20.07.2022
  137


Автор: Баян Тіленшина

Келіндер

Таңдарды таңға ұрып, көз ілмедім,
Тозады дембіл-дембіл төзімдерім,
Қиямет соғысында жүрем ылғи,
Періште-пендешілік сезімдердің.
Жас та өтер тіршіліктен, кәрі де өтер,
Сәттілік – өктемдік пе әлді жетер?
Мейірім, ақ ниетті құрмет тұтпай,
Адам боп кеуде қақсаң – бәрі бекер!
Бойжеткен, бір жігітке жар боларсың,
Жар болсаң, түйе ішінде нар боларсың,
Секундтап аққан жылмен жүйкең тозар,
Ене боп, сен де дауыл, қар боларсың.
Ай нұрлы, шуақ жүзді жеңгелерім,
келген жер – өсер жұртың, елің дедім.
Дерттіге жылуыңнан қараса гөр,
Емшіден кем болмайды сенің демің.
Тағайын құлағыңа жырдан сырға:
Кемпірлік жақындайды жылдан-жылға,
Қалады ұл-қызыңа үлгі-өнегең,
Тірлікке бола алмайсың сен де тұлға.
Бәйшешектей күттірген келіндерім,
Келінді аңсамайды тегінде кім?!
Бауырымды көбейтетін жан жары деп,
Сен үшін еш нәрседен шегінбедім.
Қаз кеуде, батыр мінез келіндерім,
Түсінсең, жеңіс болар шегінгенің,
Бірлігін келген жұрттың тілемесең,
Қозысын бөрі жейді бөлінгеннің!
Іздерің ұрпағыңа жол болады,
Мейірде бақ, несібе мол болады,
Өскенде бірін-бірі мүйіздесе,
Алдыңа келді деген сол болады!
Желбуаз жеңге, ділмәр келіндерім,
Желпілдер желсөзді айтып, еріндерің.
Жаны бар өздеріңдей өзгенің де,
Неліктен алапестей көңілдерің?
Қызғаншақ қиянаттың дауылын-ай,
Қабырға қайыстырар ауырын-ай!
Әйелден ойы озбаған «махаббатпен»,
Әйелін мамалаған бауырым-ай!





Пікір жазу