20.07.2022
  135


Автор: Баян Тіленшина

Өзіңді жеңу – ұлылық

Болса да затың асылдан,
Ағайын, ел-жұрт бас ұрған,
Қилы да қилы күн өтер,
Пенделердің басынан.
Сыртыңнан қоршап ылғи сын,
Төріңнен кейде сырғисың,
Ниеті теріс біреуге,
Тау да болсаң ылдисың.
Кешегі жүрген шіңкілдек,
Күшенер кейде діңкілдеп,
Тексізден туған Өсеккүл,
Көпсітер сөзді күңкілдеп.
Пайғамбар сынды елесің,
Пайымсыз десе көнесің,
Артыңнан атқан оқ өтпес,
Бетпе-бет келсең – жеңесің.
Басыңнан бағың тайғанда,
Жүзіңді қайғы шайғанда,
Күн барда кетпес көлеңкең,
Жүрісін салар қайқаңға.
Кісі де болсаң «баласың»,
Ақ та болсаң аласың,
Халіңді ешкім сұрамас,
Иттейсің жалар жарасын.
Алтын басың –жездейсің,
Жүйкең – бөз! Түк те сезбейсің!
Көңілің қанша қалса да,
Туысқан, достан безбейсің.
Қосады қайта бір «қисын»:
Тұғырда тағы қырғисың!
Бишідей билер «көлеңкең»,
Самарқау, салқын шұлғисың.
Темір, мыс, тас боп туылар,
Адамның алуан түрі бар.
Кәмелет жаста көтерер,
Әр кеуденің Туы бар.
Ит үрсе – сәні көшіңнің,
Иттігін иттің кешіргін.
Жүргісі келмес ешкімнің,
Өгіз не қой боп, еһ, шіркін!
Алады Құдай бергенін,
Балапан жасар көргенін,
Тіріде тозақ сол болар –
сатқанда досың, сенгенің.
Тіріңде іздеп, сағынсын,
Әкетер әп-сәт ағын-жын,
Бар-жоғы бұлдыр, беймәлім,
Өлген соң шаңсың, сағымсың!
Бойыңда барда алауың,
Қолыңда болсын қалауың,
Адамдық өмір деген сол –
жығылмай өтсе жалауың!
Мансаптан басың айналар,
Халайық деген айна бар.
Айнадан байқап өз-өзін,
Сынайтын батыр қайда бар!?
Ішіңде тұрған «ақылшың»,
Ішіңнен айтар батыл сын,
Өзіңді жеңу – ұлылық,
Жаһанды жеңер батырсың!





Пікір жазу