20.07.2022
  73


Автор: Баян Тіленшина

Ана толғанысы

Қайталама бір айтқан сөзіңді, ұлым,
Сенім артып көріп пе ең өзің бұрын?
Ер жігіт айқан сөзден қайта алмаған,
Ақ тілегін өзгенің қайтармаған,
Тек сақ бол: аяр мінез байқалмаған!
Ойлан, балам, шындық па?
Тағы да ойлан,
Айлакерден кем түспей ақыл-айлаң:
Көздер де көп жас болып су ағатын,
Көңіл де көп балаға уанатын.
Қойма қайтып бір қойған сұрағыңды,
Мен көрейін ақылдан тұрағыңды.
Сөзге сенбе!
Сөз деген – бір ескен жел,
Нағыз Адам – шындық деп күрескендер!
Жалған айтпа! Жалғанның бәрі қайғы,
Жалған сезім бақытқа жарымайды!
Шынның күші тек қана шындығында,
Ақиқатқа атқан оқ дарымайды!
Ерік беріп, ерекше ат қойғанмын,
Басқалардан дәл сенің жат қой қаның!
Неге берген табиғат жеке басты,
ұзақ жылдар тірі боп жасар жасты?
Қазы байлап қарынға қарқ-қарқ күліп,
жаралмаған шығармыз жеуге асты?!
Ауыз да май, қасында құлақ та май,
құлқын үшін ой-қырға тұрақтамай,
арсыз болма! Бір жаса жақсылықпен!
Өмір сүрме тамақ пен көңіл үшіін.
Көп жақсының бірі бол шапағатты,
Ниет пен ой адамды бағалатты.
Ұстазың бар Қателік – сабақ атты,
Үйрен содан! Таңдай біл өз жолыңды,
Еркін болсын деп қойғам саған атты.
Айлакерден алдансаң, шырай берме,
Ақымақтың алдында жылай көрме!
Опасыздық жасаған жолдасыңды,
Қиын сәтте тағы бір сынай көрме!
Өз еркімен өмірді тербесін деп,
Өз қатесін өзгеден көрмесін деп,
Ерік қойғам атыңды, өр жігерің
жалтақтар мен жасықты жерлесін тек!
Ақыл керек шындықты қолдау үшін,
Ақылсызға бақ-дәулет қонбауы – шын.
Өз ойыңда орныңа өзгені қой,
Өзімшілдік өмірде болмауы үшін.
Ақыл керек адамдық мұраты бар,
Бұл мұратсыз адам – аң, құр аты бар!
Аяр сезім, өзімшіл көркеуделер,
Қасірет болып, көлденең тұратындар.
Жоғың қайсы іздеген тіршілікте?
Дүние ме – күл болар бір сіліксе?!
Не қалады мәңгілік мұрат болып,
Мансап, атақ, сыртқы түр, күншілдік пе?
Тіршілікте өлмейді тек ізгілік,
Ізгі ойларды тербейді теңіз күліп.
«Тіршіліктен таптым,-деп,-несібемді!»
Бір зұлымдық ха-халап есіреді.
Жеңіс пе осы?
Айтшы өзің, жеңгені ме?
...Жиіркенішпен өз-өзін өшіреді.
...Қанағаттап ісіңді тап бүгінгі,
Анаң сенің өмірге тапты Кімді?
Еркек емес, ер жігіт сыйладым деп,
Айтсам екен мен ертең шаттығымды.





Пікір жазу