20.07.2022
118
Сен барда жәй күн –мереке
Көңіліме жыр боп құйылдың,
Көзіме нұр боп үйірілдің,
Күлсем де күндей күлімдей,
Қиналмау маған қиын тым.
Кездессем неге күйіндің,
жанарда жүзіп түйір мұң?
Асқақтай басып жүрсем де,
Армандап іштей иілдім.
Қымбаттым, неткен көрікті ең!
Көріктен өмір өріп пе ең?
Өзіңе шексіз әлемде,
Дәл мендей ғашық көріп пе ең?
Сен барда жәй күн –мереке,
Сенсізде той күн – келеке,
Ауыр мұң мені аймалап,
Айналып қашты береке.
Өзіңсіз өңсіз айналам,
Тілсіз де мылқау, жәй ғалам.
Өзіңсіз аппақ қайыңдар,
Таранып, қанат жаймаған.
Мен күлсем, сөзден жаңылдың,
Қинай ма өткен сағым күн?
Сырт бейнем үнсіз тұрғанмен,
Сағындым, қатты сағындым!