20.07.2022
  104


Автор: Баян Тіленшина

Мықтылық

Қалың тұман...
Жанарыңа шық тұнып,
Қайғы келер шаттық құнын ұқтырып.
Ұлиды уақыт, аш бөріше ұлиды,
Қарсы ал сонда кипаристей тік тұрып.
Алтын таңнан түскен асыл арайға,
Ару сезім жан шуағын тарай ма?!
Өмір-сүрлеу сүріндірсе сағым боп,
Сағынышты жоғалтпашы, жарай ма?
Қазына басың бақыт тәжін кигенде,
Дос пен қасың түгел кеуде игенде,
Босағадан биік тау жоқ, ұмытпа,
Бәрін тастап, ұшып кетер күйге енбе.
Уақыт – сынап, әр сәт сайын сырғитын,
Бірде аспандап, бірде құздан ырғитын,
Асау Уақыт ауыздығын шайнаса,
Өлеңшөптің өзегінен жұлқитын.
Қайсар күлкің қанатыңа айналсын,
нәзік үкің айдарыңа байлансын,
Өзегіңнен өзгермеші қалай да,
Қиындықтың бәрі өтпелі. Жарай ма?
Уақыт-дауыл әлжуазды бүктіріп,
Боталайды саяз суды тұп-тұнық,
Тіршілікте бір соғатын дүлей бар,
Мөп-мөлдір боп қала білу – мықтылық!





Пікір жазу