Айман –Шолпанға
Бірің –жұлдыз, бірің –Ай,
Бауырмал сөздің шырыны-ай!
Білдім-ақ деуші ем, білмеппін,
Қадіріңді бұрын-ай.
Шұрқырап, иіскеп көрістік,
Үйірін тапқан құлындай.
Бойыма таққан тұмарым,
Көрсем де қанбас құмарым,
Егіз қозы болсаңдар,
Соңыңнан ерген сыңармын.
Алақан жайып Алладан,
Амандығың –сұрарым.
О,менің Айман –Шолпаным,
кіреукем, бірің –қалқаным,
Тайталас мынау тірлікте,
Толтырар орнын олқамның.
Бауырдай нәзік жанымен,
Бауырдың жеген бар қамын.
Тағдырға әркім бағынар,
Берсінші маңдай бағы бар!
Жүз рет өлсе кей бейбақ,
Мың жасайтын тағы бар,
Сатпайтын досың көп болсын,
Пұшайман дұшпан неғылар?!
Сендерсіз пәспін, ортамын,
Тірегі сендер арқамның!
Үйіміз бөлек –күйттейміз,
Бала-шаға,жар қамын,
Кешіксе бірақ хабарың,
«Қай күйде жүр» деп қорқамын.
Желкілдек қайда тұлымың,
куәсі жастық жылыңның?
Кекіл етіп тақтың ба,
Маңдайына ұлыңның?
...Қатал-ау өмір, 50-ді
ойлапты дейсің бұрын кім?!
Е... Қимас өтті көктемің,
Өкпең жоқ. Гүлдеп, көктедің!
Жемісті, жарқын, жаз өмір,
Мұратқа осы жеткенің!
Қыршыннан сақта, Құдайым,
Қазына жасқа беттедің!
Анама тартқан мейірің,
Даладай дархан пейілің,
Атыңды үлгі тұтады,
Артыңнан ерген кейінгің,
Жақсының өлмес жолындай,
Бүгінгіге дейінгің.
Шекер мен тәтті балдайсың,
Үзілген жерді жалғайсың,
Күн батса қашар көлеңке,
Жұлдыз бен Ай боп қалғайсың,
Көлеңке елес жоқ жерде,
Биікте мәңгі самғайсың.
Өткердім талай тар заман,
Өткелін таппай шаршаған,
Өздерің аман тұрғанда,
Қасқайып бәрін қарсы алам,
Хор қызы қоршап жүрсе де,
Орының бөлек баршадан.
Сыртылдап жылдар ағады,
Достықтың тозар табаны.
Бізден де жақын туылып,
Табармыз бала-шағаны.
Сонда да, бауырым, сендерге,
Көңілім қанат қағады.
Шайқалмай отан-тірегің,
Ауырмай жүрсін жүрегің,
Нәп-нәзік денең, жаныңды,
Жел соқпасын –тілегім,
Жарқыра тәждей маңдайда,
Ұрпақтың жастан білегін.
Әрненің тегі, заты бар,
Мейірге мейір тартылар,
Тектіден өнген ұлағат,
Жоғары өрлеп, сатылар.
Мың жасап, үл-ке-ен мама бол,
Махаббат деген аты бар!