20.07.2022
  179


Автор: Баян Тіленшина

Жетімдік

Жетім деп кімді айтады?
Босқа өткен күнді айтады,
Қамқоры, тірегі жоқ,
Қуанып, күлері жоқ,
Панасыз ұлды айтады.
Өтпеген сөздер жетім,
Ойы жоқ көздер жетім,
Жақсыға талпынбайтын,
Байыпсыз балпылдайтын,
Ары жоқ ездер жетім.
Дарымас дәрі жетім,
Шаттықсыз кәрі жетім,
Бірігіп қос арнадан,
Сезімін қоса алмаған,
Жігіттің жары жетім.
Жеткізбес армандардың,
Жолында қалғандар мың.
Жүректер сағыныштан,
Жетімдік зарын құшқан,
Шыны жоқ жалғандардан.
Гүл жетім бапталмаған,
Жыр жетім жатталмаған,
Сүйгенін күн-түн тосқан,
Қобызбен бір мұңдасқан,
Қыз жетім хат бармаған.
Жетімсің елің жоқта,
Сырласың, теңің жоқта,
Қоршаса аяр сезім,
Тұмандап екі көзің,
Өмірге сенім жоқта.
Армансыз жүрек жетім,
Әлі жоқ білек жетім,
Құтылмай азаптардан,
Өз жолын тазартпаған,
Жетпеген тілек жетім.
Бас жетім мақсаты жоқ,
Тас жетім жақсы аты жоқ,
Диірмендей дүрсілдеген,
Дүлейге күрсінбеген,
Жетім бар ақшасы көп.
Тауы жоқ қыран жетім,
Айтылмас жыр-ән жетім,
Халқына берері жоқ,
Шын досы, сенері жоқ,
Жігерсіз ұлан жетім.





Пікір жазу