20.07.2022
  90


Автор: Баян Тіленшина

Мың жасамай қайтесің

Гүл сезімдер, жанарда жайқалдыңдар,
Тіл жеткізбес тілекті айта алдыңдар.
Қызғанышпен бұрқырап, қаһар мінген,
Махаббатты райынан қайтардыңдар.
Шіркін көңіл көпсіп бір гүлдегенде,
Шымыр-шымыр қан тулар жыр-денемде,
Мың жасамай не болсын, балқып сезім,
Жәннәт көрсең бір демде – бір дегенде!
Не жетеді бейкүнә қыз-арманға!
Қанат-көңіл Айды орап, ұзарғанға!
Мың жасамай қайтесің гүл сезіммен,
Махаббатты айдында жүзе алғанда!
О, гүл қыздар, өмір деп не білдіңдер?
Гүлдей нәзік көңілде егілдіңдер,
Жалғыз жұбын іздейді жанын қосып,
Аққу-перзент, дәл сендей көгілдірлер!
О, гүл-сезім, сезімі періштенің,
Әр кеудеден шаттық боп өрістедің,
Сыңғырлаған күлкіңмен ажалды атып,
Өмір күнін ұзартты жеңістерің.





Пікір жазу