымыңдай қарайды.
«Мұнда ке-ел,біздің әлемді бірге аралайы-ық! Ұш-ш!»
Бұл түсінде кө-өп ұшатын. Тізесін бүгіңкіреп серіппе жасайды да жерді бір теуіп, жер мұны алға қарай зулататын. Қолдарын қанат етіп, жұлдыздар
арасымен көгілдір кеңістікті қақ жара, шаштарын жел тарап, құлаққа әуез естірте самғаудың ғажайып сезімін, жан жұмағын тілмен жеткізе алмас! Қайталана берген түс «Расымен-ақ ұша аламын ба!?» деп ой салатын...
Мектеп бітірердегі түсінде Мұхтар Әуезов ағасы екеуі ғана кемемен теңізде жүзіп барады екен. Мұхаң мұны қапсыра, қол сыртынан баса ұстап, кеме жүргізуді үйретіп келеді, бағыт– солтүстік. Жағаға тоқтаған соң мидай тегіс даладағы үлкен қоршаулы, қара сыбақты үйге келсе, қабырғада Абайдың бейнесі бар кілем ілулі тұр. Бұл – ұлы Абайдың үйі екен-ау
дейді. Кілем жиегі араб әріпті жазумен айналдыра көмкерілген.«Кілемді алып жүр» дейді. Айдын кілемді орай иығына көтеріп, екеуі кемемен кері қайтады.
Анасына түсін айтып, «Алматыға журналистикаға барамын» деген арманын тағы да жаңғыртты. Бірақ, тіл мен тарихқа талапкер көп, алысқа үйі жібермей, өз
қаласындағы педагогикалық институттың физика- математика факультетінен бір-ақ шықты. Осылай.
Міне,Жетіқарақшы да ұрлап әкелген Үркердей сұлуды қорғаштап, өзі тұмсығынан арқандалған
Темірқазықты бүкіл аспан сферасын сүйрете айналып,
кешті таңға жалғамақ. Әне, Айдынның сүйікті Сириусы ерекше жарқылдап, бұған күліп тұр.
-Айдын, халің қа-ла-ай?
-Ертең физикадан емтихан.Қиындықты жеңерлік нұрыңнан қарасшы-ы!
-Сендегі күш –білім жарқылы,қиындықты жеңесің!
-Жоқ, сәуленің жолында көлеңке тұрады ек-ен-н!
Оны енді ғана ойлап жүрмін, Сириус!
-Айды-ын! Шаң-тозаң, бірінің аяғын екіншісі шалатын күндестігі мен іштарлығы басым Жерді қайтесің. Менің кіршіксіз аспаныма келші, қосыла жарқырайық! Күн де жұлдыз,қуаты менен де аз. Ол Жерге жақын тұрған соң ғана нұрлы-ы сияқ-ты-ы.
- Бір кездері сенімен серіктес болсам-шы,Сириус!
...Айдын орнына келіп, кітап- қағаздарына қайта үңілді, оқыған білімін санасына тағы бір бекітті.Таң рауандады. Кітаптарын жиыстыра бастаған Айдынға физиканың «Салыстыру теориясы» заңына сай, табиғат құбылысы тілінде өзін-өзі тәрбиелей жұбатқан өлең оралды.
Адамның барлығы адам.
Тек Таным басқа,
Биіктік сонда – қарамас кәрілік-жасқа. Сәуле бар жерде көлеңке болуы-заңды, Адамды Ниет бөледі дұшпан мен досқа.
Өксіме.
Мені тыңдашы қалқатайым, Сұрақ болған түйінді тарқатайын:
«Физика-фюзис-табиғат» мағынасы,
Бөлшегісің. Заңына бағынасың. Өмір-өзен. Қайық боп елестегін,
Мүмкін бе бар қайыққа теңеспегің?!..
Қарсы тұрдың дейік сен бір ағысқа, Күш көрсетіп ескекпен, бұралыста. Не дер едің?...
«Ескексіз қайық –жел өмір, елес!-дедің, Дәрменсіздік, ессіздік!-демес пе едің?
-Кеш жарық...
Айдын тосын дауыстан селк етті де,бас изеді.
Алдында бойшаң, толқын шашты жігіт күліп тұр екен.
-Мен сізді сабақпен отыр ма десем, өлең жазып отырсыз ба?! Өзіңіздікі ме, әлде...
-Жо-о,мен қазір-ақ.... Негізі сабаққа дайындалдым,- деп, Айдын абыржыған. «Сонша ақталғаным нем?» деп іштей өзін сөккен.
-Физикадан емтиханға дайындалдыңыз ба? -Бұл
бас изеді, - Мен де...Сіз 136-да тұрмайсыз ба? – Бұл бас изеді, - Танысып қояйық. Менің атым – Мәди. Сіз?...
-Айдын.
-Атыңыз әдемі екен. «Өзіңіз де» деп айтқысы келгенмен күбіжіктеп, тұттыға берді. - Мен сізді танимын. Өткен емтиханда-шы, «есептің сыртына фамилия жазуға бола ма?» деп сұрап едіңіз ғой.
Мәди сол қызды бірінші болып математикадан
емтихан парағын тапсырғанда –ақ көз аппаратына сырт еткізіп түсіріп алған –ды. Кейін онымен тілдесудің ретін оқу залы ғана келтіретінін байқады. Бұл да оқу
залынан шықпайтын болды. «Түн ауғанша,тіпті таңға дейін кітапқа қарай беретіні не осы қыздың?!»
-Сол қыз сіз бе?- деп жорыта сұрады. Қуанып тұр.
Айдын басын изеді. «Сол сауал, сол жазу маған сор болды ғой» деп ойлап, күрсінді.
-Е-кеуміз-ақ...қалыппыз ғой. Таң да атты. Атып
қапты... қайтамыз ба, үйге... - ербеңдеген қолын артына жасырып, қызарақтады. «Үйге дегенім не? Туһ,
сөздерім қиюласпай кеткені несі?»
Айдын сор болған оқиғасын ұмытып, жымиып күлді. Мәди аңғал, таза сезімді боп көрінді. Оның осы қиюы қашқан сөздеріне риза болды.
-Жоқ, мен біраз отырамын,- деген өткен жолғы емтихан қиналысы қайта есіне түскен Айдын.
-Онда, мен де... Сізді қарауылдап отырамын... Айдын жымиып, бас изеді.
...Иә,алғаш математикадан жазбаша сынақ өтті.
Емтихан алушылар есеп шығарылған парақты
«емтихан парағының» ішіне бос салуды ескертті. Тапсырманы орындаған Айдын қол көтеріп, «есеп парағына фамилия жазуға бола ма?» деп сұрады.
«Егер болса, суретіңді жапсыр» деді кірпішаш ағай. Суреті жоқ Айдын фамилиясын жазған-ды. Екінші, яғни, математикадан ауызшаға кіргенде, емтихан
алушылар арасынан:
-Әй, кім-м! Сен бе шырағым, есебіңнің сыртына фамилия жазған?- деді қызыл мұрынды ағай.
-Иә, мен едім.
-І-і, неге жазасың тәртіп бұзып?! Есептерің дұрыс.
Бірақ, тәртіп бұзғаның үшін «екі» қою керек еді, қыз деп аяп, «үш» қойдық.Білдің бе?!
-Сол дұрыс шығарған есебім ауысып кетпесін деп, ағайдан сұраған ем, «болады» деген соң...
-Кім айтты «болады» деп, әһ?! Кім?!
-Жаңа сыртқа шыққан ағай...
-Кім, Мамеков пе? Көрейік, келсін! Айта бер жауабыңды!
Айдын айтып жатты. Қызыл мұрын мұғалім мен
әдеміше апай күбірлесіп,«Списокта жоқ бұл қыз»десті.
-Әй қыз! Неғып отырсың, а? Білсең айтпайсың ба? Бұл тағы да жауабын аяқтады.
-Әй қыз! Білмейсің бе, а? Неге отырсың, а?
- Ағай,сұрақтың жауабын айтып бітірдім ...
-Айттым?! Не айттың? Біз естімедік! Сен естідің бе, Мәке, а?
Сұлу апай мойнын қисайтып, иығын көтеріп күлді.
-Сонда сыбырлап айттың ба, жоқ, мақауша ма? Айдынның жылағысы келді. Бірақ әкесінің:
«Жылама жат алдында, қайратты бол!
Жасқанба озбырлардан, айбатты бол!» - деп өлеңдете берер сөзі болмысына қуат берді.
-Аға, өздеріңіз сөйлесіп... Қайтадан айтайын ба...
-Не дейді-әй мынау, а? Бізді тәрбиелемекші білем...
- қызыл мұрын ыңыранып отырғанда, сырттан кірпі шашты Мамеков келіп қосылды.
-Сәке,мынау кешегі қыз ғой, таныдың ба? Фамилия жазған! «Суреті ұл бала сияқты екен» деген-ші?!
-Ә-ә! Иә,түсіндім. Әй қыз! Неге жаздың фамилияңды?
-Сіз «болады» деген соң...
-Мен бе?! Мен?! Сонда мен бе саған тәртіп бұзуды үйреткен,а? Бұз-зығын қарашы-ей мынаның, а?!
Ойпырмай, ақыр заман жақындайын деді ме, жастан ұят кетіпті ғой!
Айдын қатты ыңғайсызданды.«Үлкеннен иман кеткен бұл қай заман екен?» деп ойлады, енді не десе болады?» Кірпішаш мұғалімнің быртиған қысқа
саусағы мұның көзін шұқып алардай дірілдеді.
-Мынау бәлеқор қыз жауап берді ме? Өзі бірдеңе біледі ме екен?-деді емтихан қабылдаушыларға.
-Қайдам... Ол бәрін айттым деп отыр, біз естімедік.
-Мұнда оты-ыр! Қане, айт білсең!- деп кірпішаш ағай зілдене, өз тұсындағы орындықты нұсқады.
Айдын су терге түсті. «Мұғалімдерді даярлайтын ұстаздар осындай болса, мен мұғалімдікті несіне
армандаған екенмін!? Орнымнан тұрып, кетіп қалсам
ба? Онда «білімі жетпепті» деп күлкі болмаймын ба?
«Директор өз қызына медаль бергелі жатыр» деген
сөзге шамданып, мектеп бітірудің соңғы емтиханында директор-әкесінің: «Бұл кластан медалист шықпайтын болсын» деп, жалған намысқа шапқанын қалай
дәлелдемек?
Айдын емтихан сұрақтарының жауаптарын тағы да қайталап айтты. Теоремаларды дәлелдеді. Теңдеулерді шешті. Қосымша үш- төрт сұраққа жауап берді.
Мамеков быртиған саусақтарының арасынан қарап отырса да, тыңдады. Сосын ыңыранды. Орындыққа жантайды. Одан соң үш мұғалім күбір-сыбырға
ауысты.
-І-хім-м! Дұр-ре-е-с-с! Бірдеңең бар екен!Үш!-деді. Айдын бет орамалымен маңдай терін сүртті.
Тамағы құрғап кетті. «Енді қайттім? Бірінші емтихан фамилия жазғаныма «3»; Бұл не үшін «3»? Барлық
сұраққа дұрыс жауап бердім ғой».
-Ағай, тағы сұраңыз-шы-ы...
- Н-неһ?! Не дейсің?!- Мамеков қаламсабын үстел үстіне лақтырып жіберді,- ым-мы-на-ау... Аһ?! А?!
-Ағалар, сіздерден бір өтінішім бар, - деді кішкене бойлы, ұяң жүзді Бейсек, - еңбек жолымды бірінші
бастап тұрмын ғой. Осы қыздың көкпарын маған қиыңыздаршы, - ол көз алдындағы көріністен
қысылып, галстугін босатып, маңдайын сүртті,-
өтінем!
-Ал, ала қойшы-ей! Қалауың сол болса,бердік саған-ақ! «Көкпарын» деп.А!?–кірпішаш аспанға қарап, қарқылдай күлді.
-Кел, - деді ұяң мұғалім Айдынға жылы көз тастап
,-келші менің алдыма. Ал, басынан бастап айта ғой.
Көкпар демекші,мұндай тартыс- доданы көрмек түгілі мүлде бейхабар қыз су терге түссе де, жіңішке саусақтары мұздай еді.Мына ұстаз –сараптамашылар
мұның көк шыбықтай нәзік денесін аяусыз бұрап,суын сыртқа шығарғандай. «Босама, баламтай! Жат алдында жігерсіздік білдіре көрме! Өмір –күрес! Сен өмірге
жеке қадам бастың, енді өзіңе өзің тәрбиеші бол!» деп әкесі алыстан мұны бақылап тұрғандай болды. Таза параққа есептерді шығарып, теоремалар мен теңдеулерді дәлелдеп, үш сұрақтың да жауабын қайта жазып шықты. Мұғалім ынта қоя тыңдады, қосымшаға да дұрыс жауап алды.
-Қайда оқыдың? Қалада ма?
-Жоқ, ауылда.
-Жарайсың! Қазір бес қойғызамын.
Айдынның жүрегі лүпілдеп кетті. Қарсы алдында отырған иман жүзді мұғалімді туғанындай жақын
сезінді.Қинағанда қатайып-ақ отырған көзі жылы сөзге босаңсып, жас үйірілді. «Рахмет сізге, аға! Сіз нағыз Адамсыз! Бәсе, ұстаз деген дәл сіздей мейірімді,
әділетті, қамқор болуы керек.Ауылдағы ұстаз әкесі мен ұстаз анасы; Мейманхан,Сейілбек, Кәден, Дербіс
ағасы, Әбілдә, Сәбит, Шегентай ағайларының періште
болмысы емес пе еді мұның арманын оятқан? Олар да дәл осы Бейсек ағадай мейір... » Дауыс гүр етті:
-Қалай,эй, Бейсек,болдыңдар ма? – Айдын жас мұғалімге төнген кірпішашты көрді.
-Болдық,аға.Өте жақсы- «бес» деп бағалап, мен...
-Бе-ес?! Өй, сен әлі бала екенсің ғой! Бұл қыз «бес» болса, мұнда неғып жүр медалистермен тапсырмай, аһ?
Бері, мұнда кел! Әй, қыз!-деп Мамеков өзінің
алдындағы орындықты шұқып көрсетті. Орнынан көтеріліп, төртбақ кірпішашқа көзі түсіп еді, қарасұр жүзіндегі жасыл көздер жабайы мысықша ызғар шашып тұр екен.Мұндай да қорқынышты адам болады екен-ау!Есіне көкесі қиссаларды әндете оқығанда
суреттейтін құрыш сауытты, «өте қауіпті» батыр; оның астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп, бір төбенің тозаңын бір төбеге қосқан киелі серігі –
тұлпарлары түсті. «Қиссалардағы қыздарды сұлулығы үшін ғана жырлаған ба? Жоқ, қызым.Олар қысылғанда жол табатын ақылды, батыл да болған. Батырлар мен
хандар қыз сөзіне содан тоқтаған. Саспа!» Анасы Айдынға осылай деп майда лепті жылы үнімен дем беретін. Ұстамдылыққа қанша талпынса да Айдын
састы. Боп- боз боп, қаны тартылған қыз жас мұғалімге жәутеңдеді. Ол «бара бер, қорықпа!» дегендей саусақ ұштарын серпіп, күле қарады. Өмір мұншалықты да қиын болады екен- ау! «Сыннан сүрінбеу өзіңе ғана
байланысты, баламт- а- й! Ерік –жігеріңді, ойыңды жоғалтушы болма,қызым! Ешқашан саспа!» деді әке бейнесі.
Екі қолын тарақтап,орындықта шіренген мұғалім көзімен орындықты нұсқап, «Отыр!» деді зілдене,
«Айт!» деп жекіді.
Алтыншы рет айтып жаттығып қалған ба, әйтеуір Айдын тоқтаусыз жауап берді. Үндемей ағай үкімін Алланың әміріндей табына күтті-ау сонда.
Мұғалім сәлден соң «Болдың ба?!» деді.
-Болдым.
Ол қосымша сұрады.Мін таппай отыр ма,аздан соң Айдынның парағын жұлып алып, аударыстады да:
-Өй, сенің мынауың дайын шпор ғой, а?
-Ағай, қазір жаздым оны.
-Әй, Бейсек, шпордан оқып берсем, мен де айтам ғой «беске», а?
-Жоқ ағасы, қазіргі жауабы сол.
-Мына формуланы қорытқанын,оны өлген орыстың моласындай шарбақпен қоршағанын да қазіргі дейміз
бе? Осы жас қыздардың шотын шабу... «Бойдақта ес жоқ» деген осындайдан қалған-ау, аха-ха-ха-а!
-Ағасы, енді,өзіңізден рұқсат сұрадым, келістіңіз...
-М-мақұл, сен үшін «үш»!
-Ағай, тағы сұраңызшы,мен...мен білемін ғой...
-Неһ?! Әй,қыз! Бұл жерге бәрі де «білем» деп
келеді, білмейтіндер үйінде! «Сұра!» Уһ!! Сен бірінші кірдің! Сенен басқа 200 адам отыр сыртта. Мен отырмын сенімен қуыршақ ойна-ап, аһ?! Мә, білсең, өзің қойып ал бағаны! – ол баға қағазын абитуриентке қарай шиырды. Айдынның ақылы айрандай ашып,
сары суы бөлініп жатқандай, шүйдесі ашыды. Желкесі тартылып, көз алды қарауытқанын сезінді. «Ұстаз ғой, шынымды айтсам, түсінер» деп шешті.
-Аға,-деді Айдын даусындағы дірілді басып,-мені медальға ұсыну керек еді... Үздік оқығам...
-Не, құладың ба?
-Жоқ, ұсынбады.
-Дұрыс-с! Медальға лайық емессің ғой сен!
-Жоқ, әкем ұсынғызбады. Енді мен білімім барын дәлелдей алмасам, әкеме де, маған да ұят. Биыл оқуға түсуім керек. Көмектесіңізші...
-Эй!! Аһ!!Өй, мынау қыз мені қылмысқа итеріп тұр ғой, а?! Не істейміз мынаны? «Көмектесің» не, ойба-ай айналайын-ау! Бізге сен бе, орыс па, орман ба, шүршіт пе, бәрі де бірдей. Біз - әділқазы алқасымыз! Біз, дажем десең, - ол сұқ саусағымен өз кеудесін шұқыды,-өз
баламызға көмектеспейміз, түсіндің бе? Ай, Бейсек, сен жақсы түсінеді екенсің қыз тілін.Сен айтшы
мынаған, а! «Үш» пен «төрттің» айырмасы не? Жоқ! Ал «екі» мен «үштің» арасы,-кірпішаш сұқ саусағымен аспанды, сосын жерді нұсқады,-түсіндің бе? Аспан мен жердей! Биыл конкурстан өтпесең, келер жыл бар.
Өмірің алда ғой, шырағым-ау! Бар, бара бер!- ол даусы жіңішкеріп, оң қолының сыртымен ауаны сыпырып,
есікті нұсқады.
-Жақсы! Сау болыңыз,– деп орындықтан көтеріл ген Айдын көзі қарауыта теңселіп кетті.
-Өй, и-и!- деп жас мұғалім Айдынды сүйемелдеді. Маңдайынан суық тер бұрқ еткен қыз аздап іркілді де:
-Рахмет, аға,- деп шығып кетті.
-Іһ?! Һі-мм!-деді сұп-сұр Мәмеков,- А-а? Құдай
сақтап...А?! Бойдақта энергия көп- ау,ә? Қолы тиіп еді, жазылып сала берді ғой әлгі қыз,әһ!? Х-х-хи-и...
Мұны Өмір атты теңіз толқыны осылай алғаш рет
сілкілеп-сілкілеп, жағасына лақтырып тастаған-ды. Ол есіктен үнсіз жылап шықты. Математикадан жазбаша емтиханды бірінші болып орындаған Айдынның неге жылап,\яғни «құлағанына» Мәди де таң болған-ды.
Қыз бөлмеге келгенде қараса, баға қағазында «үш» те, «екі» де жоқ –бос. «Білсең, мә! Өзің қойып ал!» деп
лақтырғанда сол күйі алып кеткеніне ол енді мән берді.
«Үштік» қол жетпестей аспанда қалған екен-ау!»
...Мән-жайға қаныққан әкесі:
-Балам, бұлардың көбі қолда өскен қулар ғой, мен барсам, қатты кетіп қаламын. Ағаңмен бар. Егер қайта емтихан аламыз десе, не дер едің? Жауап бере аласың ба? Ойланшы, баламтай.
-Иә, көке.Мен жауап бере аламын.
...Проректорға кірген Шынарбек ағасына ол кісі бүйірден тиісті.
-Редакциядан болсаңдар, бір кіндіктерің артық па? Енді, әр мекеменің өз заңы бар. Бірінші емтиханда-ақ
«тәртіп бұзды» деп протокол толтырылған. Қыз екен
деп аяп едік қой. Жарайды, аттас екенбіз, емтиханға жіберткіземін. Өткен математиканың бағасын қойғыз. Ал, сен, бауырым, институттың баспаханада заказдары жатыр еді. «Әні, міні» деп жүр, соны бітіріп бер.
...Осыдан соң-ақ қуанышы қойнына симаған Айдын Мамеков ағайы айтқандай «үштің» қадірі жер мен көктей екенін түсінді.
-Әй, қыз! Сен енді осы институтқа түсемін деп ойлайсың ба, аһ!?
-Иә, ағай! – деді Айдын қуанып.
Түтігіп тұрған Мамеков осы қыздың себебінен
басшысынан сөз есітіп, неше жауабын айтпағанына, қалтасы ортайғанына күйініп- ақ тұр еді. «Өзің кінәлісің. «Атыңды жазуға болады» деген сен емессің бе? Оған күллі бала куә.Ал!? Ол кімнің қызы екенін
білесің бе? Білмейсің! Ол –менің ұстазымның, менің ғана емес, осы өңірдің, қазақтың сауатын ашқан білім шамшырағының қызы! Ең бастысы –қыздың білімді
екенін бәрің де айтып отырсыңдар, қойып бер бағасын!
Кейінгісін көре жатармыз!» деп, бір жапырақ қызға мойнын бұрап, жығып берді-ау!
-Өй, сен... Түспейсің, білдің бе! Ал, түссең, бәрібір бітіртпеймін сені! Бұл жерде не сен, не мен жүреміз! Осыны есіңде сақта!-деді күштеп қойған «үштікті» дірілдей ұсынып жатып.
-Көрерміз! – деді Айдын. Қуаныш алауын құйын соққылады, - аға, бірақ ... жазығым не? Айтыңызшы.
-Жазығың?! Жазығың көп сенің! Заңды бұзып тұрсың –бір!Емтиханнан тыс баға қойғыздың! Екі! Мен сөгіс алдым сен үшін. Аһ!? Тағы айта берейін бе,аһ!?
Айдын оқуға тапсырған құжаттарын кері алуға бел байлаған-ды. «Құрысын, мұндай адамдардан тәлім де, білім де алмай-ақ қойғаным дұрыс!»
«-Оп-оңай шегіне салдың ба? Білімін алсаң, тәлімін електен өткізбеймісің?Ел не дейді?!» деді ішкі дауыс.
...Сол Мәдимен танысқан түні кірпік қақпай 3-ші емтихан –физикаға дайындалған-ды. Қамықты.
Жұлдыз-жасым аға ма жылағанда, Мен не деймін халімді сұрағанға?! Өмір деген нәр алып, гүлдемей ме, Сәуле түсіп біреуден бір адамға.
Ызғар шашса, тіршілік тоңбайды ма? Қорғамай ма қу бұтақ торғайды да.
Суық сөзбен жанымды жаншығанша,
Қанат беріп, қатайтса болмайды ма?- деп өлең жазғаны бар сол кезеңде. Философияда жалпы дамудың өзі спираль бойымен, яғни бір қадым алға басумен қайталанады деген ұғым бар ғой. Сол алғаш танысқанда да тап бүгінгідей Мәдимен таңды қарсы алған-ды.Бүгінгідей бөлмесіне жеткізіп салу да сол күннен басталыпты. Сол күні:
-Айдын, шпор жаздың ба?– Шыныңды айта берші, мен жаздым. Емтиханға қашан кіресің?
-Бірінші топта кіремін, ол кезде шаршамай, басым орнында болады.
-Басым?! Бүгін көрер таңды көзбен аттырдық.
Басымыз орнында ма өзі! –ол басын айналдыра
сипалап,- Айдын мына бір жұмыр бірдеңені ұстап тұрмын. Бұл не зат өзі!? –деп мәз болып күліп тұр. Айдын да сергіп қалды. - Сені бірінші емтиханнан бері
білем.Атыңды да. Бүгін қуаныштымын. Шынымен.
Сен ше? Ой, біз қашан «сенге» көшкенбіз? Бөлмеңе
апарайын, жуынып шық. Сосын буфеттен кофе ішейік. Әрі қарай емтиханға барамыз, іһі?Айтпақшы,жаңағы өлеңді өзің жаздың ба? Қарасам, ақындарша ойланы- ып отырсың ғой, досты алдауға болмайды!
-Ақындар!? Олар қалай ойланады, қызық.
-Көрсетейін бе?-Мәди сол қолының алақанына иегін тіреп, оң қолын аспанға созып,көгілдір сәуле тап бүгінгідей себездеген терезеге мойнын бұрған-ды,- Осылай ғой!? Олардың басы салмақты-ау мойны көтере алмайтын. Әйтеуір бастарын қолдарымен тіреп суретке түседі ғой көбіне.
Екеуі етене жақындарша мәз болып, күліп алды.
Мәди мен Айдынның таныстығы осылай басталып еді.
Айдын оқуға түскенде әкесі: «Менде бір-ақ арман бар. Әттең, осы қызым ұл боп тумады» деді.