20.07.2022
  116


Автор: Баян Тіленшина

Астынан жердің күндізін күткен күнбағыс

Көзің-ай мөлдір қоятын айтып сырыңды,
Емірене қарап, еріксіз тартқан нұрымды,
Жүрегі жұмақ, жылы ұя – махаббатыңа,
елітіп жаным бұрылды.
Шашың-ай ұяң жағадан қайтқан толқындай,
Қалайша қиям басқаға, жаным толқымай!
Естілсе даусың, көрінсе бейнең еріксіз
жүрегім соқты солқылдай.
Өлеңнен басқа сыр айтар ешкім таппадым,
Өрнектеп жаздым көз жаспен өлең топтарын,
Өзіңді сүйдім өмірдің балап мәніне,
Ішімде бәрін сақтадым.
Дәл мендей қалап, пір тұтса екен алғаның,
Арманым көп-ау, бұл да бір тілек, ардағым,
Көзімнен таса ұзаққа бірақ кетпеші,
Көрермін басқа қалғанын.
Ойламау үшін тірлікпен құлап-сүрліктім,
Сезімді тұсап, құз жаққа құмдай сырғыттым,
Өзгеру үшін өзіммен өзім алыстым,
Тағы ұшты өлең-бүркітім.
Ақынның кемдеу, не артық дейді ақылы,
Кемдігім болар – ұзаттым сені ақыры,
Астынан жердің күндізін күткен күнбағыс
ақының болдым ақыры.
Қатал-ау тағдыр жар етіп сені сиғызған,
Тіршілік бөлек, некемді мәңгі қиғызған,
Не деген бақыт, не деген тозақ махаббат,
Күнді әкеп түнге құйғызған!





Пікір жазу