20.07.2022
  129


Автор: Баян Тіленшина

Жан сезімі қаныңа жазылады

Күліп тұрып жыладың,көзім, неге?
Кеткенің не бағынбай төзімге де!?
Дәл осылай аруана боздар ма екен,
Өлген жүрек соққанын сезінгенде?
Соқыр көзден осылай жас аға ма,
Сағынышы су болып езілгенде?
Күліп тұрып көз неге жылайды екен?
Көзайым боп сүйінші сұрай ма екен?
Тамырынан бұлақтар жылап ақса,
Тас тұлғалы емен де құлайды екен.
Жүрек шіркін қашалған тас болмаса,
Бұл сезімге қалайша шыдайды екен?!
Бет күлгенде, көз, қалай бағынбадың?
Ұят болды-ау бұлақтай ағылғаның!
...Күлкі ақты көмейден, жанардан жас,
Жүрек жайды егіздің табылғанын.
Қатар аққан әулие үш бұлақтай,
Болмыс жазды өлеңмен сағынғанын!
...Көбі өтті өмірдің, азы қалды,
Күлгенің не көргендей қазынаңды?
Қызыл тілдің қылышын қынға салып,
Ащы жаспен айттың ба базынаңды?
Сөз жоғалту – ақынға ұяттау,
бірақ,
Жан сезімі қаныңа жазылады.





Пікір жазу