20.07.2022
  104


Автор: Баян Тіленшина

Күткенде

Ұйқым қашты...
басымда тасып қаным,
Жылап күттім жолымен жасықтардың.
Түн де ауды, сыйынып тағдырыма,
Тың тыңдадым. Сен неге асықпадың?
Өз жанымнан сені әсті кем көрмедім,
Аллаға аян –патшаны теңгермедім.
Күнде күштеп жұмысқа жіберуші ем,
Сол жұмыстан не себеп сен келмедің?
Сағынышың алаулап келбетіңде,
Қол көтеріп тұрсың ба жол шетінде?
Көкжөтелден көлігің тоқтады ма,
келе жатсаң ағызып желше түнде?
Қарным ашпай, білінбей шөлдегенім,
тоқтап қалдым...
Қиын-ақ келмегенің.
Кібіртіктеп бұзылды сағат-жүрек,
Кем болып тұр өзіңнің емдегенің.
Уһ! Басым-ай!
Жүрегім айнығаны...
Ұстатқаның осы ма Айды, кәні?!
Сайтан-сыбдыр қоймады-ау күдік айтып,
Рас болмағай деп көңілім шайлығады.
Ұйқым қашты...
Көз тартып сынды басым!
Кеш қалмашы, күндіз іс тындырарсың,
Өкпелерсің «арам ой ойладың» деп,
«Жұбатшы!» деп жылармын жынды басым.
Қайран жүйкем, қоймайсың тозбасыма,
Қажет боп тұр бір жылы сөз басыма,
Кешікпеші, жалғызым, күткен сәттер,
Күмәнім жоқ күнімді созбасына.
Бақыт дедің үйіне асыққанды,
Бөлген жаза деуші едің ғашықтарды.
Көрсеттім –ау бір қылық жазалайтын,
Тәулік салып арамыз қашықтады.
Ұйқым қашты денемнен қашып қаным,
Айтшы, жаным, неге үйге асықпадың?
«Қайдан таптым» деп кеше оттаған ем,
Кешші мені, пірлері ғашықтардың,
Кешші мені, өмірдей ғашық жарым.





Пікір жазу