20.07.2022
  73


Автор: Баян Тіленшина

Түс көргенде

Өткеріп небір ыстық, суықтарды,
Көңілім алабұртқан тұнықталды,
Қат-қабат жылдар жапты дидарыңды,
Қаншама мезгіл өтті «ұмытқалы».
...Түсіме неге енесің желдей жылап,
өмірдің босады ма уықтары?
Басыңды сүйеп, неге шағынасың?
Өртенген өзегіңнен ағыласың.
Өлеңмен жұбатайын – біз әлсізбіз,
Тағдырдың дегеніне бағынасың!
Ай деген шағылдырып Күнді берер,
Ұқтырып ақ сәуленің мағынасын.
Тілеймін енді қате баспауыңды,
Қайғыны жігеріңмен жасқауыңды.
Өңімде санам – патша , ұйықтағанда
тілеймін мимен амандаспауыңды.
...Сезімді сағынышпен байласаң да,
Ой ғана білмейді ме тосқауылды?!
Көк тасы Самарқанның еріген бе,
Қара түн тізе бүгіп, жеңілгенде!
Шын ғашық қосылмайды не себепті,
Жүрегін жүрегіне телігенде?!
Аққулар сыңарынсыз өлер болса,
Адамдар арманынан жеріген бе?!
Мен сені өлеңіммен жұбатамын,
Рауандап, тоқтап қалған құба таңым:
О баста періште боп туылғам деп,
Пенделер сыйлау керек түп отанын.
Жасаса жүрегіңде пәк махаббат,
Адами сол болады шын атағың.





Пікір жазу