Арман
Арман дейміз,
үздігіп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады ардан дейміз.
Алдаусырап жүргенде елес қуып,
Білмей қалар ұшқанын жардан кей қыз.
Арман дейміз,
Уһілеп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады сордан дейміз,
Жылап-жылап сөнеді маңдай шамың,
Арман жаққа бәрібір елеңдейсіз.
Арман көп қой адам боп жаралғасын,
Арман дейді жетпесін, бара алмасын,
Бірақ, ең-ең қымбат та тәтті мұрат,
Не жетерсің, не жолда қалар басың.
Сен де менің қолдағы арманымсың,
Бір мен үшін бәріне барғанымсың,
қос арманнан қанат ап ұшқан аққу,
Бақыт болып бүгінде самғады шын.
Тимеңдерші, бақыт құс қалықтасын,
Тіршіліктен аларын алып қалсын!
Адам болып жасаудың керегі не,
Арман-дүние жаралып, зарыққасын?!
Атпаңдаршы аққуды, құдайсыздар...
Өмір –біреу, сізер де құлайсыздар,
Жүрек зарын жүрегі барлар ұғар,
Аққу-мұңға қалайша шыдайсыздар?!
Керегі не арманның самғамаса?
Берері не арманды тор қамаса?
Адам болып, жер басып керегі не,
Сол адамдар арманын қорғамаса?!