20.07.2022
  91


Автор: Баян Тіленшина

Мойындау

Білмедің бе, сырымды сезбедің бе?
Үндемеуші ем... Батылсыз ез дедің бе?
Айналамның той-думан кездерінде,
Ауа жетпей алқынып сені іздедім,
Мән-бағдарсыз көшені кезбедім бе!
Ойға шомар қарт таулар орап сәлде,
Қартая ма өзіңсіз назды ән де.
Қалмағандай тірлікте сән де, мән де!
Мына күннің от сәуле кірпігіне,
Нұр беретін құдірет сенсің бе әлде?
Көрінер түнде елесің, күндіз кейпің,
Бал балалық қайда екен қамсыз дейтін?
Қиналыспен жете ме қымбаттарға?
Ар, әдептен асатын сымбат бар ма!
Қыз дәстүрі құлыптаған сезім сейфін.
Дауыстап айтылмайды ойымдағым,
Сондықтан, сұрақтармен оюландым,
Ұғыншы қыздың терең аспандығын,
Бір сенсіз тіршілікте тастандымын,
Келмейді бірақ саған мойындағым.





Пікір жазу