20.07.2022
  105


Автор: Баян Тіленшина

Өмірді Шындық жалғайды

Күлгеннің бәрі мұңсыз ба?
Мұңлының жоқ па үміті?
Азғындық сепкен жансызға,
Жігіттің шыдар жігіті.
Күңіренген көңіл тыншығып,
Лайланған бұлақ тұнады.
Тәтті де ащы тіршілік
тоқтайды.
Өлім – тұрағы!
Қып-қысқа, қымбат тірлікте,
Біреуді біреу алдайды.
Жалғанды бөгеп бір нүкте,
Өмірді шындық жалғайды.
Мұз ойдан миы тоңғанға,
Айлакер өрнек салады.
Бақытты тепсең қонғанда,
Көңіліңде дерті қалады.
Қалауын тапса, қар жанған,
Шешілмес жұмбақ болған ба!
Шұбар тіл, ойы тар жаннан,
Ақ күйген жаман жалғанда!
Тәтті алма құртсыз болмайды,
Пәктікке құмар жауыздық.
Қызғаншақ жарың – Сор-Қайғы!
Қайғыға Сенім ауыздық.
Өзекке түскен өрт – күйік,
Өзіңнен шыққан жау жаман.
Өкінер кеткен шорт қиып,
Қиюласпас қаусаған.
Мүсіркеу тілеп, шағынған,
Намыссыз жанды аяма.
Майысып, жалған жағынған,
Оңады ақыры бояма.
Баласын сүймес безбүйрек,
Ешкімге жақын бола алмас.
Тез тұтанған тез күйреп,
Жылуын беріп жана алмас.
Алдамшы дүние тозады,
Көнермес нағыз махаббат,
Арсыздық – өмір тозағы,
Көктемің болар шапағат.
Жастықтың қандай сәні бар,
Жоқ болса елге берерің?
Өмірдің қандай мәні бар,
Алынбай кетсе керегің?!





Пікір жазу