Бойтұмар
Ерте көктем...
Кезі еді ерте көктем,
Ащы шуақ күйдіріп, еркелеткен,
Ызғар күндес емес пе жылылыққа,
Дауыл соғып, бүршігім ерте кепкен.
Күндер дейсің сөз етіп жаманды кім!
Жолын тайғақ жаратқан табандының,
Жолсерігің сужүрек, сатқын болса,
Теріс атқа мінеді Адамдығың.
«Құдай қосар құданы» дейді халық,
Құда бопты жылпосқа сенген Парық,
Сағымданып, сайтандай сан құбылып,
Тұңғиық боп кетіпті шамы жарық.
Қалай жүрсем алдымнан не күтерін,
Кімге сеніп, ойға не бекітерім,
белгісіз боп, танымай өзімді –өзім,
тұрғанымда қолдады жеті тегім.
Дауыл соғып, бүр-өмір кепкенінде,
Кепкенімде Жыр –тағдыр жеткенің не!?
«Сайтан серік бердің!» деп налып едім,
Бұл тағдырым маған да өкпелі ме?
Үмітімді жетелеп жан ұлыма,
Өркендеппін, жігерім жаныды ма?
Күлсем –ақыл, жыласам –жебеушім боп,
Тағдыр, менің айналдың танымыма.
Көктем де өтті, басылды шілде ыстығы,
Бықсиды әлі жаманның күндестігі!
Адам түгіл айырмас ажалың да,
Шын жарасса көңілдер үндестігі.
Сыншы Тағдыр, әжуәң біткен шығар?!
Қиындыққа жеңісін күткен шыдар!
Кезі жетті –қыз түгіл алпауыттай,
қара нардың белі де жүктен сынар!
Лайланса пәк бұлақ ой тұнарын,
білмеп едім.
Өкпемді қайтып алдым.
Ұлым, жырым, болашақ өркенімнің,
Өмірін бер.
Сол болсын бойтұмарың.